КЕНТАУ: ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰРЛАҒАН

Полицейлер ұялы телефон ұрлаған жас жігітті анықтады.

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арыз түсірді. Оның айтуынша, оның ауласындағы үстел үстінде тұрған «Редми» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 160 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашып, күдіктіні ұстау үшін оқиға орнына шықты. Олар көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар жас жігіт анықталды.

Белгілі болғандай, күдікті жас жігіт түнгі уақытта тұрғынның ұйықтап жатқанын көріп, емін-еркін ашық тұрған есіктен үйге кіреді. Ол оңай олжалы болуды көздеп, жатын бөлмеде тұрған ұялы телефонға көзі түсіп жымқырып кеткені белгілі болды. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлердегі қақпаларды жауып, берік құлыптар орнатуға кеңес береді.

Полицейлер велосипед ұрлаған күдіктіні анықтады

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, сағат 02:30 шамасында оның тұрғын үйінің ауласында тұрған «AZIA АВТО» маркалы велосипедін белгісіз тұлға жасырын жымқырып кеткен.

Жәбірленушіге келген шығын көлемі 80 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, жақын аумақтарды қарап шықты. Нәтижесінде, қылмысқа күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталды.

Белгілі болғандай, сезікті жас жігіт түнгі уақыт шамасында ел ұйқыда жатқанда ұрлыққа барған. Ол ұрлаған бөтеннің мүлкін үйіне жасырып қойған. Полицейлер айғақты зат ретінде велосипедті тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлер мен ғимараттарға, дүкендерге бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.

 

Түркістан: Экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық

Экстремизм – шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару термині ретінде анықталады. Экстремизм әр уақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Экстремизм мағынасын тек қана бір ғана анықтамамен түсіндіру мүмкін емес. Зерттеуші ғалымдар да осы пікірмен келісіп, әр түрлі ой-пікірлерін жеткізеді. Ұлыбританиялық зерттеуші Ширин Акинердің пікірінше: «Өз идеяларын өз өмірлеріне ғана қолданып қоймай заңды түрде де, көлеңкелі тұстардың мүмкін болған барлық әдістерін қолдана отырып, қоғамға қолданғылары келетіндердің барлығын, экстремистерге жатқызуға болады. Кейбір жағдайда бұл терроризмге жетіп қоғамға үлкен қауіп туғызуы мүмкін» - деп пікірін жеткізеді. Сондықтан да, қандай да бір экстремистік идея адам баласын террорлық іс-әрекеттерге үндеуі ғажап емес. Экстремистік ойларды дер кезінде анықтап, талдап және дұрыс қорытынды шығара білу көптеген өркениеттер қақтығысының алдын ала алады. Қазіргі қоғамда дін маңызды рөл ойнап, зайырлы қоғамның негізі қалана бастады. Адамгершілікті, мінез-құлық, толерантты сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде дәстүрлі діндердің рөлі тарихи даму барысында орны ерекше. Бірақ, әлемде жағдай минут өткен сайын өзгеріп жатыр. Бірісі экономикасын дамыту барысында саясатын өзгертіп жатырса, бірі әлеуметтік салаға көңіл бөліп жатыр. Ал, кейбір елдер дінді саяси ойындарда пайдалануда. Дәл осылай экстремизм мен терроризмнің іргетасы қаланып жатыр. Экстремизмге қарсы тұратын руханият деп айтсақ артық болмас. Өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашып, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңдіре алып қана түбегейлі діни экстремизмнің де, терроризмнің де тамырына балта шаба аламыз.  Онымен бірлесіп күресудің қоғамдық тетіктері қандай?Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табады. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді қойып отыр. Қазіргі күнде шешімін тап­паған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұ­мыстары жүйелі деңгейде жол­ға қойылғаны туралы толық се­нім­мен айтуға бо­лады. Яғни, осы­ған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қа­ланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылғы мамыр айында Дін істері агенттігі құрылып, сол жылдың қазан айында «Діни қызмет жә­не діни бірлестіктер туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңы қабылданды. Дін мәселелерімен айналысатын арнайы уәкілетті орган құрылып, дін саласын рет­тейтін жаңа заң күшіне енгеннен бергі уақыт ішінде көптеген жұ­мыстар атқарылды. Содан бергі уақыт ішінде ді­ни экстремизм мен терроризм­ге қатысты мәселелердің ушы­ға түскенін ескере отырып, 2013 жылғы қаңтар айында «Қа­­зақстан Республикасының кей­­бір заңнамалық актілеріне тер­роризмге қарсы іс-қимыл мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заң қабылданды, ал 2013 жыл­ғы 24 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақ­стан Республикасында 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәсе­леге айналды. Әрине, заманауи әлемнің қатеріне айналып отырған осынау зұлматтан біздің еліміз де сырт қала алмасы анық. Ол бүкіл қоғамның тізе қосып, күш біріктіруін қажет етеді. Дінге қатысты тура немесе жанама үдерістердің барлығы қоғамдық өмірдің маңызды бөлігін қамтитындықтан, дін төңірегіндегі туындайтын проблемаларды шешуге билік органдарымен қатар, азаматтық қоғам институттарының қатысуы ерекше маңызға ие. Өйт­кені, діни сипаттағы  пробле­малар қоғамның өмір сүруіне қа­тысы бар проблемалар ретінде қоғамдық және ұлттық қауіпсіздік мә­селелерімен  тікелей байланыста көрініс табады. Осы ретте, Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауларында мемлекеттік органдармен қатар, бүкіл қазақстандық қоғамның ал­дына еліміздің салт-дәстүрі мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни түсінік қалыптастыру міндетіне басымдық беруі кездей­соқтық емес. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында да «Зайырлы қоғам және асқақ ру­ха­ният» қағидаты барлық қазақ­стандықтарды біріктіретін басты құн­дылықтардың бірі екендігін атап көрсетті. Әрине, стратегиялық және ұзақ мерзімге арналған осындай міндеттерді  бүкіл қоғам болып еліміздің тұрғындарының бойында дін мәселелері бойынша нақты бағдар қалыптастыруға мүм­кіндік беретін істерді жү­зеге асырғанда ғана қол жет­кізуге болады. Ал, мұндай міндет­тердің салмағы мен міндетін Қа­зақстанның болашағы зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын индустриялық-инновациялық дамуға тұғырланатынын еліміздің шығармашылық зиялы қауымы терең әрі  жақсы түсінетіні анық. Осы ретте, азаматтар мен қоғамды сырт­қы рухани агрессиядан қор­ғаудың және тұрғындардың бо­й­ында діни мазмұндағы ескі құн­дылықтарды көксейтін немесе теологиялық қателіктерге бой алдырған керағар діни идео­логия­ларға қарсы иммунитет қалып­тастырудың маңызы аса зор. Бүгінгі күнде рухани жаулап алу дінді бетперде ретінде пайдалана отырып теріс идеяларды жас­тар арасында белсенді таратудан  көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идео­логиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін  жолында жүргендерді басқалардан  жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды. Ал мұн­дай идеологияның әртүрлі дін­дерді ұстанатын көп этностан тұ­ратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар  халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мә­дени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады. Елімізде бүгінгі күнде ради­калдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру шаралары қолға алынып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыптарға қатысты мазмұнды мақалалар жарияланып, телеарналар мен радиоларда дін мәселелерін қоз­ғайтын бағдарламалар мен хабарлар көптеп берілуде. Одан бө­лек, қоғамда ғы­лыми және шы­ғармашылық зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жас­тар ұйымдарының өкілдері, жұртшылық арасында беделге ие азаматтар теріс сипаттағы керағар діни ағымдардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі күнде Қазақстанның барлық өңірлерінде дін мәселе­леріне арналған  500-ден астам ақпараттық-насихат топтары жұ­мыс істеуде. Аталған ақпа­рат­тық-насихат  топтарының құ­ра­мында діни салада түсіндіру және профилактикалық жұ­мыс­тар жүргізетін мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар теологтар, дінтанушылар, діни бірлестіктердің өкілдері енген. Осы орайда, өткен жылы ақпа­раттық түсіндіру мақсатында өткізілген  іс-шаралардың 1,3 мил­лионнан астам адамды қам­тығанын айта кеткім келеді. Бұл мемлекеттік органдардың  аза­маттық қоғам институттарымен бірлесіп жүзеге асырып отыр­ған іс-шараларының бір тұсы ғана. Әрине, осындай маңызды істерге азаматтарды көп­теп тарта түсу еліміздің рухани қауіпсіздігін нығайта түсетіндігі сөзсіз. Бүгінгі күнде мемлекеттік органдар тарапынан діни ахуал және оған қатысты үдерістерді зерттеудің өзекті тақырыптарын жасақтауда, сонымен қатар, діни мәселелердің әртүрлі аспек­тілеріне арналған ғылыми-тал­дау жұмыстарына елі­міздің ға­лымдарын кеңінен тартуға мүдделілік туындап отыр. Біз дін саласына қатысты мәселелерде бүгінгі күнде жұмыс атқарып отыр­ған қоғамдық институттар­мен әріптестік қатынастар ор­натуға да әзірміз. Агенттіктің сарапшылар қа­уым­дастығымен ынты­мақ­тастығы аса өзекті тақырыптар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге ықпал етіп, ол өз кезе­гінде дін саласында орын алып отырған үрдістерді дер уақытында анық­тауға, діни экстремизм мен тер­роризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қыз­метін жетілдіруге бағытталған са­палы ұсыныстар әзірлеуге мүм­кіндік береді. Қазіргі кезде сонымен қа­тар, қазақстандық қоғамның ұлт­тық мүддесіне сәйкес келетін мем­лекеттік-конфессиялық қа­ты­настардың қазақстандық мо­делін әрі қарай жетілдіруге ар­налған  ұсыныстарға қатысты қа­жеттілік өсе түсіп отыр. Бұл модель мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын дамытуға, қоғамның жоғары деңгейдегі руханиятын және мемлекет пен оның азаматтарының тұғыры бе­рік мәдениетін қалыптастыруға негізделуі керек. Осы жерде шығармашылық зиялы қауымның діни экстремизмге қарсы тұрудағы рө­лін ерекше атап өткен жөн. Өйт­кені, олар халқымыздың сан ға­сырлық дәстүрлері мен мем­лекетіміздің тұғырын құ­райтын құндылықтарды мансұқ­тайтын радикалдық идеологиялардан төнетін қауіпті бас­қалардан гөрі өткір сезінеді әрі оның салдарын жақсы біледі. Мемлекеттің дін саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Дін істері агенттігі тарапынан бүгінде осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынып отыр. Агенттік жанында былтырдан бері Діни ахуалды талдау жөніндегі консультативтік сараптау кеңесі жұмыс істей бастаған болса, қазіргі күнде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылуда. Біз­дің ойымызша, осындай құ­рылымдардың белсенді жұмыс атқаруы дін саласына қатысты маңызды мәселелер бойынша қоғамдық пікірді мақсатты түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, қоғамның белсенді топтарының, ғылыми және шы­ғар­машылық зиялы қауымның қазақстандық бірегейлілікті сақ­тау мен нығайтудағы және хал­қымызды діни экстремизм мен сыртқы рухани шабуылдардан қорғаудағы бірлесіп жұмыс жүргізетін негізгі бағыттары осы болмақ.

 

Созақ аудандық ішкі саясат бөлімі.

 

 

Несиеңді жауып беремін деп алаяқтық жасаған ер адам ұсталды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның танысы «3 000 000 теңге несиеңді жауып беремін» - деп, әбден сеніміне кіріп, одан 380 000 теңге ақшасын алған. Арада 5 айдан аса уақыт өтсе де, берген уәдені орындамаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Олар жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, аталмыш қылмысқа қатысы бар бұрын сотты болған күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер ер адамды Полиция басқармасына жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті мен жәбірленуші ауылдастар. Күдікті жәбірленушінің бірнеше банкте берешегі барын білген соң, таныстары арқылы көмектесе алатынын айтқан. 3 000 000 теңге берешекті, бар-жоғы 380 000 теңгеге ертесі күнгі кешке дейін жабылатындығын айтып, оның жеке куәлігінің көшірмесімен қоса алып кеткен. Алған ақшаны жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері күмәнді қызмет ұсынатын таныс және бейтаныс адамдардан сақ болуды ескертеді. Сонымен қоса, өзіңіздің жеке құжаттарыңызды бермеуге кеңес береді.

Мас халде көлік басқарған ер азамат қамауға алынды

Тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Аталған рейдтік шара кезінде Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпаған «Ауди-80» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің иесі 2021 жылы Келес аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабының 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы автокөлік жүргізушісінің мас екенін растады.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік айыптұраққа қойылып, ер адам қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Жетісайлық полицейлер интернет алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Бүгінде ғаламтор арқылы алаяқтық қылмысын жүзеге асырып, оңай олжалы болуды көздейтіндер саны жетерлік. Бұл қылмыспен күресуді полиция қызметкерлері күн тәртібінен түсірген емес. Осы тұрғыда Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстың алдын алу үшін адамдар көп шоғырланатын жерлерге барып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Оларға алаяқтықтың құрбаны болмас үшін не істеу керектігі жөнінде ақпараттар беріп, тұрғындарға брошюралар таратты. Алаяқтардың жиі қолданатын әдісі – азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, атына шағын несие рәсімдеу, түрлі қосымша бағдарламалар арқылы онлайн зат сатып алу.

Сондықтан осы секілді күмәнді қызмет ұсынатындарға сенбеуге кеңес береді. Сонымен қатар полицейлер облыс тұрғындарына құжаттарыңыз бен олардың көшірмелерін ешкімге бермеуге, таныс және бейтаныс адамдар ақша сұрап, несие жабу, зат сату және алу секілді қызмет ұсынса, оның сенімді адам екендігіне толық көз жезіп алу қажеттігін ескертті.

 

Сарыағаш:Полицейлер көршісінің алтын бұйымдарын ұрлаған бойжеткенді анықтады

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның үйіне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмесіндегі алтын әшекей бұйымдарын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын 300 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы “Ұрлық" бойынша тіркеді.

Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Сарығаш АПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәлардан жауаптар алынып, үйдің айналасы жіті қаралды. Нәтижесінде сарығаштық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай, күдікті бойжеткен жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында қараусыз тұрған үйге кіріп, алтын бұйымдарды жымқырған. Ұрлаған алтындарды ломбардқа өткізіп, ақшаны өз қажетіне жаратқан. Бүгінде полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде әшекей бұйымдарды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысы полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: үй-жайларыңызға, жеке ғимараттар мен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтаңыз.

Түркістан полицейлері такси жүргізушісінен 10 келіден астам есірткі тәркіледі

"Қарасора-2022" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері, патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге есірткі заттарын тасымалдауы мүмкін деген күдікті жүргізушіні ұстады.

Нақтырақ айтсақ, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында Түлкібас ауданы аумағындағы "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" тас жолында "Ауди С4" маркалы автокөлікті тоқтатты. Тінту кезінде автокөлік салонынан, ішінде есірткіге ұқсас заты бар 1 қап пен 1 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы 10 келіден асатын "кептірілген марихуана" болып шықты. Анықталғандай, күдікті бұрын сотты болған, жеке тасымалмен айналысатын жүргізуші, Жамбыл облысының тұрғыны.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондықтан азаматтарға зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

Шардара: Интернет алаяқтардан сақ болғайсыз!

Құрметті Шардара ауданының тұрғындары, бүгінгі күні ең көп таралған қылмыстардың бірі Интернет желісін пайдаланушыларға қатысты алаяқтық (интернет-алаяқтық) болып табылады. Интернетті және ақпараттық технологияларды қолдана отырып алаяқтық жасаудың көптеген әдістері бар.

Кең таралған тәсілдердің бірі:

1) алаяқтар жәбірленушілерге қоңырау шалып, банктің қауіпсіздік қызметкерлері немесе Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде өздерін таныстрады да, оларға несие беруді болдырмау сылтауымен ақшаны қылмыскерлердің өздері ұсынатын резервтік (қауіпсіз) шотқа аударуды ұсынады. Телефонмен сөйлесу кезінде шабуылдаушылар сіздің жеке деректеріңізді білуге тырысады.

Есіңізде болсын, банк қызметкерлері клиенттерге деректерді алу үшін ешқашан қоңырау шалмайды. Барлық қажетті ақпарат Банктерде бар. Мұндай жағдайларда карта нөмірін, картаның әрекет ету мерзімін, СМС-хабарламаға келетін кодтарды, шот нөмірін, шоттағы ақша қаражатының қалдығын атауға болмайды. Сондай-ақ, сөйлесуді тоқтатып, шоттағы ақшаның сақталуын дереу тексеру қажет.

2) алаяқтар тауарды тартымды бағамен сату туралы хабарландырулар жариялады. Сатып алушы алаяқтық сатушымен байланысқаннан кейін сатып алушыны алдаудың бірнеше жолы бар:

- алаяқ-сатушы, сатып алушыдан алдын-ала төлем сұрайды, алдын-ала төлем алады да, абоненттік нөмірін өшіргеннен кейін олардың арасындағы байланыс жоғалады;

- сатушы-алаяқ тауарды жеткізу арқылы жөнелтуге дайын, сатып алушыға деректерді толтыру және сатып алушы тауар үшін төлейтін карта нөмірін көрсету үшін сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Бұл уақытта қаскүнем сатып алушының шотынан ақша ұрлайды;

Сол сияқты, алаяқтар тауарларды сатуға орналастырған жәбірленушілерді алдайды. Зиянкес сатып алушы ретінде қоңырау шалып, тауарды жеткізуді ұсынады. Мұндай жағдайларда тексерілмеген сілтемелерді ашпау және банктік деректеріңізді енгізбеу ұсынылады.

3) Әлеуметтік желілерде "Қазақстан Мұнайгаз" инвестициялық жобаларына азаматтардың қаражатын тарту туралы Жарнама таратылады, яғни алаяқтар компания атынан инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынады.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы таратылып жатқан жарнама жалған болып табылатынын және алаяқтық сипатқа ие екенін мәлімдейді. Тұрғындардан қырағы болуды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз.

ТҮРКІСТАН: ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДІН САУАТ АШУ КУРСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Түркістан облысы, Түркістан қалалық орталық "Яссы" мешітінде, Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы Әйел-қыздар секторының ұйымдастырумен өткен жазғы діни сауат ашу курсының тәлімгерлерін білімін тәмамдағаны жайлы арнайы сертификатпен марапаттады.

Аталмыш Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Өскенбаева Қарагөз ұстаздың ұйымдастырумен жаз айларында өткен діни сауат ашу курсына белсенді қатысып, Құран оқып үйрену, иман негіздері сияқты білімін қалыптастырған бірқатар әпке-қарындастарымызға арнап, курстан сәтті өткеніне орай құттықтау қағаздары тағайындалды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының бас имамы құттықтауынан соң курс бітірушілеріне арнайы сертификат пен сыйлықтар табысталды.