Сенбі, 08 Желтоқсан 2018 18:14

Шымкенттегі №125 мектеп жаңа дәуірдің білім ордасы болуға лайық

«Жаңа дәуірдің білім ордасы – жарқын болашақ кепілі». Кеше осы тақырыпта Шымкент қаласындағы №125 жалпы орта білім беретін мектеп аймақтық семинар өткізді. Мақсат – жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту. Шымкент қалалық білім басқармасының Ғылыми-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес ұйымдастырылған семинарға шаһардағы мектептердің басшылары, директордың оқу ісі мен ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, пән мұғалімдері, сондай-ақ Түркістан облысына қарасты Созақ ауданы білім бөлімінің әдіскері мен А.Байтұрсынұлы жалпы орта мектебінің ұстаздары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері  қатысты. 

Педагогикалық мән-маңызы зор шараға қатысушылар әуелі Көркем еңбек шеберханасына табан тіреп, «Шебер қолдар» бұрышына қойылған мектеп қолөнершілерінің жұмыстарымен танысты. Мұнда оқушылардың этностильдегі бұйымдарды жасау барысы мен дайын бұйымдарды көркемдеуі, сазбалшықтан құмыра дайындауы мен түрлі-түсті бояумен сурет салуы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл ретте сазбалшықпен жұмыс істеу №125 мектептің «фишкасы» екенін де айта кеткен жөн. Оған Шымкент қалалық білім басқармасының ғылыми әдіскерлері де таңданыс білдіріп, «өзге мектептерге үлгі болар тірлік екен» десіп жатты.

Мектеп директоры Әсет Сатыбалдиев спорт саласының маманы болғандықтан, мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелердің жұмысы да тәп-тәуір жолға қойылған. Дәл осы білім ұясының өрендері қалалық һәм республикалық жарыстардан бөлек халықаралық сайыстарда бағы жанып жүргені туралы қонақтар спорт залына бас сұққанда кеңінен мағлұмат алды. Сондай-ақ осында кадет сыныбының сапта жүру дайындығын да тамашалады.

Директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Жамал Имантаева ұйымдастырған мектептің шығармашылық көрмесі мен ондағы ғылыми жобалардың таныстырылымдары, расы керек, семинарға келгендер тарапынан оң бағасын алды. Сырт көз қашанда сыншы емес пе, өзге мектептердің ұстаздары мұндағы оқушылардың ғылыми ізденістеріне, «көрсем, білсем» деген ынта-ықыласына сүйсінді. Мәселен, өз басымыз 4 оқушының ғылыми жобасына аялдап, құлақ сап көрдік. Олар: Ләззат Әжібекованың жетекшілігімен «Вред газированной воды для организма» тақырыбын зерттеп жүрген 8 «Д» сынып оқушысы Н.Ахановтың, Айжан Нармұратованың жетекшілігімен «Бордың адам ағзасына әсері» тақырыбын зерттеп жүрген 10 «А» сынып оқушысы С.Мұхтардың, К.Рустамованың жетекшілігімен «Волшебная сила пчелы» тақырыбын зерттеп жүрген 4 «Ж» сынып оқушысы А.Пушкареваның, Г.Дүйсенбиеваның жетекшілігімен «Грек жаңғағының емдік қасиеті» тақырыбын зерттеп жүрген 4 «Б» сынып оқушысы Бақыт Қабылдың жобалары. Қаршадай балалардың ғылыми тәжірибелері мен одан шыққан нәтижелеріне, түйген пікірлері мен көз жеткізген дәлелдеріне еріксіз тәнті боласың. Сәттілік тіледік баршасына.

Бұдан кейін қатысушылар мектептің акт залында оқушылар әзірлеген концерттік бағдарламаны көріп, соңыра Шымкент қалалық білім басқармасының ғылыми әдіскерлері Бағила Ермекқызы мен Гүлмира Расулқызы, сонымен бірге Ә.Сатыбалдиев құттықтау сөз алып, семинар бағдарламасымен таныстырды. Мұнан соң өзге мектептерден келген ұстаздардың барлығы кідірместен өз пәндері бойынша ашық сабақтарға енді. Ал біз мұғалім болмасақ та, соңғы уақытта қоғамда сан қилы пікір тудырып жүрген «Сауат ашу» пәнінің ерекшелігін байқап көрмек ниетпен Ғазиза Мақұлбекова жетекшілік ететін 1 «Е» сыныбының ашық сабағына қатыстық. «Менің отбасым. «Ұ» дыбысы мен әрпі» атты тақырып таңдалған екен. Мұғалім ә дегеннен сабақты ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырудан бастады. Балаларға бұл сабаққа қонақтардың қатысып отырғаны ескертіліп, өз кезегінде олар амандасып алды. Оқушылар 3 топқа жіктелген, әрқайсысы өз топтарын 3 тілде таныстырады. Бұдан кейін «Ұ» дыбысы мен әрпін меңгерту басталып кетті. Бұл ретте мұғалім көрнекі құрал ретінде слайд, презентацияны пайдаланып, пәнаралық байланысты да ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, математика, музыка, ағылшын тілі пәндерімен. Нәтижесінде оқушылар айтылған сөздер мен сөйлемдерді қайталап, әріп элементтерін талапқа сай жаза алды. Бір сөзбен айтқанда, Ғ.Мақұлбекова ашық сабағын белгіленген уақытқа сыйдырып, сәтті өтіп шықты. Байқадық, бұл сабаққа қатысқан 6 мектептің мұғалімдері ризашылығын білдіріп, оң бағалап, кері байланыс аясында ізгі тілектерін жазып жатты. Әрине, 1-сыныптың оқушыларымен ашық сабақ өткізу оңай шаруа емес, әйткенмен тәжірибелі ұстаздың тыңғылықты дайындығы мен балаларды баурап алатын жанды қарым-қатынасы өз жемісін береріне сендік.

Семинар соңында педагог-психолог мамандардың ұйымдастырған психологиялық тренинг сабақтарында жиналған қауым алған әсерлерімен бөлісті. Ашық сабақтар бойынша талдау, тәжірибе алмасу, кері байланыс жасалып, іс-шараны қорытындылады. Жиынның жоғары деңгейде өткенін, өздеріне көптеген қажетті дүниелер алғанын айтып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Өз кезегінде Шымкент қалалық білім басқармасының ғылыми әдіскерлері мен мектеп директоры аймақтық семинарға белсенді атсалысқан мектеп ұжымы мен қонақтарға алғыс білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Біздіңше, тұсауы өткен оқу жылының басында ғана кесілген жаңа мектеп ұжымы үшін мұндай шараны ұйымдастыру аз жетістік емес. Себебі, жаңа ғимараттың ішкі шырайын ашып, безендіру, ауласын көріктендіру мен көгалдандыру қаржыны да, қажыр-қайратты да талап етеді. Бірақ соған қарамастан мемлекет басшысының тың бастамаларына, әсіресе, рухани жаңғыруға бағытталған құнды ойларына үн қосатын ілкімді істер «алтын ұяның» табалдырығынан аттаған бетте-ақ кез келген жанға қуаныш сыйлайды. Сондықтан бұл ретте мектеп басшысы мен ұстаздар қауымының бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтаса еңбек етіп жатқанына кәдімгідей сүйсінесің. Саналы тәрбие, сапалы білім берер №125 мектептің әрқашан үлгілі қырынан танылуына тілектеспіз.

Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Оқылды 2663 рет