Super User

Super User

ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының бас жоспары қала тұрғындарының назарына ұсынылды. 1 ай бойы кез келген шымкенттік тұрғын бас жоспармен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов арнайы өткен жиналыста осылай деп мәлімдеді.

– Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Ал 2015-2018 жылдар аралығында бас жоспарға өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, сол кездегі қала әкімі бекітті. Ал бұл бас жоспар 2025-2035 жылдар аралығын қамтып отыр. Арнайы мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалып отыр. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

Қала әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, 2021 жылдың шілдесінде елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салуды белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асыру бойынша ерекше тәртіпті қолдана отырып өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Шымкенттің бас жоспарын әзірлеуге «Градкомплекс» ЖШС-мен келісімшарт түзілді. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.

Қазіргі таңда бас жоспардың 1-кезеңінің жұмыстары бітті. Бір ай бойы жүретін қоғамдық талқылаудан соң мамандар ұсыныс-талаптарды ескеріп, маңыздысын жоспарға енгізіп, жыл соңына дейін Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жасақталады. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар ҚР Премьер-Министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕГІ №65 ПЕН № 45 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯЛАРЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының қосымша ғимарат құрылысымен танысты. Сайрам шағынауданында орналасқан білім ұйымына оқушы санының артуына байланысты ғимарат қажеттілігі туындаған.

2021-2022 оқу жылында №65 мектеп-гимназияда 3 268 оқушы білім алды. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта 3 ауысымда сабақ жүргізілген. Жаңа ғимарат бой көтерсе, екі ауысымда мыңнан аса оқушы білімін жалғастыра алады. Осы орайда, аталмыш білім ұясына қосымша ғимарат салу қолға алынды.

Жобада 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, онда футбол мен жүгіруга арналған арнайы жол және есік алдына субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын қаралып отыр.

Қосымша ғимарат қажеттілігі жөнінде 2021 жылы сынама өткізіліп, оң қорытындысы шыққан. Қазір құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы 0,92 га, құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метрді құрайды.

Осы жылдың наурыз айында басталған жұмыстар 2023 жылдың тамызында аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.

Ал,  №45 мектепке жапсарлас ғимарат салынуда.

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов келесі кезекте  № 45 мектеп-гимназиясының жанына салынып жатқан қосымша құрылыстың жұмыс барысымен танысты. Құрылыс Ш. Қалдаяқов көшесінің бойында 1,2909 га жер аумақта жүргізілуде.

300 орындық жапсарлас ғимараттың бас мердігері – «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Әрбір сынып 25 оқушыға шақталған 12 сынып болмақ. Сонымен бірге қосымша 33 жаңа жұмыс орны құрылады. Құрылысы наурыз айында басталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қос мектептің қосымша құрылыстарын көрген әкім мердігер компанияларға жұмысты сапалы істеуді тапсырды. Балалардың білім ұясының кестеге сай аяқталуын өзі қадағалайтынын да айтты.

 

БЕСІНШІ АУДАН ҚҰРЫЛМАҚ

Шымкент қаласында таяуда бесінші аудан құрылады. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес төралқасының кеңейтілген отырысында талқыланды.

Жиынның күн тәртібінде бірнеше мәселе көтерілді. Соның алғашқысы болып баяндама жасаған Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қалада құрылатын жаңа аудан туралы мәлімдеді.

– Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының аумағы бүгінде 117 мың гектарды құрап, тұрғындар саны, соңғы халық санағы бойынша, 1 млн 100 мың адамнан асты. Қаладағы 4 ауданның, оның ішінде Абай ауданының аумағы өте үлкен. Осыған байланысты жаңа, бесінші аудан құру тақырыбы өзекті болды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы құжаттау жұмыстары аяқталып қалды. Көпшілік арасында қоғамдық тыңдау өтті. Мемлекет басшысының жергілікті басқару органдарының тұрғындарға жақын болып, тығыз жұмыс істеуі туралы тапсырмасы бар. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылып, жаңа ауданның шекарасы бекітілді. Президент Әкімшілігіне хат жолданып, Үкіметпен келісілді, – деді Ғабит Патшаханұлы.

Аппарат басшысының айтуынша, жаңа ауданға төрт ауданның аумағы бөлініп берілген. Әсіресе, Абай ауданының аумағынан көп жер бөлініп отыр. Жаңа ауданның шекарасы Шымкент қаласының жаңа бас жоспарын жасаған жұмыс тобы тарапынан да талқыланды, дейді мамандар. Енді алдағы уақытта жаңа аудан әкімдігінде 35 штат ашылып, оған қоса басқа құрылымдық органдар тарапынан мамандар беріледі.

Қоғамдық кеңестің отырысында, сонымен қатар, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Тілеш жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау қағидаларына қарастырылатын өзгерістер туралы мәлімдесе, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілі қала аумағындағы тиісті мақсатта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру туралы баяндама жасады.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

БАЛАЛАР ҮЙІ МЕН МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

 

Биылғы күрделі жөндеуден өтетін білім ұйымының бірі - №3 балалар үйі. Аталған балалар үйі 1937 жылы ашылған. Бүгінде мекемеге тиесілі 9 ғимараттың 6-ы сараптама қорытындысына сәйкес жарамсыз деп танылған.

Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №3 балалар үйін күрделі жөндеу жұмыс барысын тексерді.

Екі қабатты ғимараттың едендері мен есік-терезелері ауысып, шатыры жөнделеді. Тозығы жеткен электр жүйесі, су құбыры мен кәріз және жылыту жүйелері жаңарады.

Балалар үйіндегі негізгі ғимарат 1964 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы 50 орынға лайықталған. Балалар үйінің негізгі ғимаратының ішкі бөлмелерінде және сыртқы

 Қазір мұнда 47 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың сәуір айында жөндеу жұмысы басталғаннан балалар №4 балалар үйіне орналастырылған.

—Балалар үйінің жөндеу жұмысы жоғары деңгейде, әрі сапалы болуы керек. Өйткені балалар —біздің болашағымыз. Олардың мұнда өсіп, білім алуында ешқандай кедергі болмауы қажет.  Көбіміздің ата-анамыз бар болса,  мұндағы балалардың қамқоршысы мемлекет,—деді қала әкімі.

Қазір жалпы жұмыстардың 40 пайызы орындалған. Пайдалануға беру мерзімі қазан айына жоспарланып отыр.

Күрдеоі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір нысан №11 мектеп. Оқу жылы аяқталып, мектептердің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жөндеу жұмыстарын тексеру мақсатында  №11 мектепке барды.

Білім мекемесі 1991 жылы пайдалануға берілген. Мектептің су құбырлары, жылыту және электр жүйелерін жаңарту уақыты келген. Жауынды күндері ескірген шатырдан су өте бастаған. Іргетасының қаланғанына 30 жылдан астам уақыт болған мектеп жөндеуден кейін жаңа кейіпке енбек.

Екі қабатты ғимараттың есік, терезе және едендері жаңасына ауыстырылып, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілуде. Желдету, су құбырлары, кәріз, электр жабдықтары, өрт дабылын орнату жұмысы атқарылады.

Жұмыстар осы жылдың сәуірінде басталған болса, қазір 45 пайызы орындалған. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

Осы RSS каналға жазылу