Сейсенбі, 17 Шілде 2018 10:13

Шымкентте жаңа басқармалар құрылды

Шымкентте жаңадан басқармалар құрылды. Оларды әзірге қазіргі басшыларының міндетін атқарушылар жетекшілік ете тұрады. Бұл туралы қала әкімдігі активінің жиналысында жарияланды. Тағы бір жаңалық - аудан әкімдері ендігі жерде тұрғындармен жаңа жұмыс кестесі бойынша кездесетін болады.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімдігінде күнде жаңалық. Бұл түсінікті де. Себебі қала облыстан бөлініп, өз алдына енші алып шыққан соң, жаңалықтардың көп болатындығы айтпаса да түінікті. Қала әкімдігінің жиналыс залында күн сайын дерлік тарихи мәлімдемелер жасалып жатыр. Соның бірі ретінде қала әкімдігіне қарасты басқармалардың құрылғандығын айтуға болады.

Сонымен, «Табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалану басқармасын» уақытша Ахмет Өтегенұлы Таттыбаев басқарады. Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасын уақытша басқару жұмысы Б.А. Қалжановқа жүктелді. Денсаулық сақтау басқармасының уақытша жұмыс істейтін бастығы Нұрлан Кәукенұлы Қасымов. Тұрар Асхатұлы Ахметов туризм және сыртқы байланыстарға уақытша жауапты. Мұрағат, ақпараттандыру және халыққа қызмет көрсету бөлімінің уақытша басшысы - Юсупова Айнур Абдуахасовна. Осылайша, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов уақытша болса да жаңа басшыларды таныстырды.

Қала әкімдігі активінде жария етілген тағы бір жаңалық – аудан әкімдері ендігі жерде тұрғындармен басқаша жұмыс істейтін болады. Бұдан былай Шымкенттің ішіндегі аудан әкімдері бұрынғыдай аптасына бір рет емес күн сайын тұрғындармен сағат 9-10 аралығында кездесуге тиіс. Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі аудан әкімдіктерінің басшыларына өздеріне сеніп тапсырылған аудандағы халықтың өмір сүру сапасына жауапты екендіктерін тағы бір мәрте естеріне салды.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1465 рет