Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мамандары осындай тақырыпта қалам қаузады. Деструктивті діни ағым жақтастары жастарды өздерінің мақсаттарына пайдалану барысында түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып жатады. Қолданған әдіс-тәсілдерінің барлығы адамның психо-физиологиялық болмысын жаулап алудың жолдары. Егер олардың айтқандарын орындаған адам, сол ортада сол бағыттағылармен жалған ұғым түсінік деңгейінде болса да еркінен тыс қосақталған болса, көп жағдайда олардың құлақкесті құлдарына айналады. Тіпті, еліктіру-желіктіру әдістері шалық, экстаз, транс әлеуеті шегіне жеткенде кісілік қарым-қабілетін жоғалтып қатты әсерленеді. Бұл олардың зомбиға айналған түрі. Яғни ақылдың қызметін гипноз, бейтараптау амалдары ауыстырғанда оның өзіндік «мені» істен шығады. Адам шын мен жалғанның арасында ақиқатты түйсіну, түсінуден шеттеп қалады. Бұл арада міндетті түрде діни орта, немесе діни ұғым-түсініктер талаптары мен шарттары араласуы қажет етілмейді. Дін бұл арада тек қана «бүркеншік» (масканың) қызметін атқарады.
Қазіргі таңда түрлі ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарымыздың барлығының дерлік діни сауаты төмен екені белгілі. Олардың кейбірі мүлдем білім алу қажет емес десе, енді біреулері тек қана өздерінің шетелдегі шейхсымақтарынан ғана тәлім алуға шақырады. Осылайша онсыз да тар болған түсініктері одан әрі саяздана береді.
Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы – жарық, надандықтың жауы – білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды. Қазіргі тоталитарлық деструктивті діни ағымдарды бір сәт шолып көрсеңіз, бұлардың өз топтарының өміріне толығымен иелік етіп, толығымен өз уысында ұстап, билеп-төстейтінін байқайсыз. Ал өз бағыттарына қосылмаған жандарды олар жақтырмайды, тіпті, өз идеологияларына қарсы пікір білдірушілерді алуан түрлі айла-шарғымен бопсалауға, қоқан-лоқы жасауға, үркітіп-қорқытуға дейін барады.
Деструктивті діни ағымдармен күресудің ең басты жолы ғылым-білім арқылы күресу. Оқыған, білімді, әлемде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабары бар, еркін ойлау қабілетінен айырылмаған, санасы уланбаған, көзі ашық, гуманизм принциптеріне берік, елінің болашағын ойлайтын, ілгерішіл, талапты да талантты қоғам ғана әлемдегі ең ауқатты және дамыған елдердің қатарынан көріне алады.