Сәрсенбі, 20 Шілде 2022 00:14

ШЫМҚАЛА КӨШЕЛЕРІНДЕГІ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛҒАН

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Бірінші кезекте қала әкімі Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолының құрылысын тексерді.

Бүгінде айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы - 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені - 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды.

Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды.

11 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

Одан соң қала әкімі М.Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабына барып, жөндеуден өткен жолдардың сапасын көрді.

Еңбекші ауданы аумағындағы Базарқақпа тұрғын алабының көшелері толығымен орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда: Шахайдаров, Тельман, Жастар, Ақшенгел, Нарынкөл, Қорғамқұм, Ақыртасі, Таңыртау, Абдалиев және  Жалпақтал көшелері. Аталмыш көшелердің орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, өндірістік кестеге сәйкес, маусым айының соңында толығымен аяқталды.

Тұрғын алаптағы осы жылы жөнделген көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Барлық көшелерге қалыңдығы 10 см асфальт төселді.

2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 77 нысан болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА 132 КӨШЕ ЖӨНДЕЛУДЕ

Еңбекші ауданындағы 702 көшенің 15-і магистралдық, 596-сы ішкі орамдық көшелер. Оның ішінде 437 көше асфальт, 158-і тас жол, 16-сы топырақ жол. Өткен жылы 57 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 132 көше жөнделеді.

2025 жылға дейін ұзындығы 200 шақырымды құрайтын 174 көше орташа жөндеуден өтеді. Осы жылы сапалы жолмен қамту көрсеткіші 76 пайызға жетеді.

 

Оқылды 216 рет