ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Азия пара ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты рәсімде қала басшысы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Қытай елінде өткен ІV жазғы Азия пара ойындарында жеткен жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, істеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Осы сәтті пайдалана отырып, спортшыларды дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларды арнайы құттықтағым келеді. Алайда мұнымен жігерімізге ерік беретін уақыт жоқ. Өйткені келесі жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қарқынды жұмыстар күтіп тұр. Алдағы болатын үлкен додаларда тәуелсіз еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріңізге кәміл сенемін! – деді қала әкімі.

Еске салсақ, 22–28 қазан күндері аралығында Қытай Республикасының Ханчжоу қаласында ІV жазғы Азия пара ойындары өтті. Байрақты бәсекеде жалпы 22 спорт түрінен 43 мемлекеттің спортшылары бақ сынасты. Елімізден 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысып, оның ішінде Шымкент қаласынан спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Жүзуден Мансурбек Ибрашев, Алина Дубинина, Айсұлтан Кулкаев, садақ атудан Жасұлан Кішен, ал байдарка және каноэда есуден Максим Богатыров сайысқа түсті.

Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада шымкенттік спортшылар ел қоржынына екі қола жүлде салды. Жүзуден 4х50 метр эстафеталық сайыста Айсұлтан Кулкаев, ал байдарка және каноэда есуден 500 метр қашықтықта Максим Богатыров жеңіс тұғырынан көрінді. Айсұлтан Кулкаевты Аязбек Бижігітов, ал Максим Богатыровты Константин Обласов жаттықтырады.

Айта кетейік, Пара Ойындарында Қазақстан құрамасы 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-орыннан көрінді.

ҚАЛАНЫҢ СПОРТ МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік спорт мектептерін аралады.

Ең алдымен, «№ 15 жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен» танысты. Мұнда олимпиадалық спорт түрлері бойынша еркін күрес, әйелдер күресі, құзға өрмелеу, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, қабырғаға оқ атудан 531, ал олимпиадалық емес кикбоксинг, самбо спорт түрлерінен 202 спортшы шұғылдануда. Топ саны – 88, 71 жаттықтырушы бар. Биыл дүбірлі додаларда 21 алтынға қол жеткізді.

Аталған спорт мектебінің жай-күйін бақылаған қала басшысы жаңа ғимарат салуға және қасында орналасқан футбол алаңын мемлекет меншігіне алып, спорт мектебінің игілігіне айналдыруға тапсырма берді.

Қаладағы «№ 16 гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» жер көлемі 0,4241 гектарды құрайды. 505 спортшы шұғылдануда. Едендік жаттығуларға арналған гимнастикалық платформа, 4 батут, 2 акробатикалық жолақ, қонуға арналған көбік шұңқыры, әйелдер мен ерлер штангалары, сақиналары бар жақтау, атта тербелу жабдықтары, гимнастикалық бөренелер, спортшылардың жаттығу үдерісіне арналған тіреп секіру үстел спорт жабдықтары бар.

Жабдықтар залдың көп бөлігін алатындықтан, қосымша зал қажеттілігі туындап отыр. Қала әкімі мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

«Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде» шахмат, дойбы, қазақ күресі, белбеу күресі, баскетбол, гандбол, жүзу, триатлон, байдарка және каноэ спорт түрлерінен саңлақтарды дайындайды. 1 493 спортшы, 92 жаттықтырушы бар. Биыл аталған мектептің спортшылары ескек есуден байрақты бәсекелерде топ жарды. Азия ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 1 қола, Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, ал Әлем кубогында 1 алтын медалды ел қоржынына салды.

Спорт мектебінің жағдайын бақылаған қала басшысы жауаптыларға жүзу бассейнін заманауи үлгіде қалпына келтіруді жүктеді.

Сауранда спорт мектебі ашылды

Сауран ауданында Түркістан облысы спорт басқармасына қарасты Сауран ауданы №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Түркістанда заманауи «мұз сарайы» пайдалануға берілді

Түркістан обысында қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалды. Облыс орталығында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілді. Спорт нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады.

ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ТАМАША ӨНЕР КӨРСЕТКЕН ШЫМКЕНТТІК АҒАЙЫНДЫЛАР

Олар әу баста екеу болатын. Қайықтарын түбеге көтеріп су жағалап жүргенін көретін едік. Байдарка мен каноэ. Еркіне салса шаршы алаң мен күрес кілемінен шықпайтын қазақтарға етене спорт түрі емес.

Тимофей мен Сергейдің толқынды Тоғыста ышқынып ескек есіп, жанталасып жарысып жүргенін көретін жұрт. Теңіздей төгілген сол тер жемісін берді. Ағайынды Емельяновтар халықаралық жарыстарда көнге тіккен жүлделерді қидай сыпырып ала бастады.

Бүгінде Шымкенттік ағайынды Сергей және Тимофей Емельянов жазғы Олимпиада Ойындарына жолдама жеңіп алды. Олар байдарка мен каноэде есуден ел намысын қорғамақ.

Ағалы-інілі Емельяновтардың бұл спорт түрін таңдауы кездейсоқтық емес. Олардың алғашқы ұстаздары – әкесі мен анасы еді. Себебі әкесі КСРО-ның каноэден спорт шебері, анасы байдаркадан спорт шебері болған. Ал бүгінде оларды ағалары Михаил Емельянов жаттықтарып жатыр.

2004 жылы Тимофей, 2007 жылы Сергей спортпен айналыса бастады. Қазіргі таңда олар ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Сергей Емельянов - Азия ойындарының күміс жүлдегері, 3 дүркін Жастар арасындағы Әлем Чемпионатын жеңімпазы, Қазан Универсиадасында 500 және 1000 метр қашықтықта каноэде екі күміс жеңіп алды, Жасөспірімдер мен Жастар бойынша 5 дүркін әлем жеңімпазы, XVII және XVIII-жазғы Азия ойындарының 2 дүркін күміс жүлдегері, 2013 жылғы Универсиаданың 2 дүркін күміс жүлдегері, 2017 жылғы Азияның 4 дүркін жеңімпазы, 2021 жыл Азия Чемпионатында алтын медальге ие болды.

Тимофей Емельянов - Азия ойындарының күміс жүлдегері, Жастар арасындағы Әлем Чемпионатының 3 дүркін чемпионы ( Сергеймен жұпта 200, 500 және 1000 метр қашықтықта үш алтын жеңіп алды), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды.

Кеше ғана Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 19-шы Жазғы Азия ойындарында ағайынды Емельяновтар тамаша өнер көрсетті.

– Азия ойындарына төртінші рет қатысып отырмын. Бұл – менің бесінші медалім. Кеше қола алдым, Сергей алтын иеленді. Бүгін екеуміз бірге күміс алып отырмыз. Жұптық сында соңғы он жылда бірге жаттығып, дайындалып жүрміз. Дегенмен жасым келіп қалды. Қысқа қашықтықта баяу болып барамын. Сол себепті кеше өз орнымды Тимур Хайдаровқа босаттым. Сергей екеуі жарады, жеңімпаз болды. Біздің ісімізді жалғастырар жас спортшылар бар. Жарыстан кейін кішкене өзімізге келіп, қорытынды жасаймыз, – деді Тимофей Емельянов.

Осылайша, байдарка мен каноэдегі жарыс аяқталды. Қазақстан құрамасы доданы жемісті түйіндеп отыр. 1 алтын, 4 күміс, 3 қола жалпы саны 8 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Осы айтулы жарыста ағайынды Емельяновтардың қосқан үлесі зор.

 

ШЫМКЕНТ: АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ЖАРЫСТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАП, ЖОСПАРЛАРЫМЕН БӨЛІСТІ

Жазғы Азия ойындарының жүлдегерлері баспасөз мәжілісіне қатысып, жарысты қорытындылады. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов пен күміс жүлдегер Мейіржан Шермаханбет және олардың жаттықтырушылары БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласынан 23 спорт түрінен 66 спортшы бақ сынап, жерлестеріміз 26 жүлде жеңіп алған болатын. Аталған сайысқа Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда ретінде қатысты. Басқарма басшысы енді қала спортшылары күнтізбелік жоспарға сәйкес, Олимпиада жолдамалары үшін сайысқа түсетінін атап өтті.

– Жазғы Азия ойындарын қала спортшылары жоғары жетістікпен аяқтады. Енді 22-28 қазан аралығында IV Пара Азия ойындары өтеді. Ол сынға Шымкент қаласынан 3 спорт түрінен 5 спортшы аттанады. Олардан да жақсы нәтиже күтеміз. Олимпиада ойындарына дайындық бойынша күнтізбелік жоспарымыз бар. Париж Олимпиадасына жалпы 15-ке жуық жолдама жеңіп алу мақсаты тұр, – деді басқарма басшысы.

Байдарка және каноэде есуден жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов, грек-рим күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбет ендігі ретте Олимпиада жолдамасы үшін тыңғылықты дайындыққа кірісетіндіктерін айтты. Баспасөз брифингінде спортшылар мен олардың бапкерлері БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Айта кетсек, Пара Азия ойындарына жүзуден Айсұлтан Кулкаев, Мансурбек Ибрашев, Алина Дубинина, садақ атудан Жасұлан Кішен және каноэде есуден Максим Богатырев жүлделі орындарға таласып көрмек.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 12 қыркүйекте ҚР Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына  жазғы Азия ойындарында алған медальдар үшін ақшалай көтермелеу мөлшері жариялаған болатын.

Ведомство Азия ойындарының чемпионы атанған спортшы 10 000 доллар көлемінде ақшалай сыйақы алатынын, ал алтын медаль иегерін дайындаған жаттықтырушы 5000 доллар алатынын нақтылады.

Құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдегері 5000 доллар алады, ал оның жаттықтырушысы 3000 доллар алады.

Сондай-ақ қола жүлдегер  3000 доллар ақшалай сыйақы және оның жаттықтырушысы 2000 доллар сыйақы алады делінген.

ҚАЛА ӘКІМІ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

XIX Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың бапкерлерін марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, спорт мектебі басшылары қатысты.

Шаһарда қала әкімдігі тарапынан спорт саласына әрдайым қолдау көрсетілуде. Осындай қолдаудың нәтижесінде шымкенттік спортшылар Жазғы Азия ойындарында жарқын жеңіске жетті. Ханчжоуда (Қытай) өткен бәсекеде қала спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальға ие болды.

Қала әкімі жеңімпаздар мен жүлдегерлерді және олардың бапкерлерін құттықтап, спорт саласының дамуына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы елімізде спорттың дамуына айрықша назар аударып отыр. Мінекей, осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесінде жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Кезекті Жазғы Азия ойындарында сіздер намысты қолдан бермей, биік белестерді бағындыруға деген құлшыныстарыңызды көрсеттіңіздер. Бұл ретте бапкерлердің еңбегі ерен. Қалада спорт инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады, – деді қала әкімі.

Ғабит Әбдімәжитұлы спортшылар мен бапкерлерге Алғыс хат және қаржылай сертификаттарды табыс етті. Шаһар басшысы спортшыларға алдағы Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі.

Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда рет қатысты. Жергілікті спортшылар Олимпиада Ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін түрлі халықаралық жарыстарда бақ сынайтын болады.

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылған жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысты. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынасты. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысып тұр.

Байрақты бәсекеде құрлық чемпионы атағымен қатар, спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынды.

Шымкент қаласынан 33 спорт түрінен 64 спортшы Азия ойындарына қатысты. Олардың қатарында Әлем және Азия чемпиондары бар.