ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ БАЙҚАУЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауы басталды. Ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, еліміздің танымал жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.

– Киелі Түркістанда Тұран үнін асқақтататын халықаралық байқау өтіп жатыр. Біріншіден ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының атынан шын жүректен фестивальдің ашылуымен құттықтаймын және барлық қатысушыға сәттілік тілеймін! Түркістан түркі дүниесінің, түркі мәдениетінің рухани ордасы. Бүгінгі фестиваль Ұлы даланың, ата-бабаларымыздың қанында бар ән-жырдың мерекесі. Осынау мерекеде Қазақ елінің Түркістан сахнасында шетел әншілері де ән салады. Сондықтан бүгінгі кеш баршамызға зор демалыс сыйлайды деп сенемін, – деді Султан Раев .

Осындай халықаралық байқаудың киелі шаһарда өтуі де заңды. Өйткені аталмыш фестиваль Қазақ музыкасы мен қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын, сондай-ақ қазақ әндерін әлемге насихаттау, шығармашыл, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, халықаралық байланыс пен өзара ынтымақтастықты нығайту, рухани әрі мәдени құндылықтар алмасу, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру сынды үлкен мақсат қойған.

Ашылу салтанатында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Польша, Черногория, Беларусь, Молдова, Грузия, Сербия, Қарашай-Шеркес республикасы, Бурятия, Македония, Болгария мемлекеттерінен келген қатысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқады. Олардың қатарында Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Медеу Арынбаев, Айгүл Қосанова, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, «Меломен» тобы, Рухия Байдукенова сынды мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздары бар.

Халықаралық байқау бүгін де жалғасады. Қатысушылар екі кезеңде де қазақ әндерін шырқайтын болады. Оған шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар, продюсерлерден құралған кәсіби қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар Гран-при, Бірінші, екінші және үшінші дәрежелі лауреат, сонымен қатар түрлі номинация бойынша арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш байқау 2 рет онлайн түрде өткен болатын. 2020 жылы Малдова республикасынан Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Халықаралық ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті бүгінде қазақ әндерін насихаттауда зор үлес қосып жүр.Мәдени-музыкалық жаңалық саналатын Халықаралық «Voice of Turan – 2022» қазақ әндері байқауын 25 қазан - Республика күніне орай Түркістан облысы әкімдігі мен Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған.

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Түркістан облысы жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті Әбілсейіт Дүйсебаев түркістандық спортшыларды қабылдады. Жуырда Арменияның астанасы Ереванда өткен спорттық самбо және жауынгерлік самбо күресінен және Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңістерімен құттықтап, алғыс білдірді.

"Түркістан облысында 3 жылға жақын уақыт аралығында Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Спортшылардың жұлдызы жанып, биік белестерді бағындыру жолында бапкерлердің де еңбегі орасан. Бүгінгі басқосудың мақсаты – үздік спортшыларды марапаттау, оларға лайықты құрметке көрсету", деді ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Оразақынұлы.

Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша өңір спортшылары 9 айда елеулі табыстарға қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Айта кетер болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында Әлем чемпионаттарында – 19 алтын, 24 күміс, 18 қола, Азия чемпионаттарында – 7 алтын, 5 күміс, 4 қола, ҚР чемпионаттарында – 59 алтын, 32 күміс, 51 қола медаль еншіледі.

Еске салсақ, Арменияның астанасы Ереванда самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Ұлболсын Әділова мен Дінмұхаммед Ергешбаев күміс жүлдегер, Нұрхан Жамалхан және Нурила Асанқызы қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ Астана қаласында белбеу күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Бекнұр Қуандық күміс жүлдеге ие болса, Болгарияның София қаласында әйелдер күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Мадина Аман қола жүлдеге қол жеткізді.

Түркістан облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Дәурен Тәңірбергеновтің айтуынша, ассоциация ұжымы үшін биылғы жыл да жемісті басталды. Келер жылы да спортшылар бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген сенім мол.

 

ТҮРКІСТАН: АГЕНТТІКТІҢ ПРЕВЕНЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ ОБЛЫС АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысына қатысты.  Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау, мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қала/аудан әкімдері қатысты. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібінде қаралатын мәселелерге кеңінен тоқталып,  сыбайлас жемқорлықтың алдын -алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өтті.  Алғашқы сөз кезегін алған Саян Ахметжанов Агенттік әр аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің  негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер Картасын әзірлегенін жеткізіп, Түркістан облысының тәуекелдер картасына өңірде жемқорлық жиі ұшырасатын салалар мен шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің енгізілгенін баяндады.    Сондай-ақ, қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін Түркістан облысы бойынша отставкасы қаралу сатысында тұрған бірқатар лауазымды тұлғаларды атап өтіп,  облыс әкіміне аталған тұлғалардың жауапкершілігін заң шеңберінде қарауды және тәртіптік жауапкершілікке тарту жазасымен  шектелмей, басшыларды құқықбұзушылық деңгейіне қарай тиісті жауапкершілікке тартуды ұсынды.Жүргізу тәртібімен келесі кезекте Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Қ.Қожахметов сөз алып, халықтың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған аталмыш Карта аясында аумақтық департаментпен атқарылған жұмыстарды баяндап, жиынға қатысушылар назарына  карта бойынша арнайы әзірленген  бейнероликті ұсынды.  Жиын соңын қортындылаған өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы аудан/қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол берген әрбір тұлғаның жауапкершілігі ескерусіз қалмайтынын қатаң ескертіп, күн тәртібінде қаралған салалар мен  мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.

 

"ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАННАН – ҰЛТ ҰЛЫСЫ ҰЛЫТАУҒА" ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Бүгін Түркістан қаласынан зиялы қауым өкілдері Ұлытау облысына тарихи-танымдық сапарға аттанды. Ардагерлерге қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және Түркістан қалалық "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы Ғаппар Амантайұлы да ақ жол тілеп, салтанатты түрде шығарып салды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы десе, Ұлытауға ұлттың ұясы деп баға берген-ді. Ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолынан бүгінгі ұрпақ та адаспай келеді. Өткенді үлгі тұтар ұрпақ қалыптастыруда өздеріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Бұл бағытта бірге атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп деп білемін. Сіздерге сәтті сапар тілей отырып, ұлылар мекені Ұлытауға киелі Түркістанның ыстық сәлемін жеткізуді сұраймын, – деді шаһар басшысы.

«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұлысы Ұлытауға» тарихи танымдық сапарының мақсаты – егемендіктің шежіресі мен тәуелсіздіктің шынайы тарихын дәріптеу. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шара аясында еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жалпы 50 азамат Ұлытауға жол тартты.

ТҮРКІСТАН: "ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ АУҚАТЫН АРТТЫРУ" ЖОЛДАУЫ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСТЫ

 19 қазан Түркістан қаласының облыстық периниталдық орталық қызметкерлері арасында ҚР Презинденті Қ.К.Тоқаевтың " Халықтың әл ауқатын арттыру" жолдауы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін ақпараттық- насихаттық топтың кездесуі болып өтті.

Аталған кездесуде Түркістан қаласының депутаты Н.Жүсіпбаев өз сөзінде мемлекетіміздің дамуының және гүлденуінің берік іргетасы әрі кепілі болған еліміздің басты заңы – Қазақстан Республикасы.

Оның негізінде, елімізде біздің қоғамымыздың басты құндылығы саналатын адамның дамуына, оның әл-ауқатын арттыруға барлығымыз бірдей күш салуымыз керек екенін нақты айтып өтті.

Қ.Тоқаев реформаның басты мақсаты ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру керек екенін атап өтті. Әділетті Қазақстанды құру жолында халықтың, әрбір азаматтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі бірінші орынға қойылады.

 

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

Шымкентте жол құрылысы жұмыстары қарқын алған. Жаңа асфальт төселіп, кеңейіп жатқан көше көп. Бүгінге дейін бірқатар айналма жол, көпірлер ел игілігіне беріліп те қойды. Құрылыс жұмыстарының сапасы, дер кезінде бітуі – жергілікті биліктің басты назарында.

Осы орайда  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Өтегенов” көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді.

 

Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.Құрылыс екі кезеңмен жүргізілуде.

1-кезең “Өтегенов” көшесі жалғасының құрылысы “Шымкент Сити” шағын ауданынан “Сырым батыр” көшесі аралығын қамтиды. Жалпы ұзындығы 1205 шақырым, ені 28 м. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты.

 Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылуда. Бұған қоса шағал тас төселіп, аяқжол салынып, ирригациялық арықтар орнатылуда.

 “Өтегенов” көшесі жалғасының 2-кезең құрылысы “Сырым батыр” көшесі мен “Төлеметов” көшелері аралығы. Жалпы ұзындығы 970 м, ені 23,5 м.

 Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.

 Қазіргі таңда көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады.

Жолайрық жұмыстарын аралап шыққан шаһар басшысы Бәйдібек би мен Арғынбеков жолайрық құрылысы кезінде көлік қозғалысын реттеудегі маңыздылығын атап, құрылыс жұмыстары сапасын тексерді.

Мұндағы үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар ара­лығында қаланың көлік қозға­лысын реттеудің кешенді жоспа­рына сәйкес жүзеге асуда. Жолай­рық құрылысы аяқталғанда көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрықта ені 80 метрлік төрт-алты жолақты автомагистрал салы­нып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жос­парланған.

Қазір жолайрықтың Арғын­беков көшесі бойында тіреу қабыр­ғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Естеріңізде болса, осы жылдың 6 шілдесінде Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқта­тылған болатын. Ал тамыз айының 31-і күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғы­лының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашыл­ған-ды. Ендігі кезекте жұмыстарды ыңғайластыра отырып, қараша айында №1 және №4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.

Сондай-ақ үшінші мегаполисте «Шығыс» айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс барысы мен жұмыс сапасын арнайы барып тексерді. Айтып өтейік, «Шы­ғыс» айналма жолының құры­лысы былтыр басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби кө­шесіне дейінгі аралықты, яғни ұзындығы 3,9 шақырым, ені 60 метр 4 жолақты жолды қамтиды. Қазір жол негізін әзірлеу жұмыстары то­лы­ғымен аяқталып, асфальт жа­бындысын төсеу жұмыстары жүр­гізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2023 жылдың 1 тоқсанында толы­ғымен аяқталмақ. Бүгінге дейін жұмыс­тарының 75 пайызы орын­далыпты.

Агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан мегаполис көшелерінде көлік кептелісін азайту бағытында айналма жолдарды дамыту жұмыс­тарының маңыздылығы да арта тү­су­де. Бұл бағыттағы жобалардан Ленгір тасжолынан бастау алып, А-2 Шымкент–Ташкент авто­жолына дейінгі аралықты қамтиды. 2021 жылы басталған нысанның жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Қазір Шымкент–Таш­кент жолында қиылысатын бөлік­те кө­пір құрылысы және жол жабы­ны жұ­мыстары жүргізілуде. Жол­дың 5 бө­лігінде жолдың негізін дайын­дау, 4,2 шақырымына асфальт жабын­дысының 1-қабатын төсеу жұмыс­тары аяқталды.

Сонымен қатар жолайрық аума­ғында көшелерді кеңейту бары­сында қаладағы әбден ескіріп, то­зы­ғы жеткен байланыс, электр қуа­ты, табиғи газ, сыртқы сумен қам­ту жүйелері орындарын қайта ауыстыру шаралары қатар жүр­гізілуде. Осынау кеңауқымды жоба­лар келер жылы толығымен аяқталғанда қаланың келбеті одан сайын ашыла түсетін болады.

Түркістанда туристік полиция бірнеше тілде еркін сөйлеп, туристерге сапалы қызмет көрсетуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туристерді тартуда елге саяхаттап келген шетелдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды екенін айтқан болатын. Сондықтан ҚР ІІМ тапсырмасымен Түркістан облысында 2019 жылы туристік полиция құрылды.

Оны құрудағы негізгі мақсат – Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін, туристік тартымдылығын арттыру, туристердің қауіпсіздігі, оларды толғандырған кез-келген сұрақтар бойынша ақыл-кеңес беру, келеңсіз жағдайлар орын алса көмек көрсету.

Мәселен түркістандық туристік полицейлер талай рет шетелдіктерге көмектесіп, жоғалған заттарын тауып беріп, мереке кезінде құттықтап, туристік аумақтың дамуына үлес қосып келеді. Туристік полицейлеріміз өз қызметтеріне әбден дағдыланған. Ана тіліміз қазақ тілінде, сондай-ақ қытайша, ағылшынша, түрікше, өзбекше, орысша мүдірмей сөйлейді.

 

Сайрам:350 дана электронды темекіні жымқырған 2 ер адам анықталды

Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз біреулердің дүкеніне ұрлыққа түскенін айтқан. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары шұғыл түрде ұрлық болған жерге шықты. Анықталғандай әккі ұрылар дүкенге кіріп, 350 дана электронды темекі құрылғыларын жымқырған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

Бұл ұрлық қылмысы бойынша тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын қарап шығып, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы, күдікті ретінде 2 жергілікті тұрғын анықталды.

Яғни күдікті екі дос қылмысты алдын ала жоспарлы түрде ұйымдастырған.

Олар таңғы сағат 05:30 шамасында дүкенге терезе арқылы кіріп, темекі құрылғыларын ұрлап, таныстарына сатқан. Бүгінде сезіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған электронды темекілер алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сезіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бапта «Ұрлық» былай деп жазылған:

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Түркістан:Алаяқтық қылмысының 15 жайтына қатысы бар бойжеткен қамауға алынды

Түркістан полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның әйелін жақын таныс емес жас қыз алдап кеткен. Яғни алаяқ, 2021 жылы аукционнан қомақты ақша шығарып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 800 мың теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не уәдесін орындамаған, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті бойжеткен тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, бойжеткен оңай жолмен ақша табу мақсатында, аукционнан қомақты ақша шығарып беремін деп тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 15 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 4 миллион теңгеге жуық. Бойжеткен қыз қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда жас қыз қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында«Алаяқтық» былай жазылған:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 
4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 
5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 
мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірі мөлшерде; 
2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 
3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 
4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 
мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 
1) қылмыстық топ жасаса; 
2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 
мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 


 

Қазығұрт:Көлік жүргізу құқығынан шектелген азамат қамауға алынды

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Борышкер» іс шарасын жүргізу барысында кешкі уақытта жүрісі күдік тудырған «Ваз-21099» маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты. Көлік жүргізушісімен тілдесу кезінде сақшылар оның мас болуы мүмкін екеніне күмәнданып, сараптамадан өткізді. Сараптама қорытындысы жүргізуші ер азаматтың алкогольді масаң күйде екендігін анықтады.

Автокөлік бірден айыптұраққа қойылып, жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

ҚР Қылмыстық Кодексi 346-бапбында «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» былай жазылған:

Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды не өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан көп адам өлiмiне алып келген іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Сақшылар одан әрі қарай анықтау кезінде ер азаматтың бұған дейін соттың үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын білді.

Яғни жүргізуші бұған дейін құқық бұзып, көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бапта «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:

1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – 
он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 

6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – 
отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған.