Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы осындай тақырыпта жастарға семинар өткізді.
Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.
Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.
Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.