Күн тәртібінде экономика және қаржы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің 2019 жылдың 7 айында атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндамалары қаралды. Бірінші болып сөз алған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Ашрапов ауданның кіріс бөлігінің жоспары 7 айда 627 млн. 609 мың теңгені құрап, нақты түсім 677 млн. 458 мың теңге немесе 107,9% болғанын айтты.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаевтың баяндамасы бойынша 2019 жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14 млрд. 947,8 млн. теңгеге жеткен. Оның ішінде мал шаруашылығы 12 млрд. 732,8 млн. теңге, егін шаруашылығы 2 млрд. 206 млн. теңге болған. Егістік жердің 63130 га жер игерілген. Оның ішінде бидай – 13 900 га, арпа – 6500 га, ноқат -50 га, мақсары – 12500, күнбағыс – 100 га, жаңа жоңышқа - 4680 га, сүрлемдік жүгері - 155 га, көкөніс -1757 га, картоп -1285 га, ескі жоңышқа – 22163 га.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Сарқырама, Алатау, Шатыртөбе, Қайнар елді мекендерінің ауыз су құбырларының құрылысы жүріп жатса, ауданға қарасты барлық қала, ауылдық округтердегі 38 ішкі жолдарды жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.
Құрылыс бөлімінің мәліметіне сәйкес, аудан көлемінде 6 білім нысаны және 1 инженерлік коммуникация саласы бойынша құрылыстар жүруде. Соның ішінде Киелітас елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің акт залы, спорт залы, асхана, шеберхана, кітапхананың құрылысы аяқталып, нысанды жаңа оқу жылына пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сәбит Тұрғынбеков өз баяндамасында ауданда халық саны 2019 жылдың 1 шілдесіне 118,2 адам, оның ішінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша белсенді халық саны – 50796 адам, жұмыспен қамтылғандар - 48092, өздігінше жұмыспен қамтылғандар –19135 адам, жұмыссыздар саны- 2704 адам, жұмыссыздық деңгейі – 5,3 пайыз болғанын жеткізді. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша жыл басынан 2240 адам, оның ішінде 931 жұмыссыз азамат өтініш білдірген болса, олардың тұрақты жұмысқа орналасқаны - 931 адам. Жыл басынан қоғамдық жұмысқа 250 адам тартылған. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны 1127 адам болып отыр.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімі Б.Омарбеков қала, ауылдық округ әкімдеріне, бірқатар дербес бөлім басшыларына жоғарыда баяндалған мәселелер бойынша бірқатар сұрақтар қойып, нақты тапсырмалар берді.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.