Кеңесте Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев пен «TurkistanInternationalAirport» ЖШС-нің басқарушы директоры Ильяс Нугумановтың есептері, жоспарлары тыңдалды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «YDA» компаниясы халықаралық әуежайдың құрылысын жүргізіп, 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап рейстер орындалуда. Жоба құны 73,1 млрд. теңгені құрайды (әуежай құрылысы – 54 млрд. теңге, арнайы техникалар және өзге шығындар – 19,1 млрд. теңге).
Былтыр әуежайдың табысы 740 млн. теңгені құрады. Әуежайды басқару келісімшарты 01.03.2024 жылы аяқталды. Қазіргі уақытта, «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 3 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби) және 7 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде.
2024 жылдың 15 наурызында «Түркістан – Самарқанд» әуе бағытын ашу бойынша «QazaqAir» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілді, сондай-ақ еліміздің Көкшетау және Үшарал (маусымдық) қалаларына әуе рейстерін ашу жоспарлануда.«YDA» компаниясымен 2024 жылдың 1 наурызында мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты аяқталды. Осыған байланысты облыс әкімімен әуежайды жаңаша бағытта дамыту бойынша жол картасы бекітіліп, жұмыс жүріп жатыр. Әуежайдың басқарушы органы болып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды.
«Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ның жарғысы жаңа редакцияда бекітіліп, әділет органдарында тіркелді «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ның штаттық кестесі қайтадан жасақталып, бекітілді. Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, 350 қызметкермен (75%) еңбек келісімшарты түзілді.Облыс әкімдігінің қаулысымен «Түркістан қаласында халықаралық әуежай салу, пайдалану және басқару» МЖӘ нысаны «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-на сенімгерлік басқаруға берілді. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ арасында әуежайдың мүлкін, техникаларын басқаруға сенімгерлік келісімшарты түзілді. Облыс әкімі әуежайдың жұмысын жандандыру керектігін айтты.
– Шетелдік әуе компанияларының тәжірибесін зерттеңіздер. Тиімді ұсыныстарды зерделеп, жұмыс жоспарына енгізу керек. Әуежайды дамыту, табысын көбейту жолдары қарастырылсын. Түркістан қаласы мен жалпы облыстың туристік әлеуетін көтеру мәселесі де әуежаймен тікелей байланысты. Ол үшін жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, әуе рейстерінің санын көбейту маңызды. Жан-жақты зерттеп, нақты жоспар жасаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Жуырда Қазақстанның әуе компания басшыларымен кездесу өткізу жоспарлануда. Одан бөлек, навигация қызметтері үшін тиісті мекемелерімен келісімшарттар түзіледі. Әуежайдың табысын молайтуда жолаушылар ағынын 500 мыңға жеткізу жоспарлануда. Бұл нәтижеге жету үшін әуежайға мемлекет қолдауы қажет.
Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсаны іске қосылған күннен бастап қазіргі таңға дейін 1 204 351 жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал, 2024 жылдың 7 айында әуежай арқылы 166 мың жолаушы қатынаған. Оның ішінде халықаралық рейстерде – 45,7 мың жолаушы, ішкі рейстерде – 120,6 мың жолаушы. Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайында 3 халықаралық (Ыстамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) бағытта әуе рейстері қатынайды. Сондай-ақ, Үрімші, Анталья, Самарқанд, Ташкент, Мәскеу, Баку бағыттарында әуе рейстерін ашу бойынша шетелдік және отандық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
«Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ Басқарушы директоры Ілияс Нұғымановтың айтуынша, бүгінде әуежай арқылы «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпанияларының ұшақтары қатынайды. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетеді. Шетелден келіп түсетін тауарларды көтерме-бөлшек сату және оларды пошта қызметтері арқылы жөнелту мақсатында «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп әуежай аумағында халықаралық пошта алмасу орны құрылған. 2024 жылдың 7 айында жүк ағыны 466,6 тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге көп. 2024 жылдың соңына дейін әуежайдағы жүк ағынын 1 284 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Түркістан қаласындағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайы осыдан 4 жыл бұрын пайдалануға берілген еліміздегі заманауи үлгідегі инновациялық және технологиялық талаптарға сай келетін әуе айлақтарының бірі. Айта кету керек, Түркістан облысы үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағы үшін жолаушылар мен жүк тасымалдауда айрықша орны бар әуе айлағының өркендеп, қанат жаюы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Осы бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасында Түркістан әуежайының халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейтуге қатысты басымдық белгіленіп, күні кеше Түркістан – Әбу-Даби бағыты бойынша тұрақты әуе рейсі ашылды. Таяуда партиялық міндеттердің іске асырылу барысын депутат әріптестерімен бірге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева қадағалады.
Стратегиялық маңызы бар нысанды басқаруда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында «Turkistan International Airport» ЖШС-мен келісімшарт түзілген. Депутаттар әуе айлағының техникалық және технологиялық жабдықталуымен танысты. Әуе кемелерінің қауіпсіз қонуын қамтитын заманауи бақылау жүйелерінің қызметі, жолаушыларды қолайлы инфрақұрылыммен қамту, багаж және жүк тасымалын ұйымдастыру тәжірибелері жөнінде кең мағлұмат алды. Авиациялық қызметті қамтудың жер үстіндегі техникалық дайындығымен танысып шықты. Өкілді мемлекеттік органның мүшелеріне әуе айлағындағы ұшақтарды техникалық нормативтерге сай қауіпсіз қондыру мен ұшыруға байланысты техникалардың дайындығы, ұшу-қону жолағын күтіп-ұстауға жұмылдырылған техникалар, авариялық қызмет құрылымдарының жабдықталуы, жүктерді тексерудің лабороториялық мүмкіндіктері баяндалды. Компанияның алға қойған стратегиялық мақсаттары таныстырылып, айлақтың әуе кеңістігін кеңейтудегі іргелі қадамдары сараланды.
Әуежайға авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың ИКАО мен ИАТА кодтары берілген. Түркістан әуежайы ИКАО-ның 1-ші санатына жатады. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушы немесе жылына 3 млн. жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайдың ұшу-қону жолағы параметрінің 3300м х 45 м болуы және аэродром жабынының көтергіштік қабілетінің 80/F/C/W/T болуы барлық әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Әуежай бір мезетте 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейстерге қызмет көрсете алады.
Әуежайдың жалпы ауданы — 905 гектарды, аэровокзалдың ауданы — 10750 шаршы метрді құрайды. 2023 жылы әуежайдың жолаушылар ағыны 359,5 мың жолаушыны құрады. Оның ішінде 65,1 мың адам – халықаралық бағыттар бойынша қызмет алса, 294,3 мың адам – ішкі рейстер бойынша қызмет алған. Еліміздегі әуежайлардың ішінен Түркістан әуежайы жолаушылар ағыны және авиамаршруттардың саны бойынша жетінші орынға, апталық рейстердің саны бойынша тоғызыншы орынға табан тіреген.
Маркетолог мамандар жүргізген талдаулар бойынша, авиабилеттерге Түркістан әуежайында қолданылатын тиімді тарифтер Қызылорда облысы және Шымкент қаласы тұрғындарының Түркістан әуежайы арқылы ұшуына оң әсерін берген. Одан бөлек, Түркістан қаласына Стамбул және Эль-Кувейт қалаларына ұшу үшін келетін Өзбекстан тұрғындарының саны артқан. Жолаушылар үшін тиімді тарифтер желісін ұсыну – Түркістан әуе айлағы айқындап отырған стратегиялық даму бағдары болып бекітілген. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Түркістанның тарихи және рухани орталық мәртебесін ілгерілетуде Түркістан әуежайының әлеуетін кеңейтуге үлесін қосып, қалаға келушілер санын арттыруда нағыз тартылыс аймағы болуына жәрдемші болады.
Әуежайдың осы және өзге де қызметі таразыланып, талданған жиында облыстық мәслихат депутаттары бірқатар маңызды ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, тұрғындар қауіпсіздігін қамтуда, оның ішінде халықаралық деңгейдегі тарихи жәдігеріміз – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қорғалуын ұйымдастыруда әуе кемелерінің бағдарлық маршрутын қала сырты аймақтарымен бекіту жөнінде «Казаэронавигация» ұйымына хат жолдау ұйғарылды. Сондай-ақ жиында әуежайдың операторлық ұйымын белгілеуде және онымен жасалатын келісімшартты бекітуде облыстық мәслихат депутаттары алдында тыңдау өткізу талабы қойылатыны айтылды.
Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары – Түркістанға деген қамқорлығы ерекше. Қазақстан Президенті мен Үкімет басшысының қолдауымен Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қарыштап дамып келеді. Арнайы Кешенді жоспар бекітіліп, бүгінгі күнге жоспарланған іс-шаралардың 40 пайызы іске асырылды. Жалпы 445,3 млрд. теңгеге жаңа 257 нысан бой көтерді. Оның ішінде 230 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен.
Осы уақыт ішінде 123 нысанның құрылысы аяқталды. Жаңадан Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Мәдени-рухани орталықтар салынып, шаһардың орталығы Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды, 3,8 млн ағаш отырғызылды. Кешенді жоспардың 40 пайызы орындалуын ескере отырып, Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңін іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттырады.
Кешенді жоспар – бүкіл ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар белгіленген елдік жоба. Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе 2021-2025 жылдарға жаңа кешенді жоспар жобасы әзірленіп, тиісті министрліктермен келісілді. Республикалық бюджеттік комиссия қарауына енгізіліп, мақұлданды. Жаңа кешенді жоспарға 142 іс-шара енгізіліп, қажетті қаржы 3,6 трлн теңге, оның ішінде 2,7 трлн теңге жеке инвестициядан төленіп отыр. Жоба аясында 5 жылда облыс экономикасы 1,5 есе өседі. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35 пайызға, еңбек өнімділігін 52 пайызға арттыруға жол ашып, халықтың нақты табысының 54,8 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады, оның ішінде, 1 трлн теңге жеке инвестиция есебінен (мемлекеттік инвестиция – 303,4 млрд теңге). Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4 пайыз қамтамасыз етілетін болады. 5 жыл ішінде АӨК саласында 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының айналасында 11 мың гектар азық-түлік белдеуін құру, оның шеңберінде жалпы сомасы 15 млрд теңгенің 7 инвестициялық жобасын іске асыру көзделген. Сонымен қатар, ол кешенді жоспар шеңберінде сүт өндірісін 880 мың тоннаға дейін, ет өндірісін 283 мың тоннаға дейін, көкөніс пен жеміс өндіруді 1 млн 530,9 мың тоннаға дейін жеткізуге болатынын атады. Бұл сәйкесінше сүт өңдеу кәсіпорындарын жүктеуді 60 пайыздан 80 пайызға дейін, ал ет өңдеу зауыттарын жүктеуді 55 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Нәтижесінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,3 трлн теңгеге дейін жеткізіліп, еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Алты жыл ішінде 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысанын, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. тенгеге жетіп, 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыс экономикасына мультипликативтік әсерін тигізеді. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жүрдек теміржол магистралін тарту, Түркістан қаласында жаңа теміржол мен автобекеттер салу жоспарының келешегі зор.
Халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске асырылып, қонақ үй, 400 гектарға қара өрік бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұз сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады. 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй немесе 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары жобасында 10 денсаулық нысанын, оның ішінде Түркістан қаласында 7 және Арыс пен Сарыағаш қалаларында 3 нысан салу көзделген.
YDA компаниясы Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 570 төсек-орынға арналған облыстық көпбейінді аурухана құрылысы жобасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бұл жобасы республикалық деңгейде жүзеге асырылады және Түркістан облысында 2021-2025 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарына қосылған. Бұл облыс тұрғындары мен қонақтарына жоғары технологиялық қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі клиника болмақ. Сонымен қатар Түркістанда 190 төсек-орны бар облыстық балалар ауруханасын салу да жоспарланып отыр. Жоспарда Түркістан қаласында 500 адамға арналған қалалық емхана құрылысы да қарастырылған. Ал жаңадан салынатын симуляция орталығында дәрігерлер біліктілік көтеруден өтіп, нақты клиникалық жағдайларда іс-жүзінде дағды жинайды. Жоғары медициналық технологияларға оқыту түрлі модельдерде, тренажерлер мен виртуалды симуляторларда жүргізу жоспарланған. Бұл медицина қызметкерлерінің кәсіби қызмет барысында процестерді, жағдайларды және өзге де аспектілерді нақты модельдеуге мүмкіндік береді. Түркістан қаласында бір ауысымда 300 келушіні қабылдайтын тіс емханасын салу жоспарланған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ 25 бригадаға арналған жедел медициналық көмек стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. H.H.Sheikh Mohamed Bin Zayed Al Nahyan қоры Түркістан қаласында «Ана мен бала орталығын» салады.
Б.Саттарханов даңғылы аумағында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені жобалары іске асыралады. Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жүргізіліп, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат коттеджі» қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынады. Әзірет Сұлтан қорық-музейінің, Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерінің аумағын абаттандыру 2025 жылға дейін жалғасады. Өңірдің туристік ағынын ұлғайту үшін Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарының инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдер пайда болады. Түгел түркінің темірқазығы саналатын
Түркістанға тәу ету ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Қасиетті шаһарға туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артпақ. Түркістан өңірін дамытудың бесжылдық кешенді жоспар шеңберінде мәдениет пен туризмді дамытатын 11 инвестициялық жоба жоспарланған, оның 9-ы жеке инвестициялар есебінен іске аспақ. Нәтижесінде 2025 жылы туристер санын 2,5 млн адамға дейін, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер санын 291 мың адамға дейін және туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда. Статистикалық деректер бойынша өңірде 703 мәдениет мекемесі бар. Жаңадан 13 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі. Облыста туризмнің әлеуеті аса зор. Тарихи туризмнің алтын бесігіне айналған Түркістан, отандық та, шетелдік те туристердің арасында аса танымал. Кешенді жоспар аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Яғни, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделген. 2025 жылға дейін 59 нысанды қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
Кешенді жоспар аясында облыс аумағында ірі мұнай өңдеу зауыты, химия кешені, тұрмыстық техника шығаратын зауыт құрылысы және Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жоспарланып отыр. Түркістан облысы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан 48 шақырым «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы», 102 шақырым «Сарыағаш қаласының айналма жолы», 30 шақырым «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы», «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жүрдек теміржол магистралі салынатын болады. Түркістан облысының экологиясын жақсарту мақсатында суармалы алқаптарды қалпына келтіру арқылы 62 мың гектардан астам алаңды сумен қамтамасыз ету жақсартылады. Ұзындығы 2 мың шақырымға жуық канал жөндеуден өтеді. Жыл сайын суармалы судың шығыны 200 млн текше метрге азаяды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 40 млрд теңгеге жеткізіп, 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласын жасыл белдеумен қоршау үшін 2019 жылдан бері 3,8 млн текше көшет егілген. 2019 жылдан бастап қаланың айналасында 7,7 мың гектар алаңда жасыл белдеу құру жұмысы жүріп жатыр.
Кешенді жоспар жобасында электрмен жабдықтау саласында жалпы сомасы 49,7 млрд теңгеге 11 жобаны іске асыру көзделген. Ірі жобалар арасында Түркістан қаласында 110 кВ желісімен қуаты 2х25 МВА «Солтүстік» 110/35/10 кВ қосалқы стансасын және Ордабасы ауданында «Бадам» 220/110/10 кВ қосалқы стансасын салу бар. Ұсынылған жобаларды іске асыру 500 мыңнан астам адамды сапалы және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге, 200 жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 30 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде Түркістанда құны 40 млрд теңге ЖЭО салу көзделіп отыр. Өңірді газдандыру аясында Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату стансасыан магистралды газ құбырын және Мақтаарал ауданындағы 3 автоматтандырылған газ тарату стансасын салу сияқты жобаларды іске асыру көзделуде және елді мекендерге газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырларын салу жоспарланып отыр. Жалпы, 2026 жылға қарай газдандырылған елді мекендердің санын 423-тен 722 бірлікке дейін ұлғайту және халықты газбен қамтуды 1 274 мың адамнан 1 720 мың адамға дейін кеңейту көзделіп отыр.
Осылайша алдағы уақытты Түркістан облысы және оның орталығы Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, еліміздің алдыңғы қатарлы аймағына айналмақ. Жаңадан құрылған облыстың гүлденіп, көркеюі мемлекет негізін құрайтын ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ халқының тұрмыс деңгейінің жоғары болуына ықпал етері анық. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи секілді әлемге белгілі тұлғаның мәңгілік мекеніне айналған Түркістан шаһарының дүниежүзі туристерінің назарын бұруы қазақ халқының, Қазақстанның әлемдегі имиджіне оң әсер ететін болады деп сенеміз.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат