Жұма, 19 Маусым 2026 10:45

Сауран ауданы мен Өзбекстанның Шыршық аудандары арасында бауырластық туралы меморандумға қол қойылды

Өзбекстанның Ташкент облысында ұйымдастырылған «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес алаңы Қазақстан мен Өзбекстанның іскерлік қауымдастығы өкілдерін бір жерге жинады. Іс-шараға екі өңірден келген 200-ге жуық кәсіпкер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысып, өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу аясында Сауран ауданы мен Шыршық ауданы арасында өзара серіктестік қатынастарын дамыту жөніндегі меморандум рәсімделді. Құжат әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өңіраралық байланыстарды жүйелі түрде дамытуға жол ашады. Айта кетейік, аталған іс-шара барысында Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт және Сарыағаш аудандары да Ташкент облысындағы серіктес аудандармен өзара байланыстарды дамыту жөніндегі құжаттарға қол қойып, өңірлер арасындағы әріптестіктің аясын кеңейтті.

Сонымен бірге, Ташкент облысында өткен осынау халықаралық бизнес-кездесулер аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстанның кәсіпкерлері және инвесторларымен G2B форматындағы келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, өндіріс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Нәтижесінде жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Қол жеткізілген келісімдер өңір экономикасына инвестиция тартуға және жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, Сауран ауданында жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі бойынша «Мясные продукция Туркестан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі меморандумға қол қойды.

Келісім аясында Сауран ауданында сервистік мал сою бекеті мен ет өнімдерін қайта өңдеу цехын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жоба ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өнім өңдеу көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 16 рет