Сондай-ақ түлкібастықтардың Арыс қаласына арнайы сапары барысында тазалық акциясы ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған акция барысында №14 сектор аумағындағы көшенің бойы мен аяқжолдар және әлеуметтік нысандар аумағы толығымен тазаланды. Акцияға жалпы 150 түлкібастық атсалысты.
Арыс қаласындағы №14 сектордың тазалық жұмысына Түлкібас ауданынан арнайы 4 жүк көлігі, 2 жүк арту көлігі, 1 су тасу техникасы және 7 жұмысшы арнайы бекітіліп, қазіргі таңда аталмыш жұмыс тобытазалық жұмыстарын қарқынды атқаруда.
Сектор аумағындағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары бүгінгі күнге 97 пайызға жетіп отыр. Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша қолға алынған шаруалар ауқымды десек, ондағы №14 секторға бекітілген алматылықтар мен түлкібастықтардың жұмыла істеп жатқан қаланы қалпына келтіру жұмыстары жемісін беруде. Оның бір дәлелі, сектор аумағындағы 503 жеке тұрғын үйдің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйек күні толығымен аяқталатындығын айтуға болады.
Бүгін Арыс қаласына арнайы барған түлкібастықтар құрылыс жұмыстарына атсалысып жүрген Алматы қаласының құрылыс компанияларының жұмысшылары мен сектор тұрғындарына «Жұрынқожа» мешітінде түскі ас ұйымдастырып, бірлік пен ынтымақтың нышанын көрсетті.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.