Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАТЫН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

 

Бүгінгі өткен Үкімет отырысында Шымкент әкімі М.Әйтенов қалада жүзеге асыралатын ірі инвестициялық жобаларды атады.

«KAZALPACK» - соның бірі. Аталмыш компания биыл құны 23,4 млрд. теңгені құрайтын алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орны құрылды. Қосымша 2023-2025 жылдары алюмин тақталары мен листтер өндірісі жобасы іске асырады. Инвестиция көлемі  40 млрд. теңге, 350 жаңа жұмыс орны құрылады.

Келесі жоба - «Karlskrona». Бұл компания  құны 26 млрд. теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі  жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

 Өзбекстандық инвестордың қатысуымен «Orient Ceramic» компаниясы құны  13 млрд. теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда.  300-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады.

1 000 орындық көпфункционалды университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 120 млрд.теңге, 3 мыңға жуық жұмыс орны. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде.

«Asia Trafo» компаниясының құны 7 млрд. теңгені құрайтын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылады.

Айта кетейік, Шымкентте жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд.теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталды.

Атап айтсақ,  «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы 306 га, қазір инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.

Аумағы 132 га құрайтын «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Басты бағыты - ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд. теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылды.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. Аймақты кеңейту бойынша қосымша 175 га жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта құны 150 млрд. теңгеге 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

«Стандарт» жекеменшік индустриялық аймағы. Бұл аймақтың ерекшелігі -  инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ҚАЛА ӘКІМІ ШАҺАРДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫН КӨРДІ

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов - «Сәуле» шағынауданы 276 орамды аралап, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бақылады. Қазір 276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылады. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалған. Шілде айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.  Нәтижесінде, 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік тумақ.

Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы осы жылдың шілде айында басталады. Газ жүйелерінің ұзындығы – 28 шақырым. Жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

Келесі кезекте шаһар басшысы -  Асар-2 шағынауданына атбасын бұрды. Және Асар-2 шағынауданының инфрақұрылым тартылмай қалған бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Асар-2 елдімекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда,  шағынауданда инфрақұрылым жобаларына  енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар болып шықты. Осы орайда, қала әкімі  жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңін аяқтауды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылып жатыр.

Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Асар-2 ықшам ауданында кәріз құрылысы да қарқын алған.  Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ҚАЛА БАСШЫСЫ ШЫМШАҺАРДАҒЫ ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов құрылыс нысандарын тексеру  барысында бірқатар ойын алаңшаларын аралады. Әкім бірінші кезекте халқы көп шоғырланған Абай ауданына атбасын бұрды.

Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. 2014 жылдан бері жалпы 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынды. 2021 жылы 21 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, 12 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеу, 35 спорт алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілді. «Шымкент қайырымды қала» қоры арқылы демеушілік есебінен 4 спорт алаңшасы орнатылды.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Абай ауданын аралау барысында атқарылған жұмыстарды көріп, жоспарлы құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.  

Биыл аудандағы Республика 34 көпқабатты үй ауласында балалар ойын алаңшасы салынуда. Алаңша құрылысы аяқталуға жақын. Мердігер мекеме нысанды 1 ай көлемінде ел игілігіне тапсыратынын мәлімдеді.

Одан соң шаһар басшысы Ә. Молдағұлова № 44 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы салынып жатқан балалар ойын алаңшаларын көрді. Мұнда қауіпсіз ойын элементтері орнатылуда. Шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Шымкент қаласының әкімі Құрсай шағынауданында орналасқан балалар ойын алаңшасының да құрылысымен танысты. Шаһар басшысы Қарнақ көшесінде орналасқан ойын алаңшасында болды. Бұл жердегі балалар алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындардың ұсынысымен салынуда.

Алаңды абаттандыру жұмысы мамырдың соңында басталған болатын. Қазір ойын элементтерін орналастыру жұмысы жүргізілуде. Мердігер мекеме жуырда қолданысқа беру жоспарлап отыр. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері қойылады.

Алаңша тұрғындар серуендеуге және дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт элементтерімен бірге, балаларға да арналған құрылғылар орнатылуда. Жоғарыда аталған алаңшалардағы ойын және спорт құрылғылары Шымкент қаласында өндірілген.

Айта кетейік, Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спрот алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне беріледі.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

83 ШЫМКЕНТТІК ОТБАСЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Бұл туралы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева азаматтарды қабылдауда айтып өтті. Басқарма басшысының берген мәліметіне сүйенсек, Шымкентте тұрғын үй кезегіндегі 83 отбасы жыл басынан бері жалдамалы баспанамен қамтылды. Оның ішінде  халықтың әлеуметтік әлсіз тобына 55 арендалық пәтер қолданысқа табысталса, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 13, көпбалалы отбасыларға 15 пәтер қолданысқа берілді.  Бұдан бөлек  былтырғы жылдан өтпелі болған 164 пәтермен ағымдағы жылдың басында кезектегі азаматтар қамтылған болатын. Аталған тұрғын үйлердің сатып алу құқықғы жоқ.

2022 жылы азаматтардың пайдалануына жалпы 1 605 пәтер табысталу жоспарланған. Oның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға-54, көпбалалы отбасыларға-476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына - 218, жұмыс істейтін жастарға-857.  Бүгінде 1605 пәтердің 83-і түрлі санаттар бойынша ел игілігене табсталып отыр.  Қалған жалдамалы баспаналар жоспарға сәйкес жыл соңына дейін кезең-кезеңімен берілетін болады.

Айта кету керек, басқарма басшысы 40-қа жуық тұрғынды  баспана мәселесіне қатысты қабылдау өткізіп, Заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, оның шешілу жолдарын қарастырды. Қабылдауда болғандардың қатарында кезекке тіркелген көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, сондай ақ зейнеткерлер бар. Тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға жалдамалы баспаналар кезек реті бойынша берілетіндігін жеткізді.

Осы тұста айта кетейік, 20 маусымнан бастап Шымкентте «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несиелік бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Аталған конкурс  20 маусым мен 19 шілде аралығында  www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы жүргізіледі.

Бағдарламаға қатысушылар – санаттары мен  кезекке қойылған жылына қарамастан қатысуға өтінім бере алады. Әрі қарай, жүйе автоматты түрде кезекке тіркелу өңірлері, кезекке тұрған күні мен санаттары  бойынша қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін қалыптастырады.

Тұрғын үйге кезекке тіркелген күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы фактор болады.

Азамат үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы, толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек) санатындағы азаматтар қатыса алады.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласына 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

Осы RSS каналға жазылу