Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024 10:18

«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда қабылданды

ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Маңызды құжатты әзірлеуге Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы және қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды.

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмысшы топпен кездесіп, мәселені талқылаған болатын. Түркістандық тұрғындар да Мемлекет басшысының бұл бастамасын қызу қолдады. Заң жобасын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Экономика министрі премьер-министр орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев қосымша баяндама жасады.

Түркістанның мәртебесі туралы Заң жобасын талқылау 1,5 сағатқа созылды. 15 депутат сауалдарын жолдап, пікір білдірді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлыбритания, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді. Заң 4 тараудан және 15 баптан тұрады, Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді.

Заң жобасының негізгі новеллаларына тоқталсақ, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру; Ұлттық қолөнершілер шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу; Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін ғимараттар салуға жол берілмейді. Сонымен бірге шаһар басшылығы мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша шешім қабылдай алады. Түркістан қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа қосымша 34 құзырет беріледі.

Айта кетейік, Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 31,5%-ға артып, 2024 жылдың 1 қарашасына 236 333 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, өткен жылы 370,8 млрд. теңгеге жетті. 2024 жылға 413,7 млрд. теңге болады деп болжамдануда. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, былтыр 66,2 млрд. теңге түссе, биылғы 10 айда 62,3 млрд. теңге түсті. Қала бюджеті облыс орталығы болғалы 3 есе өсіп, 141,3 млрд. теңгеге (2018 жылы 41,9 млрд. теңге) жетті. Қалада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі соңғы үш жылда 915,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестиция – 458,1 млрд. теңге. Биыл 390 млрд. теңге тартылады деп жоспарлануда.

Соңғы үш жылда шаһарда 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 807,3 мың шаршы метрді құрайтын көп пәтерлі 200 тұрғын үй (10 020 пәтерлі) пайдалануға берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп, 22 мыңға жетті. Биыл Түркістанға «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шаралар өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165%-ға өсіп, 2023 жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны үш жылда 60 есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 953,9 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,2%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны 22,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 2 есе артқан.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістанда қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде. Себебі Түркістанда туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі туризм саласын дамыту бойынша жол картасы бекітілді. Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде.

eQonaq – туристік ағынды және көші-қонды бақылауды жинауға және есепке алуға арналған ақпараттық жүйе. Аталған жүйе орналастыру орындарының бірыңғай реестрін құру, туристердің келу-кету әрекеттерін бақылау және есепке алу, турист ағымын және портретін сараптау, сондай-ақ туристердің тұрақтау кезіндегі тұрмыс сапасын жақсартуға арналған алуан қызметтерді ұсынады.

Статистика бойынша Түркістан қаласына негізінен Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларынан және Түркістан облысының өзінен адамдар көп келеді. Шетелдік туристер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп. Шетелдік туристер үшін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтер де жұмыс істейді. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлер де бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келген.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, еліміз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топтардың қатысуымен 17 іс-шара ұйымдастырылды. Үкімет бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарланды. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы және «Керуен сараймен» іс-шаралар тізбесін пысықтауда. Биыл басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған Karavan Statue Street Art мүсіндер фестивалі, гастрофестивал секілді жобаларды жүзеге асты.

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырма берді.

Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өткенін де айта кетейік. Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай, сапалы әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Сонымен бірге жаңа нысандардың қасбетінде ұлттық нақыштың ұмытылмауын, тарихи әрі туристік нысандарда тұтас бір үйлесімділік болуы керектігін айтты.

Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ.

Мәжілісте Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Қолөнершілер орталығы» нысанын салу жобасы да сарапталды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.

Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың  жаңалануына байланысты халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы  қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығыда зор. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.

Біздің мемлекетімізде, табиғат тылсымы мен жаратылыстың таңғажайыбы жеткілікті. Жеріміз кең, климаты әр түрлі болғандықтан, бір тамыз айының өзінде төрт маусымның элементтерін бір мезгілде көре аласың.  Жер бетінің жеті ықылымын бағындырған Әмір Темірдің табаны тиген тағдырлы жері осында жатыр. Қолтаңбасы басылған ТҮРКІСТАН әне тұр. Енді біз сол шахбаз шаһардың халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуына жұдырық болып жұмылып, ел болып ерен күш салсақ, туристер шоғыры өздігінен қаптайын деп тұр. Бұл өз кезегінде еліміз бен жаңа қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының теңдесіз, тамаша үлгісі болмақ. Түркі әлемінің бесігі саналатын қасиетті Түркістанның өркендеуіне үлес қосу арқылы өркениетті елдердің санатына жақындай түспекпіз. Ол үшін мүмкіндік те жоғары. Ұлы даламыз туристердің ұясына айналарына жұртшылықтың сенімі мол.                                                                         

Кәрі құрлыққа қара шаңырағының қазығын қаққан қаймана қазақтың рухани астанасы болған Түркістанның облыс орталығына айналуы өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес әлбетте. Керісінше, одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Біз бұл жаңалықты тек осы оймен, яғни тек сыртқы форма үшін жасалды деп ойламауымыз керек.  Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуы тиіс. Оған мүмкіндігі де, әлеуеті де әбден жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болды. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына көпшілік қуанышты, әрі қарай жан-жақты дами беретіні анық.

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Түркістан қаймағы бұзылмаған қазақтың қасиетті қарашаңырағы, берекесі ұйыған киелі мекені. Осы қастерлі де, қадірлі мекеннің даму даңғылы ретінде саналатын аталмыш бағыттарды өз кезегінде ұсынылған тамаша бастама екені анық. Енді, ол жердегі: «Түркістан - қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; Әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы;  Қожа Ахмет Ясауи - рухани тұлға сынды» төрт бағыттың айналасындағы атқарылар жұмыстар нәтижесін берсе, қаланың одан сайын қарыштап дами түсетіні уақыт күттірмейді.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. 

Бүгінде тікелей Түркістан қаласына көп көңіл бөлініп отыр. Көптеген туристер күндіз келушілер немесе киелі орындарға бағыт алғандар. Сондықтан, негізгі міндет - адамдар Түркістанға түнеуге келіп, бірнеше күнге қалып, қаржыларын осында жұмсап, кәделі сыйлар алуына, мейрамханаларға баруына жағдай жасау болып отыр. Бізге осы жағына көп көңіл бөлу керек дейді мамандар.

Түркістанның мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық дамуында алар орны ерекше. Түркістан өңірі әлмисақтан сауда-саттық пен ынтымақтың алтын ордасы болған. Түркістанды облыс орталығына айналдыруы – ең бір ұтқыр да көреген шешім болды. Облыс орталығы мәртебесін иеленген Түркістан қаласы қашанда тарихи туризмнің алтын ұясы саналып келеді. Бұл жақта туризм кластерінің басым бағыты саналатын көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. 

Түбі бір түркі елдері рухани орталық ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналды, дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қала қазір 3 бағытта дамып келе жатыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағы толығымен абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалуда. Ясауи мен Рәбиға Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тарихи, мәдени орталық көз қуантатындай жасалып келеді. Осындай рухани, мәдени орталықта Визит орталығы, «Ұлы дала» орталығы, Ясауи музейі, Фараб кітапханасы, театр, республикамыздағы алғашқы халықаралық туристік және меймандостық университеті сияқты бірнеше маңызды нысан бой көтерді. Түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі туристердің қызықтап, арнайы ат басын бұратын орынның бірі  «Керуен сарайы». Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. 188 гектар аумақты алып жатқан кешен шаһарға ерекше көрік беретін ауқымды жоба. Мұнда қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар мен тарихи-сауда көшесі бар. Сондай-ақ, жасанды көл кешеннің көркін келтіріп тұр. Бұл алып кешен Түркістанның рухани-мәдени орталығының бір бөлігі ғана дерсіз. Себебі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің аумағы толықтай түрленіп, сәулеттік сән салтанаты жарасқан орынға айналды. Осыдан үш жыл бұрын құрылысы қызған сектор аумағында қазір бірнеше мұражай, технологиялық кітапхана, театр мен неке сарайы бой көтерді. Түркістанда туризмді дамытуға басымдық берілген. Жан-жақты жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға қолдау көрсетіліп, екі жақты келісім жолға қойылды.

Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық музей ретінде құрылған «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейін» айтуға болады. Тарихи музей қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т. б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, қала басындағы тарихи музейлер мен тарихи мәдени орталықтар – туристерді өзіне шақыра алатын нысандар. Саяхат сапары Күлтөбе қаласынан бастау алады. Өйткені Күлтөбе – қазіргі Түркістан қаласының ескі орны. Бүгінгі таңда ескі қаланың жоғарғы қабатының тарихи белгілері бұзылған. Бірақ саяхаттаушы туристерге ескі қала орны ерекше қызығушылық тудыратыны анық. Сондай-ақ Күлтөбеден Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

Түркістан түркі халықтарының мәдени және рухани мекені, тарихтан келешекке бағыт алған көне қала. Әлемдік туризмнің даму тенденциясы жылдан жылға оң бағыттарға өзгеріп келеді. Шаһарда ұйымдастырылып жүрген іс-шаралар түркітілдес елдер арасындағы туризм бағытындағы қарым-қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосады. Түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өркениетін нығайтуға айрықша серпін береді. 2021 жылы 31 наурызда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атау туралы декларацияға қол қойғаны белгілі. Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Түркі тілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдері Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналғаны шындық. 

ТМҰ мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттердің ірі қалалары арасындағы авиарейстер саны артып келеді. Бірлескен туристік өнімдерді құру, серіктестік қатынастарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және «Жібек жолы» заманауи турмаршрутын дамыту бойынша жұмыстар жанданған. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Таббарук Зиерат» пилоттық жобасын одан әрі жалғастыру жұмыстары жүргізілуде. Салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағымды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бойынша марафондар альянсын құру ұсынылған. Туризм және қонақжайлылық бойынша оқытуға мамандандырылған ТМҰ университеттер лигасын құру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл туризм саласындағы табысты мансап үшін маңызды болып табылатын студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Түркітілдес елдердің туристік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойынша тәжірибе алмасуды күшейту жағы да күн тәртібінен түскен емес.

ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастамалардың бірі «Түркі әлемінің туристік астанасы» екенін ерекше атап өтуге болады. Бұл бастама Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының тығыз байланысуына ықпал етеді. Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 35 рет