Жұмыстар нәтижесінде көрсеткіштер жақсаруда. Өнеркәсіп өнім көлемі 19 902,5 млн. теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 млн. теңге немесе 107,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3466,3 млн. теңге немесе НКИ 104,0% құрады, жылыжайлар – 1,5 га. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысымен 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. Қалаға 163 185,4 млн. теңге (138,3%) инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция 104 508,9 млн. теңгеге ұлғайған. Құрылыс жұмыстары: 109 858,5 млн. теңгені құрады. Пайдалануға берілгені – 152 257 шаршы метр оның ішінде 82 426 шаршы метрі жеке тұрғын үйлер есебінен салынған
Қалаға келетін туристер саны артып келеді. Туристер мен зиярат етушілер саны 2023 жылы 1 015 211 адам болса, 2024 жылдың 6 айында 752121 адам келген. Шетелден 2022 жылы 7113 адам келсе, 2023 жылы 12 169 адам мейман болған. Ал 2024 жылдың 6 айының өзінде шетелден 13 732 турист келіп отыр.
Сонымен бірге, Түркістан қаласында тарихи ескерткіштер мен мұраларды қорғау жұмыстары күшейетін болады. Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Мақсаттары мен міндеттері – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану; қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – Заң жобасының негізгі қағидаттары.
Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.
Сондай-ақ, бүгін «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретіндегі ерекше мәртебе мәселесін көтеріп, тиісті тапсырма берген болатын. Осыған байланысты жаңа заң жобасы әзірленді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды. Аталған заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырып, халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берді.
Аталған маңызды мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған жұмысшы топ өкілдері қатысты. Осы Заң жобасы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді деп күтіліп отыр. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі, Түркістан қаласының халық санының тез өсуі де негіз болған. Соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өсіп, қазір 233 мыңнан асты.
Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелген. Министрліктің өкілдері Заң жобасы бойынша Түркістан қаласына іссапарға шығып, халықпен кездескен, онда Заң жобасының ережелері, нормалары талқыланды.
Осы тұста тағы бір айта кетерлік ақпар, жергілікті әкімдік пен мәслихаттың құзыреттері кеңейетін болады. Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген. Осылайша, қала мәслихатына 7 құзырет берілмек. Олар:
- қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын;
- Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, тарихи, ландшафттық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды;
Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын (өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін) қарастырады. Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын; Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын айқындайды. Түркістан қаласының аумағында нышанды (қаланың эмблемасы мен таңбасы) пайдалану тәртібін бекітеді.
Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзыреттер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін; жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу және тағы басқа мәселелерді реттейді.
Екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады.
Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.
Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын әзірледі. Заң жобасымен Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Ендігі жерде Түркістан қаласының туристік әлеуеті туралы сөз етсек. Түркістан- қаймағы бұзылмаған қазақтың қарашаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай: «Екі дүние есігі, Ер Түріктің бесігі». Түркі әлемінің рухани ордасы. Еліміздің бірінші президенті Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», — деген болатын. Түркістан шаһары облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы. Түркі дүниесінің рухани астанасы.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін алтын көпірге айналып келеді. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекеттерінің жалпы съездері, мәдени-рухани бас қосулары, түркі мемлекеттерінің самиттері Түркістан шаһарында жалауын көтерді. Қалада экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағытта жұмыстар жандануда.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы болғаны мәлім. Облыста, облыс орталығы Түркістан қаласында туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылып келеді. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызуда. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етті. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылу үстінде.Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы. Сондықтан, Түркістанды облыс орталығына айналдыру – сөзсіз ең бір ұтқыр шешім. Көне қаланың Ұлы Жібек жолының бойындағы құндылығы жыл өткен сайын арта түсуде.
Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер.
Өткен жылы Түркістан қаласының өзіне 1 миллионнан астам турист келген. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметінше сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары екен. Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық ай-мағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер көп. Демек, туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының бір өзі Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатын анық. Өткен жылы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін, жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристің келуге дайын екенін айтқан болатын. Соған сай сервистік қызметтердің сапасын да жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бе-кітуді тиісті мекемелерге тапсырды. Облыс орталығы атанған уақыттан бұл жұмыстар барынша ұлғая түсті.
Ежелден рухани астана саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристі қабылдайтын күнге жетеді. Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлке де ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар шежірелі тарих болып қалмақ.
1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған - Түркістан қаласының тарихи туристік нысандары туралы аз-кем тоқталып өтсек.
Шавғардан Түркістанға дейін
Түркістан қаласының тарихы 2 мыңжылдықтан бері келе жатыр. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. XІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынған кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде қазақ хандары жерленген.
Қаланың тарихи туризм әлеуеті
Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық музей ретінде құрылған «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейін» айтуға болады.
Тарихи музей қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т. б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, қала басындағы тарихи музейлер мен тарихи мәдени орталықтар – туристерді өзіне шақыра алатын нысандар. Саяхат сапары Күлтөбе қаласынан бастау алады. Өйткені Күлтөбе – қазіргі Түркістан қаласының ескі орны. Бүгінгі таңда ескі қаланың жоғарғы қабатының тарихи белгілері бұзылған. Бірақ саяхаттаушы туристерге ескі қала орны ерекше қызығушылық тудыратыны анық. Сондай-ақ Күлтөбеден Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған.
Тағы бір қала орны – ортағасырлық Түркістан қаласы. Бұл төңіректе ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары салынған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3 шақырымға жуық. Стратиграфиялық зерттеулер бойынша қала цитаделі Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVI ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған.
Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің үстінен салынған. Бұл ғимаратты атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстарының бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш. Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға катысып, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған еді. Сол Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда бұл құрылыс XVII ғасырда салынған.
Рабия Сұлтан бегім кесенесі
Рабия Сұлтан бегім кесенесі жобасында төртбұрышты. Ол ішкі сегіз қырлы және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілқайырдың әйелі болған.
Қылует жер асты мешіті (XII-XIX ғасырлар)
Қылует жер асты мешіті Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікте, 150 м жерде орналасқан. Қылует жер асты мешітінің салынуы Ахмет Иасауи есімімен байланысты. XII-XIX ғасырлар аралығында салынған құрылысты XX ғасырдың 40 жылдарында толығымен бұзып қыштарын зауыт салуға қолданған. Археологиялық архитектуралық зерттеулермен 1941 жылы жасалынған макетке сүйене отырып Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген.
Ортағасырлық монша (XVI ғасыр)
Ортағасырлық шығыс моншасы Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік шығыста, 150 м жерде орналасқан, жеті бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген, 1979 жылдан бастап оның негізінде Шығыс моншасы музейі ашылған. Құмшықата жер асты мешіті (ХІІ ғасыр). Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым жерде орналасқан. Жер асты мешіті сопыларлың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Күйдірілген қышпен салынған.
ЮНЕСКО мойындаған қала
Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытындағы саяхаттың ендігі мақсаты музейлер мен мәдени орталықтарда жалғаспақ. Мұндай нысан қатарына алдымен осыдан 5 жыл бұрын ашылған «Түркістан тарихи-мәдени этнографиялық орталығын» айтуымызға болады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған орталықта ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер қоры туристерге көрсетіледі.
Түркістан тарихи музейі
Қаладағы ХІХ ғасырда әскери казарма болған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи музейге айналдырды. Түркістан тарихи музейінің экспозициясы 8 бөлімнен тұрады: Тас, қола және ерте темір ескерткіштері, түркі кезеңіндегі Түркістан оазисі, Шауғар қаласы, Ясы қаласы, Қожа Ахмет Иасауи – «Түркістан пірі», Ескі Түркістан қаласы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында, этнотуризм аясында туристерді тарта алады.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат