«Бүгін біз жаңа жыл қарсаңында сіздермен бірге қуаныш пен шаттыққа толы ерекше сәттерді бөлісіп отырмыз. Президенттік шырша – бұл сіздер үшін ғажайыптың есігін ашып, ертегі әлеміне жетелейтін мерекелік күн. Жаңа жыл – арманға қанат бітіріп, болашаққа сеніммен қарайтын мейрам. Ал сіздер – сол болашақты жарқын ететін еліміздің мақтанышысыздар. Түркістан облысында балалардың сапалы білім алып, өз қабілеттерін дамытуына ерекше назар аударылуда. 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде 29 жайлы мектептің құрылысы басталып, оқушылардың игілігіне берілуде. Өткен жылы 40 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс лагерлеріне барып, мәдени нысандарды аралады. Сонымен қатар облысымыздың 520 оқушысы республикалық олимпиадаларда бақ сынап, оның 200-ге жуығы жүлделі орындарды иеленді. Бұл жетістіктер – білім саласына жасалған жүйелі қолдаудың нәтижесі. Алдағы уақытта да балаларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Сіздердің әрбір күндеріңіз бақытқа, ал армандарыңыз жарқын жетістіктерге толы болсын. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, қымбатты балалар! – деді Дархан Сатыбалды.
Мерекелік жиында әлеуметтік осал топтағы балалар мен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпазы болған 200 балаға Президент атынан сыйлықтар тарту етілді. Өңір басшысы оқушыларға естелік хаттар мен түрлі тәттілер үлестірді. Сондай-ақ әр бүлдіршінге оқу құралдарына арналған сөмке, қазақ ертегі кітаптары беріліп, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Құрметке бөленген оқушылар арасында еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккен халыққа өзінің жинап жүрген қаражатын жолдап, көпшілікті сүйсіндірген кентаулық оқушы Гаухар Шаймерден де бар.
Мерекелік шарада қазақ ертегілерінің кейіпкерлері балалардың көңілін көтерді. Арнайы концерттік бағдарламада әуелеген ән шырқалып, мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады. Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесіне дейін 200 бала 1 күн бойы Түркістанның көрікті орындарын аралады. Балаларға арналған ойын-сауық орталығында уақытты қызықты өткізіп, кинотеатрда мультфильм тамашалады.
Барша адамзаттың, әсіресе, балғын балалар қауымының асыға күтетін жаңа жыл мерекесі босағамызды аттағалы тұр. Әлемнің барлық елінде дерлік тойланатын бұл мейрам көптеген мемлекеттерде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні тойланады. Алайда, жаңа жылдың шығу тарихы, оның дәстүрлері туралы барлығымыз біле бермейтініміз белгілі. Соған аз-кем тоқтала кетсек.
Мерекенің шығу тарихы тереңде жатыр. Ғалымдардың зерттеуінше жаңа жыл алғаш рет біздің заманымызға дейінгі 3000 жылы Месопотамияда пайда болған. Көне замандағы адамдар дәл осы уақытта Мадрук деген құдай зұлымдық пен өлімді жеңді деп санаған. Сол себепті де, Месопотамия халқы жақсылықтың жамандықты жойғанына қуанып, бірнеше ай бойы тойлаған. Әртүрлі карнавалдар, маскарадтар мен шерулер өткізген. Сонымен қатар мерекеде еңбек етіп, жұмыс істеуге, адамдарды жазалауға және үкім шығаруға тыйым салынған.
Уақыт өте келе бұл дәстүр мысырлықтар мен гректер арасында жалғасын тауып, содан соң римдіктер мен өзге халықтарға кеңінен тарай бастаған. Ежелгі грек елінде жаңа жыл жазғы күні 22 маусымда тойланып, шарап құдайы Диониске арналған. Ал гректердің жыл санауы Олимпиада ойындарынан басталған. Ежелгі Римде жаңа жылды наурыз айында қарсы алатын болған. Біздің заманымызға дейінгі 46 жылы рмдік иператор Юлий Цезарь жыл басын 1 қаңтар деп белгілейді. Оның атымен аталған юлиандық күнтізбе бүкіл Еуропаға таралған.
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» – деген дана қазақ. Бұл нақыл жаңа жыл мерекесіне де қатысты айтылғандай. Мереке әр халықта түрліше тойланып, әр елдің салт-дәстүріне сәйкес атап өтіледі. Қазіргі уақытта біздің 31 желтоқсан күні атап өтіп жүрген жаңа жылымыздың тарихы мүлдем өзгеше. Ол ежелгі Русьтің өткенімен тығыз байланысты. Русьте жаңа жылды көктемде, жергілікті адамдар ауыл шаруашылығы жұмыстарына кірісе бастаған уақытта – 1 наурызда тойлаған. Уақыт өте келе жылдың басы қазіргі білім күні саналатын қыркүйек айының алғашқы күніне ауыстырылған. Кейінірек, 1699 жылы І Петр жаңа жылды 1 қаңтарға қойып, жыл санау осы күннен басталатын болған. Сол кездегі адамдар жаңа жылды қазіргідей түн ортасында тойлайтын. Барлық отбасы мүшелері мерекелік дастархан басында жиналып, мерекені күткен. Сағат тілі түнгі 12:00-ді көрсеткенде, қалада хабар беретін зеңбіректер атылып, шіркеулерде қоңырау соғылған. Сонымен қатар, бірқатар этнограф тарихшылар қыпшақтарда да шырша мерекесі болғанын, жаңа жыл көшпелі халықтардың да байырғы мейрамы екендігін жазады.
Жаңа жылды сыйлықтар мен шырша, мерекелік безендіру мен шамдарсыз елестету қиын. Бұрындары да солай болған. Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, алғашқы безендірілген шыршалар 1605 жылы қазіргі Франция аумағындағы Эльзаста пайда болған. Кейіннен бұл дәстүр бүкіл Еуропа аумағына тарап, мереке қарсаңында шырша безендіріле бастаған. Әрине, оған барлығының бірдей шамасы жетпеген. Тек, ауқатты адамдар мен саудагерлердің үйінде ғана шырша болған. Ал ХІХ ғасырда барлық жерде шырша қою дәстүрге айналған. Ал жарық электрикалық түрлі-түсті тізбекпен (гирляндамен) безендірілген алғашқы шырша Америка Құрама Штаттарында пайда болған. 1895 жылы шамдары жарқыраған шырша Ақ үйдің алдына қойылған.
Жаңа жыл туралы сөз қозғағанда мерекенің басты кейіпкерлері жайлы ұмыт қалдыру мүмкін емес. Балалар тілек жазып, сыйлықтарын асыға күтетін Аяз ата соңғы бір жарым ғасырда ғана жаңа жылдың символына айналған. Алғашында Аяз ата мерекедегі жалғыз кейіпкер болған. 1873 жылы Александр Островский «Қаршақыз» пьесасын жазып, аппақ қардай сұлу қыз әуелі Аяз атаның туған қызы болған. Кейінірек, жұрт арасында немересі ретінде қабылдап кеткен. Ал қардан жасалатын Аққала ХІХ ғасырда жаңа жылдық кейіпкерлердің санатына енгізілген. Сол кезде де қазіргідей қардан жасалған үш үлкен шарды бір-бірінің үстіне қойып, басына шелек кигізіп, мұрны сәбізден болған.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат