Сенбі, 14 Қыркүйек 2024 11:34

Түркістанда сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды

Түркістан облысында өндірісті дамыту, зауыттар ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Таяуда Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Аталған өнеркәсіпте өндірілетін сэндвич-панельдер келешекте өңірдегі іске асырылатын жобалардың құрылысына қолданылады. Бастамаға сәттілік және табыс тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. Жаңадан 30-дан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасы биыл жүзеге асады.

Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 5 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Дархан Сатыбалды атқарылған жұмыстарға тоқталды, алдағы жобаларды жүзеге асыруда елдің пікірі маңызды екенін жеткізді.

– Мемлекет басшылығының қолдауымен 4 жарым жылда Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, жобалар жүзеге асты. Оны көріп, біліп жүрсіздер. Дегенмен облыс халқының 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан біз алдағы уақытта ауылдарды дамытуға да басымдық береміз. Ал Түркістанды дамыту жұмысы өз жалғасын табады. Индустриалды аймақты және арнайы экономикалық аймақтың жұмысын күшейтеміз. Өндіріс орындарын көбейту арқылы ғана ел әлеуеті артады. Біз келісіп алуымыз керек. Бірінші елге не керек? Ауыз су ма, әлде әлеуметтік нысан ба? Бірінші кезекте тез шешуді талап ететін мәселелер шешілуі керек. Бұл ретте сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Осындай кездесулердегі ұсыныстар толық зерделенеді, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі аз уақытта Түркістан қаласында мәдени-спорттық, туристік және өзге де ғимараттар салынғанын, қала жаңа өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатқанына тоқталды. Нәтижесінде халық саны да артып, қосымша мектептер қажеттілігі артуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын жеткізді. Оның ішінде 3 мектеп 2 мың орындық болады. Екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.
– Біз білім саласын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Осы сала реттеліп, білімді жастар өссе, өзге мәселелер де шешіледі, – деген өңір басшысы басқа да жұмыстарға тоқталды.

Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Түркістан қаласы бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбул және Кувейт, Дубай, Ташкент, Самарқан бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Тбилисиге рейстер ашуға ұсыныс берілген. Астана мен Алматыға рейстер санын көбейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда Түркістанға келушілер мен туристер саны 4 есе артқан.

Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Түркістан қаласының «Негізгі капиталына тартылған инвестиция» көлемі 45 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 32,2 пайызға артқан. Жергілікті инвесторлар тарапынан қала аумағында – жалпы құны 351 млрд. теңге болатын және 3 920 жоспарлы жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 233 әр түрлі саладағы инвестициялық жобаның пуллы қалыптастырылып, іске асырылуда. Одан бөлек, Түркістан қаласына жаңа инвестициялық жобаларды тарту мақсатында жалпы құны 37,6 млрд. теңге болатын және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын құратын шет елдік 26 ірі инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Жыл басынан бері құны 6,6 млрд.теңге болатын және 160 жаңа жұмыс орнын құратын 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. (Тұран Мебель БК ЖШС, Қазақстан Нұр 001 ЖШС, Гранд Строй Каз ЖШС, Мырза ШҚ, Арыстанбаева ЖК).

Инвестиция – экономиканы дамытудың тұрақты және жоғарғы қарқынын қалыптастыруды, ғылыми-техникалық прогресстің жетістіктерді енгізуді, инфрақұрылымды дамытуды көздейтін басты фактор. Инвестицияны дамытуда кәсіпорындарды қаржыландыратын және ұзақ мерзімге несие беретін мамандандырылған инвестициялық банктер мен акционерлік қоғамдардың акцияларынан құрылған инвестициялық қорлар ерекше роль атқарады. Сөйтіп, қорлар экономиканың неғұрлым пайдалы салалары мен кәсіпорындарына капиталдың құйылуына жағдай жасайды. Қаржылық инвестициялар инвесторлар үшін ішкі және сыртқы инвестициялар жағдайында белгілі бір тәуекелділікпен байланысты болатынын ескерген жөн. Бұл тәуекелділік басшылардың біліктілігімен және олардың епті әрекеттерімен, есеп пен бақылау жұмысын ұйымдастыруымен, валютаның бағамдық пайыз мөлшерлемесінің өзгерістерімен, орта мерзімді және қысқа мерзімді несиелерді тартудың қиындылықтарымен және т.б. осы сияқты мәселелерімен байланысты болып келеді. Сонымен қатар, табиғат зілзаларымен және саяси тәуекелділіктерімен байланысты болатынын ескерген абзал. Қаржылық инвестициялар техникалық-экономикалық есептеулер жасалған соң және сол инвестицияланатын объектіні қажетті зерделеуден өткізгеннен кейін барып, жүзеге асырылады. Осы жағдайда ғана нарықтық қарым-қатынастар жағдайындағы тәуекелділіктер төмендеуі мүмкін. Қаржылық инвестиция ― бұл субъектінің табыс алу мақсатында пайдаланатын активі, инвестицияланған капиталдың өсімі немесе алынатын басқа да олжалар. Сондай-­ақ, қаржылық инвестицияға пайдаланбай тұрған жылжымайтын мүліктер де жатады. Қаржылық инвестицияның бір түрі болып бағалы қағаздар да саналады. Барлық бағалы (құнды) қағаздар екі топқа бөлінеді ― ақшалай және күрделі болып. Ақшалай бағалы қағаздарды алған кезде ақшалай қарыздарды алғандағыдай етіп рәсімделеді. Бұл борыштық құнды қағаздар. Оларға: вексельдер, депозиттер және жинақ сертификаттар және т.б. жатады. Осы бағалы қағаздар бойынша табыс бір мәртелік сипатқа ие болады және олар өзінің номиналдық (атаулы) құнынан төмен бағаға сатып алудың есебінен қалыптасады. Ақшалай бағалы қағаздар, әдетте, қысқа мерзімге (бір жылдан аспайтын уақытқа) беріледі. Капиталды бағалы қағаздар кәсіпорынды дамыту үшін, оның капиталын (қорын) құрастыру немесе ұлғайту мақсатында шығарылады. Инвестициялар деп өнеркәсіптің, құрылыстың, ауыл шаруашылығының және экономиканың басқа да салаларының кәсіпорындарына капитал түрінде салынып, жұмсалатын шығындардың жиынтығын айтамыз. Инвестициялық қызметтің мақсаты ― түпкі нәтижесінде кәсіпкерліктен табыс немесе пайыз алу болып табылады.

Инвестициялардың мақсаты: жаңа технологияларды, алдыңғы қатарлы техниканы және ноу-хауды енгізу; ішкі нарықты жоғары сапалы тауарлармен толтыру және қолайлы қызмет көрсету; отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ынталандыру; экспортқа бағытталған және импортты алмастырушы өндірістерді дамыту; Қазақстан Республикасының шикізат көздерін тиімді және кешенді пайдалану; қазіргі заманғы менеджмент пен маркетингтің әдістерін енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру; жергілікті мамандардың үздіксіз оқу жүйесін енгізу, олардың біліктілік деңгейін көтеру; өндірістің жедел дамуын қамтамасыз ету; қоршаған табиғат ортасын жақсарту. Еліміздің экономикасын көтеруде және оны одан әрі дамытуда шетелдік инвесторлардың атқарар ролі зор. Шетелдік инвестицияларға табыс алу мақсатында кәсіпкерлік қызметтің объектілеріне инвесторлар салып отырған мүліктік құндылықтар және оған қоса олардың құқықтары, яғни интеллектуалдық меншік құқығы да кіреді. Шетелдік инвестициялар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының жарғылық капииалына қатыса отырып, ондағы қабылданатын шешімдерге өз үлестерін және құқықтарын қорғауына болады. Шетелдік инвесторлар заңға қайшы келмейтін кез келген қызметпен, атап айтқанда: бірлескен кәсіпорындарды құруға және олардың шетелдік филиалдарын ашуға, мүліктік құқын сатып алуға, қарыз, несие беруге т.б. қызметтермен шұғылдануына болады. Шетелдік инвесторлар өздерінің қызметінен алған табысын өз қалаулары бойынша пайдалануға құқылы, Қазақстан аймағында қайта қаржыландыру үшін, тауарлар алуға және басқа да мақсаттар үшін, яғни Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуына болады.

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 66 рет