Сенбі, 07 Желтоқсан 2024 11:00

Түркістан облысында 11 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар. Бұл – республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. Өңірде экономиканың негізгі саласының бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан су нысандары инфрақұрылымын дамыту, жөндеу, тазалау аса өзекті. Аталған бағыттағы жұмыстар мен мәселелер облыс әкімдігінде өткен мәжілісте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын ретке келтіру маңызды екеніне тоқталып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– Жылдан-жылға су тапшылығы мәселесі қиындауда. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын түсірмеу керек. Облыстағы ағын су мәселесін шешетін, шаруалардың тірлішігіне тікелей әсер ететін жобаларды жедел жүзеге асырып, каналдарды жөндеу, тазалау маңызды. Кезек күттірмейтін нысандар бойынша жоба жасап, бюджетке ұсынып, жұмысты бастау қажет. Өңірдегі жеке меншіктегі су нысандарын да зерделеп, тиісті ұсыныс беріңіздер. Әр аудан, қала әкімі, жауапты басқарма басшысы тиісті жұмыс жүргізсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл облыстық бюджеттен жалпы 9,4 млрд. теңге қаржы қаралып, 11 су нысанына күрделі жөндеу және 939 шақырымды құрайтын қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 7,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі және 19,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу», «Арыс магистралды каналын күрделі жөндеу», және «Қараспан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобалары есебінен Түркістан өңіріне қосымша 233 млн. м3 ағын су жеткізу мүміндігі бар. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасының 2 кезеңінің құжаттамасы дайын. Жоба құны – 11,5 млрд. теңге. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылады. Сондай-ақ 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн. м3 ағын суды үнемделмек.

Бұдан бөлек, көктемгі су тасқынын алдын алу және шаруаларға ағын суды сапалы жеткізу мақсатында, «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгеріміндегі арнайы техникалар есебінен аудан, қала аумағындағы жалпы ұзындығы 371,5 шақырым канал мен 136,7 шақырым қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Облыста су үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Жоба құны – 12,0 млрд. теңге. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы – 73 мың гектар.Жиында Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың да есебі тыңдалды. Өңірде аталған басқарманың тапсырысымен жалпы құны 45,7 млрд. теңгені құрайтын 5 ірі су жобасы іске асырылуда. 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 1 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлеу барысында. Оның ішінде «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасының да құрылысы да қолға алынған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Алдағы уақытта «BNK Group LTD» ЖШС-гі құны 2 млрд. теңге 50 мың гектарға тамшылатып суғару, «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны құны 480 млн. теңге құрайтын жылына 9 мың га тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны алғашқы жарты жылдықта іске қосылады.

Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған болатын. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Әрі мемлекеттің субцидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар. Облыс әкімі су үнемдеу технологияларын ендіру жобаларына қажетті жеңілдетілген несие, субсидия көлемдерін есептеп облыстық, республикалық бюджетке ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын су үнемдеу технологияларына бағдарлауды пысықтауды жүктеді.

Жалпы, Түркістан облысында су шаруашылығын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Су қоймалары мен тоғандарға ағымдағы жөндеулер де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр Ордабасы ауданында орналасқан «Бөген» су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Бөген» су қоймасының жай-күйімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін арнайы барып, тексеріп те қайтқан болатын.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы – 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, тереңдігі 15 м. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.

Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында да каналдарды реттеу жұмыстары қарқын алған. Ауданға қарасты Тегісшіл ауылдық округінде ауылдық округ аумағындағы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін Досқара каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Құркелес ауылдық округі аумағындағы Құлтума каналының апатты жағдайда тұрған бастапқы 150 метр жерін бетондау жұмыстары атқарылуда. Каналды бетондау жұмыстарына биыл аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Жұмыстарды маусым айынан бастап мердігер «Алтынбек и Б» ЖШС жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған каналдардың басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға жұмыстар сапалы болу қажет екендігін ескертіп, суғару маусымында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беруді міндеттеді. Нақты тапсырмалар берді.Айта кетейік, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық бюджет есебінен облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 экскаватор сатып алынған болатын. Биыл осы техникалармен 252,8 шақырымды құрайтын 68 бірлік су нысанын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, қазіргі таңда 71,5 шақырым немесе 28% cу арналары тазалаудан өткізілді.

Отырар ауданында да бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан Д.Алтынбеков каналының 9 шақырым бөлігіне, «Көкмардан» 13,7 шақырым, «Кенжеалиев» каналының 1 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізіген. Сонымен қатар Көксарай ауыл округінен «Көларық» каналының 6 шақырым, «Сулы» каналының 3 шақырым, Балтакөл ауыл округінен «Сумағар» каналының 6 шақырым, «Бақтыбай» 2 шақырым «Қонай» каналының 3 шақырым, «Жайықбек» 2 шақырым, «Қонай» канылының 4 шақырым бөлігін механикалық тазалаудан өткізу жоспарлануда. «Қызылту» насос станциясына «Қазсушар» РМК тарапынын 2 дана, «Көксарай» су реттегіші мекемесі тарапынан 2 дана су жаңа СНП-500 су тартқыш моторы алынып, 4 моторды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Жалпы айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осыған орайда, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет