Жұма, 16 Наурыз 2018 11:47

Шымкент: Берікбай Михеевтің оқушысына қатысты оқиға сарыағаштық оқушының оқиғасынан жеңіл болғаны ма?

Сонымен, Шымкент қаласындағы №83 жалпы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Ахметовтің өз-өзіне қол салып, дәлірегі, өз үйінің ауласындағы моншаның артында асылып қайтыс болуына байланысты оқиғаның тергеу-тексеру амалдарының алғашқы нәтижелері шыға бастады. Наурыздың 6-сында «otyrar.kz» ақпараттық порталы «Мектептегі әлімжеттікке қатысты 17 жасар оқушы қамауға алынды» деп хабар таратты (https://kz.otyrar.kz/2018/03/mekteptegi-%D3%99limzhettikke-%D2%9Batysty-17-zhasar-o%D2%9Bushy-%D2%9Bamau%D2%93a-alyndy/).

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын – 10 ақпан күні шаһардағы №83 мектептің оқушысы өз үйінің ауласында асылып қайтыс болғаны туралы және өз-өзін өлімге қиған жасөспірімнің қалтасынан жыртылған қағаз табылғанын, онда бірнеше адамның аты-жөні жазылғанын таяуда тілге тиек еткенбіз (http://aq-qara.kz/gylym-bilim/item/505-shymkent-okushysy-oz-ozine-kol-sal-an-mektepti-direktory-mikheev-kyzmetinen-kete-me). Осы жайтқа қатысты Шымкент қаласының Қаратау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тиісті шараларды, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, ақыры жіптің ұшын тапты.

Өз-өзіне құл жұмсауға итермелеген және ақша бопсалағаны үшін №83 жалпы орта мектептің 17 жасар оқушысы қамауға алыныпты. Мұндай санкцияны күдіктіге қатысты Қаратау аудандық соты шығарған. Нәтижесінде осы мектепте оқитын бір балаға қатысты Қылмыстық Кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғалды. Қазір соталды тергеу жұмыстары басталған. Нәтижесі алдағы күндері белгілі болмақ.

«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дейтін кең халықпыз ғой. Әйткенмен, мына жағдай ата-бабаларымыздай қолды бір сілтеп, елемей қоятын нәрсе емес. Қанша көз жұмғың келсе де, жұма алмайсың, себебі, адам өліп отыр. Оның үстіне оқушысы қамалғаннан кейін Ерсұлтан білім алған мектептің директоры Берікбай Михеев айтқандай, «Әлімжеттік жасап, ақша жинау деген біздің мектепте бұрын-соңды мүлдем болған емес. Бұл туралы ашық айта аламын» деген сөзінің жауырды жаба тоқу екені айқындала бастағандай.

Ал Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаевтың түнеугүні қоғамдық кеңестің отырысында (https://zhasalash.kz/6344/) оқушылар арасындағы осы суицид оқиғаларына қатысты пікірін білдіріп: «Соңғы екі факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үлкендердің кішілерге әлімжеттік жасап жүргенін арнайы инспектор, мұғалімдер, директордың білмеуі мүмкін емес» дей тұра «Қазір екі жағдай бойынша мектеп басшыларына ескерту бердік. Келесі жолы бірден қызметінен босатылады» дейді. Бұл сөзі ақылға сия ма? Неге келесі жолы? Шаһар басшысының бұлай сөйлеуінің себебі неде? Әлде Берікбай Михеевтің 10 жыл бойына отырған лауазымынан кетпеуіне мүдделілер бар ма екен?

P.S. Кеше Сарыағаштағы қоғамдық резонанс тудырған мектеп оқушысына қатысты мәселе бойынша екі бірдей мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілгенін білесіздер. Ал енді «Оқушысы өзіне қол салған мектептің директоры Берікбай Михеевке де дәл сондай шара неге көрілмейді?» дейтін сұрақ туады. Адам өлімі орын алып отыр емес пе? Оның үстіне Берікбай мырза: «Әлімжеттік жасап, ақша жинау деген біздің мектепте бұрын-соңды мүлдем болған емес» десе де, полицейлер «өз-өзіне құл жұмсауға итермелегені және ақша бопсалағаны үшін» деген айыппен сол мектептің 17 жасар оқушысын қамауға алып отыр. Егер оның әлімжеттік жасап, қылмысқа барғаны дәлелденіп жатса, мектеп директоры Михеев не дер екен?  

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Оқылды 4528 рет