Сейсенбі, 12 Желтоқсан 2023 17:04

Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр

Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Аталған жұмыстардың нәтижесі және алдағы жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін жеткізді.

– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Сондай-ақ, биыл Ордабасы ауданында жалпы құны 8,5 млрд. теңгені құрайтын  6 инвестициялық жоба іске асады. Нәтижесінде 257 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Яғни олар  «Оңтүстік кірпіш» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «Батсу Водоканал» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «ArlanStroy» ЖШС қыш зауыты, «Gold Aluminium» ЖШС алюминді профиль өнімдерін шығару цехы, «RZN» ЖШС газоблок бұйымдарын өндіру цехы және «Ордабасы Сапар» орталығы ашылады.

Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Өзбекстандық «Global Textile» компаниясның директоры Музаффар Разаков кластерді дамытуға қажетті, ал, «Каз-Травертин» ЖШС-нің өкілі Бәйдібек ауданында травертин және қыш өнідірісі жобаларын жүзеге асыруға қажетті жер керек екенін айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселелер жақын арада шешілетін болды. Ал Шардара ауданында салынып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты биыл күзде жүгері қабылдай бастайды. Бұл туралы жоба жетекшісі Шухрат Курбанов мәлімдеді.

Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр. Мұнда көкөніспен қатар банан өсірілмек. 30 адам жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданындағы «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою бекетінің де құрылысы жоспарға сай жүруде. Инвестштаб отырысында Түлкібас және Сауран аудандарында құс фабрикасын салу жобалары да талқыланды.

Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқыл өндіру зауыты салынады. Оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды. Жалпы отызға жуық жоба қаралып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Олардың арасында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт, киім фабрикасы, қарқынды бау, сусындар шығару, бу-газ станциясы, көкөністі терең өңдеу және өзге де инвестжобалар бар. Ал бір инвестор Түркістанда заманауи аквопарк ашқысы келетінін жеткізді. Әрбір жоба бақылауға алынып, елге тиімділеріне тиісті қолдау көрсетіледі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде.

«Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді. «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды», – деді Дархан Сатыбалды.

Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. 5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Аппараттың апталық отырысында облыс әкімінің тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар да сараланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтың айтуынша, былтырдан бері облыс әкімінің деңгейінде 68 кездесу өтіп, жалпы 610 мәселе көтерілген. Оның ішінде 212 мәселе шешімін тапқан, 279 мәселе орындалу үстінде.

Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін орындау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауында екенін айтты. Жауаптыларға елдің өтініштерін назарға алып, мәселелерді шешу туралы тапсырма берілді.

Мәжілісте облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Әліповтың аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Көгалдандыруға, тазалыққа немқұрайлы қараған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты жандандыру жөнінде міндеттер жүктелді.

Түркістан облысында алғашқы арнайы ІТ хаб ашылды. Білім ошағы бір уақытта 80-ге жуық оқушыны оқытуға қауқарлы. Мектеп соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, робототехника кабинеттермен жабдықталған. Білім ошағына балалар 10 жастан бастап қабылданады. Жауаптылар алдағы уақытта облыс көлемінде хабтың тағы 2 бөлімшесін ашуды жоспарлап отырғандарын айтады. Түркістанда арнайы IT Hub ашылды. Облыстағы бірінші көпсалалы IT мектебі жоғары білікті мамандарды дайындайды. 20-дан астам бағытта курстар қарастырылған білім ошағы 80-нен астам баланы оқытуға мүмкіндігі бар.

Инвестициялық саясат дегеніміз – халық шаруашылығының әр түрлі салаларында пайда табу мақсатымен ұзақ мерзімді капитал жұмсау саясаты. Күрделі қаржыны тиімді пайдаланудың , оларды шешуші бағыттарға шоғырландырудың, қоғамдық өндірісте тепе- теңдікті қамтамасыз етудің жолдарын көрсететін шаруашылық шешімдерінің жиынтығы. Егер инвестициялық саясат дұрыс шешілсе, әрбір шығындалған теңгеге келетін ұлттық табыстың мөлшері өседі, өнім молаяды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 1809 рет