Сенбі, 20 Сәуір 2024 09:14

Түркістан: облыс әкімі тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген ынтасын ояту керек екенін айтты

Түркістан облысында көгалдандыру, санитариялық тазалықты сақтау, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, әлі де олқылықтар бар. Аталған кемшіліктер Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмай отырған аудан, қала әкімдеріне ескерту жасады.

– Елді мекендеді абаттандыру, нысандарды әктеу, сырлау, тазалау жұмыстарын апта сайын жиналыста қадағалап отырамыз. Басқа мемлекеттердің, облыстардың тәжірибесін қарап көріңіздер. Ауылдар мен елді мекендердегі қоқыс мәселесін шешу керек. Оны сырттан біреу келіп тастамайды, өзіміздің адамдар тастайды. Полиция, прокуратура, әкімдік, және тиісті басқармалар бірлесе жұмыс атқарғаны жөн. Тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген ынтасын ояту керек. Аудан, қала әкімдері гүл, ағаш егуді жандандырыңыздар. Тазалық, абаттандыру бойынша тапсырманы орындамаған басшылардың жауапкершілігі бойынша заң шеңберінде жұмыс жүргізіледі, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің инспекторы Жамбыл Қожамбеков санитарлық тазалау жұмыстары барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру жұмыстары тұрақты бақылауда. Қозғалыс, тиісті жұмыс бар. Алайда бірқатар кемшіліктер жүйелі түрде қайталануда. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер анықталып, жауапты лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қабылданған. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелерді жатқызуға болады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Табиғат байлықтарын сақтау жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың өмірі мен қызметін, мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуының және әл-ауқатын арттырудың негізі болып саналады. Ал қоршаған ортаны, ондағы жасыл желекті аялау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен оның байлықтарын сақтау және көркейту әрбір адамзаттың міндетіне кіреді.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні. Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты, барлық жануарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен.

Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы­лыс­тары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою жергілікті биліктің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс және тұрғындар өздері тұратын жерлерді таза ұстауға тырысып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезіне білуі тиіс.

Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталатыны белгілі. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қор­ғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.

Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншікке экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады. Қашан да табиғатты аялайық. Ол өктемдікті көтермейді. Та­биғатқа адал болайық, ал адалдық табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория екені сөзсіз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрген дұрыс.

Тазалық - баршаға ортақ іс. Қаланың да, ауылдың да таза да көрікті болуы әрбір адамның жауапкершілігіне тығыз байланысты. Оған үлес қосу - әр тұрғынның міндеті деп білеміз.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, оған жергілікті әкімшіліктің, оған жауапты мекемелердің шаруасы деп қарамай, өзіміз тұратын үйдің төңірегін, көшемізді тазалап отырсақ - өңіріміз ажарлана түспей ме? Өйткені елдің мәдениеті, әдептілігі, жауапкершілігі, өзін-өзі сыйлауы тазалық шараларынан айқын көрініс табатындығы айдан анық.

Тазалықпен айналысатын мекемелердің, ақылы қоғамдық жұмысшыларының ықпалымен көптеген көшелер тазаланып жатыр. Осыған қарамастан сол көше­лерді тұрғындар қайтадан ластауда. Ауласынан шығарылған қоқысты тазаланған арықтарға, одан қала берсе, кез келген жерлерге апарып төге­тін жағдайлар да жиі кездеседі. Бұндай әрекеттер ұсақ құқық бұзушылыққа жататындығын ескере бермейді. Өмір сүріп отырған жеріңнің тазалығын сақтау - бүгiнгi күннiң басты талабы. Ауылды, қаланы таза ұстау мәселесi арнайы мамандарға да, тұрғындарға да жүктелген мiндет. «Ауыл көркі – өз көркің» деген сөздің түп төркіні әр ауылдың, әр елді мекеннің ажары оның әрбір тұрғынына, ондағы үлкенді-кішілі кәсіпорын-мекемелердің ұжымдарына қатысты екенін аңғартады. Туған жерінің көркейіп-көгалдануы барлық тұрғынға ортақ міндет деп санаймыз. Сондықтан әрбір тұрғын өзі тұрған көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып жатса  нұр үстіне нұр болар еді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 9 рет