ТҮРКІСТАН: АРАҚСЫЗ ҚАЛА, ШАРАПСЫЗ ШАҺАР

Бүгін қалалық «Яссы» орталық мешітінде «Арақсыз қала, шарапсыз шаһар» атты тағылымды кездесу өтті. Аталған жиынға облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев, қалалық Полиция басқармасы бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев және қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы қатысып, қаламыздағы имамдармен кездесті.

Еркін пікір алаңында Жарылқасын Әзіретбергенов тағылымды әңгімені тарихпен сабақтастыра сөйледі.

Түркістан қаласы арақ-шараптан ада, жезөкшесі жоқ шаһар болады деген бастама осыдан екі жыл бұрын көтерілді. Содан бері екі супермаркет, алты дүкен қалада арақ-шарап сатудан бас тартты. Бұл бір күнде, бір жылда орындала салатын нәрсе емес, сондықтан осындағы облысымыздың, қаламыздың бас имамдарымен кеңесіп әрекет жасап жатырмыз. Бұл мәселеде әрқайсымыз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Осындай бастаманың алғаш боп Түркістан қаласында көтеріліп жатқаны да қуанарлық жағдай – деді ақсақалдар алқасының төрағасы.

Сондай-ақ, Ерлан Кузембаев пен Бауыржан Жанаев қала тазалығын сақтау мен қылмысты азайту, тұрғындардың мәдениетін көтеру хақында көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Бірлік пен берекені ту еткен Түркістанның жарқын болашағы жайлы кеңесте қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы құмар ойындар ойнайтын, есірткі тасымалдайтын жандарды қоғам боп тәрбиелеуге шақырды.

Сондай-ақ, қала мешіттеріндегі имамдарға әрбір жұма уағызында жиын барысында айтылған мәселелерді жамағатқа қысқаша түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Келелі кеңес соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейде жүрген сауалдарына мамандардан жауап алды.

АРЫС: ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

«Шымкент қаласы және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы»ММ-нің 3-полиция батальоны Арыс қаласы 2-взводының жеке құрам қызметкерлеріне «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында семинар өткізілді.

Түсіндірме жұмысының барысында жеке құрам қызметкерлер арасында спирттік ішімдіктерді пайдалануға байланысты құқық бұзушылықтың, отбасы-тұрмыстық қатынас саласындағы араздықтарға әкеп соқтыратын жанжалдарға жол бермеу, өз-өзіне қол жұмсаудың, нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу мақсатында ақпарат беріліп, үнпарақтар тарқатылды.

Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау, адам психикасына әсер етіп, жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін. Қазіргі өзекті мәселелердің барлығы - адамдардың немқұрайлы қарауы.

Қоғамда өмір сүріп отырған әрбір азамат зорлық-зомбылыққа жол бермеу керек.

Зорлық-зомбылықсыз ел болу үшін ең алдымен құқықтарымызды дұрыс білуіміз жане сауатты, парасатты, иманды ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

Жиынға Арыс АПБ-нің ЖПҚ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры А.Мырзахметова, Арыс қаласының 2-взводының командирі Т.Ахмедов, Асыл жүрек" әлеуметтік орталығы» КММ-нің "Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметінің" сектор меңгерушісі Ж.Абылова, «Бекзат-ата» мешітінің бас имамы Қ.Садыбаев. аудандық орталық ауруханасының нарколог-дәрігер Г.Алгиева қатысты.

 

 

Түркістан: «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!»

Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Осы орайда облыстық мәдениет және халық шығармашылшығы орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбы бойынша сауалнама өткізді. Жемқорлықтың салдарымен күрес қана емес, оның алғы шарттарын жою үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын түсіндірмелері жайлы кең көлемде айтып өтті.

Сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында әлі де талай жұмыстар атқарылу керегін баса айтып, сауалнамадағы сұрақтарды жан – жақты талқылады.

- Пара беру дегеніміз – қандай да бір коммерциялық келісімге келу үшін немесе жеке пайдасы үшін жасалған ынталандыру немесе марапаттау.Біз сыбайлас жемқорлық пен пара беруге немқұрайлықпен қарамаймыз және пара беруді жою мақсатында жасалатын барлық жүйелі әрекеттерді күшейтуге септігін тигізетін қарым-қатынастарды орнатуда әділ және кәсіби түрде әрекет етеміз.-  Біз сыбайлас жемқорлық пен пара беруге қарсы барлық заңдарды қолдаймыз. Дегенмен, біз 2010 жылғы сыбайлас жемқорлық туралы Ұлыбритания заңына бұрынғыша бағынамыз және өз мемлекетімізде де, шетелде де сол заңдарды орындаймыз. Бұл саясаттың мақсаты: (а) сыбайлас жемқорлық пен пара беруге қарсы саясатты қолдаудағы біздің және қол астымызда жұмыс істейтін қызметкерлердің міндеттерін анықтау; (ә) қызметкерлерімізді сыбайлас жемқорлық пен пара беру жағдайларын анықтау және олармен күресу жолдары туралы ақпаратпен қамтамасыз ету. - Сыбайлас жемқорлық пен пара беру қылмысына қатысы бар тұлғалар 10 жыл бас бостандығынан айырылады. Ал егер сыбайлас жемқорлыққа біздің қатысымыз бар екені анықталса, бізге шектеусіз мөлшердегі айыппұл салынып, мемлекеттік келісімшарттар тендеріне қатысу құқығынан айырылып, өз абыройымызға нұқсан келтіруіміз мүмкін. Сондықтан, заңның бізге бекіткен жауапкершіліктеріне мұқият мән береміз.

Парақорлық әділдікті жойып, зұлымдықтың жайылуына әкелетін ең негізгі себептердің бірі. Мысалы, мемлекеттік қандай да бір құжаттарға жауапты адамның пара алу арқылы біреудің құжатын алға шығарып, кезегі келген адамның ақысын аяқ асты етуі, дәрігерлердің пара алу арқылы сау адамға анықтама жазып беруі, құрылысқа жауапты адамның заңсыз ғимараттарға рұқсат беруі немесе рұқсат етілмеген құрылысқа пара алуы арқылы көз жұмуы сияқты істердің барлығы әділетсіздік деп танылады.

Айтарлықтай мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның отыз еселенгеннен қырық еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) ірі мөлшерде; 
3) бірнеше рет жасалса, – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның қырық еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар аса ірі мөлшерде жасалса немесе оларды қылмыстық топ жасаса, – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенгеннен алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Парақорлыққа делдал болу (368-бап).Бұл қылмыс үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 368-бабында көрсетілген.Осы қылмыстың обьективті жағы парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушіге пара алу мен беру туралы олардың арасындағы келісімге қол жеткізуге немесе іске асыруға жәрдемдесу болып табылады. Парақорлықтың делдалы ретінде кінәлы боп табылу үшін пара берушіден немесе алушыдан сыйақы алғанына қарамастан танылады.

Делдалдық пара беру мен алуды жалғастыратын ерекше түрі — жеке қылмыс құрамына белінген. Бұл пара беру мен алудың келісім немесе нақты әрекеттермен жетістікке жету арқылы, делдал өзінің бастамасымен емес, пара беруші мен алушының сұрауы немесе тапсырмасы арқылы тікелей пара береді. Делдалдықтың ерекшеліп бұл субъектінің екі қылмыс жасалуына, яғни пара беру мен алуға жәрдемдеседі. Делдал — екі негізгі субъектілердің байланыстырушы бөлігі және өзінің ниетімен емес, пара беруші мен алушының ниеттерімен келісімге жетуге және іске асыруға көмектеседі. Пара алу және пара беру — субъектілерінің екі жағымен де 
байланысы бар болса, субъектіні парақорлықтың делдалы ретінде қарастыру керек. Пара беруге не алуға басқадай көмектесулер парақорлыққа делдал болып қарастырылмайды.
Парақорлыққа делдал болу қылмысының құрамы формальды және пара нақты берілген көзден бастап аяқталған қылмыс болып табылады.

1. Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Бірнеше рет жасалған не қылмыстық топ немесе адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенгеннен отыз еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Түркістан: Деструктивті діни уағызшылардың қоғам үшін қауіптілігі

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады. Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.Алайда, Құдайды «қолдан соққан» теріс ниеттілер буыны бекімеген жастарды ата дәстүрден, оқу-білімнен, мәдениет пен әдебиеттен, өз ортасынан жырақтатып, үйіріне қосуға бар күшін салып жатыр.Жас буында, әсіресе, дін мәселелерінде дұрыс түсінік қалыптаса қоймайды. Сол түсінігін кеңітеміз деп олар әлеуметтік желілерге жүгінеді. Әлеуметтік желілердегі жағдайды өзіңіз де білесіз. Кез келген ағым өзінің идеологиясын насихаттау үшін осы жолды барынша пайдаланады. Осы әлеуметтік желіде әртүрлі айлалармен, технологияның даму жетістіктерін пайдалану арқылы «рекруттік» шараларын кеңінен іске асырады. Ол жерде олар каналдар, топтар ашып, үгіт-насихатын жүргізеді. Құзырлы орындар оларды құрықтау үшін барын салып, каналдар мен топтарды бұғаттап жатса да, олар басқасын ашып үлгереді. Бұл тұста әлеуметтік желілердегі каналдар мен топтарды жабу процесі ұзақ та, ал қайта ашу процесі оңай екенін атай кету орынды. Әлеуметтік желідегі жұмысқа қоса, жер-жерде арнайы орталықтар ашылып, қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оған қаражат белгісіз бір жолдармен сырттан келетіні сөзсіз. Осындай орталықтарда кезінде араб тілін оқытамыз деп, қанша жастарымызды арбады. Діни әдебиеттерді аударып, тегін таратты.Жастардың діни көзқарасына олардың ата-анасы әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Көп жағдайда солай болады. Ата-ана бір көзқараста, бала басқа көзқараста болу – өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан жат діни ағымдар өкілдерінің санының артуының бір себебін осыдан көруге болады. Жастарымызды ондай жат идеологиядан сақтауымыз үшін олардың бойында иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Мұндайды біз қоғамда профилактикалық, яғни алдын алу жұмыстары деп жатамыз. Міне, осы жұмыс барысында қоғамға, әсірессе, жамағатқа, оның ішінде жастарға дәстүрлі дін принциптерін насихаттауымыз, түсіндіруіміз қажет. Діннің негіздеріне не жатады, дініміздің елге келу тарихы қандай, ата-баба ұстанған жол қандай болғанын кеңінен баяндауымыз керек. Одан қалды әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүріміз қайдан бастау алады, негізі қайда екенін көрсетуіміз ләзім. Кейін жат діни идеологиялардың пиғылын анықтап көрсетіп, олардың бұрыстығын баяндап беруіміз керек. Оларды осылайша сақтандыра аламыз. Дәстүрлі дінді насихаттаушылар мен дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаушылардың айырмашылығы – деструктивті діни ағымдардың заманауи технологияны жақсы қолдануында. Мысалы, қазіргі технологиялардың әлеуметтік желілердің пайда болмаған кезінде, яғни 90-жылдары салафиттік ағымдар тапсырыс беріп, кітаптарын Ресейден алдыратын. Себебі, КСРО кезінде кітап оқу сәнге айналды, ал 90 жылдары газет пен кітап жұмыссыз халықтың ермегі болды. Сондай деструктивті ағымдар кейін экранға ауыз салды. Түрлі әлеуметтік желілерге, ғаламтор беттеріне жігерлендіретін видеороликтер жібереді, пабликтерге қатысады. Қызықтырып әкететін контенттермен санаға ене бастайды. Алғашында қабылдауға жеңіл ақпараттар ұсынады, содан соң тақырыптары сатылап өсіп, ақыр аяғы «ата-анаңмен бірге тамақ ішпе, ол – кәпір» деген сынды қатерлі идеялогияларын емін-еркін жүргізе береді.Ал енді дәстүрлі ислам дініндегі мұсылмандардың саны барынша көп болғанымен, салыстырып қарасақ, олардың қазіргі заманауи технологияларға бейімделу процесі баяу жүруде. Мысал үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ресми сайтын алып қарастырайық. Контенттері бірден қабылдауға, түсінуге қиын тілде жазылған. Тағы бір кемшілігі – ақпараттың 90%-і қазақ тілінде ғана. Деструктивті діни ағымдарға кетіп жатқан кімдер? Олардың көбі – орыс тілді азаматтар. Заманауи технологияларды дұрыс қолдана алмау, ақпараттың жеткілікті дәрежеде таратылмауы, дәстүрлі емес діни ағымдардың өз «өнімін» бос нарыққа оңай сатуына жағдай тудырып отыр. Бұл – дәстүрлі діни ұйымдардың ғана емес, біздің мемлекетіміздің бейімделмеуінен. Яғни, мәселенің салдарымен күреседі, ал оның алдын алатын шаралар баяу жүргізіліп, кейде қағаз жүзінде қалып қойып та жатыр. Сол себепті алдын ала бәрін жан-жақты қарау керек. Теріс көзқарас қалыптасуда уағыз-насихаттың көптігі емес, оның мазмұны негізгі роль атқарады. Қайта сол телеарналар мен әлеуметтік желіде дәстүрлі дін принциптерін насихаттайтын туындылар аздау болып тұр. Оның ішінде, орыс тілінде насихат өте аз деп айта аламыз. Осы аталған себептер кесірінен қазақ тілін білмейтін жастарымыз шетелдің орыс тіліне аударылған туындыларын тыңдап, соларға еріп кетті. Сол үшін діни насихат ешқашан көптік етпейді. Керісінше, барынша көбейтуіміз қажет.

 

Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы.

Түркістан: Деструктивті діни уағызшылардың қоғам үшін қауіптілігі

Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы осындай тақырыпта жастарға семинар өткізді.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.

Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.

ТҮРКІСТАН: КОНТРАФАКТІЛІК ӨНІММЕН КҮРЕС

Қазақстан Республикасы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 4 бабының 4 тармағына сәйкес, тауар таңбасының иесі куәлікте көрсетілген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар таңбасын пайдалану мен оған иелік етудің айырықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар таңбасын оның иесінің келісімінсіз ешкім де пайдалана алмайды.Түркістан облысының Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы,«Қазақстан Заңгерлерінің одағы» РҚБ-нің мүшесіН.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ осылай дейді. Маманның сөзінше, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1025 бабының 2 тармағына сәйкес, тауар белгiсiн кез келген айналымға енгiзу: дайындау, қолдану, әкелу, сақтау, сатуға ұсыну, тауар белгiсiн немесе осы белгiмен белгіленген тауарды сату, маңдайшадағы жазуда, жарнамада, баспа өнімдерінде немесе өзге де іскерлік құжаттамада пайдалану — тауар белгiсiн пайдалану болып саналады.

Осы Қазақстан Республикасы «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының талаптарын бұзған жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 158 бабына сәйкес, бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе тауар шығарылған жердiң атауын заңсыз пайдалану, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, заңсыз бейнеленген тауарлар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма (20 АЕК), шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз (30 АЕК), орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – қырық (40 АЕК), iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне – сексен (80 АЕК) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Тауар таңбасы заңмен қорғалады және оны тауар үшін Тауар таңбасы ретінде тіркелген бүкіл тауарға немесе оның бір бөлігіне қатысты жасалған шарт бойынша басқа бір заңды және жеке тұлғаларға беруге болады. Сонымен бірге Тауар таңбасының иесі (лицензиар) Тауар таңбасының пайдалану құқығын лиценз. келісім бойынша басқа тұлғаға (лицензиатқа) беруі мүмкін. Тауар таңбасымен қатар белгілі бір фирманың тауарын емес, барлық тауарларын таңбалау үшін символ-белгі түріндегі сауда таңбасы (кейде оны фирмалық белгі депте атайды) мен шығарылатын өнімге емес, шығарушы фирмаға тиесілі сауда атауы да пайдаланылады. Заң жүзінде қорғалған Тауар таңбасы, әдетте дөңгелек сызықпен қоршалған латынша R әріпімен – таңбаланады. Тауар таңбасын иеленушінің оны пайдалануға заңмен қорғалған айырықша құқығы болады.

Зияткерлік өнеркәсіп меншік нысандарының бірі-бұл тауар таңбалары және тауардың шыққан жерлерінің атаулары. Аталмыш объектілер ҚР «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауардың шыққан жерлерінің атаулары» туралы заңнамамен реттеледі.

Статистика бойынша, қазіргі таңда әрбір адам күніне үш мың тауар белгісімен бетпе-бет келеді. Дүкен сөрелерін айтпағанның өзінде телевидение, радио, ғаламторда, көшелерде тауар таңбаларын көруге болады. Бүгінде олар бизнестің маңызды бөлшігіне айналды.

Тауар таңбасына заңда былайша түсінік берілген: тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы-заңға сәйкес тіркелген немесе ҚР қатысатын халықаралық шарттардың күшімен тіркеусіз-ақ қорғалатын бір заңды және жеке тұлғаның тауарын келесі бір заңды және жеке тұлғаның біртектес тауарынан ажырататын белгі.

Осы аңықтамадан тауар таңбасының өнімді, қызмет түрін айқындайтын қызмет атқаратынын түсінуге болады.

Бірақ «тауар таңбасы» атауының өзіне тоқталып, оның тек айқындағыш құрал емес, құқықтық күші бар, мемлекеттік қорғауындағы тіркелген белгі екенін атап өту керек.

Контрафактілік тауарларды сатып алу қауіпін болдырмау үшін өнімдердің мынадай белгілері бар-жоғын есте сақтап, тексеріп алу қажет:

Тіркелген тауар белгісі — тауар таңбасы ретінде бейнелеу, сөз, көлем белгілері және өзгеде белгілер кез келген бояулы түстер үйлесімінде тіркелуі мүмкін. Тіркелген әрбір тауар белгісіне заңды иесі тауар белгісі пайдаланатын өнім толық сипатталатын куәлік алады. Тауар белгісін қорғау белгісі — латынша «R» немесе латынша «R» әріпі шеңберге алынған болуы тиіс. Әрбір тіркеуге алынған тауар белгісінде құқықтық қорғау мен сақтау белгісі болады, ол тауар белгісінің жанына орналастырылады және бұл белгі аталған тауардың қорғалатынын білдіреді. Құқық иеленушінің рұқсатынсыз оның тауар белгісіне ұқсас белгілерді, тауар белгісін дараландыру үшін тіркелген тауар таңбасын немесе біртектес тауарларды пайдалануға ешкімнің де құқығы жоқ, себебі осылайша пайдаланудың нәтижесінде олардың араласып кету мүмкіндігі туындайды. Тауар белгісін пайдалануға рұқсат беретін құжаттар. Құқық иеленуші заңмен қорғалатын және тіркелген тауар белгісін басқа тұлғаға пайдалануға бере алады, алайда ол тиісті құжаттармен (тауар белгісіне берілетін айрықша құқықты иеліктен шығару туралы келісім-шарт немесе тауар белгісін пайдалануға құқық беру туралы лицензиялық келісім-шарт) расталуы тиіс.

ОБЛЫС ХАЛҚЫ ТЕЛЕФОН АЛАЯҚТАРЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

SMS арқылы алаяқтық туралы халықты бірыңғай хабардар ету туралы 4 тамызда Ішкі істер министрінің Цифрлық даму министрлігінің өкілдерімен және байланыс операторларымен кездесуінде айтылған болатын.
Мобильді байланыс Қазақстанның әрбір тұрғынына тұрғылықты және орналасқан жеріне қарамастан қолжетімді болғандықтан, SMS арқылы алаяқтық фактілері туралы ақпарат беру азаматтарды жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. ІІМ сақтық шараларын еске салады: – ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару, несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына ермеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді; – өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді хабарламаңыз; – белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа көздерге жеке деректерді бермеңіз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін төлем жасауға келісуге тырысыңыз; – күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз; – қосымшаларды орнату үшін тек ресми App Store мен Play Market көздерін пайдаланыңыз; – белгісіз адамдардан келіп түскен сілтемеге кірмеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып табылатын сілтеме бойынша өтуді ұсынады; – банкинг қызметіне қол жеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз. 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз; – өз шоттарыңыздағы ақша айналымын жиі тексеру қажет.

ШАРДАРА: РЕЙД БАРЫСЫНДА 647 ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Шардаралық полицейлер жол ережесін бұзған тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Қазақстан Республикасы көлемінде жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» тақырыбында 1 айға жоспарланған іс-шара жүргізілуде. Осы тұрғыда Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері маңызы бар жолдарда рейдтік шаралар жүргізді. Олар жол жүру ережесін бұзған – 647 құқық бұзушылықты анықтап, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескен құқық бұзушыларға ескерту жасап, хаттамалар толтырды. Мәселен, мас халде көлік басқарған – 2, көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері бар көлік құралын басқарған – 1 жүргізушіге әкімшілік хаттама түзілді. Түркістан облысының полицейлері жол апаттарының алдын алу, болдырмау үшін жылдамдықты асырмай, жолда жүру ережесін сақтауға, мас күйде көлік тізгіндемеуге, көлік басқарып отырып ұялы телефонмен сөйлеспеуге кеңес береді.

Түркістан: "Қауіпсіз жол" іс-шарасы барысында 26 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтады

Естеріңізге сала кетейік, 19 шілде мен 18 тамыз аралығында Түркістан облысының аумағында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты-жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және жолын кесу, жол-көлік оқиғаларын азайту мен жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру.

Тәртіп сақшыларының басты назары - көлікті мас күйінде басқарумен байланысты ЖҚЕ бұзушылықтарына, басып озу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, қауіпсіздік белдігін тақпау және ұялы телефондарды пайдалану ережелерін бұзудың алдын алуға аударылды. Мәселен Түркістан облысының полицейлері осы бағытта өткізілген шараның 19 тәулігінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 26 504 жайтын тіркеді, оның ішінде 657-сін қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған және мас күйінде автокөлікті басқарудың 108 дерегі анықталды.

Сонымен қатар, облыс жолдарында полицейлер қарсы жолаққа шығудың 62 жайтын, 1038 - жылдамдықты асыру, 238 - бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту және 788 маневр жасау ережелерін бұзу және 148 авариялық жағдай жасау деректерін анықтады.

Сондай-ақ 5364 жүргізуші қауіпсіздік белдіктерін тақпағаны үшін, 2259 бұзушы ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін және 19 автокөлік жүргізушілері жалған нөмірлерді пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 30 және заңсыз қайта жабдықтаудың 209 фактісі тіркелді.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтау, мас халде көлікке отырмау және жолдарда жылдамдықты асырмауды ескертеді.

ЖЕТІСАЙДА КӨЛІК ІШІНЕН ТЕЛЕФОН ҰРЛАНДЫ

Автокөлік ішінен ұялы телефон ұрлаған күдікті анықталды

Жетісай аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, сағат 07:30 шамасында оның «Опель вектра» маркалы автокөлігінен «Айфон 11» ұялы телефонын белгісіз біреу жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 350 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар келіп түскен бойда оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Бейнебақылау камераларын көрді. Нәтижесінде, осы қылмысты жасаған күдікті анықталды. Ол Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, жәбірленуші Жетісайға жеке жұмыстарымен барған. Ол автокөлігін демалып алу үшін тоқтатып, ұйықтап кеткен сәтінде, күдікті бөтеннің мүлкін жасырын жымқырып, оқиға орнынан бой тасалайды. Ол телефонды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді. Тұрғын үйлер мен авкөліктің есіктерін құлыптап жабуды ұсынады. Егер, сіз, ұрлыққа тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.