Түркістан облысының полицейлері ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2022 жылдың 9 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша кеңес өтті. Оған Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, оның орынбасарлары, департамент аппараты мен қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.

Түркістан облысының полицейлері атқарған жұмыс қорытындысы жөнінде ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев баяндама жасады.

Ол қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимыл және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша тиісті шаралар іске асырылғанын атап өтті.

Мәселен ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша көшелерде жасалған қылмыстар төмендеген. Патрульдік полицейлермен қылмыстарды «ізін суытпай» ашу көрсеткіші 3,7%-ға өсті. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 3%-ға азайды. 3412 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның ішінде 504 адамға қатысты сот ерекше талаптар қойды. Профилактикалық іс-шараларды өткізудің нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 19,4% -ға, ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 21%-ға төмендеді.

Полиция қызметінің маңызды бағыты - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта атқарылған шаралар нәтижесінде республикалық маңызы бар трассалардағы жол-көлік оқиғасы 24%-ға, қаза тапқандар саны 16%-ға, ал зардап шеккендер саны 8%-ға төмендеді. Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 763 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері жол апатын азайту мақсатында "дрондардың" көмегін пайдаланып, екі күн ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 45 жайтын анықтады, оның ішінде 28-і қарсы жолаққа шыққандар. Автокөлік жүргізушілеріне 1,5 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 9 айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7960 шетелдік пен ҚР азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 2558-іне ескерту жасалса, 4255-іне әкімшілік айыппұл салынды. Ал 664 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. 378 шетелдік елден шығарылды.

Кеңес соңында облыстың бас полицейі құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басым мақсаттар мен міндеттерді белгіледі. Сондай-ақ қылмыстарды ашу бойынша жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аударды. Жиналыста айтылған барлық мәселелер бойынша тиісті бөлімшелерге нақты тапсырмалар берілді.

Мақтаарал: Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Мақтаарал АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлерімен отбасы-тұрмыстық саласындағы құықбұзушылықтың алдын-алу мақсатында бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларымен Мақтаарал АПБ-де жайсыз отбасылар тізіміндегі тізімдік есепте тұратын тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, күнделікті қызмет атқару барысында, ҚР ӘҚБтК (73-бабы, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша іс-шаралар атқарып, отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қоғау нұсқамалары шығарылып, ал шығарылған қорғау нұсқамаларын бұзған тұлғалардың мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар қойылды.

Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылдың 9 айында қорғау нұсқамасы 166-дан 191-ге (+25), ерекше талап 32-ден 36-ға (+4) жақсарған және бұл бағытта жұмыстар әріқарай жалғасын табуда.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде, 2022 жылдың 9-айында, Мақтаарал АПБ-нің қызмет атқаратын аумағында, отбасы тұрмыстық қатынастағы қылмыстар саны -100,0 пайызға, 1-ден 0-ге төмендеген.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің, аудандық жастар ресурсы орталығының мамандарымен Әйелдердің зорлық зомбылыққа қарсы тобының инспекторы бірлесіп, аудандағы отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстармен құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында, білім беру мекемелерінде, білім алып жатқан жасөспірімдер арасында, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» - акциясы жүргізілді.

Ондағы басты мақсат, аналармен балалардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болудан, отбасы құндылықтары жайлы және ата-аналармен оқушылар арасындағы мәселелер жөнінде, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылды.

Түркістан: Еліміздегі діни туризм

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып саналған. Қазақстандағы туристік ресурстарға: туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.

Туризм (франц. tourіsme, tour – «серуендеу») – адамның  бос уақытында (жұмыс бабымен не туған-туысқа қыдыру  емес) өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін, тәуекел  жасау үшін, көріп қызықтау үшін, яғни субъективті рухани  қажеттілік бойынша басқа бір жерге ерікті саяхаттап, серуендеп баруы. Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы заңда берілген анықтама бойынша: «Туризм – жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма төрт сағаттан бір жылға дейін, не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтін қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетін саяхаты». Діни  туризм – өзінің тұрғылықты жерінен  жарты жылдан көп емес уақытқа, діни сенімдеріне байланысты  қасиетті жерлерге сапар шегу. Діни туризм термині «рухани туризм» және «қасиетті туризм» немесе «сенім туризмі» сияқты басқа да түсініктер жиі бір-бірінің орнына қолданылады. Қазіргі таңда мінәжат етуді дамыту құралы ретінде діни туризмге көп көңіл бөлінуде. Діни туризм халықаралық байланыстың кеңею, ұлттық мәдениеттің даму және басқа да халықтардың мәдениетімен танысу құралы болып табылады.             

Статистикаға сүйенсек тарихи-мәдени нысандардың көп шоғырлануы бойынша еліміздің оңтүстік аймағы алдыңғы қатарда екені баршамызға мәлім. Қазақстан діни ескерткіштерге, киелі жерлерге өте бай мемлекет. Барлығымызға біршама танымал тарихи - мәдени нысандар: Түркі халықтарының рухани астанасы болған киелі Түркістан өңірінде орналасқан Қoжa Axмeт Яcaуи, Арыстан Баб, Укаша ата, Гауһар ана кесенелері, аңызы мен әфсанасын, өркениеті мен тарихын жарты әлемге паш еткен қасиетті Тараз топырағындағы таңғажайыптардың бірі – Қaрaxaн кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бaбaджa қaтын кeceнeci, XII-XVI ғасырларда Сырдариядағы сауда тармағы ретінде кеңінен танымалдыққа ие болған Сауран қалашығы, Қызылорда облысындағы – Артық, Айтман кесенелері, Балқаш көлі маңында – Тектау ата, Әуез бақсы, т.б. киелі орындар бар. Ислам мешіттерімен қатар, Қазақстанда Вознесенский кафедралы соборы (Алматы), Успенский кафедралы соборы (Тараз), Свято-Троицкий ғибадатханасы (Өскемен), Воскресенский соборы (Семей) сияқты керемет православие шіркеулері орналасқан. Сонымен қатар елдің оңтүстік-шығысы мен Алтайда Қазақстан аумағындағы буддизмнің болу тарихын айқындайтын нысандар қатары бар.

Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Сол кешеннің ішінде ашық аспан астындағы – «Этносаябақ» өңіріміздегі діни туризм орындары туралы көрнекі ақпарат мекені ретінде үлкен маңызға ие. Себебі «Этносаябақтың» жоғарғы жағында еліміздің тарихи-сәулет ескерткіштерінің макеттері орналасқан. Бұл макет өз кезегінде этно-тарихи кешеніне келуші тұрғындар мен қонақтарды таңдай қақтырмай қоймады. Себебі тарихтың терең иіріміне ендіретін макеттер асқан шеберлікпен орындалып, өзіне келуші алыс-жақын шет елдік туристтерді тартуда.

Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына өз септігін тигізуі үшін қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек? Әрине, қажетті арнайы мамандарға жұмыс орнын ашу үшін туризм инфрaқұрылымын дамытып, туризм caлacының мaтeриaлдық бaзacын жасақтау қажет. Еліміздің діни туризм саласының дамуы үшін  ең алдымен мына мәселелерді шешу қажет:

-  Кейбір зиярат ету орындарына баратын жерлерді табу қиынға соғатындықтан, ұялы телефон арқылы барған жерінің координаттарын анықтау арқылы баратын жерді оңай таба алатын қосымша (карта) жасалынса. Бұл ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін таптырмас жоба деп санаймыз;

-  Түркістан облысы көлемінде зиярат ету орындарында интернет және байланыс өте нашар. Ал, шетелдік кейбір туристер сол зиярат орнынан сурет, видео, естелік, сәлемдеме жолдауға мүмкіндік таппай жатады. Сондықтан, интернет мүмкіндіктерін жандандыру қажет. Бұл да өз кезегінде діни туризм нысандарының танымалдылығын арттырады деп сенеміз;

-  Қайда саяхаттауға немесе зиярат етуге болады деген сұраққа жауап ретінде қосымша ойлап табылса. Ол қосымшада саяхаттауға және зиярат етуге мүмкін орындар мен анықтамалар, ыңғайлы уақыттар, тіпті қаржы шығындарын есептеу мүмкіндіктері қарастырылса;

-  Зиярат орындары мен тарихи-мәдени орындардың электронды нұсқада гид анықтамасы жасалса. Аталған құрылғы қазіргі таңда тек Қ.А.Ясауи және Арыстан баб кесенелерінде ғана қолжетімді күйде қалуда;

-  Туристік фирмалардың әлеуетін арттыру қажет. Қазіргі таңда ел ішіндегі туристік сапарлар мен зиярат ету топтарын жекелеген тұлғалар ғана пайда табу мақсатында көптеп ұйымдастыруда;

-  Тарихи-мәдени және зиярат орындарында шағын әрі екі тілде (қазақ және ағылшын) анықтамалар жасау. Келушілерге тегін таратуды қолға алу. Аталған анықтамалық бүктемелер арқылы аталған туристік орын туралы бірыңғай ақпарат тарауына да қол жеткізе аламыз. Себебі қазіргі таңда шырақшылар ойдан қосылған әңгімелерді келушілерге көптеп айтуда;

-  Кесене, қабір, киелі орындардағы шырақшы, гид қызметінің өкілдерінің біліктілігін, туризм, зиярат мәдениетін қалыптастыратын семинарлар ұйымдастыру арқылы сапаны арттыру қажет;

-  Тазалық, киім кию, зиярат әдебі секілді жаднамаларды келушілерге баспа және электронды үлгіде көптеп тарату;

-  Келушілер үшін ыңғайлы орта қалыптастыру. Қолжетімді қонақ үй, ас-су ішетін орындар. Тынығып отыратын орындар жетіспейді.

-  Туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Экскурсия жүргізетін гид қызметкерлерін үнемі білімін жетілдіріп отырса, мұндай мәселелер туындамас еді. Аталған мәселелер шешілмесе Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын туризм жүйесін қалыптастырмай, туризм саласында өз үлесін ала алмайды.

Туризмнің барлық саласы (діни туризм, іскерлік туризм, экологиялық туризм және т.б.) дамыса, қызмет ету саласының даму өрісі кеңейеді. Қатынас саласының кірісі артып, қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саудасы арта түседі және қызмет көрсету сапасы жоғарылайды. Сондықтан туризмді дамытуда тиімді детальдарды ұтымды пайдаланудың пайдасы көп. Мысалы: өзінің ерекше даусымен Қазақ өнерін әлемге паш еткен Димаш Құдайберген, бокс саласында өшпес із қалдырып үлгерген Геннадий Головкин – Қазақстанды танытудағы әлемге танымал брендтер десек артық айтқанымыз емес.

Қазақстанда діни туризмді дамытудың алғышарты – сол саланың үгітін күшейту. Әсіресе, ғаламторға діни туризмге үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, орыс, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек. Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудио-видео жарнама материалдарын белсенді түрде таратып, еліміздің көркем жерлерін жұртқа таныстыру мақсатында фотосурет, қысқаметражді түсірілімдер байқауын өткізіп, туристік орындардың басты ерекшелігін, салт-сана, мәдениетке қатысты түйіндерін көрнекілендіруге ден қою керек.

Қорытындылай келе туризмнің қарқынды жұмыс жасауы еліміздің экономикасының дамуына едәуір үлес қосатыны белгілі. Себебі, туризм саласы әлем елдерінің ішінде экономикаға тұрақты сала ретінде орнығып келеді. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы, қазақтың алтын бесік ата жұрты. Аумағы ұшқан құстың қанатымен өлшенген кең де келісті өлкеде туризм саласын дамытуға арналған мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану салт-дәстүрге бай елімізді сыртқы нарыққа шығарып, таныстыруға жол ашатыны сөзсіз.

 

А.Борибекова

                                                                                                                                                                                   Теолог маман                         

Түркістан: Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары

Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-адамгершілік құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Яғни, қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болады.

Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзhабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда қазақ жерінде мекен еткен ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұниден бастап, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшhүр Жүсіп, Науан хазірет, Сәдуақас Ғылманиге дейінгі ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының үлесі зор. Солардың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ халқы исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады.

Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын пәрменді күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы ең маңызды фактор. Жалпы алғанда, әрбір халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды.

Дін мен мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері дін экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, ал мәдениетіміз өзгермесін» дейтіндей орашолақ пікірлер де айтылуда. Осы мәселеге байланысты ғылыми қорытынды жасау үшін алдымен қоғам өмірінің ең маңызды ұстыны саналатын дін мен мәдениеттің арақатынасын анықтайық. Бүгінгі мәдениеттану, антропология және социология саласының теоретиктері дінді мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі деп санайды. Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз мәдениет те болмайды. Дін әлеуметтік құбылыс, қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рол атқарады. Кейбір идеологиялар мен саяси ағымдар діннің осы ролін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүние жүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық оқиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас. Әсілі, дін – осы салаларға бағытбағдар беретін күштің бірі, тіпті ең бастысы. Қоғамдық құрылымның Ислам діні және Қазақстан мәдениеті анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Қоғамдарды басқа қоғамдардан ажырататын ең негізгі қасиеттің бірі осы діннің өзі болып табылады. Заманауи әлеуметтану ғылымдары қатарынан социология, психология, антропология, мәдениеттану, философия, саясаттану, өнертану дінді зерттеумен шұғылданады. Бұлар әлеуметтік феномен, қоғамдық оқиға және қоғамға пішін беретін құдірет ретінде қарайды. Тіпті, халық арасында кең таралған хұрафи сенімдер мен ырым-секемдердің қаншалықты әсерлі екені баршаға белгілі. Діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және XXI ғасырдағы халқымыздың өсіп өркендеуінің басты құралы – дініміз. Әлеуметтану ғылымдары ішінде ең көп дау-дамай туғызғандардың бірі мәдениеттану болып табылады. Мәдениет дегенде кейбіреулердің есіне тек Пикассо, Моцарт, Чайковский түседі. Ал, мәдениет ұғымы, шынында, өте кең ауқымды қамтиды. Әр қоғамның қоғамдық қасиеттерінің материалдық және рухани тамырлары бар. Мәдениет дегеніміз осы дүнияуи және рухани қатынастардың ғасырлар бойы етене араласуы нәтижесінде қалыптасатын нәрсе. Сондықтан, Ислам діні және Қазақстан мәдениеті заман өзгеріп, мәдениеттің кейбір тұстары өзгеріске ұшырағанымен қоғам өзінің мәдениетін сақтап қалуға тырысады. Ислам дінінің көшпелі және руларға бөлінген араб қоғамында пайда болғаны белгілі. Қазақ халқының тарихына қарайтын болсақ, ірілі-ұсақты рулар мен тайпалардың басын қосқан күш осы Ислам діні болған. Ислам діні қауымдастығына қосылмаған түркі тайпалары болса, мүлдем басқа мәдениет тобына қосылып, мүлдем басқа қоғамдарға айналған. Бұған мысал ретінде бұлғарларды, мажарларды, чуваштарды т.т. айтуға болады. Америкада зорлықпен шоқындырылған қараларды, африкадағы халықтарды, Оңтүстік Америкадағы қызылтерілерді осы санатқа жатқызуға болады. Демек, әр халықтың мәдени ортасын анықтайтын басты фактор дін екені анық. Біздің мұсылман халқымызға тән басты қасиеттеріміз, меймандостық, ағайынмен тату болу, арағайыншылдық, қайырымдылық Ислам дінінің мұсылман үмметіне уағыздаған қасиеттері.

Діннің мәдениеттің құрамдас бөлігі екені туралы тәжірибелік дәлелдер:

 1. Діннің жеке тұлға және қоғам өмірінде нақты функциялары бар;

 2. Дін әр адамға сол адам бағынышты болуға міндетті құдіреттің алдында жеке басының сенімділігі сезімін береді;

 3. Дін адамға өзінің төңірегіндегі әлемді түсіну тұрғысынан өзіндік жүйе ұсынады;

 4. Дін қоғам қатынастарының қалыптасуында басты міндет атқарады.

Мәдениеттің күштілігі соншалық, мәдениеттер арасындағы қақтығыста жеңіске жеткен мәдениеттің өзі жеңіліске ұшыраған мәдениеттің белгілі бір элементтерін сіңіріп алуға мәжбүр болады. Мұның нәтижесінде аралас мәдениеттер пайда болады. Ислам діні мәдениеттердің арасындағы парықтарды қабылдаған дін. Нәсілдер мен тілдердің, тіпті діндердің әртүрлілігін Ислам діні таниды. Құранда адамдардың тайпаларға, түстерге бөлінгендігі, әркімнің діні өзіне екені туралы айтылған және Құран мұны Жаратушының шешімі ретінде көрсеткен. Қоғамдар арасындағы парықтар адамдардың бірін-бірі танып білуі және қарым-қатынас орнату жағынан жағымды рөл атқаруы да мүмкін. Бұл біздің қолымыздағы нәрсе. Сондықтан, Ислам дініндегі толеранттылықты шынайы толеранттылық деп қабылдаған жөн. Тарихқа қарағанымызда сан жағынан аз мұсылмандардың үлкен мемлекеттерді басқарғанын кереміз. Яғни, мұсылмандар басқа дін өкілдерін де қорғаумен шұғылданған. Мұсылмандар негізінен бір мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне хош көрушілікпен қараған. Адамзаттың тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда боған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани, фәлсафи негіздерді қамтитын Ислам діні осы дінге қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа салған. Дін – адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Солай бола тұрғанмен, дін мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да, егжей-тегжейге араласпайды. Мәселен, дін адамдардың киіну мәселесінде негізгі қағидаларды белгілейді, бірақ дәл қандай киім үлгісін киюді ұсынбайды. Ислам діні адамдардың халал тағам жеуін сұрайды, бірақ тамақты дайындау және қабылдау салтына араласпайды. Мәселен, Қытайдағы мұсылмандар қасықпен, араб елдеріндегі мұсылмандар қолымен тамақ іше алады. Жалпы алғанда, әрбір халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды. Ата-бабаларымыздан қалған «Үш қасиетті: дініңді, діліңді, тіліңді сақта!» - деген қанатты сөз бар. Ұлт негізін құрайтын осы үш қасиет болып табылатындықтан, оның тұтастығына қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресу ел азаматтарының тарих алдындағы парызы болмақ.

 

Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

                                                                                                                                                                                 теолог маманы                                                                                

ШЫМКЕНТТЕ «ЧАК-ЧАК БАЙРАМЫ» ӨТТІ

Шымкент қаласының татар-башқұрт этномәдени бірлестігі Республика күніне орай «Чак-чак байрамы» мерекесін атап өтті. Татар ұлтының ең тәтті мерекесі аталып кеткен жиынға татар-башқұрт, өзбек, корей және өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Татар шығармашылық ұжымының орындауында халық әндері шырқалып, чак-чак мерекесінің басты тағамынан көрме жасақталып, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекелік басқосуда қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдің ішкі бейбітшілігін сақтауға үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктерге алғысын жеткізді.

–Күні кеше 25 қазан – Республика күнін тойладық. Сіздерді Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Шымкент қаласында 10 мыңнан астам татар-башқұрт этносының өкілі бар. Саны жағынан қаладағы ірі 5 этностың құрамына кіреді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Ал, бүгінгі татар ұлтының тәтті мерекесі аталатын «Чақ-чак байрамы» қаламызда жыл сайын ұйымдастырылады. Дастарханнан ерекше орын алатын бұл тағамды үлестіру арқылы этномәдени бірлестік өздерінің достық қарым-қатынасы мен ыстық ықыласын білдіреді. Бүгінгі мереке соның бір айғағы, - деді Ербол Сүлейменұлы.

Шымкент қаласының қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенді мүшесіне қала әкімі мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан алғыс хаттар табысталды.

Одан кейін, шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, татар ұлтының тарихы жөнінде деректі фильм көрсетілді.

 

Арыстық полицейлер мерекеде көпбалалы анаға көмек көрсетті

Арыс ауданы полиция бөлімінің мәжіліс залында Республика күнніне арналаған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс шараның алғашқы сөз кезегін полиция подполковнигі Мырзахметов Алмас Келдібекұлы ашып, жеке құрамның қоғамдық тыныштықты сақтаудағы жұмыстарына табыс тіледі. Сонымен қатар полиция бастығы 10-ға жуық қызметкерді марапаттап қызметеріне абырой тіледі.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары 5 баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты анаға көмір мен күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктерді табыстады.

«Бірлесіп автокөлік жуу орталығын ашамыз» деп танысын алдап, атынан несие рәсімдеген алаяқ анықталды

Төлеби полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, 2022 жылдың сәуір айында жақын танысы «бірге жеке бизнес ашамыз» деген сөзіне сендіріп, өзінің атынан 800 мың теңге несие алдырған. Алайда танысы ақша алғаннан кейін жасырынып, берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, полицияға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын ер адам болып шықты.

Белгілі болғандай полиция қызметкерлері ұсталған ер адамның алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

 

 

 

 

Түркістан облысы полицейлері жоғалған 8 жасар баланы үйіне қайтарды

Түркістан қалалық полиция басқармасына түскі сағат 14:30 шамасында қала тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Әйелдің айтуынша азанғы уақытта мектепке кеткен Рамазан есімді 8 жасар ұлы үйіне қайта оралмаған.

Түркістан ҚПБ ювеналдық полиция тобының қызметкері полиция капитаны Медет Тұрсынбек хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Мектеп оқушысын табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Полицейдің жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында, небары 5 сағат ішінде бала 2 шақырым жердегі балалар ойнайтын алаңқайдан табылды.

Осылайша, жоғалған бала ата-анасына аман-сау күйінде тапсырылды. Тәртіп сақшысының анықтауынша ойын баласы мектептен шығып, достарымен ойнап жүріп, үйден 2 көше ары қарай кетіп қалған.

Өз кезегінде баланың анасы полицейдің қырағылығына риза болып, алғысын білдірді. «Мен, мектепке кеткен баламды жоғалтып алдым. Содан соң полиция қызметкерлеріне хабарластым. Полицейлер дер кезінде баламды тауып берді. Осы полицейге алғысым шексіз.»-деп жүрекжарды сөзін арнады.

Шекарадан гашиш өткізген шетелдік ер адам 7 жылға сотты болды

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі өткізген Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық ер адам Қазақстаннан Өзбекстанға өтер кезде өзімен ірі мөлшерде салмағы 27 грамм болатын «гашиш» пен 5 грамм «марихуана» есірткісін заңсыз сақтап, тасымалдап алып өтпек болған. Десекте құзырлы органның тексеруі оның арам ойын іске асыруға тосқауыл болды. Анықталғандай, күдікті есірткілерді қағаздарға орап, шалбары мен оның киімінің ішіне жасырған. Мұны шекара қызметкерлері тексеру кезінде байқап, бірден оқиғаның мән-жайын анықтауға полицейлерді шақырған.

Тәртіп сақшылары табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» мен ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алды. Сарыағаш АПБ-нің тергеушілері іс құжаттарын жинақтап, сараптамалар тағайындады. Қылмыстық іске соңғы нүкте қою үшін құжаттар сотқа жолданды. Сарыағаш аудандық соты 50 жастағы өзбекстандықты екі бірдей бап бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

ҚР Қылмыстық Кодексi 286-бапта «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы»: 

1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 


2. Мынадай: 

1) бірнеше рет; 

2) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып; 

4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

5) iрi мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге, прекурсорларға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

 

 ҚР Қылмыстық Кодексiнің 296-бабында «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу»

Ескерту. 296-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 

1. Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну – 

сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

3. Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

4. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 

үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескертулер. 

1. Есірткі және психотроптық заттардың мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеде айқындалады. Есірткі мен психотроптық зат тектестердің шағын, ірі және аса ірі мөлшерлері өздері тектестері болып табылатын есірткі және психотроптық заттардың шағын, ірі және аса ірі мөлшеріне сәйкес келеді. 

2. Жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады делінген.

 

 

Ордабасы:Бұрынғы жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, сейфтен ақша ұрлаған жас жігіт анықталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне бетон өнімдерін шығаратын цех, яғни ЖШС-дан қатынас хат келіп түсті. Онда белгісіз біреу цех аумағында орналасқан қызметтік бөлменің ішінде тұрған сейфтен 1 миллион теңгеге жуық ақша жымқырып кеткенін жеткізген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Полицейлер ұрлық орын алған цехты, оған жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Бейнебақылау камераларын тыңғылықты тексерді. Мекеме қызметкерлерінен, куәлардан жауап алды. Нәтижесінде күдікті сол мекемеде жұмыс істеп кеткен жас жігіт болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктінің жүрген жерін анықтау мақсатында жан-жақты жұмыс жасап, оны Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінен ұстап, полицияға жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті цех аумағына жасырын кіріп, сейфтің есігін бұзу арқылы ішіндегі қаражатты жымқырған. Содан оңай жолмен келген ақшаға «iPhone» маркалы бағалы ұялы телефон мен өзіне киім-кешек сатып алған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бапта «Ұрлық» былай деп жазылған:

 

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
.