Сенбі, 27 Маусым 2026 09:26

«Отырар алқабы» газетінің шыға бастағанына – 91 жыл толды

Тарихы терең, тағылымы мол «Отырар алқабы» газетінің жарық көргеніне биыл 90 жылдан асты. Ауданмен қатар құрылған басылым тоғыз онжылдық бойы елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ауданның тыныс-тіршілігін, жетістігі мен жаңалығын халыққа жеткізіп келе жатқан рухани ордаға айналды.

Ғасырға жуық ғұмырында газет ұжымы талай тарихи кезеңдердің куәсі болып, елдің бірлігі мен берекесін, еңбек адамдарының жетістіктерін, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын кеңінен насихаттап келеді. Сөз құдіретін серік еткен журналистер қауымы ақпарат айдынында адал қызмет етіп, оқырман сенімінен шығып келеді. БАҚ қызметкерлері күні мерекесіне орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы «Отырар алқабы» газетінің ұжымын арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Кездесу барысында аудан басшысы басылымның аудан өміріндегі маңызын ерекше атап өтіп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған газет қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Іс шарада ұзақ жылдар бойы ақпарат саласында жемісті еңбек еткен қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, иықтарына зерлі шапан жабылды. Бұл – журналистика саласына көрсетілген ерекше құрмет пен бағалы ілтипаттың белгісі болды. Аудан әкімі өз сөзінде: «Отырар алқабы» газеті – ауданның айнасы, елдің шежіресі. Газет ұжымының еңбегі қашанда жоғары бағаланады. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ауданның жетістіктерін кеңінен насихаттай береді деп сенемін», – деп ризашылығын білдірді. Бүгінде заман ағымына сай жаңарып, жаңа бағытта дамып келе жатқан басылым ұжымы оқырманмен байланысын нығайтып, ақпарат кеңістігінде белсенді қызмет атқаруда.

Осы күндері халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айналған, ұлттық рухтың ұлы ұстанымдарының бірі ретінде бағаланатын қасиетті Отырар өңірінің газеті – «Отырар алқабына» 91 жыл толып отыр. Кезінде газетке басшылық жасағандар қатарында ұлтымыздың дара перзенттері, белгілі мемлекет қайраткерлері, көрнекті қаламгерлер болғанын айта кеткен жөн. Кейінгі уақыттары да басылым тізгіні есімдері елге танымал тұлғаларға тиді. Басылым ел басына түскен зұлмат жылдарды да, ұлттың мерейін тасытқан қуанышты сәттерді де бастан өткерді. Алайда, газет қай кезде ­де, қандай жағдайда да ұлтының сөзін сөйлеуден, ел-жұртты жақсылыққа, іргелі істерге ұмтылдырудан жаңылған емес. Қазіргі таңдағы алдына шырақ етіп ұстанған басты мақсат-мұраты – ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету. 

Бұл газетте қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, руханиятының жарқын тұлғалары болған арыстардың қолтаңбасы, ой-толғамдары қалған. Асылында, «Отырар алқабы» – журналистер шеберханасына айналған тағылымы мен тәлімі зор өнегелі мектеп, ғибраты мол басылым, сөз ұстаханасының атасы. Ауданның бас газеті 1935 жылы Отырар ауданы құрылған сәттен бастап аудан көлеміндегі түрлі жаңалықтарды шалғайда жатқан қазаққа жеткізу мақсатында қызметін бастаған болатын. Елдегі қоғамдық-саяси реформаларға орай газет атауы «Социалистік Шәуілдір», «Қызылқұм» болып өзгертілді. Еліміз егемендігін алғаннан соң басылым аймақ атын иеленіп «Отырар алқабы» деген атпен шыға бастады.

Газет редакциясында қызмет еткен аға және орта буынның өкілдері қандай қиын шақтарда да журналистік кәсіпке деген адалдығымен табанды еңбек етіп, аймақтың тыныс-тіршілігін газет беттерінде шынайы көрсетті, тұрғылықты халықты ортақ міндеттерге жұмылдыру парызын адал орындады. Міне, аталмыш басылым бүгінде ақпарат айдынынан айшықты орын алған басылымға айналды. Газет осы 91 жыл ішінде тек баспасөз қызметін атқарып қана қоймай талай республикалық деңгейдегі журналистерді де түлетіп ұшырған құтты орын болды. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор!» деген екен Алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Ләйім солай болғай. Елдің де, газеттің де келешегі кемел болсын деп тілейік.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 48 рет