Ішкі істер органынан зейнеткерлікке шыққан кәсіби маман

Жетісай ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен жеке құрам қызметкерлері ҚР ІІО-да өз қызметін абыроймен атқарған полиция майоры Амангелді Бекмановты құрметті зейнеткерлік демалысқа шығарып салды. Бөлімде арнайы шара ұйымдастырылып, ардагерге сый-сияпаттар табысталды.

Амангелді Бекманов алғашқы еңбек жолын 1996 жылы Жетісай ауданының ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып бастаған. Ол өз қызметінде талай атышулы істерді абыроймен, кәсіби шеберлікпен ашып, басшылық тарапынан марапат-мадақтарға ие болған. Өзінің кәсібилігімен қызметке жаңадан орналасқан жас мамандарға үлгілі ұстаз бола білді. Әрдайым қызметте қажетті ақыл-кеңестерімен бөлісіп, әріптестерінің шыңдалуларына септігін тигізді.

Абыроймен құрметті демалысқа шыққан қызметкерге Жетісай АПБ-ның бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков өзінің жүрек жарды лебізін жеткізді.

 

Мақтаарал:Ақшаңды көбейтіп беремін деген алаяқ әйелге сот үкімі шықты

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын жеткізді. Олардың айтуынша алаяқ әйел, «WhatsApp» желісінде чат ашып, ондағы қосылған адамдарға ақша салған жағдайда бес күнде 40 пайызға көбейтіп бере алатынын айтып сендірген. Ал оған сенім білдірген бірнеше тұрғындар түрлі көлемде ақша салып, соңында алданғандарын түсінген. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.

Хабар алысымен мақтааралдық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алған күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Полицейлер алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған жұмыссыз, орта жастағы көпбалалы әйел екені анықталды. Күдікті әйел бұған дейін де алаяқтық жасап, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтеп жүргені белгілі болды.

Ол өзіне сенген тұрғындармен тілдесіп, 3 жәбірленушіден 400 000 теңгеге жуық ақша алып, бас пайдасына жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Мақтаарал аудандық сотының үкімімен күдіктінің кінәсін мойындауы, шығынды өтеуі мен көпбалалы ана екені ескерілді. Нәтижесінде сот 35 жастағы жұмыссыз әйелге алдын тағайындалған жазаны ішінара қосып, түпкілікті 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Яғни әйел ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылды.

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

 

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 

мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады
делінген.

 

Келестік полицейлер «Республика» күні мерекесін атап өтуде

Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінде «Республика» күніне қатысты салтанатты шаралар өтуде.

Бұл мерекелік іс-шараға, Келес АПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Сәттар Отыншиев қатысып, жастар орталығының қызметкерлерімен дөңгелек үстел өткізді.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары ішкі істер органында елеулі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерді де назардан тыс қалдырмай, еңбектерін ескеріп, құттықтады.

Іс-шара барысында полиция полковнигі С.Отыншиев қызметтерін адал атқарған 18 қызметкерге алғыс хат табыстады. Сонымен қатар келестік полицейлер ерекше игі бастамамен өз қаражаттарына азық-түліктерді сатып алып, өзінің қызметтік борышын атқару барысында қауіпті індеттен қайтыс болған полиция лейтенанты Мұхтар Сарыбаевтың отбасына арнайы барып, сый сияпаттарын табыстап қайтты.

Өз кезегінде марқұмның анасы Каримаш Сарбаева мереке қарсаңында тосын сый жасап және өмірден өтсе де жүректен өшірмей, ұлының отбасына қамқорлық білдірген полицейлерге шексіз алғысын жеткізді.

Отырар: қарттар күніне орай Темір ауылында «Қарттарым – асыл қазынам» атты тәрбие сағаты өтті

«Темір» жалпы орта мектебінде 3 қазан — күні қарттар күніне орай 3 «а» сынып жетекшісі Қарлығаш Ақтөре мен «Өлкетану» мұражайының жетекшісі Айнұр Сартбаеваның ұйымдастыруымен «Қарттарым — асыл қазынам» тақырыбында тәрбие сағаты болып өтті.

Отырар: Темір ауылында ұстаздар мерекесіне орай «Ұстаз – ұлы тұлға» атты концерт өтті

Отырар ауданы, Темір ауылындағы «ТЕМІР ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІ» КММ-де мектеп тәлімгері А.Дүтбаевтың және 11-сынып жетекшілері Қ.Шері мен Ұ.Исаеваның ұйымдастыруымен «Ұстаз — ұлы тұлға» тақырыбында концерттік бағдарлама болып өтті.

Отырар: Темір ауылында "Республика күні" мерекесіне орай «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» атты танымдық кеш өтті

Отырар ауданына қарасты Темір ауылындағы ауылдық кітапханасында кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» атты танымдық кеш өткізілді. Кеш барысында кітапхана қызметкері Р.Мақтабекова айтулы мерекенің мәні мен мазмұнына тоқталып, кешке қатысушыларды Республика күнімен құттықтап өтті.

ШЫМКЕНТТЕГІ АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕНІ ТОЙЛАДЫ

Бүгін 25 қазан – Республика күні. Шымкент қаласы Абай ауданының тұрғындары бұл күнді көтеріңкі көңіл күймен бастады. Алдымен қалалық опера және балет театрының алдына аудандағы балабақша бүлдіршіндерінің қолымен жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.

Шағын көрме мерекелік іс-шараға ұласты. Жиналған қауымды аудан әкімі Бұхарбай Парманов Ұлттық мерекемен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап берді.

–Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймын. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні сіздерге игілік пен бақыт тілеймін. Осындай бейбітшіліктің арқасында ауданымыз жылдан жылға толағай табыстарға жетіп отыр. Мәселен, 2017 жылы ауданның барлық салаларына 22,6 млрд. теңге бөлінсе, биыл 110,8 млрд. теңгеге жетіп, 5 жыл ішінде 24 есеге көбейді. Әсіресе инфрақұрылыммен қамту жұмысы 2020 жылдан бастап қарқын алды.. Қала әкімі аудандағы 34 елді мекенді аралап, тұрғындардың мәселесін жеке тыңдағаннан кейін, қысқа мерзімде сметалық құжат әзірлене бастады. Нәтижесінде, екі жыл алдын ауыз суды тасымалдап тұтынатын 10 елді мекеннің 9-ы сапалы суға қол жеткізді. Құрсай шағынауданында су тарту құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, - деді аудан әкімі.

2021 жылы 5 елді мекен мемлекеттік жүйедегі электрге қол жеткізсе, осы жылы 3 елді мекен сапалы жарықтың игілігін көріп отыр. Ал. Табиғи газ жеткізу бойынша екі жылдың ішінде 8 елді мекенде құрылыс жүргізіліп, оның 7-і пайдалануға беріліпті. Келер жылы 3 шағынауданға табиғи газ тартылмақ.

Кәрізбен қамту жұмысында да айтулы істер бар. Екі жылда 2 елді мекенге кәріз жүйесі жүргізілсе, 2025 жылға дейін 6 елді мекен орталықтандырылған жүйеге қосылады.

Осындай жақсы жаңалықтармен бөліскен Б.Парманов ауданның экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа ҚР Президентінің «Құрмет» граммотасы мен аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

Отырар: аудандық сот көлікті мас күйде айдаудың соңы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді

Отырар аудандық соты 18.10.2022 жылы Отырар аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігімен Қ-ға қатысты әкімшілік іс қаралғанын хабарлап отыр. Әкімшілік іс материалдарына сай, құқық бұзушы 2022 жылғы 25 қыркүйекте көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жібек жолы даңғылы бойында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған.

“Республика күні” мерекесіне орай Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің 20-ға жуық қызметкері марапатталды

2022 жылдың 25 қазанында Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің мәжіліс залында бәйдібектік полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен “Республика” күніне арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара болып өтті. Мәжіліс зал төрінде шырқалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні мерекенің еліміз үшін қаншалықты мән-маңыздылығын сездіргендей болды.

Бұл іс-шараны Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрдәулет Әжібеков ашып, жеке құрамды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар полиция бастығы салтанатты түрде қызметінде абыройлы және кәсіби біліктілігімен танылған 20-ға жуық қызметкерді марапаттады.

Яғни полиция бастығы елімізді қорғауда аянбай тер төгіп жүрген полицейлерге алғыс айтты.