Биыл облысымыз үшін түрлі оқиғаларға толы жыл болды. Түркістан облысының құрылғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Түркі әлемінің рухани бесігіне айналған Түркістан қаласының жаңаша келбетін қалыптастыру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Тарихи шаһардың ажарын ашар ғимараттар мен сәулет өнерінің тамаша туындылары Түркістанда бой көтеріп, ел игілігіне берілуге жақын қалды. Мұның бәрі туған топырағына тағзым етіп, Түркістанды түлетуге білек сыбана кіріскен сіз бен біздің жұмысымыздың жемісі. «Отанды сүю – иманнан» екенін ұмытпай, туған жердің игілігі үшін еңбек еткен әрбіріміздің Жаратқанға деген сүйіспеншілігіміздің дәлелі.
24 маусымдағы күрделі сәтте күллі Қазақ жұртшылығы арыстықтардың жанынан табыла білді. Апаттың алғашқы күнінен бастап баспанасыз қалған жандарға көмек беріп, ас-суын, киімдерін, керек-жарағын ұсынғандардың қатары көп болды. Мемлекет тарапынан көмектер дер кезінде көрсетіліп, бірліктің арқасында ең қиын кезеңдерді артта қалдырдық. Міне, мұның барлығы қайырымдылықты алғашқы орынға қоятын мемлекетіміз бен халқымыздың біртұтастығының арқасында жүзеге асты. Жасаған жақсылықтарының өтеуін Алладан ғана күтетін қайырымды жандардың бар екендігін көрсетті.
Бейбітшілікті, тұрақтылықты, татулықты ту етіп, әлемдік қауымдастықтың оң бағасын алған Қазақстан үшін ең басты байлықтар- бірлік пен тыныштық. Демек, бірлікті бекемдей түсетін бұл мерекенің маңызы зор.
ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР!
Қасиетті Құрбан айт – Жаратқанға жақсы амалдармен жақындай түсуге мүмкіндік туғызар тағылымы мол мереке. Ендеше, осы күні ынтымақ пен бірлігімізді, татулығымызды ту етіп, қоғамның қажеті үшін қайырымды іс атқаруға асығайық. Шалған құрбандықтарыңыз бен құлшылықтарыңыз қабыл болып, армандарыңыз орындалсын. Қазақстанымыз мәңгі жасап, Түркістанымыз түрлене берсін!
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі.