Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2024 11:59

Түркістан қаласында кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдайлар қарастырылған

Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты.

Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 млрд.тг. құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3% артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22 292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5% құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3% артты.

Сала мамандары биыл инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады.

«Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткім келеді. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етеді», — деген болатын Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. 150 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. 29 азамат мемлекет тарапынан өз кәсібін ашу үшін шағын несие иегері болды. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, ештеңеден қаймықпай алға ұмтылу түбінде мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар баршылық. Осы сөздерімізге дәлел ретінде қаламыздағы бірнеше кәсіпкерлерді мысалға келтірейік.

Түркістандық жеке кәсіпкер Шәмшиддин Айметов «Ideal» кәсіпорнының негізін 2018 жылы қалады. Ол қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Әуелі осы кәсіптің түбін аз ғана жұмысшылармен бастап, санқилы жолдармен зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтитындай деңгейге көтерілді, бұйыртса, жыл соңына дейін 200 адамға жұмыс орнын беруді жоспарлайды. Халықты жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын іздеп жүрген жұмысшыларға көмек қолын созуда. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптеген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. Бағасы да қолжетімді бұйымдар ыстық-суыққа төзімді ABS материалынан жасалады, қазіргі таңда үстелдің 7 түрі, орындықтың 12 түрінен 150-200 данасын шығаруға әлеуеті жетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мол ізденіс пен талпыныстың арқасында сәнді әрі сапалы дүниелері қазір зор сұранысқа ие. «Қазақстанның үздік тауары» іспетті түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, «сынбайтын үстел» атауымен танымал кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда. «Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардың көмегімен үстелдің пішіні кесіледі, содан соң үстел жиналып құрастырылады, одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі, сосын дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады, патина, лак жағылады, ең соңында ысып жылтырату арқылы түрлі процестерден, яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді», — дейді кәсіпкер жұмыс барысымен таныстырып жатып.

«Мол шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін осы жұмыста қаншама адам жұмысқа кіріп, қаншамасы шыдай алмай шығып кетті деуге болады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, «мен осы мақсаттан таймаймын, көздегеніме жетемін» деген жігерлі жан және кез келген өндірістің «ішкі кухнясымен» толық таныс адам ғана кәсіпті алып кете алады деп ойлаймын», — дейді шынайы ойымен бөліскен Шәмшиддин.

Өз ісін ашып, ырысқа кенелген еңбекқорлардың арасында үй тірлігімен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер де жетерлік. Солардың бірі қаламызда «Тәтті әлемі» түрлі кондитерлік өнімдерін шығаратын Жанат Тұрғанбаева ханым. 2016 жылдан бастап үй ішінен ашылған цехте бүгінгі таңда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар кондитер өнімінің алуан түрлерін, яғни күніне 50-ден астам торт түрлерін, атап айтсақ, вупипай, сүтті қыз, сникерс, рафаэлло, пломбир, фисташкалы, құлпынайдан, бананнан әзірленген торттар, профитроли, симит (күнжітпен қапталған түрік нандары), құймақ, 1000-ға жуық самса шығарады, одан бөлек үй жағдайындағы түшпараны, қуырылған түшпараны қолдан бүгіп дайындайды. Сонымен қатар қаладан кондитер өнімдерін сататын бірнеше сауда орындарының нүктесін, кофеханалар ашып, тәттілер әлемінде өз брендін қалыптастыруда. Дәмі тіл үйірер торттарды бір жеген адам бүгінде қайта айналып келетін тұрақты тұтынушыға айналғаны жасырын емес. Кәсіпкер мұның сырын былай түсіндіреді: «Тұтынушылардың көптеп тартылуының себебі — дайындалатын өнім заттарының сапалы және таза табиғи өнімдерден жасалатын болғандықтан деп білемін. Мәселен, миндаль ұнын, жаңғақ түрлерін, кілегей қаймақ сияқты өте қажетті заттарды Шымкент, Астана, Қарағандыдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, құрамында сапалы заттар болса, өнім де керемет шығады, халыққа да ұялмай ұсынасың. Осындай ойда болғандықтан, біз алдымен өнімнің бәсекеге қабілетті болуын мақсат етеміз».

Иә, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе сылтау бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ықыласы үйлессе жеткілікті. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Былайша сырт көзге оңай көрінгенімен, кәсіп ашып, оны әрі қарай жетілдіру әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда алдыңнан шығатын тосқауылдарға төтеп беру ерік-жігердің мықтылығына байланысты. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары тәй-тәй басқан кәсіпкердің аяғынан нық тұру алғышарттарының бірі болар еді. Өйткені бұл шаралар бизнесті қолдау және қаржыландыру шараларының қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бизнестің ел экономикасына үлесін көбейту мүмкіндігін тудыратынына сенім мол.

Түркістандағы жұмысы жолға қойылайын деп тұрған тағы бір өндіріс орны ретінде «Artel»компаниясы 1 млн-ға дейін газ плитасын шығармақ. Облыс әкімінің Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен өткен кездесуі барысында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді. Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын. «Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастықтығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, Өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр», – деп атап өтті.

«Artel» компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын. Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратынын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтады.

«Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі. «Artel Electronics» — өзбекстандық компания, тұрмыстық техника және электроника өндірушісі. Штаб-пәтері Өзбекстанның Ташкент қаласында орналасқан. Компания тұрмыстық техниканы, компоненттерді, тұрмыстық электрониканы өндірумен және сатудан кейінгі қызмет көрсетумен айналысады. Өзінің Artel брендімен өнімдерді ұсынады. Shivaki, Avalon, Vista және Royal серіктестері болып табылады және Өзбекстандағы Samsung және Viessmann ресми аймақтық серіктесі. Artel Electronics Group компаниясының жылдық кірісі 450 миллион доллардан асады. Өзбекстанның алты аймағында 10 000 қызметкері, 20-дан астам өндірістік кәсіпорны және өз өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды.

Таяуда Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи мырзамен және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында «Golden Camel» зауытының жұмыс барысы талқыланды. Түйе сүтін өңдеу маусымдық жұмыс болғандықтан, инвесторлар алдымен дайындық жұмыстарын бастайтын болды. Зауыт басшылығы техниқалық тексерістен соң, бір айда зауыт жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Одан бөлек түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка күйінде шығаратынын атап өтті. Айта кетейік, облыс әкімінің Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені талқылаған болатын. Нәтижесінде, инвесторлар кәсіпорынды қайта жандандыратын болды.

– Өздеріңізбен Түркістанда қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Өзіңізді Түркістан облысының дамуына алғашқы ірі инвестиция салған азаматтардың бірі ретінде танимыз. Зауыт жұмысын жандандыру туралы ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Өңірімізде қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін бірқатар бағытта өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті зор. Зауытты қайта іске қосу және әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алда өзге де жобаларға атсалысуға шақырамын. Кентау қаласы Оранғай елді мекенінде орналасқан арнайы экономикалық аймағының маңынан Қазақ- Қытай арнайы экономикалық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым қатынасты одан әрі дамыту мақсатында Түркістан қаласында екі ел бірлескен Қазақстан-Қытай индустриялды аймағын құру жоспарлануда. Бұл ретте тараптар Қазақстан-Қытай индустриялды аймағының аумағында тамшылатып суару өндірісі, сусыздандырылған көкөністерді өңдеу, ірі және ұсақ малдың қан, сүйек және ішкі органдарын қайта өңдеу және желатин өңдеу зауыттары сияқты бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.

– Түркістанға келгеніме біраз жыл болды. Осында жаңа іс бастап, жұмыс істедік. Сондықтан мен үшін Түркістан әрқашан ыстық. Өңірді дамытуға үлесімізді қосуды біздің ден міндетіміз, деп есептеймін. Осыған дейін Қытайдағы кездесуімізден кейін жұмысты қайта қолға алуға бел будық. Осы жолы зауытты қайтадан іске қосу үшін келіп отырмын. Техникалық тексеру жұмыстарынан кейін жақын арада кәсіпорынды іске қосуға дайынмын. Түйе сүтінен таблетка шығаруды қолға аламыз. Ешкі сүті Түркістан облысында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан осы бағытта да жұмыстарды жандандыруға дайынбыз, – деді «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи.

Өнімділігі тәулігіне 100 тонна түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel group LTD» 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылған. Сонымен қатар ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарады. Өнімінің басым бөлігін экспортқа шетел мемлекеттеріне жөнелтеді. Жобаны іске асыру Түркістан мен көрші Қызылорда және Жамбыл облыстарында түйе шаруашылығын дамытуға және мал басын арттыруға мүмкіндік береді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 62 рет