Сенбі, 21 Шілде 2018 15:20

Шымкенттіктер «Мұз сарайының» алдына жиналып, Денис Тенді еске алды

Қылмыскерлердің қолынан ажал құшқан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді шымкенттіктер «Мұз сарайының» алдына жиылып, еске алды. Жиналғандар Денис Теннің туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақ екендерін білдіріп жатты.

Аты әлемге әйгілі атлеттің қазасына орай еліміз ғана емес, бүкіл әлем елдерінің танымал спортшылары көңіл айтып жатыр. Денистің қазасы Шымкент қаласы тұрғындарының да қабырғасын қайыстырғанын айта кетейік. Мұз сарайына жиналған халық аз ғана ғұмырында үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің абыройын асырып, көк туымызды сан мәрте биікке көтерген ұлының келмеске кеткеніне сене алмайтындарын, ерекше күйзелгендерін айтып жатты. Шымкенттік мәнерлеп сырғанау спортшылары болса онымен бірге болған, әңгімелескен сәттерді еске алды. Оның өсіп келе жатқан жас спортшыларға үлгі болғаны әңгіме болды. Қала тұрғындары еріксіз көздеріне жас алып, оның жарқылдаған бейнесі мәңгі есте қалатынын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Алматы қаласындағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенді оң жақ жамбас тұсынан бірнеше мәрте пышақтайды. Жедел жәрдем 11 минутта ауруханаға жеткізгенімен, үш литрдей қан жоғалтқан Денис өте ауыр халде болған. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 6935 рет