Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2017 12:57

Туберкулезбен ауырған шардаралық мұғалім мектепте қайтадан жұмыс істеп жүр ме?

Бүгін редакциямызға Шардара қаласының бірнеше тұрғыны хабарласып, балаларының денсаулығына алаңдаулы екендіктерін жеткізді. Айтуларынша, балалары білім алып жатқан М.Горький атындағы мектепте былтыр туберкулез ауруына шалдығып, жұмыстан кеткен мұғалім, биыл осы мектепке қайтадан жұмысқа кіріп, лаборант ретінде қызмет етіп жүр екен.

Редакцияға хабарласқан ата-аналар: «Ол мұғалім ауруынан толық жазылып кетті ме, жоқ па, ол жағынан хабарымыз жоқ, алайда, ол әйелдің туберкулездің ашық түрімен ауырғанын естіген болатынбыз. Егер шынымен солай болса, ондай науқастың дерті бір жылдың ішінде жазылып кете қоюы екіталай ғой. Былтыр осы мұғалімнің туберкулезге шалдыққанын естігенде балаларымызға жұғып кетпеді ме деп қорқып, дәрігерлерге тексертіп, дәрі-дәрмек ішкізіп, неше түрлі уколдар салғызып, әбігерге түсіп едік. Енді, тағы да қорқып отырмыз. Егер ауруынан толық жазылмаған болса, балаларымызға жұқса не болады? Мектеп қызметкерлері де қорқып жүрген көрінеді. Айтпағымыз, білім бөлімі, денсаулық сақтау мекемелері неге шара қолданбайды? Ең болмаса бізге, ата-аналарға мәселенің мән-жайын түсіндірсе болады ғой. Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігі. Биліктегілер осы мәселенің мән-жайын анықтаса екен» - дейді.

Қанша дегенмен, алаңдайтындай-ақ мәселе екені айтпаса да түсінікті. Ендігі жерде, Шардара ауданының әкімдігі мен аудандық білім бөлімі осыған байланысты тексеру жүргізіп, балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отырған ата-аналарға мәселенің мән-жайын түсіндірер, ақ-қарасын анықтап берер деген сенімдеміз.

 «AQ-QARA.KZ»

Оқылды 3613 рет