Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады. Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.Алайда, Құдайды «қолдан соққан» теріс ниеттілер буыны бекімеген жастарды ата дәстүрден, оқу-білімнен, мәдениет пен әдебиеттен, өз ортасынан жырақтатып, үйіріне қосуға бар күшін салып жатыр.Жас буында, әсіресе, дін мәселелерінде дұрыс түсінік қалыптаса қоймайды. Сол түсінігін кеңітеміз деп олар әлеуметтік желілерге жүгінеді. Әлеуметтік желілердегі жағдайды өзіңіз де білесіз. Кез келген ағым өзінің идеологиясын насихаттау үшін осы жолды барынша пайдаланады. Осы әлеуметтік желіде әртүрлі айлалармен, технологияның даму жетістіктерін пайдалану арқылы «рекруттік» шараларын кеңінен іске асырады. Ол жерде олар каналдар, топтар ашып, үгіт-насихатын жүргізеді. Құзырлы орындар оларды құрықтау үшін барын салып, каналдар мен топтарды бұғаттап жатса да, олар басқасын ашып үлгереді. Бұл тұста әлеуметтік желілердегі каналдар мен топтарды жабу процесі ұзақ та, ал қайта ашу процесі оңай екенін атай кету орынды. Әлеуметтік желідегі жұмысқа қоса, жер-жерде арнайы орталықтар ашылып, қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оған қаражат белгісіз бір жолдармен сырттан келетіні сөзсіз. Осындай орталықтарда кезінде араб тілін оқытамыз деп, қанша жастарымызды арбады. Діни әдебиеттерді аударып, тегін таратты.Жастардың діни көзқарасына олардың ата-анасы әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Көп жағдайда солай болады. Ата-ана бір көзқараста, бала басқа көзқараста болу – өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан жат діни ағымдар өкілдерінің санының артуының бір себебін осыдан көруге болады. Жастарымызды ондай жат идеологиядан сақтауымыз үшін олардың бойында иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Мұндайды біз қоғамда профилактикалық, яғни алдын алу жұмыстары деп жатамыз. Міне, осы жұмыс барысында қоғамға, әсірессе, жамағатқа, оның ішінде жастарға дәстүрлі дін принциптерін насихаттауымыз, түсіндіруіміз қажет. Діннің негіздеріне не жатады, дініміздің елге келу тарихы қандай, ата-баба ұстанған жол қандай болғанын кеңінен баяндауымыз керек. Одан қалды әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүріміз қайдан бастау алады, негізі қайда екенін көрсетуіміз ләзім. Кейін жат діни идеологиялардың пиғылын анықтап көрсетіп, олардың бұрыстығын баяндап беруіміз керек. Оларды осылайша сақтандыра аламыз. Дәстүрлі дінді насихаттаушылар мен дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаушылардың айырмашылығы – деструктивті діни ағымдардың заманауи технологияны жақсы қолдануында. Мысалы, қазіргі технологиялардың әлеуметтік желілердің пайда болмаған кезінде, яғни 90-жылдары салафиттік ағымдар тапсырыс беріп, кітаптарын Ресейден алдыратын. Себебі, КСРО кезінде кітап оқу сәнге айналды, ал 90 жылдары газет пен кітап жұмыссыз халықтың ермегі болды. Сондай деструктивті ағымдар кейін экранға ауыз салды. Түрлі әлеуметтік желілерге, ғаламтор беттеріне жігерлендіретін видеороликтер жібереді, пабликтерге қатысады. Қызықтырып әкететін контенттермен санаға ене бастайды. Алғашында қабылдауға жеңіл ақпараттар ұсынады, содан соң тақырыптары сатылап өсіп, ақыр аяғы «ата-анаңмен бірге тамақ ішпе, ол – кәпір» деген сынды қатерлі идеялогияларын емін-еркін жүргізе береді.Ал енді дәстүрлі ислам дініндегі мұсылмандардың саны барынша көп болғанымен, салыстырып қарасақ, олардың қазіргі заманауи технологияларға бейімделу процесі баяу жүруде. Мысал үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ресми сайтын алып қарастырайық. Контенттері бірден қабылдауға, түсінуге қиын тілде жазылған. Тағы бір кемшілігі – ақпараттың 90%-і қазақ тілінде ғана. Деструктивті діни ағымдарға кетіп жатқан кімдер? Олардың көбі – орыс тілді азаматтар. Заманауи технологияларды дұрыс қолдана алмау, ақпараттың жеткілікті дәрежеде таратылмауы, дәстүрлі емес діни ағымдардың өз «өнімін» бос нарыққа оңай сатуына жағдай тудырып отыр. Бұл – дәстүрлі діни ұйымдардың ғана емес, біздің мемлекетіміздің бейімделмеуінен. Яғни, мәселенің салдарымен күреседі, ал оның алдын алатын шаралар баяу жүргізіліп, кейде қағаз жүзінде қалып қойып та жатыр. Сол себепті алдын ала бәрін жан-жақты қарау керек. Теріс көзқарас қалыптасуда уағыз-насихаттың көптігі емес, оның мазмұны негізгі роль атқарады. Қайта сол телеарналар мен әлеуметтік желіде дәстүрлі дін принциптерін насихаттайтын туындылар аздау болып тұр. Оның ішінде, орыс тілінде насихат өте аз деп айта аламыз. Осы аталған себептер кесірінен қазақ тілін білмейтін жастарымыз шетелдің орыс тіліне аударылған туындыларын тыңдап, соларға еріп кетті. Сол үшін діни насихат ешқашан көптік етпейді. Керісінше, барынша көбейтуіміз қажет.
Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы.