Сәрсенбі, 27 Наурыз 2024 14:45

Шавкат Мирзиеёв: «Өзбекстанда жыл сайын өндірілетін алтынның тек 6 пайызы өңделеді»

– Өзбекстанда жыл сайын 100 тонна алтын өндіріледі, бірақ оның тек 6%-ы ғана өңделеді. Мұны Наманған облысында орналасқан «Гавхар груп» кәсіпорнының жұмысымен танысқан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан басшының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасы негізінде алдағы уақытта алтын өндіру және оны өңдеу ісіне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арта түседі.

«Біздің елімізде жыл сайын 100 тонна алтын өндіріледі. Оны кәсіпкерлерге бөліп төлеу шартымен сатуға рұқсат етіледі. Шын айтқанда, мұндай мүмкіндік ешқандай елде жоқ. Дегенмен бізде алтынның 6 пайызы ғана өңделеді. Алтын өндірмейтін елдердің өзі бізге қарағанда зергерлік бұйымдарды көбірек экспорттайды. Біз бұл салада біршама артта қалдық. Сондықтан өндіріс үшін қосымша жағдай жасаймыз», - деді Шавкат Мирзиёев «Гавхар груп» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесу барысында.

Сонымен қатар Өзбекстан президенті кәсіпкерлермен пікір алмасып, аталған салаға қолдау жасау үшін заңнамалық базаны жетілдіру мәселелерін талқылады.

Қоса кетсек, жыл басынан бері Өзбекстанның алтын валюта резервтері 2,37 млрд долларға қысқарды. 1 наурыздағы жағдай бойынша, ресми резервтік активтер 34,56 млрд доллардан 32,19 млрд долларға дейін кеміген.

Сондай-ақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның алтын валюта резервтері 1,2 млрд долларға кеміп, елдегі қымбат металдың көлемі шамамен 24,8 тоннаға азайған болатын.

Жалпы былтыр қазан және қараша айларында Өзбекстан алтынды көп сатқан елдердің көшін бастаған еді.

Оқылды 3092 рет