Дүйсенбі, 10 Тамыз 2026 17:39

Созақ ауданының жас ауыр атлеттері облыстық біріншілікте жүлдегер атанды

5-9 тамыз аралығында Түлкібас ауданында 2010 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Түркістан облысының ашық чемпионаты өтті. Аталған жарысқа «Созақ аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің құрама командасы қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жарыс қорытындысы бойынша созақтық жас спортшылар 5 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 30 келі салмақта Талғат Ақжігіт I орынды, Талғат Асылан II орынды иеленсе, 33 келі салмақта Тұрсынбай Даниял жеңімпаз атанды. 37 келі салмақта Амангелді Ахат II орынға, Болысбек Нұрәли III орынға тұрақтады. Ал 49 келі салмақта Ерланұлы Мирас I орын, Нұрболат Ерсұлтан II орын алды. 65 келі салмақта Қоңыратбай Ерсайын жеңімпаз атанса, Амангелді Айбек II орынды иеленді. Осылайша, жас ауыр атлеттер дүбірлі додада өз шеберліктерін көрсетіп, ауданының абыройын асқақтатты. Спортшыларды жарысқа дайындаған жаттықтырушылар Мұрат Серікбаев пен Бақтан Тұрсынбаевтың еңбегін де атап өткен жөн.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы екені айтпаса да түсінікті. Балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық.

Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Бүгінде Түркістан облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының спорт мектептерінде 89700 спортшы спорттың 63 түрімен тұрақты түрде тегін шұғылдануда. 2025 жылғы 12 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, халықтың 42,8 пайызын құрап бекітілен индикаторлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 266 мыңға жеткен.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 49 рет