Сәрсенбі, 20 Маусым 2018 13:54

Нұрлан Сауранбаев Шымкенттің республикалық маңызға ие қала атануымен құттықтады

Құрметті шымкенттіктер! Қадірлі жерлестер!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шымкентке республикалық қала дәрежесін беру туралы Жарлыққа қол қойғанын баршамыз асқан қуанышпен қарсы алып отырмыз. Осы сәттен бастап елімізде үшінші мегаполис, он жетінші аймақ пайда болды. 

Шынында да тарихи саналатын бұл сәтке біз ұзақ уақыт жеттік. Енді Астана және Алматы тұрғындарымен бірге шымкенттіктер де миллионды мегаполис тұрғындары атанды.

Бізді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Ең бастысы - бұл жаңалық Шымкент қаласын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызып, оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Себебі, біріншіден, Елбасы атап өткендей, Шымкент тұтас Орталық Азия аймағына инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды тартатын жаңа орталық болады.

Екіншіден, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру көлемі артады, тиісінше, балабақша мен мектеп, аурухана мен тұрғын үйлер көптеп салынады.

Үшіншіден, мегаполистің дамуы қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартып, халықты коммуналды қажеттілікпен қамтамасыз ету деңгейі көтеріледі.

Құрметті шымкенттіктер! Біз тарихи сәттің, жарқын жаңалықтар мен ауқымды реформалар қарсаңында тұрмыз.

Қазақстанда үшінші мегаполистің пайда болуы – асқан жетістік, еліміздің дамуының айқын көрсеткіші.

Мыңдаған жылдық тарихы бар қала енді ақылды, қауіпсіз әрі көркем мегаполиске айналады! Бұл – барша қазақстандыққа ортақ жеңіс! Дамудың дұрыс жолының көрсеткіші.

Баршаңызды осынау тарихи жаңалықпен тағы да шын жүректен құттықтаймын!

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1421 рет