Шараға Түркістан облысы бойынша «ZHAS PROJECT» жобасының менторы – Сая Сағынғалиева, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшы орынбасары Керімбек Мырзабаев, Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоцияациясы РҚБ президенті Ақмарал Бекмурзаева, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев пен Облыстық Жастар Орталығы КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысты.
Осы жылы Түркістан облысында гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ете отырып, «ZHAS PROJECT» – жастардың осал топтары арасында жобаны іске асыру шағын гранттар жобасы іске асырылды. Нәтижесінде, облысымыздың аудан-қаласынан – 143 өтінім түсіп, оның ішінен ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткізілді. Сонымен қатар, келесі кезеңге өткен жастар – 3 күндік онлайн семинар-тренинг оқуынан өтті. Соңғы комиссия отырысы барысында 30 жоба комиссия алдында өз жобаларын қорғап, 20 жоба грант иегері атанды.
«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарынан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды қоғамдық әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі. «Zhas Project» Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҮЕҰ тапсырысымен жүзеге асырылуда. 2024 жылы «Zhas project» жобасын жүзеге асыру ережелері туралы ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров тоқталып өтті. Биыл конкурс шеңберінде 10 үкіметтік емес ұйым 1 млн теңгеден 280 шағын грант бөледі. «Zhas project» грант бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылдан бастап, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Еліміздің үш қаласы мен 17 облысын қамтитын жоба NEET (уақытша жұмысқа орналастырылмаған) санатындағы жастарды жұмысқа тұрғызу және олардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға бағытталған.Байқау бірнеше кезеңнен тұрады.
Байқауға қатысатын үміткерлерге 19 ақпан мен 24 наурыз аралығында жоба шарттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 25 наурызда конкурс басталады, өтініштерді қабылдау 24 сәуірге дейін (соңғы күн есептеледі) жалғасады. 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтініштер іріктеліп, 15 мамырдан бастап қорытынды шығарылып, жарияланатын болады. Байқауға 18 жастан 34 жасқа дейінгі (қоса есептегенде) Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысушының облыс аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы қажет және ресми түрде уақытша жұмыссыз санатында болуы тиіс (NEET санатындағы жастар). Айта кетейік, қатысушы тек 1 әлеуметтік жоба ұсына алады. Сонымен қатар 2023 жылы «ZHAS PROJECT» жобасы бойынша шағын грант ұтқан жастар қатыса алмайды.
«Zhas project» жобасына қатысуға жергілікті өңірдегі қауымның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобалар жіберіледі. Қатысушылардың әрқайсы 4 айдан аспайтын мерзімде жобаларын іске асыруы тиіс. Жобалар әлеуметтік маңыздылық, нәтижеге қол жеткізу, бюджеттің оңды жұмсалуы сияқты критерий бойынша бес балдық ұпаймен бағаланады. Байқау комиссиясының құрамына жастар саясаты, ішкі саясат, қоғамдық даму мәселелері жөніндегі басқармалардың, жастар ресурстық орталықтарының және тиісті өңірдің жергілікті үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кіреді. Жобаның ережелері мен шарттары ұйымдастырушылардың сайттарында жарияланған, конкурс туралы ережемен сол жерде толығырақ танысуға болады. Айта кету керек, қатысушы бір ғана жоба ұсынады. Коммерциялық қызметтерге басымдық берілмейді. Дінге, қоршаған ортаға теріс әсер ету, жер учаскесін сатып алу немесе жалға алуға қатысты жобалар қарастырылмайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылар әлеуметтік мәселені шешуге негізделген жобаларға басымдық бергені абзал.
Жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама бекітілген болатын. Осы заңнамалық құжат бүгінде жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып, қызмет етіп келеді. Қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтарының жұмысы тікелей жастарға кеңес беріп, көмек көрсетуге арналған. Онда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар және бос жұмыс орындары жайында ақпараттар алуға болады. Сондай-ақ,жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұру мүмкіндігі де қарастырылған.
Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі, жоғарыда атап өткендей, жастарды қолдау орталығы болса, екіншіден, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады. Және мұндай, мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жыл өткен сайын артып келеді.
Жастардың жұмыспен қамтылуы да мемлекетіміз үшін басты назарда. «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы»және тағы басқа бағдарламалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтуге болады. «Жас келсе іске» демекші, жастардың лауазымды орындардан табылуы да олардың еліміздің дамуы жолында өз орны барын және соны тиімді қолданып отырғанымызды байқатады. Жаңғыру арқылы жаңа әлемге бет түзеген елімізде жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналып отыр. Маңыздысы осы.
Елімізде білімді, білікті жастар қалыптастыруды көздеген мемлекетіміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарды шетелде оқытуға ден қойды. Ешбір елде жоқ бұл бағдарламаның алғашқы түлектері қазір еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп жүр. Дамыған елдердің артықшылығын үйреніп, бойларына сіңіріп, елге әкеліп, өз еліміздің игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, озық технологиямен қаруланған, ойы азат жастарымыз бәсекеге қабілеттілігін аңғартуда. Жастарды қолдау мемлекеттің болашағына жағдай жасау екені сөзсіз.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді»-деп атап өтті. Шындығында қазір жұмыссыз жүрген жастарға мұндай қолдаулар ауадай қажет-ақ. Бір кәсіпті бастасам деген азаматтар үшін жылдық өсімі төмен қаржылық қолдаулар көптеген бастамамаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік берер еді. Қорыта айтқанда «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай бүгінгі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларға барынша жағдай жасалса кемел еліміздің келешегі жарқын болары анық деп ойлаймын. Сондықтан Президент Жолдауда айтқан міндеттерді бірлесіп іске асыруға шақырамын» - деді.
Осы тұста айта кетер болсақ, таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында жастар мәселелерінің түйткілдер тарқатылған болатын. – Қоғамда әділдікті, еңбекті дәріптеу, жастарға қолдау көрсету маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде балаларды өтірік тіркеп, жалған мәлімет беріп жатқан балабақшалар анықталды. Жүргізілген мониторинг нәтижесі солай көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, тексерілмеген, жалған ақпарат тарататындар бар. Ақпараттандыру саласындағы белсенділікті арттырған жөн. Жұмыс күші де жетіспейд, бізде. Қазіргі уақытта 200-ден астам нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соларға жұмыссыз азаматтарды тартыңыздар. «Жастар практикасы» бар, «Серпін» бағдарламасымен оқу, әскерге шақыру жұмыстары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Сондай-ақ NEET санатындағы жастарды колледжге оқыту мәселесі де өзекті. Биыл жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс беріп отырмыз. Жастар грантта оқи алады. Осы бағытта да жұмысты қолға алыңыздар, – деген облыс әкімінің орынбасары нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің келесі шарасы – Президенттің қалалар мен аудандарда тұратын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы. Жұмыс орындарын құру жоспары барлық дерлік өңірде асыра орындалған. Жұмыспен қамту ауқымын кеңейтудің тағы бір шарасы – азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы. Бүгінге дейін бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 71%-ға орындалды. Дегенмен, қыста күн суыған кезде оңтүстік өңірлерден келетін көш тоқырайды. Сол себепті, квоталар толық игерілмей қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, көшіп келген отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру ойдағыдай болып жатқан жоқ. Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Алдағы уақытта азаматтар бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады.
Мемлекет басшысының Жолдауындағы жұмыспен қамту туралы тапсырманы және жоғарыда айтылған міндеттерді шешу үшін алдағы үш жылда мынадай нақты шаралар қабылдауды жоспарланып отыр: Біріншіден, Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту саласында проактивті қызмет көрсету. Бұл тәсіл 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Бұдан басқа, Электрондық еңбек биржасының базасында тоқсан сайын бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі өткізіледі. Электрондық еңбек биржасы Жоғары және орта оқу орындарында жұмыс істейтін мансаптық орталықтарға орнатылады.
Сонымен қатар жыл соңына дейін электрондық еңбек биржасы мобильдік қосымшасын да іске қосу жоспарланған. Осылайша, Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің жолын тоғыстыратын кездесу алаңына айналуға тиіс. Екіншіден, жыл сайын кемінде 100 мың жасты олардың оқуына, жұмысқа орналасуына және жеке іс ашуына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тарту жоспарлануда. Индикаторлар уәкілетті органдармен бірге пысықталып, өңірлерге берілді. 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында бұл шараларды іске асыру үшін 534 млрд теңгеден астам қаржы көзделген. Үшіншіден, Ұлттық жобалар аясында құрылатын жұмыс орындарының 10%-ын жастарға беру ұсынылған. Бұл шара 50 мың жасты жұмыспен қамтамасыз етеді. Төртінші, «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жастарға арнап кемінде 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы индикатордың бәрі 1 қарашаға дейін өңірлерге түсіндіріліп, жүктелетін болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өкілдерінің айтуынша келешекте ай сайын тұрақты ұйымдастыру көзделіп отырған жәрмеңке тек кәсіпорын орналасқан аймақ тұрғындарына ғана емес, барлық қазақстандықтарға бірдей қолжетімді болмақ.
Үшінші, жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформалық жұмыспен қамтуды тану және заңдастыру. – Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай режим тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды. Осыған байланысты, бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткізілген.
«Екі қолға – бір күрек...». Әлдеқашан-ақ мәтелге айналып кеткен осы тіркестің қашан және қай жерде пайда болғаны белгісіз, әйтеуір, бұл сөзді жұмысты қажет деп білетін немесе жұмыс табуда кежегеңді кейін кетіретін кедергілерге кезігіп, әбден тауалы шағылған адамның айтқаны анық. Бүгінде баршамыз жарыса жамандайтын кешегі кеңестік кезеңде жұмысқа орналасу жөнінен ешқандай проблеманың болмағаны да белгілі шындық. Керісінше, ол заманда жұмыс істемеген адамды «за тунеядство» («жалқаулық үшін») деп жауапқа да тартатын. Қазір жағдай өзгерді. Қоғамымызға дендеп енген нарықтық қатынастар әркім өз күнін өзі көреді деген қағиданы көлденең тартты. Бұдан шығатын қорытынды сол – егер күнкөріс үшін талпынғың келмесе, үйіңде (әрине, бас сұғатындай баспанаң бар болса) шалқаңнан түсіп жата беруіңе болады. Ешкім келіп саған әй, шанжиып неғып жатырсың, жұмысқа неге шықпайсың деп реніш білдірмейді, талап қоймайды. Біздің кейбір ағайындарымыздың осындай «мүмкіндікті» молынан пайдаланып жатқандары да еш жасырын сыр емес. Олардың кейбіреулері қолындағы азын-аулақ малына сенсе, енді біреулері мемлекет беретін атаулы әлеуметтік көмекті шүкіршілік етеді. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес. Өзгелер сияқты еңбек етіп, «тамағы – тоқ, киімі – көк» дегендей, қатарынан қалмай өмір сүргісі келетін бауырларымыз да баршылық. Жақсы өмір сүру үшін жақсы жұмыс табу қажет.
Небір кедергілердің жолыңды кес-кестейтіні де осындай сәт. Өйткені бүгінде «екі қолға бір күрек» табу қиынның қиыны. Бұл да нарықтың өзіне тән заңдылығы. Керек десеңіз, экономистердің пайымдауынша, нарық жағдайында еңбек өнімділігі артып, қолға алған ісіңнің ойлағандай жүруі үшін елде белгілі бір мөлшерде жұмыссыздық та болуы тиіс екен. Оның өзі түптеп келгенде, жұмыс істеп жүрген адамдарды өз кәсібіне жауапкершілікпен қарауға итермелейді. Себебі, зауыт қақпасының сыртында кім қашан жұмыстан қуылар екен, орын қашан босар екен деп кезек күткен халық тұр. Рас, жұмыссыздық шамадан тыс шарықтап кетпеуі керек. Өйткен күнде «істің насырға шабуы» да ғажап емес. Дей тұрсақ та, жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, еңбек етіп табыс кіргізуге ынтасы бар адамдар өздеріне жұмыс табу үшін не істеулері керек деген сауалдың бас көтеруі де заңдылық. Бұл орайда да өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамның өзіне тән өзгешеліктері бар.
Бүгінде жұмыс күшін іздеген бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындар немесе қазіргі заманның тілімен айтқанда, жұмыс берушілер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру береді. Бұл, сөз жоқ, жұмыс іздегендер үшін жап-жақсы «көмек». Ең болмағанда олар қай жерде қандай жұмыс бар екенін біледі. Бірақ бұл сияқты хабарландыру беретіндер қатары онша көп те емес. Өйткені оның өзі кәсіпорын үшін қосымша шығын. Оның сыртында бүгінде жұмыс іздеп жүрген адамды тауып алу онша қиынға да түспейді. Әсіресе, қалалық жерлерде олардың өздері шақырусыз-ақ келіп тұрады. Осындайдан да республиканың алыс түкпірлеріндегі жұмыссыздар «екі қолға бір күрек» табуда үлкен қиыншылықтарға ұшырасады. Олар қандай қиыншылықтар?
Жұмыссыз халықтың басым көпшілігі өз мамандықтарына көңілі толмайтындығын алға тартады. Оның басты себебі материалдық құндылық алға шықты. Сондықтан да көп адамдар желілік маркетинг арбауына түсіп жатады. Шынтуайтына келгенде артық жұмсалған энергия ақталғанымен бүгін-ертең сол жолға түскен адамдарға онан түсер пайда шамалы. Қазірде қала көшелерінің бойында ілініп тұратын жарнама парақтарының басым көпшілігі желілік маркетингтік компаниялар. Адам миына психологиялық соққы жасап, алғашқы минуттардан ақ өз үстемдігін жасайды. Жеңіл ақша, жайлы орта кімнің болса да тақиясына тар келмейді. Тұрақты жұмысын тастап, желілік бағытта жұмыс жасайтын компанияларға жалданып жатқан жан қаншама. Мұның да соңы қайда апарары белгісіз. Осының бәрін көп естігеннен кейін адам психологиясы еңбектен бас тарта бастайды. Оның алғашқы белгілері ұйқының қанбауы. Өз жұмысынан шаршауы. Елестетудің өзі қиын, елдің бәрі желілік маркетингте жұмыс істеп бай болса, қалған жұмысты кім істемек?!
Пышақтың екі жүзі болатыны секілді кез-келген мәселенің де екі жағы бар. Жұмыссыздар санының көп болуы елдегі жұмыс орындарының аздығын білдірмейді. Бәлкім жұмыс істеушілерлің жалқаулығы шығар. Олай дейтініміз, қызметкер іздеймін деген неше түрлі компаниялардың хабарламасы «https://rabota.nur.kz/», «hh.kz» сынды түрлі сайттарда тұр. Үлкен-үлкен компаниялардан бастап жеке кәсіпкерлер он мыңның үстінде ваканциялар жариялаған. Аталған база күн сайын жаңарып отырады. Егер шын жұмыс іздеген жан болса екі қолға бір күрек табары сөзсіз.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынғаны белгілі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, аталған ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген.
«Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», – дейді департамент директорының орынбасары.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат