Super User

Super User

Кентауда алаяқтық жасаған әйел қамауға алынды

Кентау қалалық полиция басқармасына Түркістан қаласы мен Сауран ауданының тұрғындары арызданған. Олардың айтуынша, алыс танысы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қайтарымсыз берілетін 1 000 000 теңге алып беремін деп, әрқайсысынан 300 000 теңгеден алған. Арада 2 жылға жуық уақыт өтсе де, берген уәдесін орындамай, созбалаңдыққа салып жүрген. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 600 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар алаяқтық қылмысына қатысы бар Кентау қаласының тұрғыны, жұмыссыз әйелді  анықтады. 

Тексеру барысында күдікті мұндай қадамға ақша қажет болуына байланысты барғанын айтты.  Қазіргі таңда күдікті әйел қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді. Күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға жеке құжаттарыңыз бен банк карталарының шот нөмірін бермеңіздер. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз полицияға  хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыс полицейлері түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Жаз маусымында адамдардың судағы қауіпсіздік ережелерін, сақтамауының соңы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп жатады. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін полиция қызметкерлері арнайы жұмыстар атқарады.  Мәселен, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жасөспірімдерге арнайы судағы қауіпсіздік шаралары жайлы толық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балаларға ата-аналарының қарауынсыз, рұқсат берілмеген аумақтарға бармау, суға ұзақ шомылмау, қоршау белгілерінен алыстамау, суда жүзе алмайтындар үшін арнайы балондарсыз бармау айтылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері балалар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді.  Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға сумен байланысты қайғылы жағдайларды болдырмау үшін, қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Облыс көшелерінде жол белгілері жаңаруда

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында, Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол инфрақұрылымы элементтерін жаңарту мен техникалық реттеу құралдарын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда.

Мәселен полиция қызметкерлері мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары бірлесіп, Түркістан қаласындағы жол-көше желісінің жағдайын тексерді. Нәтижесінде Абай, А.Үсенов, Ә.Қазақбаев, Б.Қалаби, Нұрмаханов, Әбубәкірқажы, Ыбырайұлы, Міркемелов және Сандыбай көшелеріндегі жол белгілерін және "жаяу жүргіншілер жолағын" салу бойынша іс-шаралар жүргізді.

Түркістан облысы ПД ӘПБ жол-техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Жасдәурен Нұрғазиев: "Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бүгінде облыс орталығындағы жолдардың ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Жыл басынан бері 120 көшенің жол белгілері жаңартылып, 210 шақырымға жол белгілері қойылып, 650 жаңа жол белгілері орнатылды. Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары осы жағдайды пайдалана отырып, Жол қозғалысы ережелерін және жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтауларыңызды сұраймыз. Жылдамдық режимі мен маневр ережелерін бұзбаңыз. Сақ болыңыз!"-деп атап өтті.

Ал Түркістан қаласының тұрғыны Рахмет Нұржігіт болса: «Мен Түркістан қаласының тұрғынымын. 20 жыл бойы біз Қалаби көшесінде тұрамыз. Біздің көшеде жол асфальтталды, жол белгілері қойылды. Полиция қызметкерлері мен әкімдікке атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Енді біздің жол жүргізушілер мен тұрғындар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы болды. Рахмет!» - деп өз алғысын білдірді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Шардарада заңсыз балық аулау қылмысы анықталды

Түркістан облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес, браконьерліктің жолын кесу мақсатында, «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған. 2 ай бойы жүргізілген іс-шараның қорытындысымен облыс көлемінде заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыс тіркелген. 

Мысал келтірсек,  Шардара АПБ-нің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары бірлескен рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде кешкі сағат 18:40 шамасында Шардара су қоймасының №3 учаскесінде «Прогресс» қайығымен, қолдануға заңмен тыйым салынған құрал, яғни Қытай ау-торын пайдаланып,  заңсыз балық аулап жүрген Шардара қаласының екі тұрғыны анықталып, ұсталды.  Тұрғындардан айғақты зат ретінде 600 метрден астам қытай ау-торы, 1 дана қайық,  1 дана қайық моторы және 161 келіден  астам заңсыз ауланған балық алынды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Жинақталған іс құжаттары қорытындысымен сотқа жолданды. 

Одан бөлек, балық аулау ережесін бұзу бойынша 182 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 163-іне ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен айыппұл салынды. Ал заңмен тыйым салынған балық аулау құралдарын қолдану бойынша 19 дерек тіркелді.

Браконьерлерден айғақты зат ретінде 4 дана электр токкөбейткіш, 8 дана қайық, 2 дана «Ямаха-40» қайық моторы, 9 дана шанышқы (Острага), 11 жарық беру құралы (Фонарь), заңсыз ауланған 900 келіден астам балық және моно талшықтан жасалған 1500 метрден астам Қытай ау-торы алынды. 

«Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында облыс аумағындағы жергілікті тұрғындар арасында, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда жауапкершіліктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлу заңмен қудаланатынын ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Осы RSS каналға жазылу