АГЕНТТІКТІҢ ПРЕВЕНЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов киелі өңірдің бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.    Диалог алаңында облыстық басқарма басшылары, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының басшылары мен облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, ірі және шағын-орта бизнес өкілдері болып табылатын «Югдорстрой», «Feb Turkestan», «Эльдорадо и BAZA», «Qazyna құрылыс MS», «Лидер-НС Строй», «Отау Строй», «ӘлемТрансСтрой» және «Ақжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен БАҚ өкілдері бас қосты.   Жиында Саян Қылышұлы Агенттік жұмысының жаңа тәсілдері «Атамекен» ҰКП басшылығымен талқыланып, бүгінгі күні кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсету мен бизнес ортадағы проблемалық мәселелердің  шешілу жолдарын оңтайландыру бойынша бірлескен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.«Елімізде бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеуге, елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл тұрғыда, өңірлердегі бизнес-құрылымдардың өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу және оларды негізсіз әуре-сарсаңдар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау – Агенттіктің басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өткен жөн» - деді Превенция қызметінің басшысы.  Мақсатты жиында мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы, мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру салалары, автомобиль жолдарының құрылысы мен құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру әрекетіне қатысты кәсіпкерлердің түйткілді мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ортаға салынды.  

Мақтаарал:Көршісінің құрылысқа қажетті құралдарын жымқырған ер адам анықталды

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, сарайында тұрған 4 дана отпен күйдіргіш құралы, 3 дана электроматор, 1 дана болгаркасын жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 400 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты.

Анықталғандай күдікті күдізгі 11:30 шамасында, көршісінің үйіне ұрлыққа түскен. Ол есікті күшпен ашу арқылы қоймаға кіріп, тұрмысқа қажетті заттарды ұрлаған. Алайда күдікті оңай жолмен келген заттарды сатып үлгермеген. Айғақты заттар ұрланған күдіктінің үйінен табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бапта «Ұрлық» былай деп жазылған:

 

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮРЕККЕ ТІЛІКСІЗ ҚОНДЫРҒЫ ОРНАТЫП БЕРДІ

Шымкент қаласындағы №2 ауруханасының дәрігерлері жүрегінде ахауы бар науқасқа тың әдіспен ота жасады. Коронароангиография әдісі арқылы тексеру жүргізген аурухана дәрігерлері пациентте жүрек қан тамырларының тарылуын анықтаған.

72 жастағы пациент ағымдағы жылдың 10-қазан күні №2 қалалық ауруханаға келіп түскен. Түскен кездегі шағымы төс аймағының ашып, шаншып ауырсынуы. Науқас жүру барысында қимыл барысында көкірек тұсының қысып, ентігіп шаршап ашуын айтқан. Онымен қоса, науқаста қосымша артериялық гипертония және қант диабеті болған. Науқас кардиология бөлімшесіне жатқызылып, толық тексеруден өткен. Тексеру барысында науқаста жүректің ишемиялық ауруы анықталған.

Коронароангиография әдісі арқылы тексеру жүргізген аурухана дәрігерлері науқастың жүрек қан тамырларының тарылуын анықталған. Яғни оң жақ және сол жақ тәж артерияларының 80-%ға тарылуы. Осыған орай аурухана бас дәрігері Асқар Мұратұлының басқаруымен консилиум құрылып, жедел түрде науқасқа стент қою шешімі қабылданған.

Отаға бас дәрігер Асқар Мұратұлы өзі қатысып, науқасқа сәтті түрде стент қойылды. Операция 50-минутқа созылған. Бұл әдісте қан тілігінсіз ота жасалады. Ота аяқталған соң, науқас бірден палатаға ауыстырылып, 30 минуттан кейін өздігімен тұрып жүрген.

Науқастың қазіргі жағдайы бір қалыпты. Стационарлық бақылау кезінде ангинальді ауырсыну байқалмаған. Науқастың жағдайы жақсаруымен емдік ұсыныстар тағайындалып, қазіргі таңда отбасына оралды.

Жүрегіндегі дертін емдеген ақ халаттыларға науқас алғысын білдірді.

“Үлкен рахмет осындай дәрігерлерге. Коллективті басқарған Асқар Рахматалиевке. Отбасыларына береке берсін, істері алға бассын. Мен ешқандай жаман сөз естімедім. Өз жанұямда жүргендей сезіндім. Халықтың рахметін алып жүре беріндер”-дейді пациент.

ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛЫ ӨНЕРТАПҚЫШТЫҚҚА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен 2022 жылдың қазан айында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауының қалалық кезеңі өтті.

Іс-шараның мақсаты: Білім алушыларды ғылым мен техниканың әр түрлі саласындағы өнертапқыштық зерттеу жұмыстарына баулу, техникалық шығармашылық , инновациялық ғылыми-зерттеу жұмыстарды орындаудың құзіреттіліктерін қалыптастыру болып табылады.

Әдістемелік орталықтың «Жаратылыстану-математикалық пәндер» бөлімінің әдіскері Мадина Салибекованың ұйымдастыруымен білім басқармасына қарасты барлық білім беру ұйымдарының 10-17 жас аралығындағы білім алушылар мен жетекшілерінің арасында өткізілген техникалық шығармашылық байқауы «Оқушылар сарайы» базасында өткізіліп, байқауға білім алушылар

1. Өндіріс саласындағы техникалық құрастыру;

2. Ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру;

3. Әскери техника саласындағы техникалық құрастыру;

4. Құрылыс облысындағы жобалар;

5. Жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласындағы модельдер;

6. Авиация саласындағы модельдер;

7. Космонавтика және аэрокосмос техникасы саласындағы модельдер;

8. Компьютерлік графика және 3D модельдеу, сияқты әр түрлі тақырыптар бойынша қатысып, өздерінің инновациялық идеяларын, техникалық шығармашылық жұмыстарын көрсете білді.

Атап айтқанда, өндіріс саласында техникалық құрастыру тақырыбында М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясының 10 сынып оқушысы Байжүрек Баязит, ауылшаруашылық техникалар мен жабдықтар мен саласында техникалық құрастыру бойынша №31 жалпы орта білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Умирзак Нургиса, әскери техника саласында техникалық құрастыру тақырыбында №31 жалпы орта білім беретін мектебінің 5 сынып оқушысы Рашид Ербол, құрылыс облысындағы жобалар бойынша А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Шахмуратова Амина, жылу энергетикасы, электр энергетикасы, баламалы энергетика саласындағы жобалар бойынша М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясының оқушысы Үмбет Нұрислам, авиация саласындағы жобалар тақырыбында қорғады.

САЙРАМДЫҚ ТӘРТІП САҚШЫЛАР ЖОҒАЛҒАН ЖЫЛҚЫНЫ ИЕСІНЕ ҚАЙТАРДЫ

Полицейлер түнгі уақытта қараусыз жүрген жылқыны ұстап, иесін анықтап, алғыс алды.

Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Ерлан Абдукадиров пен полиция аға лейтенанты Дилмурад Тойчибаевтар, түнгі уақытта ауыл ішінде бос, қараусыз жүрген жылқыны байқап, оны ұстап алды. Мұндағы мақсат жылқының ұрылардың қолына түсіп қалуынан сақтау мен жолға шығып кетіп қандай да бір жол апатын жасауының алдын алу.

Осы бағытта өзгенің жылқысын жетектеген полицейлер оны бөлімге жеткізді. Содан бірден үй жануарының иесін табу бағытында қызмет атқарды. Жеделдетілген іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, таңертең Сайрам АПБ-нің қызметкерлері жылқының егесін анықтап, оған ескерту жасады. Ал жылқысы табылған Сайрам ауданының тұрғыны полицейлердің қырағылықтары мен жауапкершіліктеріне алғысын жаудырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Жылқым ауламдағы қорада тұрған еді, қалай сыртқа шығып кеткенін білмедім. Десекте малымды тауып, оны қауіпсіз жерде ұстаған полицейлерге рақмет!»-деп атап өтті тұрғын өз сөзінде. Ал полиция қызметкерлері ауыл тұрғынына, үй жануарларын қараусыз қалдырмауға, алдағы уақытта өте сақ болуға кеңес берді.

Түркістан: Депутаттар Жолдауды балабақшада насихаттады

Түркістан қалалық мәслихат депутаттары Васитова Угылжан және Худияров Ғалымжан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған жолдауын түсіндіру мақсатында «Толағай» балабақша ұжымымен кездесу өткізді.

Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жодауы мен саяси реформаларына қазіргі заман талабына сай және халық сұранысы бойынша еліміздегі партиялардың жұмысын жетілдіру қажеттідігін айтқан болатын.

Президентіміздің Қазақстан халқына жолданған жолдауында еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты-саяси және әлеуметтік жүйені жаңғырту,халықтың әл-ауқатын арттыру,тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсарту, мүкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жасау,шағын және орта бизнесті кәсіпкерлікті дамытудағы басым бағыттарға тоқталды.

Президентіміздің жолдауында анықтап көрсетілген жаңа бағыттардың жүзеге асуына мүмкіндіктеріміз жетеді және олардың алдағы уақытта орындалатындығына сеніміз зор.

Әрбір саналы ұрпақ еңбек етіп, заман талабына сай бейімділіп,жаңа технологияларды меңгере отырып,сапалы білім алумен қатар,еліміздің болашақ жолында қызмет ете алатын азамат болып қалыптаса білуі қажет.

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ БАЙҚАУЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауы басталды. Ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, еліміздің танымал жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.

– Киелі Түркістанда Тұран үнін асқақтататын халықаралық байқау өтіп жатыр. Біріншіден ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының атынан шын жүректен фестивальдің ашылуымен құттықтаймын және барлық қатысушыға сәттілік тілеймін! Түркістан түркі дүниесінің, түркі мәдениетінің рухани ордасы. Бүгінгі фестиваль Ұлы даланың, ата-бабаларымыздың қанында бар ән-жырдың мерекесі. Осынау мерекеде Қазақ елінің Түркістан сахнасында шетел әншілері де ән салады. Сондықтан бүгінгі кеш баршамызға зор демалыс сыйлайды деп сенемін, – деді Султан Раев .

Осындай халықаралық байқаудың киелі шаһарда өтуі де заңды. Өйткені аталмыш фестиваль Қазақ музыкасы мен қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын, сондай-ақ қазақ әндерін әлемге насихаттау, шығармашыл, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, халықаралық байланыс пен өзара ынтымақтастықты нығайту, рухани әрі мәдени құндылықтар алмасу, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру сынды үлкен мақсат қойған.

Ашылу салтанатында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Польша, Черногория, Беларусь, Молдова, Грузия, Сербия, Қарашай-Шеркес республикасы, Бурятия, Македония, Болгария мемлекеттерінен келген қатысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқады. Олардың қатарында Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Медеу Арынбаев, Айгүл Қосанова, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, «Меломен» тобы, Рухия Байдукенова сынды мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздары бар.

Халықаралық байқау бүгін де жалғасады. Қатысушылар екі кезеңде де қазақ әндерін шырқайтын болады. Оған шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар, продюсерлерден құралған кәсіби қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар Гран-при, Бірінші, екінші және үшінші дәрежелі лауреат, сонымен қатар түрлі номинация бойынша арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш байқау 2 рет онлайн түрде өткен болатын. 2020 жылы Малдова республикасынан Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Халықаралық ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті бүгінде қазақ әндерін насихаттауда зор үлес қосып жүр.Мәдени-музыкалық жаңалық саналатын Халықаралық «Voice of Turan – 2022» қазақ әндері байқауын 25 қазан - Республика күніне орай Түркістан облысы әкімдігі мен Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған.

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Түркістан облысы жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті Әбілсейіт Дүйсебаев түркістандық спортшыларды қабылдады. Жуырда Арменияның астанасы Ереванда өткен спорттық самбо және жауынгерлік самбо күресінен және Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңістерімен құттықтап, алғыс білдірді.

"Түркістан облысында 3 жылға жақын уақыт аралығында Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Спортшылардың жұлдызы жанып, биік белестерді бағындыру жолында бапкерлердің де еңбегі орасан. Бүгінгі басқосудың мақсаты – үздік спортшыларды марапаттау, оларға лайықты құрметке көрсету", деді ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Оразақынұлы.

Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша өңір спортшылары 9 айда елеулі табыстарға қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Айта кетер болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында Әлем чемпионаттарында – 19 алтын, 24 күміс, 18 қола, Азия чемпионаттарында – 7 алтын, 5 күміс, 4 қола, ҚР чемпионаттарында – 59 алтын, 32 күміс, 51 қола медаль еншіледі.

Еске салсақ, Арменияның астанасы Ереванда самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Ұлболсын Әділова мен Дінмұхаммед Ергешбаев күміс жүлдегер, Нұрхан Жамалхан және Нурила Асанқызы қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ Астана қаласында белбеу күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Бекнұр Қуандық күміс жүлдеге ие болса, Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Мадина Аман қола жүлдеге қол жеткізді.

Түркістан облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Дәурен Тәңірбергеновтің айтуынша, ассоциация ұжымы үшін биылғы жыл да жемісті басталды. Келер жылы да спортшылар бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген сенім мол.

 

ТҮРКІСТАН: АГЕНТТІКТІҢ ПРЕВЕНЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ ОБЛЫС АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысына қатысты.  Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау, мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қала/аудан әкімдері қатысты. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібінде қаралатын мәселелерге кеңінен тоқталып,  сыбайлас жемқорлықтың алдын -алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өтті.  Алғашқы сөз кезегін алған Саян Ахметжанов Агенттік әр аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің  негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер Картасын әзірлегенін жеткізіп, Түркістан облысының тәуекелдер картасына өңірде жемқорлық жиі ұшырасатын салалар мен шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің енгізілгенін баяндады.    Сондай-ақ, қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін Түркістан облысы бойынша отставкасы қаралу сатысында тұрған бірқатар лауазымды тұлғаларды атап өтіп,  облыс әкіміне аталған тұлғалардың жауапкершілігін заң шеңберінде қарауды және тәртіптік жауапкершілікке тарту жазасымен  шектелмей, басшыларды құқықбұзушылық деңгейіне қарай тиісті жауапкершілікке тартуды ұсынды.Жүргізу тәртібімен келесі кезекте Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Қ.Қожахметов сөз алып, халықтың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған аталмыш Карта аясында аумақтық департаментпен атқарылған жұмыстарды баяндап, жиынға қатысушылар назарына  карта бойынша арнайы әзірленген  бейнероликті ұсынды.  Жиын соңын қортындылаған өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы аудан/қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол берген әрбір тұлғаның жауапкершілігі ескерусіз қалмайтынын қатаң ескертіп, күн тәртібінде қаралған салалар мен  мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.

 

"ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАННАН – ҰЛТ ҰЛЫСЫ ҰЛЫТАУҒА" ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Бүгін Түркістан қаласынан зиялы қауым өкілдері Ұлытау облысына тарихи-танымдық сапарға аттанды. Ардагерлерге қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және Түркістан қалалық "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы Ғаппар Амантайұлы да ақ жол тілеп, салтанатты түрде шығарып салды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы десе, Ұлытауға ұлттың ұясы деп баға берген-ді. Ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолынан бүгінгі ұрпақ та адаспай келеді. Өткенді үлгі тұтар ұрпақ қалыптастыруда өздеріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Бұл бағытта бірге атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп деп білемін. Сіздерге сәтті сапар тілей отырып, ұлылар мекені Ұлытауға киелі Түркістанның ыстық сәлемін жеткізуді сұраймын, – деді шаһар басшысы.

«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұлысы Ұлытауға» тарихи танымдық сапарының мақсаты – егемендіктің шежіресі мен тәуелсіздіктің шынайы тарихын дәріптеу. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шара аясында еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жалпы 50 азамат Ұлытауға жол тартты.