Жұма, 23 Ақпан 2018 16:00

ОҚО: Дәрі қымбат па? Адам өмірі қымбат па?

Биыл қаңтар айында Астанадағы инсулиннің тапшылығы әжептәуір дау-дамайға айнала жаздап еді. Бұл мәселеге орай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үн қатқаны да – есімізде. 

«Бастысы инсулин сатып алынды. Соның басым бөлігі дәріxаналарға таратылды. Енді кейбір жерлерде препаратты жеткізу жағы кешігіп жатыр. Жалпы, барлық облыстар инсулиннің қажетті көлемін сатып алуға міндетті болған. Біз оларға ақшаның бәрін бергенбіз. Қазір инсулиннің тапшылығы бар жерлерді қараймыз. Әрине, тексеріс үшін арыз керек. Сол тексерістің нәтижесі бойынша тиісті шараларды қолға алатын боламыз», - деген-тін ведомство басшысы журналистерге берген сұxбатында. Министрдің айтуынша, инсулиннің тапшылығы кезінде стационарлардан, болмаса, аймақтардан препарттың қажетті көлемін алдыртуға болады. Қазіргі жоспарға сәйкес, инсулинді тарату жұмысы 5 ақпанға дейін аяқталуы тиіс. «Бұрын біз препараттарды екі айға – қаңтар мен ақпанға сатып алатынбыз. Қазір жоспарлау жұмысы дұрыс жүргізілмегеннен кейін тапшылық туындайды. Мысалы, кейбір препараттарды, керісінше, тым көп сатып алады. Оны бірнеше айға, тіпті бір жылға дейін жеткізуге болады. Сондықтан бүгінде біз осы саладағы жұмысты ретке келтіріп жатырмыз», - деп еді Е.Біртанов.

Өкінішке қарай, бұл тұрғыдағы жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысында ретке келе қоймаған сияқты. Бұлай деуімізге осы аптада дәл осы мәселеге байланысты көкейкесті проблемаларын айтып, редакциямызға хабарласушылардың қарасы тым қалыңдап кеткендігі себеп болып отыр.  

Шағымын жеткізген халықтың сөзіне сенсек, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында қант диабетіне шалдыққан науқастар (оның ішінде балалар да, ересектер де бар) тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберіндегі дәрілік заттармен қамтылмай отырған көрінеді. «Құдай ешкімнің басына салмасын, бірақ хумалог, шприцтегі инсулинсіз эндокринді кеселге шалдыққан аурулардың күні қараң. Өмірімізге қауіп төніп тұр» дейді жаны үшін шырылдаған жұртшылық.

Егер сусамыр дертімен ауыратын балалар мен ересек адамдар тиісті тегін дәрі-дәрмектердің жоқтығы салдарынан ажал құшып жатса, оған кім жауап береді? «Барлық облыстар инсулиннің қажетті көлемін сатып алуға міндетті болған. Біз оларға ақшаның бәрін бергенбіз» деген министр Елжан Біртанов па, әлде инсулиннің қажетті көлемін сатып алуға міндетті екенін біле тұра, мәселенің осылай сипат алуын қаншалықты болжай алғаны біз үшін беймәлім денсаулық сақтау саласына жауапты басшылар ма? Мұны «бір» деңіз.

Екіншіден, өңірде бүйрегіне трансплантация жасалған науқастар отадан кейін бірқатар тиісті дәрі-дәрмектерді қабылдауы тиіс екен. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, өкінішке қарай, адам ағзасындағы ең маңызды орган – бүйрегі ауыстырылған жандар да қазіргі таңда дәрілік заттарға мұқтаж көрінеді. Егер аталмыш ақпарат рас болса, бұл науқастардың да өміріне қауіп төніп тұр деген сөз.

Осы жайттарға қатысты қалың бұқарадан шағым үдей түскен соң, мәселенің мән-жайына қанығып, рас-өтірігіне көз жеткізіп, анық-қанығын білмек мақсатпен кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасына бас сұққанбыз. Әуелі іздеген адамымыз басқарманың баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова болды. Ол кісіні жұмыс бөлмесінен жолықтыра алмаған соң, ұялы телефонына қоңырау шалдық. Басқармаға келуіміздің мәнісін айттық. Ол бүйрегі ауыстырылған науқастардың қабылдайтын дәрі-дәрмегіне қатысты мамандар мәліметтер әзірлеп жатқанын, ал қант диабетіне шалдыққан аурулардың инсулиннен тапшылық көріп отырғандығынан бейхабар екенін жеткізді. М.Сүлейменовадан басқарма басшысы Мұқан Егізбаевтың екі күннен бері демалыста екенін білдік. Басқарма басшының орынбасарларының бірі Айгүл Иманалина Астанаға іссапармен кетіпті. Жауаптылардан тек басқарма басшысының тағы бір орынбасары Инна Глазебнаяның барын естіген соң, сол кісінің есігін қағып көруді жөн санадық.

«Инна Глазебная – жұмыста. Алайда комиссия мүшелерімен бірге сыртта жүр» деді оның жұмыс бөлмесінде отырған, өзін «ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінде жұмыс істеймін» деп таныстырған маман. И.Глазебнаяны не үшін іздегенімізді түсіндіріп, ол кісімен шұғыл қалай хабарлассақ болатынын сұрадық. Біз көлденең тартқан ақпараттың қаншалықты маңыздылығын және адам өмірі бәрінен қымбат екенін терең ұғынды ма, И.Глазебнаяның ұялы телефонының нөмірін ұсынды. Тіпті «Негізі бұл мәселемен дәрілік заттармен қамтамасыз ету бөлімі айналысады ғой. Жүріңіз, сізді бөлім басшысы Ләйла Бегайдаровамен жолықтырайын» деп, бізді жауапты маманға ертіп барды да. Өз кезегінде Л.Бегайдарова біз білгіміз келген мәселе бойынша сұхбат бере алмайтынын, бүйрегі ауыстырылған науқастарға қатысты басқа органдарға мәлімет дайындап жатқанын айтып, басқарманың баспасөз хатшысы Мира Сүлейменоваға қарай нұсқады.

Не істемек керек? И.Глазебнаяның ұялы телефонының нөмірі – қолымызда. Әлгінде «ол кісі әрі басшының міндетін атқарушы» дегенді естіп қалғанбыз, сол жерде қоңырау шалдық. Өзінің комиссия жиынында екенін айтқан ол біз сұраған мәселе бойынша басқармадағы дәрілік заттармен қамтамасыз ету бөлімі жауап бере алатынын жеткізді. Сондай-ақ «Басқарманың баспасөз хатшысы Мира Сүлейменовамен байланыссаңыз, олар қажетті мәліметтерді дайындап береді» деді.                   

Содан М.Сүлейменоваға қайта звондадық. Ол біз сұраған ақпараттың анық-қанығына тек ресми хат жолдау арқылы ғана тиісті жауап ала алатынымызды айтты. «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі атынан хат дайындап, кеше түс қайта басқарманың кеңсесіне өткіздік. Әзірге әңгіме осымен тәмам!

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Оқылды 2039 рет