ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің ең бірінші иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XХ халықаралық турнир басталды. Дүбірлі сынға Қытай, Қырғыз республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Йемен мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы келді. Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысушылар мен спорт жанкүйерлерін құттықтады.

– Түркістан төріндегі халықаралық турнирге қош келдіңіздер! Бокстан жастар арасындағы бұл жарыс өңірімізде 20-шы рет өткелі жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын үнемі қолдап келеді. Түркістан облысында да спорт саласына үлкен мән беріліп, спорт нысандары салынды. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынып жатыр. Жаңа қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында «Теннис орталығы» бой көтерді. «Мұз сарайы» мен ескек есу каналы салынуда. Түркістан өңірі талай спорт саңлағын баптап шығарды. Оның ішінде бокс мектебіміз өте мықты. Солардың бірегейі Бекзат Саттархановты Қазақ елі ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі дода өңірдегі жас спортшыларға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Д.Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, Олимпиада чемпиондары – Ермахан Ибраимов пен Серік Сәпиев те құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жарысқа Бекзаттың спорт саласындағы әріптестері мен достарымен қатар еліміздегі бокс спортының майталмандары, кейінгі буын чемпиондары арнайы келіп, жастардың деңгейін саралауда.

Жарыста 2004-2005 жылдары туған жастар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салып жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағы беріледі. Турнир 16 қазанға дейін жалғасады.

Түркістан облысында 8 облыстық, 18 қалалық және 7 аудандық спорт мектептерінде бокс бөлімдері жұмыс істейді. Онда 252 жаттықтырушы 6277 спортшыны сайыстарға дайындап келеді.

Естеріңізге сала кетейік, Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр. Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.  Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт.

Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін. Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.  Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.  Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді. Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.  Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады. Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған соң бар болғаны үш ай ғана өмір сүрді. Сол үш айда еліміздің бар өңірін аралап, өзі үшін тақым қысқан қарапайым халықпен жүздесті. Ең соңғы рет туған қаласындағы мерекелік жиында  «Жылдың үздік спортшысы» атағын алды да, анасымен қоштасып, мәңгілік сапарға кете барды. 

ТҮРКІСТАНДА ЕУРАЗИЯ ДАЛАСЫ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІ БАСТАЛДЫ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі басталды.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Еуразиялық масштабтағы археологиялық форум әлемнің 28 елінің ғалымдары мен білікті мамандарының басын қосып отыр.
Алқалы жиынның пленарлық мәжілісі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейне құттықтау сөзімен ашылды. Министр өз сөзінде келелі жиынның маңызына тоқталып, конгресс жұмысына табыс тіледі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.
Пленарлық мәжілісті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы тізгіндеп, модератор болды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова бүгінгі конгрестің оқу орны үшін тарихи маңызын тілге тиек етті. 1996 жылы «Археология» ғылыми-зерттеу институтының негізі қаланғанын баяндап, институттың ширек ғасырлық тарихы мен бүгінгі жетістіктерін саралады.
Ректор өкілі, профессор Женгиз Томар өз сөзінде бүгінгі конгрестің тұтас Түркі әлемі үшін маңызды орынға ие екендігін баяндады.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, академик Бауыржан Байтанаев 2019 жылы Ресейдің Улан-Удэ қаласында өткен IV конгресте келесі басқосуды Қазақстанда өткізу туралы маңызды шешім қабылданғанын жеткізді. Маңызды шешім нәтижесінде бүгінгі Түркістан конгресі жүзеге асып отырғанын айрықша атап өтті. Сонымен қатар конгрестің ашылу салтанатында Өзбекстан мен Ресейдің білікті ғалымдары құттықтау сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.
Үш күнге жоспарланған конгрестің басты мақсаты – аталған саладағы ғылыми қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстыра отырып, Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихының өзекті мәселелерін шешу үшін ой мен күшті біріктіру.
Конгресте Еуразия археологиясының бүгінгі өзекті іргелі мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ұсынылады.
Конгреске отандық және шет елден (Әзірбайжан, Армения, Австралия, Болгария, Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Иран, Канада, Қытай, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Польша, Пәкістан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония) келген жетекші ғалымдар қатысуда.
Екі жүзден астам маман үш күн бойы ерте металл археологиясы, ерте көшпелілер дәуірі, орта ғасырлық қалалар мен көшпелі мәдениет, Еуразия даласындағы көшпелі империялардың тарихы, өнердің дамуы, дүниетаным, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, қорғау және археологиялық ашылулар тарихы сынды мәселелерді талқылайды.

ТҮРКІСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «ТҰРАН БАРЫСЫ» АЗИЯ КУБОГЫ ӨТЕДІ

29 қазанда Түркістан қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия Кубогы өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық спортты дамыту мақсатында өтетін дәстүрлі турнирге Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысады.

Кубок «командалық бетпе-бет» олимпиадалық жүйесі бойынша өтеді.

Балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90 келіге дейін және 90 келіден ауыр салмақ арасында белдесетін болады.

Айта кетейік, аталған жарыс тікелей эфирде Qazsport пен TRT Avaz телеарналарынан көрсетіледі.

ТҮРКІСТАН: “AMAZING TURKISTAN” АРҚЫЛЫ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ МЕН ПОЙЫЗ КЕСТЕСІН БІЛУГЕ БОЛАДЫ

“Amazing Turkistan” қосымшасы жаңа бөлімдермен толығып жатыр. Қосымша арқылы қолданушылар әуе рейстері мен пойыз кестесін біле алады.

Сонымен қатар, қосымша енді түрік тілінде де ақпарат береді. Бұған дейін қазақ, орыс және ағылшын тілінде ақпарат беріп келген жүйені бүгінгі күнге дейін 80 мыңға жуық адам жүктеп алған.

Мұнда келушілер үшін онлайн гид, такси, дүкен, дәріхана, Халық қатысатын бюджет, мейрамханалар, қонақ үйлер, такси бөлімдері жүйелі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, “109 – Бірыңғай байланыс орталығына” да аталған қосымша арқылы сауал жолдауға болады.

Алдағы уақытта жүйеге тұрғындар жайлылығы үшін біршама бөлімдер енгізіп, толықтыру жоспарлануда.

ТҮРКІСТАНДА «ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ» ТЕРМЕЛЕР ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін «Farab» кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағы оқырманға жол тартты.

Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақтың терме өнеріне арналған бұл еңбек ұстаздарға, музыка мектептері оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, өнерді жанына серік еткен барша қауымға арналып отыр.

Бұл жинаққа Түркістан өңірінен шыққан Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қызыл жырау, Құлыншақ Кемелұлы, Құтпай Дүрбаев, Қайыпназар Әйтпенов, Қасқырбай Серікбаев (Қасқыр ақын), Ағман Сабырханов, Жиенбек Шырынбеков, Әбдінәсір Әбдірайымов сияқты ақындардың сөздеріне мақам шығарып, ел ішінде орындап жүрген жыршы-термеші Тәшман Шекеров, Ергешбай Жұмабаев, Бауыржан Бекахметов, Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаев т.б. орындаушылардың нотаға түсірілген мақамдары енгізілген.

Айта кетейік, кітап заманауи ІТ-технологияларға сүйенген медиаконтентпен сүйемелденеді. Ерекшелігі сол, жинаққа енгізілген термелерді QR-код арқылы тыңдауға болады.

ШЫМКЕНТ: «МАМАН БІЛІКТІ БОЛМАЙ, БІЛІМ САПАСЫ АРТПАЙДЫ»

ШЫМКЕНТ:  «МАМАН БІЛІКТІ БОЛМАЙ, БІЛІМ САПАСЫ АРТПАЙДЫ»

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері Орманшы тұрғын алабының тұрғындарымен және №74 мектеп қызметкерлерімен кездесті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім беру мәселесіне басымдық берген. Әсіресе, орта білімнің сапасын арттыру жайына ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы әр оқушы білім алып, жан-жақты даму үшін жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Сондықтан да жаңа мектеп құрылысы — күн тәртібіндегі маңызды мәселе.

AMANAT партиясының өкілдері басқосу барысында Жолдаудағы басым бағыттарды айта келе, ондағы тапсырмалардың орындалу барысын, Ата заңдағы өзгерістерді баяндады.

AMANAT партиясы Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ә.Рахманұлы 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылатынын ерекше атап өтті.

— Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды тапсырды. Бұл «Ұлттық қор — балаларға» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылмақ. Алайда, бала 18 жасқа толғанға дейін ол қаражатты пайдалана алмайды. Бала кәселеттік жасқа толған соң, жиналған қаржыны білім немесе баспана алуға жұмсай алады. Яғни, бұл өскелең ұрпақтың жетіліп, дамуына және үлкен өмірге нық қадам басуына септігін тигізбек, - деді ол.

Ал, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жадыра Таңатарова балабақша, мектеп мәселесіне тоқталды.

— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда Оңтүстік өңір үшін ең өзекті тақырыпқа айналған білім саласындағы проблемаларды ерекше атап өтті. Ол — балабақша мен мектептің жетіспеуі. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу білікті мамандардың қолында екенін айта келе, ұстаздардың біліктілігін әр 3 жыл сайын жетілдіріп отыруды тапсырды. Мен педагог ретінде бұл шешімді қолдаймын. Себебі, маман білікті болмай, білім сапасы артпайды, - деді Ж.Таңатарова.

Жиын барысында AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар БЕКТАЕВА «Жолдау — еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамытуға арналған бағдар» дей келе, оның басым бағыттарына тоқталды.

Басқосу соңында тұрғындар мен ұстаздар көкейтесті сауалдарын жолдады. Спикерлер кейбір қатысушыларға қосымша кездесу уақытын белгілеп, сауалға толыққанды жауап беретіндерін айтты.

Шымкент: «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» шығармашылық ән кеші өтеді

Бүгін Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты шығармашылық ән кеші өтеді. Осыған орай Қалдыбек Құрманәлі бастаған бір топ өнер майталмандары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы композитордың рухына тағзым етті.

 –Біздің Шәмшісіз өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толды. Бірақ, ұлы компазитор арамызда болмағанымен, оның әндері халқымыздың жүрегінде мәңгі жасай бермек. Халық Шәмші әндерінсіз өмір сүре алмайды. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы дер едім. Осыған орай бүгін «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты ән кешін өткізгелі отырмыз, – деген Қ.Құрманәлі аталған кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Шымкент қаласының әкімдігіне алғысын білдірді.

 Гүл шоқтарын қою рәсімінде ұлы композитордың қарындасы Райхан Қалдаяқова мен бірқатар зиялы қауым өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жайлы сыр шертіп, әншілер Шәмші әндерін орындады.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келді.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

 

 

"AQ-QARA.KZ" ақпарат

 

ШЫМКЕНТ: ЕЛІМІЗДІҢ БАС ҰСТАЗЫ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

 «Келесі жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту көзделіп отыр. Себебі, балабақша — білім беру саласының іргетасы. Сонымен қатар, балалардың тамақтану нормативі мен балабақшаға орналасу кезегі де қайта қаралады». Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов Шымкент қаласының білім саласының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Еліміздің бас ұстазы өз баяндамасында мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайында сөз қозғады.

 — Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бүгінде мектеп мұғалімдерінің қосымша жүктемесі азайтылды. Яғни, әр мұғалім бір жұмыс күнінде екі құжатты ғана толтырады. Оның бірі – сабақ жоспары, екіншісі – сыныптың оқу журналы. Алайда, мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, оқытпай, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейтуі керек. Сынып жетекшілері баланың ата-анасымен жұмыс істеп, сабақ үлгерімінің төмендеу себебін анықтаған жағдайда, білім сапасының да артатыны сөзсіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-инновация лицейлерінің ата-анамен жұмыс тәжірибесін қолдаймын. Сондай-ақ, білім сапасын арттыру мақсатында мектеп директорларының ротациясы да өз нәтижесін беріп отыр. Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып ротация жұмыстарын жүргізді. 20 жылдан астам бір мектепті басқарған кісілердің ротацияға деген кереғар көзқарасын да білеміз. Дегенмен, білім сапасын арттыру үшін қажетті тәжірибенің бірі. Биыл республиканың барлық өңірінен 1000 мектеп директорын ротациялау жоспарланған болса, бүгінге дейін оның 700-і ауысып үлгерді. Алдағы уақытта бір мектептің басшылығындағы қызметі 7 жылдан асқан жағдайда ғана ротацияланады, - деді Асхат Қанатұлы.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетов алдағы уақытта өңірлерде салынатын мектептердің жай-күйіне, мұғалімдердің жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның  жүргізуімен өткен жиын сұрақ-жауап негізінде жалғасты. Кездесуге келген мұғалімдер мен мектептердің қамқорлық кеңесінің төрағалары, колледж оқытушылары саладағы көкейтесті сауалдарын жолдады.

 

                                                                                                "AQ-QARA.KZ" ақпарат

 

Шымкент: Аманаттықтар Жолдаудың басымдылықтарын түсіндіруде

ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында шаhардағы «Карлскрона» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны АМАНАТ партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев, Наргиза Керімбаева Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістер, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін көтеру жөніндегі негізгі басымдықтарды атап берді.

– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді мәслихат депутаты Т.Балтабаев. 

«Карлскрона» ЖШС-і сорғы жабдықтары мен құбыр арматуралары өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Мекеме басшылары бүгінде өндірісті кеңейту жобаларын қолға алған. Кездесуде кәсіпорын жұмысшылары өз ұсыныстарын айтты. Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек 2022 жылы Мепмлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты  ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫн арнады. Ондағы бірінші бағдар экономикалық саясатқа арналды. Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:

– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту;

– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;

– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу. Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді.

 

                                                                                                  "Aq-qara.kz" ақпарат

Шымкент: «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүруде

ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру және түсіндіру бойынша «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында кездесу өтті. Қаратау ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімі  ғимаратында болған жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Тұрниязұлы, Шымкент қаласының құрметті депутаты Хайрулла Сәрсенов, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай және студенттер қатысты.

 Күн тәртібінде талқыланатын мәселе бойынша спикерлер  «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында студенттерге түсіндірме жұмысын жүргізіп,  зиянды нәрседен аулақ болуға шақырды.

 –Тәуелсіздігімізді алғанға дейін нашақор деген сөз жат ұғым еді. Зиянды затқа тәуелділік адам тағдырын құртып қана қоймай, бір отбасыны қиратуы мүмкін. Президент Жолдауда бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ.  Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі  10 есе артқан. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын өмір сүру деңгейін төмендетіп, өлімге алып келуде. Сондықтан, бұған тосқауыл қоймасақ, жайлап кету қаупі көп. Жастарға айтарым, зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулықтарыңды күтіп, жат қылықтан сақтанғандарың өздеріңе жақсылық әкелері сөзсіз,  - деді Еркін Сатқанбаев өз сөзін жастарға арнап. 

 Сонымен қатар, спикерлер сананы улаған кеселге тап болғандардың өмірі қиындай түсетінін ескертіп, жастарды білімді болуға шақырды.

–Нашақорлыққа әуес болған адамның одан құтылуы екіталай. Сондықтан жақсы нәрсені көп үйреніп, жаманнан жиренсеңдер, болашақтарың үшін пайдасы зор. Біз қазір дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, білімді арттырып, қоғамның үлгілі азаматы болыңдар. Дұрыс ұстанымды ұстап жүрген жастар тура жолдан адаспайды,-деді сөз алған Хайрулла Сәрсенов.

 Қаратау ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Төлебай  келген қонақтарға өз алғысын айтып, танымды, тәрбиелі кездесу болғанын жеткізді. Алдағы уақытта еркін форматтағы іс-шаралардың жүзеге асатынын жеткізді.

 

 

 

                                                                                                                                                             "Aq-qara.kz" ақпарат