ТҰРАБАЙ МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

 Бүгін “Түркістан” қалалық газетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, “Түркістан қаласының Құрметті азаматы”, 1954-1955 жылдары “Қызыл Түркістан”, 1959-1985 жылдары “Коммунистік еңбек”, “Коммунистик мехнат” газеттерінің редакторы болған Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына арналған іс-шара өтті.

Көрнекті қаламгерді еске алуға арналған іс шара «Түркістан» газетінің жүлдесі үшін БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол турнирімен басталды. Бұл ісшараның ашылу салтанатына қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы мен Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, қарымды қаламгер Ғалымжан Елшібай қатысты.

«Түркістан телеарнасы», «Өнер», «Тұран БАҚ», «Өзіміздің жігіттер» командалары бақ сынасқан доп додасында «Түркістан телеарнасы» бірінші орынды иеленсе, ұжымдастарымыз «Тұран БАҚ» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал үшінші орынды жергілікті жас журналистерден құралған «Өзіміздің жігіттер» құрамасы қанжығалады. Жүлдегер командалар қала әкімінің алғыс хатымен және қаржылай сыйлықпен марапатталып, бұдан бөлек үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да бірнеше аталымдар бойынша қаржылай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар, айтулы жиын барысында 1977 –1991 және 1998-2002 жылдары «Түркістан» («Коммунистік еңбек») газетінің редакциясы болған қазіргі «Форте Банк» ғимаратында Тұрабай Мырзахметовке арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Іс шарада сөз алған Түркістан қаласының ақсақалдары қарымды қаламгердің жарқын бейнесі мен атқарған жұмыстары жайлы естеліктермен бөлісті. Тағылымы мол жиын қазақ журналистикасына зор үлес қосқан тұлғаға арналған конференциямен жалғасты.

 

 

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ «ҚОҚЫССЫЗ ТАБИҒАТ» ЭКОАКЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған «Қоқыссыз табиғат» жалпыұлттық акциясы және 25 қазан - Республика күніне орай Түркістанда экологиялық сенбілік өтті.

Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру.

Маңызды мемлекеттік мереке қарсаңында өңірдегі мыңдаған азамат қолдарына қажетті құрал-саймандарын ұстап сенбілікке шықты. Тазалық шарасына облыстағы аудан, қалалар мен ауыл округтеріндегі мекеме ұжымдары, белсенді жастар мен еріктілер жұмыла атсалысты. Сенбілікке қатысушылар туристік аймақтарды және көшелер мен саябақтарды, арық-атыздарды қоқыстан тазартып, арнайы орынға шығарды.

Ауқымды акцияға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері де белсене атсалысты. Орталықтың басшысы Ерасыл Төлебаевтың айтуынша, бүгінгі акцияға өңірдегі үш мыңнан аса ерікті жас қатысқан.

– Тазалықтан тән де, жан да тазарады. Өңірімізде туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын азаматтардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Экологиялық акция барысында жастар туристік нысандарға барар жолдар мен саябақтарға санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы, Түркістан облысының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында игілікті істер жүзеге асуда. Мәселен, Түркістан қаласында 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде. Тазалық - адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің маңызды көрсеткішінің бірі екенін ескерсек, сенбілікте ғана емес, әр күні айналымызды таза ұстауға атсалысайық, - дейді ол.

Сенбіліктің арқасында облыс аумағы тазарып, көшелері көріктеніп, ажарлана түсті. Аталған акция өңірде алдағы уақытта да жалғасады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының 2 млрд. әр түрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 млн.-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылуда.

 

Жетісай: Ұрыны ұялы телефонға түсірген жасөспірімдер марапатталды

Әлеуметтік желіде блогер болғысы келген жасөспірімдердің түсірген бейнежазбасы кеңінен таралуда. Себебі, бұл ерекше бейнежазба полицейлерге бірнеше үйге ұрлыққа түскен ұрыны анықтауға ықпал етті.

Нақтырақ айтсақ, аталмыш оқиға Түркістан облысы Жетісай ауданында орын алған. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жүрген жасөспірімдер кенеттен, көрші үйде бөтен біреу жасырынып отырғанын байқап қалады. Бір қызығы көршінің қақпасы құлыпталып тұр. Мұны көрген жасөспірімдер, қызықты бейнежазба түсіру ниетімен ұялы телефондарын іске қосады.

Осыған орай Жетісай АПБ-нің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков, Жетісай ауданында орын қылмысты ашуға көмектескен Назерке Қалдыбайқызы, Раяна Ерлан, Нұрасыл Нұржанұлын арнайы қонақ ретінде қабылдады.

Полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, оқуда озат болыңдар деп тілек білдірді. Сонымен қатар спорттық киім, аяқ киім сыйлап, ата-аналарына «Алғыс хат» табыс етті. Полицейлер тарапынан көрсетілген құрмет пен берiлген сыйлықтар үшін, балалардың ата-аналары өз ризашылықтарын бiлдiрдi.

Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 3500-ге жуық адам полиция бөліміне жеткізілген

Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда балалар мен әйелдердің денсаулығын, өмірін қорғау туралы мәселелер қозғалды. Ал отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар бойынша Түркістан облысы ПД-нің Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Жанар Қалабаева баяндама жасады: «Полиция департаментінің құрылымдарымен әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында, облыс көлемінде «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы мен «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жоқ!» және «Отбасындағы бейбітшілік» атты акциялары ұйымдастырылды.

Жалпы ағымдағы жылдың 9 ай мерзімінде тұрмыста жасалған құқық бұзушылықтар бойынша азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар негізінде әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа 2326 іс құжаттар жолданып, оның ішінде 64% екі жақтың татуласуына байланысты қысқартылды. Облыс бойынша 3500-ге жуық тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Барлығы 3412 қорғау нұсқамасы шығарылды. Тіркелген қылмыстарды сараптау барысында мамандар отбасындағы жанжалдың орын алуына көп жағдайда ішімдік себеп болады»-деп атап өтті.

Жиын соңында полицейлер тарапынан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасатыны айтылды.

Сарыағаш: 2700-ден астам түп көкнәр еккен ер адам сотталды

Түркістан облысында ірі көлемде есірткі еккен егде жастағы ер адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нақтырақ айтсақ, полицейлерге Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Ақпарат алысымен тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрылды. Полицейлер жан-жақты жұмыс жүргізіп, ақпарат жинақтады.

Соның нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Егде жастағы ер адамның үйіне тінту жүргізу кезінде, үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабынан егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктер табылды.

Осылайша сезіктіден айғақты зат ретінде 2720 түп өсімдік тәркіленіп, олар сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысымен алынған түптер «көкнәр» өсімдігі болып шықты.

Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" басталды.

Оқиғаның толық мән-жайын анықтаған полицейлер, істі айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдады.

Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 54 жастағы ер адам ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Түлкібас: Тұрғын үйден ұялы телефондарды ұрлаған жас жігіттер анықталды

Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде хабарласқан. Жәбірленуші ер адамның айтуынша бөлмесінде тұрған «Рoco X3» және «Samsung» маркалы ұялы телефондарын түнгі уақытта белгісіз біреулердің ұрлап кеткенін көрсеткен.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 200 000 теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетіп, қажетті шаралардың барлығын жасап, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде тәулік ішінде күдікті 2 азамат анықталды. Олар жұмыссыз жергілікті тұрғын, яғни жас жігіттер болып шықты.

Белгілі болғандай күдікті екеу жәбірленушінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, қуаттағышта тұрған ұялы телефондарды жымқырып, іздерін суытқан. Содан сезікітілер оңай жолмен пайда таппақ болып, ұялы телефондарды таныстарына сатып жіберген.

Бүгінде қолды болған ұялы телефонның бірі иесіне табысталды. Қазіргі таңда ұрлық жайтына қатысты тергеу жүргізілуде.

Түркістан: Аз уақытта ақшаңды еселеп көбейту - бұл жалған ақпарат

Алдымен әлеуметтік желіде биржаға ақша салып немесе букмекерге ақша тігіп, аз уақыт ішінде пайда табуға болатыны туралы жарнама беріледі. Яғни алаяқтар адамдарға спорттық шаралар туралы қосымша ақпарат барын, ірі танымал компаниялардың биржадағы акциялардың бағасын білетінін айтып, оларды сендіреді. Осылайша, адамдар оларға өз ақшасын сеніп тапсырып алданып қалады.

Түркістан: «Банк қызметкерімін» деуші алаяқтардан сақ болыңыз!

Алаяқтар хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Олар клиенттің картасында күмәнді операция жүргізілгенін айтады. Олар осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артындағы 3 таңбалы санды айту керек деп түсіндіреді.

Кейін оған алаяқ хабарласып, мәселенің шешу үшін несинеі өзі рәсімдеп резервтік есеп шотқа аудару қажет екенін айтады. Әрине, адам оған тиісті мәліметті береді. Олар осы сәтте интернет-банкинг арқылы зардап шегушінің есепшотындағы ақшаны алып қояды.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жаңа басшы келді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың келісімімен және Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бұйрығымен Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы болып полиция подполковнигі Алмас Сұлтанұлы Серікбаев тағайындалды.

Жаңа басшыны Түлкібас АПБ-нің жеке құрамына ТО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков таныстырып, жұмысына табыс тіледі.

Алмас Серікбаев ішкі істер органындағы қызметін 2008 жылы учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастаған. Алматы, Шымкент қалалары, Арыс және Сарыағаш аудандарында жедел-іздестіру саласында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Соңғы лауазымы - Сарыағаш АПБ бастығының бірінші орынбасары.

Еңбек жолында ҚР ІІМ медальдары, грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталған.

Полиция департаментіндегі жоғары ұйымдастырушылық және басқарушылық қасиеттері бар тәжірибелі маман.

 

Түркістандық оқушылар NIS зияткерлік мектепте қонақта

 Түркістандағы NIS-те қаладағы жалпы орта мектептердің оқушыларына арналған ашық есік күні өтті. №1 Ахмет Байтұрсынов, №23 пен №28 мектеп-лицейінен 5-6-сынып оқушыларына Зияткерлік білім ордасы бойынша экскурсиялық тур өткізілді.

Мектебіміздің зияткер оқушылары ашық есік күнінде гид болып 3 топқа бөлініп, келген қонақтарға зияткерлік білім ордасын таныстырды. Ең алдымен оқушылар мектептің саз өнері/керамика сыныбын аралап, сазбалшықтан жасалған бұйымдармен және соңғы үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған мектептің спорт, фитнес залдарымен танысты.

Кездесу барысында оқушылар мектептің тіл қазына кешенімен қазақ тілі сыныбы, кітапхана және жылыжайды аралап, Зияткерлік мектеп жайында біршама ақпараттар алды.

Онымен қоса, оқушыларға Kahoot» ойыны ойнатылып, бәсекеге толы өткен сайыста жеңіске жеткен командаға ойынға қатысқаны үшін арнайы сертификат берілді.

Ашық есік күніне қатысқан оқушылар Зияткерлік білім ордасымен толық танысып, ерекше шабыт алды.

Сонымен қатар, оқушылар мен ұстаздар экскурсиялық турды ұйымдастырған мектеп әкімшілігіне алғыстарын білдірді.

Шара соңында зияткерлер, экскурсиялық турға келген оқушыларды мектеп әнұранын орындап шығарып салды.