Сәрсенбі, 22 Ақпан 2017 11:06

Тәуіп деп жүргеніңіз психолог боп шықпасын

Оңтүстікте бақсы-балгер, емші-тәуіптер аз емес. Жылдан-жылға көбеймесе, азайғаны байқалмайды. Бұл сала мемлекет қадағалауынан да, жекелеген органдардың бақылауынан да тыс қалған. Сондықтан болар, ақша табуды көздеген түрлі алаяқтар ойларына келгенін істеуде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін біз бірнеше балгердің есігін қағып, жұмысына куә болып қайттық.


Акушер де өзі, стоматолог та өзі

Бірінші кейіпкеріміз жасы елуден асқан ер кісі. Шымкенттің Жандосов көшесіне жақын маңда тұрады. Клиенттерді пәтерінде қабылдайды. Біздің жіберген адамымыздан «Атың кім? Қай жерің ауырады? Дәрігерлер не айтты? Руың қандай? Менің еміме бас иесің бе?» деп сұрап алған соң, емдеуге кірісті. Жатқызып, белгісіз бір сөздерді айта бастады. Оның бірде шыңғырып, бірде бақырған даусынан адам шошығандай еді. Клиентті жатқызып, ішін қамшымен ұрды. Рәсім аяқталған соң емші: «Дулат атаң, Нұрила әжең, Гауһар ана, Айша бибі анамыздың ақ батасымен 700 мәрте дұға оқылып, саған емі қонсын» деп бата берді. 

Сосын ұзақ-сонар әңгімесін бастады. 

«7 жасымнан бері емшімін. Құдай маған әйел де, үй де бермеді. «Қайдан берем, халқыңның бәрі ауру, адасып жүр. Ата-бабаң риза емес. 10 жыл уақыт берем. Соның бәрін реттейсің» деді маған. Соның 8 жылы өтіп, 2 жылы қалды. Сосын маған үй де, қалыңдығымды да береді. Ал сенің емің 7 күн. Қайтпай, 7 күн бойы емделуге тиіссің. Бұл уақыт аралығында саған медициналық ем жүргізуге болмайды. Барлығын тоқтат. Дәрі-укол саған көмек бермейді. 7 күн ішінде Алла саған аян береді. Дертіңнің басқа емі жоқ. Ата-бабаңды, яғни Дулаттан бастап, барлық бабаларыңды шақырып, саған ем салдым. Өйткені, сенің аталарың маған батасын берген. Мен молда я бақсы емеспін. Дінім – ислам. 127 ата-бабам маған емшілікті өсиет еткен. Дулат баба да соның ішінде. Ақдидар әжең, Ақ анаң, соның бәрі де ем жасауды менің бойыма дарытқан. 127 атам маған бүйрек-бауыр, өт, жыныс жолдары, жүрек, құрсақ, тіс ауруларын емдейтін, ренжіскен ерлі-зайыптыларды татуластыру, балаларын анасына бағындыру сияқты қаншама қабілетті берді. Көз дәрігері, невропатолог, психиатр, уролог, акушер, хирург, гинеколог, стоматолог, міне осы дәрігерлердің бәрінің қабілеті түгел менің қолымда» деген емші ата-балаларының есімі мен түрлі дұғалары жазылған бірнеше беттік қағазды көрсетті. 

– Жаңа сіз емдеу кезінде қандай сүре оқыдыңыз?- деп сұрадық біз. 

– Сүре? Өзімнің ілімімді оқыдым. Құранда барлық кесел жайлы жазулы. Ауруың кіші дәрет арқылы шығады. Құдай маған сенің ауруыңның қалай кеткенін ғайыптан көрсетіп береді. Ал егер сен дәрі-укол салдыратын болсаң, менің іліміме кедергі болады. «Генералический» (гормоналдық дегісі келді ме, онша түсінбедік-авт.) дәрі ішетіндей сен француз, қытай немесе орыстың қызы емессің. Сен қазақсың. Саған ондай ем болмайды, - деп тыйып тастады. 

Емші енді қарап отырмай өзін жарнамалауды бастады:

«Ракты да жаздым. 41 күн ішінде толық жазылып кетті. Маған өңшең әйелдер келеді. Ерлер келмейді. Өйткені, олардың ішіндегі зиянкестерін аямаймын. Олардың аталары мен оқып жатқанда осында келіп отырады. Олар маған «аяма!» дейді. Сосын аямаймын. Мысалы, мен жаңа Алла-тағаланың құдіретімен сенің құрсағыңды ап-анық ішінен көрдім. Бәрі анық көрінеді. Сосын соның шипасын құдайдан тілеп, жоямын». 

– Сіз менің құрсағымнан не көрдіңіз? 

– Трубкалар бітеліп қалған. Соны 7 күн ішінде тазартып шығам. Жаңа қамшымен қай жеріңді ұрған болсам, соның бәрі ауру дей бер. 

– Ал сіз болашақты болжайсыз ба? 

– Болашағыңа бүкіл жақсылықты тілеп, бата салып жіберем. Алдыңда күтіп тұрған барша жамандықтарды шауып тастаймын. Жақсылықтарды ғана қалдырам.

Психологтар да балгерлікке көшті

Нарық заманы емес пе, Шымкентте тәуіпке айналған психолог та бар. Оған жазылудың өзі біраз шаруа екен. Алдына барсақ, 20 шақты адам кезек күтіп отыр. Арнайы кеңсе жалдап қойған. Әуелі отбасылық жағдайыңызды сұрайды. Оның өзгеше әдісі – клиентке сурет салғызады. Бұл – оның психолог екенін айқын аңғартқандай. Қалауыңша суретіңді салып берген соң соның үстінен шимайлап, сызып-сызып алады. Сосын болжамдап айта бастайды. 

«Сізде бір стресс, қобалжу болған. Содан әлі құтыла алмай жүрсіз. Ол қандай стресс? Айта беріңіз, қысылмаңыз». «Жұртқа жақсылық жасап, кейін сол үшін таяқ жеп жүретін жандардың қатарындасыз». «Тағы екі рет ана атанасыз. Бір ұл және бір қыз». «Сәуір айынан бастап барлық шаруаңыз реттеледі. Жұмыссызбын дейсіз бе? Онда сәуірге шейін жұмыстан бір жақсы хабар шығып қалар». «Дем салдыру керек. Адамға көз тигенде дисбаланс пайда болады. Дем салып, соны бекіту керек. Жолыңыз болмай жүргені содан. Бір қорқыныш па, үрей ме, бірдеңені көріп тұрмын». 

Байқасаңыздар, айтып отырған сөздері – жалпы жағдайлар. Клиенттің жанды жерін тауып, қолдау, үміт беру. Кәнігі психологтың кеңестері. Ал қанша балаң бар, жолдасың қандай қызметте істейді, мамандығың қандай, қай жерде жұмыс істейсің – оның бәрін балгер өзіңізден сұрап алады. Яғни, сіз жайлы ел білмейтін мағлұматтарды айтып, жаңалық ашып отырған жоқ. 

Ең қызығы – ол психолог болғанына қарамастан қамшымен иығыңыздан ұрып, дем салады, Құранмен емдейді. Оған келген адамдар бір құты судан көтеріп жүрді. Ол сол суды оқып беру үшін клиентті үш күнге шақырады. Алдыңғы емшіміз рәсімін 7 күн жүргізсе, бұл кісінің белгілеп берген мерзімі – 3 күн болды. Бұл – барлық емші-балгердің клиентті тартуға арналған маркетингтік амалы болса керек.

«Көзіме ақ киімді адамдар көрінеді...»

Біз қабылдауына барған үшінші кісі өз ауыл-аймағына танымал емші екен. Аталған кәсіппен 2 жылдан бері айналысып келеді. Онда да «аталары аян беріп қоймаған соң» кіріскен. Өз айтуынша, оның көзіне ақ киінген адамдар көрінеді. 

«Олар маған көп міндеттер жүктейді. Түн жарымында тұрғызып, намаз оқуға мәжбүрлейді, жаңа дұға үйретеді. Мәселен, әйелдерге массаж, хиджама жасауды аталарым маған түсімде үйреткен. Оған дейін де, кейін де ешқашан массаж курстарына барып, арнайы оқыған емеспін. Содан бері қаншама әйелдің бала сүюіне себепші болдым. Дем салам, оқимын, болашақты болжаймын, дуаның бетін қайтарамын. Ал өзім ешқашан ешкімді дуаламаймын» дейді емші. 

– Сізге көрінетін адамдар... олар жын емес пе?

– Жын? Сіз не айтып тұрсыз? Қайдағы жын? Маған жын жоламайды! Олар әруақтар ғой. 

– Біреудің келешек немесе өткен тағдыр жолын қалай көресіз? 

– Оның бәрін маған аруақтар құлағыма сыбырлап айтып отырады. Бұл қасиет маған түп нағашымнан дарыған. 

Бұл кісі де ем барынша шипалы болу үшін бірнеше күн келіп, оқытылу керек екенін есімізге салды. 

* * *

Бұл жайлы Ислам діні не дейді екен? Дінтанушы Серік Тәжібаев бізге берген сұхбатында балгерлердің әрекетін айыптайтынын білдірді. 

«Еліміз тәуелсіздік алғалы түрі бағыттағы идеологиялар мен бақсы-балгерлер халықтың діннен алшақтаған халін өз мүдделеріне пайдаланып бақты. Олар жұрттың назарын өздеріне аудару үшін ислам дінімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын рәсімдерді жасап келді. Бұл – барып тұрған надандық, Құдайдың қаһарынан сақтанбау. Бұл құбылысты қалай түсіндіруге болады? Исламда мұндай нәрсе бар ма? «Ислам деген осындай» деген оймен жүрген жандар да бар шығар. Исламда бақсы-балгерлік һәм көріпкелдік құбылыстары – үзілді-кесілді тыйым салынған, яғни күнәлі істерге жатады. Ислам діні бойынша ешкім де, ешқандай жаратылыс атаулысы, тіпті, періштелердің өзі ғайыпты білмейтіні ақиқат. Сондықтан да біз – пенделер біреудің болашағын болжау түгілі өзімізді алдағы 5 минутта не күтіп тұрғанын білмейміз. Бес күн жалғанда Алла Тағаланың басымызға берген бір сынағына шыдамай, Алла тыйым салған іске бару – абырой әкелмейді». 

Адамның болашағы жайындағы мағлұмат «сыр әлемінің» үлесінде, пенде оны қанша білемін деп тырысқанымен басына не келіп, не кететінін еш біле алмайды. Өйткені, ғайыптың сыры тек Ұлы Жаратушыға ғана мәлім (Нәмл сүресі- 65 аят). Ардақты Пайғамбарымыз да (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім де кім бақсы-балгерге барып, оның айтқандарына сенетін болса, оның бұл әрекеті Мұхаммедке түскен Құранды жоққа шығарғандығының дәлелі (Ахмед- 2/429бет.)», - деп қатаң түрде бақсы-балгерлерге баруды тыйған. Ендеше, балгерге барып, оған бал аштыру – мұсылманға жат әрекет (mazhab.kz).

Адамдар неге балгерге барады?

Бұл сұраққа психолог С.Күзембаева былай деп жауап берген еді: «Психолог адамның басындағы барлық қиындық пен тауқыметтің себебін адамның өзінен іздейді Яғни, қай жерде қателескенін көрсетуге, түсіндіруге тырысады. Ал балгер жамандықтың себепкері ретінде сыртқы күштерді көрсетеді. Бұл адамдарға жеңіл тиеді. Олар кінәні өз бойынан іздегісі келмейді. Айыпты басқа біреуге жаба салған соң жаны жай тауып сала береді. Балгер мен психологтың айырмасы да осында». 

Тағы бір психолог М.Сарбалаева қазақ қоғамы әлі де психолог қызметіне еті үйренбегенін, одан бөлек оның ақысын қымбатсынатынын айтады. Расында, басқа қаланы айтпағанда Шымкенттің өзінде психологтың бір консультациясы 2-3 мың теңгеден басталады. Ал көптеген көріпкелдер бергеніңізді алады.

«Бұл саланы прокуратура бақылауға алуы қажет»

Заңгер Кәмиша Есмұхамбет-қызының айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2002 жылы 17 маусымда жарық көрген №587 бұйрығы негізінде емшілерді (балгерлерді емес-авт.) дәстүрлі емес медицинамен айналысушылар ретінде қадағалап отыратын. «Аталған бұйрыққа сәйкес емшілікпен айналысуға рұқсат беретін тиісті ережелер бекітілген-ді. Қазір ол бұйрықты алып тастады. Бүгінде емшілер тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе болғаны, қалауынша жұмыс істей береді. Олай заңды түрде әрекет етіп отырғандар бар. Алайда, заңнан аттап, өз бетінше ем жүргізетін жалған емшілерді де күнделікті көріп жүрміз. Емшіге барған елдің көпшілігі одан тиісті құжаттарды талап етпейді де. Ал бұл саланы бақылап отырған бірде-бір құзырлы орган жоқ. Сондықтан, заңмен қадағалау қажет деп санаймын. Себебі, халықтың ақшасын оңай олжа көретін бақсы-балгер, жалған емшілер өте көп. Меніңше, бұл саланы Дін істері комитетінің құзырына беру керек. Сонда барлық емшілер сол комитеттің рұқсатымен ғана жұмыс істейді. Бірақ ол үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ. Дін істері комитеті сертификаттайтын ережелерді бекітсе жеткілікті. Бұл істі қадағалауды прокуратура назарға алса, жөн болар еді. Прокуратураның оны бақылауға құзыреті болғандықтан ол Дін істері комитетіне пәрмен беріп отырады» дейді заңгер. 

P.S. Сұраныс болған жерде – ұсыныс та бар. Халық өзі сауатсыз дүмше емші-балгерден ақша аямайды. Баласынан бастап қариясына дейін сырқаттанса емханаға емес, емшіге жүгіреді. Осы орайда емханалардың қызметіне де сын айтуға болар еді. Алайда, мәселе онда емес. Мәселе – ХХІ ғасырда да адамдардың дертіне шипаны емшіден іздеп, қиындық көрсе, көріпкелмен сырласуға дайын тұратынында. Психологтың дем салатын емшіге айналуы да көп нәрсені аңғартса керек. Өйткені, бізде психологқа сұраныс жоқ. Ал көріпкел – «пажалыстаңыз»! Кезекте кемінде 30-40 адам отырғанын өз көзімізбен көрдік. 

Бір қызығы – үш көріпкеліміз де біздің журналистік зерттеу жүргізу мақсатында барғанымызды, өзіміз жайлы жалған ақпарат бергенімізді болжап біле алмады. Әйтпесе, сол заматта қуып шықпас па еді?!

Жан КЕНЖЕ

Оқылды 2410 рет