ТҮРКІСТАН: Т. ДҮЙСЕНОВА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕ ҚАЛАДАҒЫ ӨНДІРІС ОРНЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркістанға жұмыс сапары барысында «Turkestan Textile» БК» ЖШС тігін фабрикасының еңбек ұжымымен кездесті.

Министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының іске асырылу барысы және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы туралы айтып берді.

Сөз басында Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу барысында сарапшылар мен азаматтық қоғамдастықтан 1000-нан астам ұсыныс түскенін, 50-ден астам заңдар мен 200 заңға тәуелді актілер зерделенгенін атап өтті. Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай 80-нен астам заңға өзгерістер енгізіледі және бұрынғы 10 заң күшін жояды.

«Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасыларды нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылатын болады», – деді Еңбекминінің басшысы.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру аясында:

- Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта белгіленген әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру;

- жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансап орталықтарына айналдыруды және көрсетілетін қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейтін жұмыспен қамту саласында жаңа саясат жүргізу;

- бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту, мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру есебінен азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру;

- мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін ұзарту, наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтау шоттарына аударымдар жасау жолымен балалары бар отбасыларды қолдау шараларын күшейту;

- мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері, ауқымды цифрландыру және адами факторды төмендету арқылы мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту (Әлеуметтік қызметтер порталы, медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу) қарастырылғанын атап өтті.

 

ТҮРКІСТАН: ЖЕР ҚАЗУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ ҮШІН ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР!

Жер қазу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырған құрылыс-монтаждық ұйымдардың, кәсіпкерлік нысан иелерінің және жеке тұлғалардың назарына!

Жазатайым оқиғаны болдырмау үшін және инженерлік желілердің барлық түрлерін сақтау мақсатында жер қазу жұмыстарды бастамас бұрын, Түркістан қалалық әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне өтінішпен жүгіну қажет.

Өтінішке қоса, қазылу жоспарланған жердің топографиялық түсірілімі мен схемасы тіркеледі. Коммуналдық, басқа да тиісті жерлерді бастапқы қалпына келтіруге міндетті!

Осы талаптарды сақтамай, өз бетінше жер қазу жұмыстарын жүргізген жеке немесе заңды тұлғаларға ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодексінің 316, 321, 463 баптарына сәйкес хаттама түзіліп, жеке тұлғаларға 160 АЕК (490 080тг) дейін, кәсіпкерлік субъектілерге 400 АЕК (1 225 200тг) дейінгі мөлшерде айыппұл салу көзделгені хабарланады.

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛ ЧЕМПИОНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласының «БИІК-Шымкент» командасы  әйелдер арасындағы футболдан осымен 11-ші рет Қазақстан чемпионы атанды.  

25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда ел чемпиондарын марапаттау рәсімі өтті.  Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Ә.Барменкұлов қатысып,  спортшыларды жеңістерімен құттықтады. Футбол – халықтың дене тәрбиесі мен денсаулығын нығайтудың ең қолжетімді, танымал және бұқаралық сипаттағы спорт түрлерінің бірі. Дене тәрбиесінің қалпытасуында ойын жетекші орын алады.

Футбол — достық, жолдастық, өзара көмек сезімін қалыптастырады; жауапкершілікті сезіну, серіктестер мен бәсекелестерге құрмет, тәртіп, белсенділік сияқты құнды адамгершілік қасиеттерді дамытады. Әрбір футболшы өзінің жеке қасиеттерін көрсете алады. Мәселен, дербестік, бастамашылық, шығармашылық. Сонымен бірге ойын жеке ұмтылыстарды ұжым мүддесіне бағындыруды талап етеді. «Шымкент» әйелдер футбол клубы Республикада ғана емес, әлемдік көшбасшылардың біріне айналып үлгерді, -деді әкім.

 Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласының атын республика көлемінде ғана емес, халықаралық аренада танытып жүрген футболшы аруларға алғысын білдіріп, Қазақстан чемпионатының кубогін салтанатты жағдайда табыс етті.  Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өнер көрсетіп жүрген бұл команда Қазақстан кубогін 12 рет жеңіп алған. Сондай-ақ,  УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында үш рет өнер көрсетіп, Еуропаның үздік 20 командасының қатарына кіріп отыр.Айта кетейік, марапаттау рәсімі футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы «Ордабасы» мен «Шахтер» командаларының кездесуі кезінде өтті.  Чемпионат қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталды: Үздік қақпашы – Оксана Железняк («БИІК-Шымкент»); Үздік қорғаушы – Анастасия Власова («Оқжетпес»);  Үздік жартылай қорғаушы – Бибігүл Нұрышева («Томирис-Тұран»); Үздік ойыншы – Гүлнара Габелия («БИІК-Шымкент»); Үздік сұрмерген – Мари Жизель Нга Манга – 42 гол («Оқжетпес»).

Айтпақшы аталмыш матчта шымкенттік команда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Түркістан: "ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ-БАСТЫ БАЙЛЫҚ" КЕЗДЕСУІ БОЛЫП ӨТТІ

Бүгінгі күні қоғамдық са­наны, әлеу­меттік саясатты жаң­ғырту міндеттерін айқындаған Қа­зақстан халқы Ассам­блеясы да­м'уы­ның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабыл­данған. Осы орайда, Түркістан қаласының көпсалалы медицина колледжінің студенттеріне этносаралық кикілжіңнің алдын алу, ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында қала депутаты Ақиқат Абдулаевтың қатысуымен жиналыс болып өтті. Жиналыс жоғары деңгейде өткізіліп, этносаралық кикілжіңнің алдын алу, тұрақтылықты нығайту бағытында сөз қозғап, кеңінен талқылау жұмыстарын жүргізді.

Еліміздің жаңа тарихының шешуші кезеңдерінде Ассамблея әрдайым тұ­рақтан­дырушы және біріктіруші рөл атқарып келеді және еліміздегі бейбіт­шілік пен келісімнің шынайы кепілі болып қала беретініне біз сенеміз!!!

Түркістан: Қорғаныс саласының басшылық құрамы темір тордың арғы жағындағы тәртіппен танысып қайтты

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі - шенеуніктерді бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қылмыс жасаған адамдардың ұстау шарттарымен таныстыру болып табылады.

Түркістан облыстық Қорғаныс істері департаменті мен Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен облыстық Қорғаныс департаментіне қарасты аудандық/қалалық басқарма басшылары Кентау қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының тәртібімен танысып қайтты.

Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері 30 - ға жуық лауазым иелерін уақытша ұстау изоляторының жұмысымен, яғни қамаудағыларды ұстау шарттарымен, айыпталушының жататын жерінен бастап, медициналық бөлме, асхана, аула сынды жерлермен жіті таныстырып шықты.

Жемқорлық көріністеріне жол бермеуді мақсат еткен ұйымдастырушылар лауазымды тұлғаларға тура жолдан таймаңдар деген сөздерін бірнеше рет қайталап, пара алудың, яғни қызмет бабын пайдаланып ақша табудың соңы осылай болатынын ескертті.

Әрине, көзге жақсы көрініс бермейтін шараның куәгерлері мұздай қара құлып пен тікенді темір тордың арғы жағындағы өмірді өз көздерімен көріп, тар қапаста отырғандардың өкінішін жүрекпен сезіп, олардың қатесін қайталамайтынын білдірді.

Темір тордың арғы жағындағы тәртіппен танысу жұмыстары әрі қарай жалғасын табатын болады.

 

Т. ДҮЙСЕНОВА ТҮРКІСТАНДЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапары барысында әлеуметтік қызметкерлермен және еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысты.

Сапар барысында министр ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту туралы айтып берді.

Тамара Дүйсенова өз сөзінде бүгінгі таңда 116 мемлекеттік интернат-үйлермен қатар 174 ҮЕҰ және жеке сектор субъектілері арнайы қызмет көрсететінін хабарлады. Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін, сондай-ақ оларды жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді.

«Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) қалалар мен облыс орталықтарында ұсынылатынын, ал ауылда тұратын мүгедектігі бар адамдардың 45%-дан астамы оларды қолдайтын әлеуметтік қызметтерді алатынын, яғни тек жергілікті әлеуметтік көмек бөлімшелері үйде ұсынатын жалпылама қызметтерді ғана ала алатынын мойындау керек. Сонымен бірге қызметтердің басым бөлігін ірі мемлекеттік интернаттар ұсынады, олардың кейбіреулерінде қызмет алушылар саны 300 адамға дейін жетеді, бұл, әрине, көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуі мүмкін емес. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекстің жобасында мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың өздерінің ынтымақты қатысуына баса назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделуде», – деді министр.

Атап айтқанда, өтініш берушіден АӘҚ көрсетудің проактивті форматына көшу көзделеді. Ол үшін арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында азаматтардың өтінішін күтпей, проактивті форматта арнайы әлеуметтік қызмет көрсете отырып, қажеттіліктер картасы қалыптастырылады, ел ауқымында қызметтердің қолжетімділігі айқындалады.

Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың отбасының жұмыссыз мүшелерін әлеуметтік қызметтерге тарту жоспарлануда. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап олардың осындай қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдыларының, икемі мен біліктіліктерінің болуы қажет.

Бұдан басқа ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден АӘҚ-ні алушылардың тұратын жерлерінде орналасқан шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу көзделеді. Мұндай ұйымдарды дамыту жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырысты кеңейту жолымен жүзеге асырылатын болады. Өз кезегінде, ірі интернат-үйлер жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің ғылыми-әдістемелік орталықтарына немесе әлеуметтік қызмет көрсетудің көпсалалы шағын үйлеріне кезең-кезеңімен ауыстырылатын болады.

Сонымен қатар, тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесіне немесе өмірлік қиын жағдайдың түріне байланысты әлеуметтік қызметкерлердің іс-қимылдарының қадамдық алгоритмін қамтитын арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолда бар стандарттары өзектендірілетін және әзірленетін болады.

Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі де берілетін болады.

«Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі қалыптастырылады, онда олардың біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылатын болады. Әлеуметтік қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің дайындалып жатқан кадрлардың білім деңгейіне, дағдылары мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарын көрсететін кәсіби стандарттар әзірленеді. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленетін болады», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНЫҢ «БӨРТЕ» СПЕКТАКЛІМЕН АШЫЛДЫ

Алматы театрында белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың 80 жас мерейтойына орай, II халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалі басталды. Фестиваль шымылдығын алғаш рет Түркістан музыкалық драма театрында сахналанған «Бөрте» спектаклі ашты.

Бөрте – әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған бірінші әйелі. Бөртеге арналған тұңғыш шығарманың қазақ сахнасында қойылуы да «тұңғыш» екенін атап айту керек. Қойылым 10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде Темучин алауыздық жайлаған моңғол тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Шыңғыс қаған атанады. Шыңғыс хан әскерінің жеңісті жорығы Қытайдан басталып, Украинада болған атақты «Қалқа өзені бойындағы шайқасқа” дейін жетеді. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп артылатын қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады.

«Бөрте» спектаклінің режиссері италиялық – Давиде Ливермор, көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, композитор – Хамит Шанғалиев, әдеби редактор – Шынар Омарова, ғылыми кеңесші –тарихшы, т.ғ.к., Нұрлан Атығаев. Рөлдерде – Еркебұлан Дайыров, Лейло Ақназар, Әділ Ахметов, Қонысбек Бекайдаров, Зәмзагүл Бекайдарова, Алихан Идрышева, Нартай Сауданбекұлы, Ақбота Рахат, Әшім Ахметов, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының әртістері.

Қойылым декорацияның шынайлығымен, сахналық киімдердің тартымдылығымен, реквизиттерді шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленеді.

 

ТҮРКІСТАНДА «ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ» ЕНГІЗІЛЕ БАСТАДЫ

Түркістан қаласына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова іссапармен келді. Сапар барысында министр Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Президент жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, Әлеуметтік кодекстегі жаңашылдықтар бойынша брифинг өткізді.

Қазақстанда 1 қыркүйектен бері Әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Осы орайда, министр Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

«Қазір «Отбасының цифрлық картасы» дегеніміз не деп сұрап жатқандар бар. Цифрлық картада белгілі бір адамның отбасы туралы, барлық дерек бір жерде тоғыстырылған. Егер отбасы қандайда бір қиындыққа тап болып, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке тиесілі болса, цифрлық карта оны автоматты түрде анықтап, смс-хабарлама жібереді. Бұл қазір елімізде енгізіліп жатыр. Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған, ал Түркістан облысы бойынша 542,4 мыңнан астам отбасы бар. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады», – деді Тамара Дүйсенова.

Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.

«Азаматтардың әлеуметтік статусына қарай мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көмек проактивті форматта ұсынылады. Биыл 1 қыркүйектен бастап 5 қызмет бойынша жоба пилоттық режимде іске қосылды. 20 мыңнан астам азаматқа СМС арқылы ақпарат жіберілді. 6 мыңға жуық азаматқа проактивті түрде жәрдемақылар тағайындалды. Ал 1 қазаннан бастап тағы 4 жәрдемақы қосылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қызметтердің бәрі осы Цифрлық карта арқылы көрсетілетін болады», - деді министр.

Министрдің айтуынша, Әлеуметтік кодексте жастарды жұмыспен қамту мемлекет, жұмыс беруші, яғни жұмыспен қамтылатын азаматтың жауапкершілігі қағидатымен жүргізу қарастырылмақ.

«Зерделеу нәтижесінде белгілі болғандай, қазіргі таңда азаматтар жәрдемақы емес, жұмыс сұрап жиі хабарласады. Бұны елеулі өзгеріс деуге болады. 2000 жылдан кейін туған жастар бүгінде еңбек жасына жетіп жатыр. Сондықтан жалпы жұмыс күшінің 56%-ы 1987 жылдан кейін туған жастар болса, 2030 жылға қарай жалпы жұмыс күшінің дені осы жастардың есебінен болады. Әлеуметтік кодексте біріншіден жастарды жұмысқа тарту бойынша шаралар қарастырылған. Мысалы, жыл сайын 100 мыңнан астам жастар мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тарту. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға 2,5%-дық жеңілдетілген қайтарылатын несие беру. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі, бірақ кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға берілетін гранттар одан әрі жалғасуда. Бұл ретте, оларға берілетін қаржының сомасы биыл 1,2 млн-нан асты. 2023-2025 жж. арналған бюджетте осы мәселелер бойынша 300 млрд теңге жуық қаражат көзделген. Құжат Мәжілісте қаралып жатқан бюджет жобасының аясында қаралады, - деді Т. Дүйсенова.

Бір атап өтерлігі, қазіргі кезде жастарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге олардың кәсіби дағдысын көтеру мәселесі бойынша жауапкершілік жүктеледі. Министрдің айтуынша, «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Оның аясында жастар өздерінің білімдерін, дағдыларын бағалайтын сертификаттау институты іске қосылады.

«Енді жастар дипломы болмаса да, сертификат алып, жұмысқа орналаса алатын болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бүгінде жұмысқа орналасқан кезде жұмысшының дағдыларын растайтын сертификат маңызды рөл атқарады, яғни практикалық жұмысы мен біліктілігі», - деді ол.

Баспасөз брифингінде министр журналистердің ұлттық жобалар, ардагерлердің шипажайларда ем-дом қабылдауы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті құралдармен қамту секілді сұрақтарына тұшымды жауап берді.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ ТҮЗІЛЕДІ

«Мемлекет басшысы отбасының цифрлық картасын түзуді тапсырды. Яғни, Қазақстанның әрбір отбасы өзіне мемлекет тарапынан қандай кепілдендірілген көмек бар екенінен хабардар болып отырады. Яғни, белгіленген статусына қарай әлеуметтік көмекті алады және бұрынғыдай әр әлеуметтік органға жүгірмейді. Көп балалы ана, зейнеткер болса, «Сіздің 1 жасқа толмаған балаңыз бар. Осыған орай балаңыз 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы ала аласыз» деген сынды хабарлама келеді». Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығында өткен кездесуде мәлімдеді.

Министр Шымкент қаласының ерекше жандарымен кездесу барысында ресми баяндама жасамай, бірден азаматтардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жүргізіп отырды.

— Әуелі, отбасының цифрлық картасын қалыптастырған соң, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да әр мемлекеттік орган арасында әуреге салмау үшін бір терезе қағидаты бойынша құжатын рәсімдеу қолға алынбақ. Яғни, емханаға барғанда тиісті мәліметтерді алып, құжатын сол жерде рәсімдей алады. Үшіншіден, жастар мәселесі басты назардатұр. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда 450 мың бала дүниеге келді. Бұл шамамен бір облыс тұрғынының санына пара-пар. 2003 жылдан бері туылған балалар қазіргі уақытта еңбекке қабілетті жасқа жетті. Бүгінде олар жұмыспен қамту, оқу мәселелерімен бетпе бет кездесіп отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында жыл сайын мемлекет тарапынан 100 мың жасты субсидияланған жұмыс орындарға тартуды тапсырды, - деді Тамара Босымбекқызы.

Жиын барысында ерекше жандар саладағы өзекті, министрлік тарапынан өзгертулерді талап ететін мәселелерді қозғады. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін әлеуметтік, медициналық заттар мен олардың сапасы, бейіні және қолдану ұзақтығына қатысты кереғар жағдайларды талқылады.

Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, ерекше жандардың жеке көмекшілері мен оларға төленетін әлеуметтік төлем жайында да баяндады.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке көмекшіге әлеуметтік көмекшінің орташа айлығы төленіп, одан міндетті зейнетақы жарнасы алынатын. Бұл қызмет олардың еңбек өтілі ретінде қабылданды. Арада біршама уақыт құжаттарға өзгерістер еніп, тек жәрдемақы төленіп келген. Енді осы жағдайды қайта қалпына келтіру қолға алынып отыр. Яғни, жеке көмекшінің қазіргі алып жүрген сомасына зейнетақы қорына аударылатын төлем қоса аударылады. Тиісінше, жеке көмекші зейнет жасына жеткен кезде еңбек өтіліне сәкес зейнетақы ала алады, - деді министр.

Айта кетейік, жиыннан соң Т.Дүйсенова «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, ерекше жандармен пікір алмасты.

 

ШЫМКЕНТ: ДӘРІГЕРЛЕР АНГИОГРАФИЯ КӨМЕГІМЕН 52 ЖАСТАҒЫ НАУҚАСТЫ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды.

 Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түседі. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт - қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады.

 Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады.

 Қауіпсіз отаны аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаев жасаған. Ота 2-сағатқа созылды.

 “Ангиографиялық аппарат арқылы тромбоэктомия жасадық. Қазіргі таңда науқас өзін өте жақсы сезінеді. Өзі тұрып-жүріп, сұрақтарға толық жауап бере алады. №2 қалалық аурухананың инсульт орталығы 3-деңгейде жұмыс жасайды. Егер науқастар инсульт ерте басталғаннан 4,5-6 сағат аралығында ауруханаға келіп түсетін болса, жоғарғы сапалы мамандандырылған технологиялық медициналық көмек беріп үлгереміз. Мұндайда көптеген науқасты аман алып қалуға мүмкіндігіміз жоғары болады”-дейді орталық меңгерушісі Р.Исабекұлы.

Науқас отадан соң бір сағат ішінде толық есін жинап, оң жақ аяқ-қол қызметі толығымен қалыптасқан. Сөйлеу, есту қаблеті де қайта қалпына келген. 1-күн қарқынды терапия блогында бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазір жағдайы жақсы.

 Дәрігерлердің көмегімен ажалдан аман қалған азамат ақ халаттыларға алғысын жаудырды.