Дүйсенбі, 13 Мамыр 2019 13:27

Салыхан ПОЛАТОВ, Түркістан облысы, Созақ ауданының әкімі: «Арманым – Шолаққорғанды қалаға айналдыру!»

 «Жарықтандыру жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке бердік»

– Салыхан Сабырұлы, есіңізде болса, Созақ ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға 2 ай толғанда өзіңізбен сұхбаттасып едік. Мінеки, арада 2 жыл өте шығыпты. 2 жыл дегеніңіз 2 ай емес, біраз шаруаны бастап, біраз шаруаны аяқтап үлгеруге болатын бірталай уақыт. Осы екі жылда Созақ өңіріне нендей жаңалық алып келдіңіз? Созақтықтардың өмірінде қандай өзгерістер орын алды? 

Иә, екі жыл деген екі айдай зулап өте шығыпты. Осы уақытта біраз шаруалар атқарылды. Біраз жобаларымыз іске асты десем болады. Мәселен, 12 ауылда – бір-бір көшеден, аудан орталығы Шолаққорғанда 3-4 көшені асфальттадық. Барлық ауылдарда көшелерге тас төсеп, жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы болды. Жоғары деңгейде, жақсылап атап өттік қой деп ойлаймын. Ауқымды іс-шара ғой. Келген қонақтар риза болып кетті. 90 жылдық күнде бола бермейді. «80 жылдық пен 90 жылдықтың арасында не істелінді?» деп ел айтады ғой. Соған дайындалдық. Құмкент елді мекенінен спорт кешенін салып, елге тапсырдық. Одан кейін талай жыл жыр болған Тәуелсіздік саябағының құрылысын бітіріп, мерейтой қарсаңында тұсауын кестік. Ол жерде қаншама іс-шарамыз өтті. Біздің Созақ ауданынан 9 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Меніңше, бұл аздау сияқты. Олардың барлығы дерлік – мал шаруашылығымен айналысқандар. Табиғаты қатал Созақтай өңірде мал шаруашылығымен айналысу, мал өсіру оңай шаруа емес. Айтайын дегенім, сол 9 Социалистік Еңбек Ерінің кім екенін, олардың еңбегін келешек жас ұрпақ білсін, көрсін деп Тәуелсіздік саябағының ішіне бюстін орнаттық. Оған қоса Созақтан шыққан 4 күйшіміздің де мүсінін сол жерге қойып, осылайша, ауданның 90 жылдық тойында ашылу салтанаты болды. Бұл тағылымдық мән-маңызға ие дүние болды деп ойлаймын.

Одан кейін, ауыл-ауылдағы әкімдіктер баяғы совхоздардың ғимаратында отыр. Құдайға шүкір, жақында егемендік алғанымызға 30 жыл толады. Осы мәселе бойынша Шу, Тасты, Жуантөбе, Қаратау ауылдарындағы әкімдік ғимараттарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Құдай қаласа, келесі жылы құрылысын бастасақ деп отырмыз. Көп қаржы да кете қоймайды, ары кетсе, 50-60 млн. теңге керек шығар. Сосын, ауылға жұмыс істеуге барған мамандарды баспана мәселесі қинайды. Үйі болмағаннан кейін күйі болмайды. Сол үшін аталған ауылдардан қызметтік үйлер тұрғызбақ ойдамыз. Ол үйлер сатылмайды. Құдай қаласа, келесі жылы оны да бастаймыз деп отырмыз.

Бізде үш ауылда мәдениет үйі жоқ екен. Сол үшеуінің ЖСҚ-сын бітірдік. Хабардар шығарсыздар, биыл перспективалы ауылдарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы жасалып, болашағы бар ауылдарға қомақты қаржы берілмекші. Сол қаржының есебінен осы жобамызды жүзеге асырсақ деген ойдамыз. Бұлар салынып бітсе, ауданымыздағы барлық ауылдарда мәдениет үйі болады. Былтыр төрт елді мекенге медпункт салдық. Осылайша Созақ ауданындағы барлық елді мекендерде медициналық пункттер бар деп айта аламыз. 

Тағы бір қуанышты жаңалығымыз, күннен қуат жинайтын электр станциясы салынбақшы. Өткенде Қарағанды облысының Гүлшат кентінде шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Сол инвесторлар бізге де келді. Оларға Шолаққорғаннан 125 га жер бердік. Қазір құрылыс жұмыстары басталды. Станцияның қуаттылығы 50 МВт болады. Жобаның құны – 50 млн. АҚШ доллары. Қаржыны Еуропалық қайта құру және даму банкі бөлген. Желтоқсан айында тапсырып, іске қоспақшымыз. Бұл станцияның өндірген электр энергиясы KEGOC, яғни, «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясына» беріледі. Сол арқылы бүкіл елімізге тарай береді. Алдағы уақытта KEGOC-пен келісіп, электр энергиясын тікелей өздерінен алу арқылы индустриалды аймағымызға арзандатып беру жағын қарастырамыз. Екі есе арзан болатын шығар. Бұл жоба – біздің ауданға салынған үлкен инвестиция. Ірі жоба. Салығы біздің ауданға түседі. Станция құрылысы біткенше 300 адам жұмыс істейтін болады. Оның 200-і Шолаққорғанның тұрғындары болады деп келісіп отырмыз. 

Келесі бір жобаны айта кетейін. Құмкент пен Жартытөбенің ортасында Үшбас деген жер бар, сол жерде қытайлық компания қазақстандық «САУТС ОЙЛ» компаниясымен бірге «Созақфосфат» деген мекеме құрды. «Қасфосфат» секілді фосфор өндіретін үлкен мекеме болмақ. Қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үш айда бітірмекші. Үш айда зерттеу жұмыстарын бітірсе, ары қарай зауыттың, кен байыту комбинатының құрылысы бастау алады. 1 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Білуімше, «Қазфосфатта» екі мыңдай адам жұмыс істейді екен. Ол дегеніңіз қалақұраушы мекеме ғой. «Созақфосфатта» 1 мыңға жуық адам жұмыс орнын тапса, ол да аз емес. Бұл ауданымыздың әлеуетін көтеру үшін тиімді жоба болғалы тұр. Бұрыннан өндірісті аудан едік, енді өндіріс ошақтары тіпті көбейіп, индустрия саласы қарқынды дамыған ауданға айналып жатырмыз. 

– Алғашқы сұхбатымызда «Аудан орталығы «атом өнеркәсібінің орталығы» дейтін мәртебеге еш сәйкес келмейді. Бәрі бәз-баяғыша. Үйлер де, көшелер де. Мен осы Шолаққорғанды қалаға айналдырайық деп бастама көтеріп отырмын. Шолаққорғанның келбетін өзгерту кіреберістен-ақ басталады. Келімді-кетімді жамағат қайда келе жатқанын осы жерден сезінуі керек. Кіреберіс жол екі жақты етіп қайта салынады. Көшелердің барлығын Шымкенттегідей абаттандырмақ ойдамыз. Көшелердің екі шеті жасыл желекке оранады. Бәрін ортақ стильге келтіреміз. Автобекеттің де ғимараты қазіргі заманға сай етіп қайта жаңартылады. Мұның барлығының ЖСҚ-сына қаржы қарап қойдық» деп едіңіз. Сол бастамаларыңыз қаншалықты жүзеге асты? Өзгеріс бар ма?

Былтырлары, облыс орталығы ауыспай тұрғанда, Шымкентке қарай бой түзейік деп, аудан орталығына кірберістегі жолдың екі бетін жасыл желекке айналдырмақ ниетпен жобалық-сметалық құжаттама жасағанбыз. Жұмыстар жүргізілді. Көгалдандыру жұмыстарын ары қарай да жалғастырып, қолға алған шаруаларды бітіреміз. Бізде ең қиын мәселе – ағаш егу, ол ағаштың жан-жағын қоршау. Оны қоршамасақ, жайылып жүрген мал бүлдіріп, өсірмей тастайды. Сосын оны суару да оңай емес. Енді Кентау бағытындағы жол бойына да тал егу, көгалдандыруды қолға алғалы отырмыз.

Жақсы жүзеге асқан жобаларымыздың бірі – көшелерді жарықтандыру. Бүгінде Шолаққорғандағы көшелердің барлығын жарықтандырып қойдық. Түнде көрсеңіздер, өте әдемі, самаладай жарқырап тұр. Жарықтандыру жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке бердік. Бұл іс облыста ең бірінші болып бізде қолға алынды. Бұрын Шолаққорғанды жарықтандыруға 23 млн. теңге кететін. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке өткесін 9 млн. теңге жұмсалатын болды. Жеке кәсіпкер электр шамдарының барлығын үнемді шамдарға ауыстырып шықты. Барлық жұмысы автоматтандырылған. Күннің ыңғайына қарай кешке жарық қосылып, таңертең өшеді. Осындай әріптестікті жалғастырып, Кентау бағытындағы көгалдандыру, ағаш егу жұмыстарын да мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке беріп жатырмыз. Олар биыл күзде өздері ағаш егіп, қоршап, суландырып, жұмысын бітіреді. Одан кейін біз ақшасын төлеп береміз. Мұның бір артықшылығы, ЖСҚ дайындап, конкурс ұйымдастырып, хабарландыру жасап, әуре болудың керегі жоқ. Осы арқылы уақыттан ұтады екенбіз. Кәсіпкер жұмыстың бәрін істеп болған соң, есебін береді, біз істеген жұмысына қарап, ақшасын төлей береміз. Бұл бір өте бір тиімді нәрсе екен. Әйтпесе ЖСҚ әзірлеп, конкурс өтеді дегенше бір жылдай, сараптамаға 3 айдай уақыт кетеді. 

 Аудан орталығында іргетасы сонау 1961 жылы қаланған мектептің бар екендігі, оған қоса қабырғасы саманнан қаланған мектептердің бар екендігі мәлім. Екі жыл бұрынғы әңгімеңізде 6 мектептің құрылысы басталады дегенсіз. Сол мектептердің жай-күйі қалай? Құрылыс жұмыстары бітіп те қалған шығар? 

Мен әкім болып келген кезде осындағы 5 мектептің төртеуі 3 ауысымдық мектепке айналайын деп тұрған болса, біреуінің әбден тозығы жеткен екен. Келе салып жобалық-сметалық құжаттама жасап, бүгінде Асқар Сүлейменов атындағы мектепте қосымша 300 орынға лайықталған ғимараттың құрылысы басталды. Одан кейін, Әлия Молдағұлова атындағы мектеп бойынша ЖСҚ әзірленіп, конкурс өткізілуде. Бұған облыстық бюджеттен 150 млн. теңге бөлінді. Сосын, Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей бойынша ЖСҚ-сын бітіріп, облыстық білім басқармасына тапсырып қойдық. Сүгір Әлімов атындағы мектептің де ЖСҚ-сын білім басқармасына тапсырып, шешімін күтіп отырмыз. Қаржыландыру басталса, келесі жылы ол екеуінде де қосымша 300 орындық ғимараттың құрылысы басталады. Шолаққорғандағы қарашаңырақ саналатын Ы.Алтынсарин атындағы мектептің ЖСҚ-сы –  сараптамада. Ол жерде 600 орынға лайықталған мектеп ғимаратын салу көзделген. Оны республикалық бюджетке ұсынамыз. Ең бастысы, осы 5 мектептің мәселесін шештік. 

Одан бөлек биыл Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толады. Осыған орай Ақсүмбе ауылындағы мектептің құрылысы басталды. Келер жылы аяқтаймыз.

Биыл Сұлтанбек Қожанов атындағы музейдің де құрылысы басталады. Қазір конкурстық комиссияның шешімін күтіп отырмыз. Осы жылы бітіру межеленген.           

 Шолаққорғанда, жалпы Созақ ауданында ауыз су мәселесінің бар екендігі, бар болғанда да үлкен мәселелердің бірі екендігі жасырын емес. Бұл мәселенің түйінін қалай шешіп жатсыздар? Созақ ауданындағы елді мекендердің неше пайызы таза ауыз сумен қамтылған? Қанша ауыл шөлдеп отыр? 

Ауыз су мәселесіне келсек, Шолаққорған ауылы бойынша екі жобалық-сметалық құжаттама жасадық. Аудан орталығының теріскей жағына су тарту үшін ЖСҚ дайындап едік, биыл респбуликадан 100 млн. теңге бөлінді. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Сонда біз Шолаққорғанның солтүстік бөлігін ауыз сумен толық қамтимыз. Қазір Шолаққорғанның аумағы кеңейіп жатыр. Жасыратын несі бар, уран өндірісінің орталығы саналатын Қыземшек кентіндегі алғаш рет 1977 жылы өнім берген Ұғанас кен орны жабылуда. Халық «жабылады» дегенді естігеннен кейін барлығы Шолаққорғанға келіп жер учаскесін алуда. Дәл сондай Айкене деген кент болған. Сол маңдағы кен орны да жабылып қалған-ды. Кезінде ол кентті тікелей Мәскеу қадағалап, қамтамасыз етіп отырды. Қазір ол жерде еш нәрсе жоқ. Халық сондай болатынын сезді ме, қазір Қыземшектің 500-600 тұрғыны Шолаққорғаннан жер учаскелерін алып қойды. Сосын, Кентау қаласына қарай шыға берісте «Ақшам» шағынауданы бар. Ол жерге де ауыз су тарту үшін ЖСҚ дайындадық. Қазір –  сараптамада. Ол бойынша жұмыстар жүргізілсе, Шолаққорғандағы ауыз су мәселесі жүз пайыз шешіледі. Одан басқа 6 елді мекенде ауыз су жүйесі жүргізілуде. Былтыр басталды, биыл бітеді. Сол 6 елді мекенді бітірсек, бізде өзі 36 елді мекен бар, соның 23-інде құбыр суы тартылған, осы қалған алтауымен 29 елді мекен болады. Яғни ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша көрсеткішіміз 82 пайызға жетеді. Тағы 4 елді мекеннің су қоры анықталып жатыр. Келесі жылы ЖСҚ-сын жасасақ, ауданды 100 пайызға жуық ауыз сумен қамтитын боламыз. 

 «Созақ ауданы газдандырылады» дегелі біраз жыл болды. Елді мекендерге «көгілдір отын» кіргізу жұмыстарының қарқыны қалай?

Біздің аудан – шалғай жатқан аудан. Кімнен сұрасаң да «Бізге бірінші кезекте газ керек» деп айтатын. Былтыр ауданды газдандыру бойынша ЖСҚ әзірлеп бітіріп, облысқа ұсынып едік, биыл 100 млн. теңге бөлінді. Бізге газ құбыры Шаян-Шолаққорған тас жолының Жаңатасқа бұрылатын жерінен тартылады. Бүгінде мердігер анықталып, таяуда газ тарту жұмыстары басталады. Ең бастысы – газ тарту жұмыстары басталды. Шолаққорғанның ішкі жүйесіне ЖСҚ дайындап қойдық. Құны – 3,5 млрд. теңге. Магистральді әкелсек, Шолаққорғанға газды тарататын боламыз. Оған дейін биыл күзде газдың келуіне байланысты Жартытөбе, Құмкент елді мекендеріне газ тарату үшін ЖСҚ-сына қаржы бөлетін боламыз. Бұл дегеніміз – ауданды газдандыру жұмысы басталып жатыр деген сөз. 

– Қашан 100 пайыз газдандырылатынын айта алмайсыз ба?

Ол енді бізге байланысты емес. Ол облысқа, министрлікке байланысты ғой. Өздеріңіз білесіздер, Шаянға газ қашан келді? 2015 жылы басталған болатын. Әлі 100 пайызға жеткен жоқ. Түркістанға ше? Қазір 30 пайыздай ғана қамтыған, енді ғана 50 пайызға жеткіземіз деп отыр. Ол енді кезең-кезеңімен іске асады. Газды әуелі елді мекендердің іргесіне әкеп алуымыз керек. Сосын ары қарай, Құдай қаласа, тірліктің шеті көріне бастайды ғой. 

 

«Ұсақ мал бағу тиімсіз болып тұр»

– 2000 жылдан бастап Созақ ауданында, бұрынғы қаракөл совхоздарының аумағында уран өндіру қарқынды жүргізіліп, тұрақты пайдаланылып келген  2,4 млн. гектар жайылымының үштен бірі «ҚазАтомПромның» уран өндіретін аумағында қалып, жайылым тарылып, жалпы экологиялық қысым арта түскені белгілі. Ол мал басының көбеюіне, сапасына кері әсерін тигізіп жатқанын білеміз. Уран өндірісі шеңберінде басқа халық шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге болмайтындығын айтсақ, байырғы кең даламызға техногендік факторлардың әсері айқын байқалады. Айтыңызшы, жайылым тарылғалы бері мал басының өсімі қандай? Жалпы, уран өндірісі ауданның экологиялық ахуалына қалай әсер етіп жатыр? Халықтың денсаулығына әсері қандай?

Уран өндірісі экологияға, халыққа соншалықты бір зиянын тигізіп жатқан жоқ. Себебі олар жұмыс істейтін жерін қоршап алған. Ол жерге халық бара бермейді. Сосын, кенді алып болғаннан кейін рекультивация жасап отырады. Себебі олар қоршаған ортаның тазалығы үшін жауап береді. Ұлттық компания болғаннан кейін олар стандартты сақтауы керек. Дабыл қағатындай дәнеңе жоқ. Бұлардың келісімшартында бәрі көрсетілген. Егер қойылған талаптар орындалмаса, өте қомақты көлемде айыппұл төлейді. Сол үшін олар да талапты орындауға тырысады.

Малдың саны азайып кетті деуге болмайды. Мал бағуға жер жетеді. Табиғи өсім де бар. Мысалы, биыл жылқының өзі 114 пайызға көбейіп отыр. Түйеміз – 106, ұсақ мал басы шамамен 108 пайызға көбейген. Бізде ең көбі – жылқы. Себебі халық қазір ұсақ мал баққаның еңбегі көп екенін түсініп қалды. Оның арқасынан бір адам жүру керек. Қараусыз қалдыруға болмайды. Азығын даярлап, кешке әкеліп қамау керек дегендей. Қазір қой-ешкінің терісі де сұранысқа ие емес. Өтпейді. Жүнін де алмайды. Бұрын терісі мен жүні өзіне кететін шығынының біраз бөлігін жабатын. Сол себепті ұсақ мал бағу тиімсіз болып тұр. Осылайша халық жылқы мен ірі-қара мал өсіруге ден қойып жатыр.

– Мал шаруашылығында қандай жобалар бар?

Біз енді түйе басын көбейтуге әрекет етіп жатырмыз. Түркістандағы «Golden Camel Group» қымыран ұнтағын шығаратын зауыты іске қосылғалы, қымыранның бағасы көтерілді. Бұрын Шолаққорғанда литрін 300 теңгеден ешкім алмайтын. Қазір 600 теңгеге таппайсың. Таяуда шаруалардың басын қосып жиын өткіздік. «Сіздер қымыранды әр жаққа бір өткізбеңіздер» дедік. Себебі, Түркістандағы зауытпен келіскенбіз, олар келіп 3 елді мекенге – Қаратау, Шолаққорған, Созаққа түйе сүтін қабылдайтын танкер қоятын болды. Шаруалар үшін сол жерге келіп өткізгені тиімді. Лабораториялық зерттеу жағы – зауыттың есебінен. Түйе сауатын жерлерді де дайындап жатырмыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта басталады. Қарап отырсақ, Созақ ауданы күніне 1,5 мың литр түйе сүтін беруге дайын екен. Түйелерін саумай жүргендер қаншама. Ертең сүтті сатып, ақшасын алып, пайдасын көріп жатса, халықтың қызығушылығы артып, одан да көп сүт беруге қауқарымыз жетеді деген ойдамын. Сол 1,5 мың литр түйе сүтінің әр литрін 500 теңгеден өткізгенде, айына 22 млн. теңгеден астам қаражат түседі екен. Әжептәуір ақша ғой. Осы тірліктер жүзеге асса, баяғы совхоздардың кезіндегідей қызу тіршілік болатын шығар. Облыста ең түйесі көп аудан – біздің аудан. 11 мың бас түйе бар.

Тағы айта кетер болсақ, Созақ ауылында әкім, мектеп директоры болып зейнеткерлікке шыққан Рысбай Әбдіраманов деген кісі бар. Сол кісі баласымен бірге енді ауыл шаруашылығымен айналысамыз деп былтыр 20 га жерге қауын-қарбыз екті. Соның арқасында аудан тарихында бірінші рет 500 тонна қауын-қарбызды Ресейге экспортқа жібердік. Биыл соны екі есеге көбейтпекші. Қазір қауын-қарбызын егіп қойды. Сондай-ақ, ол кісі Ресейдің Алтай өңіріне барып, сүтті бағыттағы 40 бас сиыр алып келді.

Және бір кәсіпкеріміз Павлодардан 200 бас етті бағыттағы асыл тұқымды ірі-қара мал сатып әкелді. Алдағы уақытта 400 басқа жеткіземін деп отыр. Өткізіліп жатқан семинарлардың арқасында шаруалар етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысқанның тиімділігін түсіне бастады. Біз қазір облысқа ауыл шаруашылығын дамыту бойынша мал бордақылау, сүт бағытындағы, ешкі, күрке тауық асырау секілді 12 жоба ұсындық. Жалпы, ауыл шаруашылығына бетбұрысымыз жақсы.

 «ҚазАтомПром» демекші, өткенде аталмыш мекеменің жұмысшылары өз наразылықтарын білдірді. Одан күллі республика құлағдар боп отыр. Бұл мәселе бойынша компанияның үлкен басшылары аудан әкіміне келіпті, кездесіпті деп естідік. Не шештіңіздер? Жұмысшылардың негізгі бөлігі Созақ ауданының тұрғындары ғой, мүддесін қорғап шыққан боларсыздар.

Бұл былай болған. «Таукентэнерго» деген мекеме бар. Ол Қыземшек пен Таукентті жылумен, сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз етеді. Сол мекеме Орталық деген кеніштің су бұру, кәріз жүргізу жұмыстарын тендерден жеңіп алған. Ол жұмысты бұрын орталық атқарып келген. Бірақ, конкурсқа берген тиімді, арзандау ғой. Сол үшін олар конкурс жөнінде хабарлама берген, оны «Таукентэнерго» жеңіп алады. Және сол жерде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан жұмысшыларды жұмысқа алады. Енді, қарап отырсақ, «Таукентэнерго» деген – жартылай мемлекеттік ЖШС. Құрылтайшысы – «ҚазАтомПром». Олар енді өздерінің пайдасына жұмыс істеуі керек қой. Жұмысшыларға айлық береді. Жұмысшыларды жұмысқа алған кезде «сенің айлығың мындай» деп келісімшартқа отырған. Сөйтіп жұмыс істеген. Бұрын «ҚазАтомПромда» жұмыс істеп жүрген кездерінде сыйақы беретін болған, бонустар төленген. Бұл кісілер соған үйреніп қалған. Ал енді бұл жерде ондай жоқ қой. Бұл – ЖШС. Бұл ондайды бермейді. Содан, іштерінен бір-екеуі наразылық танытып шыққан. Кейін «ҚазАтомПромның» басшылары келді. Барлығын жинап, түсіндіріп берді. Мен өзім де қатыстым. «Қазір жағдай мынадай. Сендерді біз лақтырып жіберген жоқпыз. Барлығы – заң аясында. Егер біз заңды бұзсақ, айтыңдар, «мына жерінде бұздыңдар» деп. Конкурспен осы ЖШС жеңіп алды. Айлығын сендерге беріп жатыр. Бұл енді мемлекеттік мекеме емес. Жеңіп алғаннан кейін өздері де пайда көруі керек қой» деп түсіндірді. Екі жақ та мәмілеге келді.

Негізі, «ҚазАтомПромда» қазір 10200 адам жұмыс істесе, соның 7 мыңнан астамы –  біздің ауданның тұрғындары. Бір айта кететін жайт, былтыр уранның бағасы түсіп кетті. Біздің уранның негізгі бөлігін сатып алатын – Ресей. Өздеріңіз хабардар шығарсыздар, АҚШ-тың Ресейге қарсы экономикалық санкциясы бар. Соның әсерінен ғой. Баға түскесін түсетін пайда да азайды. Сосын бұлар кен өндірудің көлемін 20 пайызға азайтты. Биыл қайтадан 20 пайызға көтеріп отыр. Қарап отырмыз, биыл бірінші тоқсан бойынша уран өндірісі жаман емес. Бірақ, баға төмендеу. Соған қарамастан жұмысшылардың айлығын да көбейтпей, өндіріс қысқарса да, айқай-шу болмасын деп адамдарды да қысқартқан жоқ. Біреу зейнетке шықса, қысқаратын адамды соның орнына қойып, ұстап отыр. 

 

«Қызылкөлдің балшығының емдік қасиеті Жаңақорғанның балшығының емдік қасиетінен кем емес»

– Бір сөзіңізде «Шолаққорғанда 3 қабатты үйлері бар бір шағынаудан бой көтереді» деп едіңіз. Бүгінде үйлер салынып, шағынаудан бой көтеріп қалған шығар? 

Жоқ, әлі оған жете қойған жоқпыз. Қазір біз Шолаққорғаннан Түркістан бағытына қарай шыға берісте жаңа шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарын жасадық. Қазір инфрақұрылымына ЖСҚ әзірлеп жатырмыз. Ол жерде 3 қабатты үй болғаннан кейін міндетті түрде кәріз жүйесі, су, электр энергиясы керек. Осыдан кейін құрылыс жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасын жасаймыз. Инфрақұрылымсыз үйлерді бірден тұрғыза алмаймыз ғой. Ол жерде мектеп, балабақша, бәрі болады. Атын – «Астана» деп қойдық. 

– «Астана» шағынауданының атауы – Нұр-Сұлтанға айналып кетпей ме?

Жоқ, сол «Астана» болып қалады (күліп).

– Үйдің, жердің кезегінде тұрғандар көп пе?

Жердің кезегінде тұрғандар жоқ. Бізде бәріне жер жетеді. Кезегімен беріп жатырмыз. Бірақ, үйдің кезегінде тұрған 680 адам бар. Бүгінде облыстық құрылыс басқармасына 200 отбасыға арналған 2 қабатты 14 үйдің ЖСҚ-сын тапсырып қойдық. Одан басқа бір отбасыға лайықталған 50 үйдің ЖСҚ-сын дайындап, оны да басқармаға тапсырдық. Республикадан қаржы бөлінеді деп отыр. Егер бөлінсе, «Жеткіншек» шағынауданындағы ол жерлердің инфрақұрылымы дайын, құрылысты бірден бастаймыз, Құдай қаласа. Сол жерде тағы да 3 қабатты 20 үйдің ЖСҚ-сын жасап жатырмыз. Жалпы, бұл мәселелер шешімін табады.

– Көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің жайы қалай болып жатыр? Қанша адам құжат тапсырды? Қаншасының өтініші қанағаттандырылмай қалды?

Соңғы деректер бойынша құжат тапсырғандардың саны біздің ауданда 1004 адам болды. Соның ішінде 681 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 150-нікі өткен жоқ. Соның ішінде бүгінде 136 адамға 31 млн. теңге төленді. Бұл цифрлар күнде өзгереді. Табысы артқан отбасылардан атаулы көмек алынып тасталады.

Осы атаулы әлеуметтік көмек беру басталғалы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Халыққа жақсылап түсіндіру үшін арнайы топтар құрып, ауыл-ауылға жібердік. Соның арқасында әкімдік жағалап келетін халықтың нөпірін азайттық. Соның өзінде менің қабылдауыма аптасына 25-30 әйел келеді. Қабылдап, түсіндіріп жіберемін. Бір айдай тыным болмады. Сәуірдің аяғына таман басылды.

– Бүкіл елімізге аты мәшһүр Қызылкөл туралы сұрағым келіп отыр. Алдыңғы сұхбатымызда Қызылкөлді қайта жандандыру үшін біраз шаруалардың қолға алынатынын, атап айтсақ, жағалауын тазалап, абаттандырып, демалушыларға жайлы жағажай жасаймыз деген едіңіз. Қызылкөлдің қазіргі келбеті қандай?

Сол іске аспай жатыр. Бәріңіз білетіндей, Қызылкөл ерекше қорғалатын табиғи аймаққа кіргізілген. Содан шығара алмай жатырмыз. Менен бұрынғы әкім кезінде екі рет ұсыныс берілген. Бірақ, бізге әлі қайтарып берген жоқ. Ол мәселені тағы да күн тәртібіне қоямыз.

– Не үшін қайтармайды?

Беру оңай, қайтаруы қиын екен ғой. Қазір Қызылкөл – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының теңгерімінде. Күзет қойылған. Олардың қорғауындағы территорияда ештеңе өзгермеуі, техника кірмеуі, құрылыс жүргізілмеуі керек. Табиғи ландшафт сол қалпында сақталуы тиіс. Дұрыс, табиғатты қорғау керек, сол қалпында сақтау керек. Бірақ, Қызылкөлді елдің игілігіне де пайдаланған дұрыс. Халықтың пайдалануына беруі керек қой. Адамдар барып әрдеңе салып тастамайды. Жоспарлы түрде, халықтың денсаулығына пайдасы тиетін шипажай сияқты нысандар салуға болады. Денсаулық дегеннен шығады, Қызылкөлдің балшығының емдік қасиеті Жаңақорғанның балшығының емдік қасиетінен кем емес. Тура сол Жаңақорғандағыдай санаторийлер салып, пайдалануға болар еді. Құдай қаласа, бұның шешімі табылады деп отырмыз.

Облыс әкімі болып тұрған кезінде Жансейіт Түймебаевқа екі рет кіріп, осы мәселені айтқанмын. Қызылкөлдің мән-жайын қазіргі облыс әкімі Ө.Шөкеев те біледі деп ойлаймын. Бұрындары өзі екі-үш рет келіп кеткен. Таяуда ауданымызға жұмыс сапарымен келеді деп күтіп отырмыз. Келсе, Қызылкөлді апарып көрсетеміз. «Былай етсек қалай болады?» деп жоспарларымызды айтамыз. Құдай қаласа, оң шешімі табылатын шығар деген үміт бар. Өмірзақ Естайұлы мақұлдап, шешім қабылдаса, онда халық игілігіне жұмыс істейтін болады.

 Таяуда жайсыз бір ақпарды құлағымыз шалып қалды. Естуімізше, Құмкент ауылының әкімі Абай Көбенов пен аудандық мәслихаттың депутаты Айбар Күзембаев екеуі елдің көзінше төбелесіп қалған көрінеді. Шуы облысқа дейін жеткен көрінеді. Егер осы оқиға расымен де орын алған болса, бұл дегеніңіз мемлекеттік қызметші этикасының өрескел бұзылуы ғой. Депутатыңыз да – басқарушы партияның мүшесі. Ал Сіз – «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасысыз... Жалпы, бұл оқиғаның болғаны рас па? Рас болса, оларға қатысты қандай шара көрілді?

 Ол былай болған. Былтыр 16 желтоқсан күні Құмкент ауылының әкімінің туған күні болады. 50 жасқа толған. Бірақ ол туған күніне орай отырыс ұйымдастырмаған. Содан бір күн бұрын туған әпкесі той істеп, жан-жақтағы ағайындары келеді. Сол жерде ауыл әкіміне ағайындары «Ертең сенің туған күнің емес пе еді, үйіңе кіріп шығамыз» депті. Кім «келмеңдер» деп айтсын, «мақұл, келіңдер» дейді. Ертеңіне үйіне дастарқан жайып, ағайын-туысқандары құттықтауға келеді. Кешкісін әріптестері келеді. Бір қараса, құттықтап келушілердің қарасы көбейіп, үйге сыймай бара жатыр екен. Сосын, «үйге сымай бара жатырмыз ғой, кафеге барып дастарқан жаяйық» деп, кафеге барады. Отырыстың аяқ жағында әкімнің бір құрдасы мен аудандық мәслихаттың депутаты сөзге келіп қалып, арасында дау туады. Жұдырық жұмсалған. Полицияға арызданыпты. Ертеңіне мен осы жағдайды естіп, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысын шақырып алып, «Мәселенің мән-жайын жақсылап анықтаңыздар. Маған анығы керек. Ертең ел арасында әртүрлі сөз болмасын» дедім. Үшінші күні «таяқ жеген» кісі арызын қайтарып алыпты. Шынын айту керек, Құмкент – ауданымыздағы алдыңғы қатарлы ауыл. Әкімі Абай Көбенов – мықты әкім. Өзі – сол ауылдың тумасы. Ол өзі біреуге зәбір көрсететін адам емес. Қолында болса, біреуге жәрдемдескенді жақсы көретін азамат. Бұл мәселе бойынша комиссия құрдық. Комиссия мүшелері жазған арыздарын, айтқан сөздерінің бәрін тексерді. Алып бара жатқан ештеңе болмаса да, осындай сөзге қалғаны үшін сөгіс бердік.

– Ауыл әкімі демекші, ауылдық округтерге дербес бюджет беріле бастағанын білеміз. Қателеспесек, мұнда 10 ауылға бюджет берілген болуы керек. Ол қаржыны әкімдердің игеруі қалай? Ақшаны жұмсау мақсатын ақылдасу үшін Қоғамдастықтар құрылған шығар. Қоғамдастықтардың мүшелері ауыл бюджетінің қанша, қайда жұмсалып жатқанынан қаншалықты хабардар? Әкім қоғамдастықпен ақылдаса ма? Әкім өзі би, өзі қожа емес пе?

Қазір ешкім өзі би, өзі қожа бола алмайды ғой еш жерде (күліп). Міндетті түрде ауылдың әкімі ауылдың қоғамдастығымен бірге хаттама түзіп, соның шешімімен ғана қаражатты жұмсай алады. Бізде өзі бір адам ештеңені шеше алмайды ғой. Ауылдағылар, ондағы қоғамдастықтар өте белсенді. «Мына ақша қайда кетті?» деп бәрін қырағы бақылап отырады. Бір адамға беріп қойып отыратын ауыл жоқ қазір. Дербес бюджет берілмей тұрып бір жыл бұрын семинарлар, оқуларға бәрі қатысып, оқып, бюджетті қалай жұмсау керектігін, оны жұмсау үшін қауымдастықпен қалай келісім жасау керектігін үйреніп алған. Барлығын біледі. Міне, екінші жыл болып жатыр, бюджетті игеру – 100 пайыз. Ешқандай мақсатсыз жұмсалды дейтін у-шу, келіспеушіліктер жоқ. Бұл бір жақсы іс болды. Өз мәселелерін өздері шеше береді.

Бюджет демекші, аудан қазынасының кіріс бөлігі қаншалықты артуда?

Иә, өсім бар. Мен тағайындалған жылы 850 миллион теңгедей еді, былтыр 1 миллиардтан асырдық. Биыл 1 миллиард 300 мыңға жеткіземіз деген жоспар бар. Әйткенмен біз басқа аудандардан қалып келеміз. Мысалы, Арыс қаласының өз табысы – 3 миллиард теңге. Шардара ауданы – 2 миллиард.

– Сыртқы инвестиция көлемі қандай?

– Былтыр 40 миллиард теңге болды.Биылғы күн электр стансасына құйылатын инвестицияның өзі 20 миллиардты құрайды.   

– Сайлауға дайындықтарыңыз қалай?

Сайлауға толық дайынбыз деп айта аламыз. Тиісті іс-шаралардың барлығын жасадық. Сайлаушылардың тізімін анықтап бітірдік. Сайлау комиссиялары дайын. 68 сайлау учаскелерінің барлығын жабдықтадық. Барлығын бір қайтара аралап, көріп шығамыз. 11 мамырдан бастап үгіт-насихат жұмыстары басталды. Оған жүйелік кесте жасалған. Барлық кандидатқа бірдей жағдай қарастырылған, ешкімді бөліп-жару жоқ. Штабтары, сенімді өкілдері бар. Қаншама бақылаушылар келеді деп жатыр. ЕҚЫҰ-ның өзінен 200-ден аса бақылаушы келеді дейді. Олар бұрынғыдай «ана жаққа, мына жаққа алып бар» демейді, өздері көліктерімен ауыл-ауылға барып, көріп кете береді.

 Аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруімен бірқатар ауылдарда әкімдер сайланды. Олардың қарым-қабілетіне, іскерлігіне, халықпен етене жұмыс істеуіне көңіліңіз тола ма?

 Бүгінде ауылдарда маман тапшы. Қазіргі ұрпақ бұрынғыдай емес, үш-төрт адамның ішінен іскер адамды таңдап ала алмайсың. Таңдау жоқ. Мысалы, кейбір ауылдарда мектептің директорын қоясың, ұйымдастыра алады, көпшілікпен жұмыс істеген ғой деп. Ал сол жердегі әкімдіктің ішінен жұлып алып, міне, мынау әкімдікке дайын деп қоятын жастар жоқ. Кейінгі кезде ел басқаруға шамасы жететін, көшбасшылық қасиетке ие кадр тапшылығы қатты байқалып жүр. Сосын амал жоқ, сол жердегі мектептің директорын, не болмаса өндірісте, тағы басқа салада тәжірибесі бар-ау дейтін біреуді таңдайсың. Биыл 3 ауылға – Жартытөбе, Таукент, Созаққа әкім сайладық. 

 

«Созақ ауданынан табиғи газ қоры табылды»

– Созақ ауданы – тарихқа бай өлке. Мұнда қазақтың небір игі жақсылары, әулие-әнбиелері, батырлары жатыр. Созақ – бір кездері қазақ елінің астанасы, Ақсүмбе елді мекені орта ғасырларда әйгілі қала болған. Оған қарт Қаратаудың ішіне бүгіп жатқан небір сырларын қосыңыз. Осындай бай тарих туризмді дамытуға үлкен септігін тигізуі тиіс. Созақ ауданы туризмді дамыту үшін осы бай потенциалын қалай пайдаланып отыр? Ауданға шамамен жылына қанша турист келеді?

Бар потенциалымызды әлі пайдалана алмай отырмыз. Келешекте пайдаланамыз. Созаққа шамамен жылына 2-3 мың турист келеді екен. Оның барлығы зияратқа келетіндер ғой. Созақта төрт әулие орны бар – Ысқақ баб, Баба түкті Шашты Әзіз, Қарабура және Саңғыл бидің кесенесі. Бізге келетіндердің дені – сол жерлерге зиярат жасап баратындар. Бірақ, біздің келешегіміз жақсы деп ойлаймын. Облыс орталығы Түркістанға ауысқалы бері туристердің көпшілігі біз жаққа да келеді. Құдайға шүкір, бүгіндері тауға қарай келетіндердің қатары көбейген. Таяуда кәсіпкерлерді жинап, екі-үш рет семинар өткіздік. Оларға Қаратаудың баурайынан Төлеби ауданындағыдай туристерге арнап демалыс орындарын салып, жағдай жасау туралы ұсыныс тастадық. Түркістанның маңындағылардың барлығы Төлебиге, Түлкібасқа жүгіре бермейді ғой. Біріншіден, ұзақ. Екіншіден, тиімсіз. Ал бізге бір сағаттың төңірегінде келеді. Табиғаты Төлеби мен Түлкібастың табиғатынан кем емес. Асфальт жол бар. Кентау мен Ащысайдың арасындағы жол нашарлау еді, қазір ол да жөнделіп жатыр. Жөнделіп бітсе, келушілерге одан сайын ыңғайлы болады. Осы Қаратаудың баурайын туризмді дамыту үшін пайдаланатын боламыз. Кәсіпкерлерімізді дайындап жатырмыз. Олар жерлерді ала бастады. Туризм басқармасымен де тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Келешекте Арыстанбаб, Қ.А.Ясауи кесенесі, Үкаша ата, одан бізге қарай келетіндей етіп туристік бағыттар жасап, басқармаға ұсыныс бердік. Мұндай бағыттар бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Туристердің ақшасынан бұрын «Созаққа бардым» деген бір сөздің өзі бізге жетіп жатыр.

– Сөздің орайы келгенде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына байланысты атқарылған шаруаларға да тоқтала өтсеңіз.

– Рухани жаңғыру бойынша қуанып, елге мақтанышпен айта алатындай екі жаңалығымыз бар. Бірі, биыл Ысқақ бабтың кесенесінқайта жаңғырту жұмыстары басталады. Ол  3 жыл бойына жүреді. Себебі реконструкция дегеніңіз өте «тонкий» жұмыс қой. 3 жылға 91 миллион теңге бөлінді. Ағымдағы жылы – 36 миллионы, келер жылға – 23 миллионы, қалғаны арғы жылы бөлінеді. Сонымен қатар Ақбикеш мұнарасы Мәдениет және спорт министрлігінің ерекше қорғалатын нысан тізіміне кіріп, қалпына келтіру бойынша биыл қаржы бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр, қайта жаңғырту жұмыстары алдағы жылы басталады. Төңірегін көріктендіру мен көгалдандыру да қоса қамтылады.

– «Созақ ауданының мемлекеттік ақпараттық саясатын Алматы қаласынан шығатын бір басылым жүргізеді екен, тендерден ұтып алыпты» деп естідік. Рас па? Олай болса, аудандық газеттің тағдыры, ондағы еңбек етіп, отбасын асырап жүрген қызметкерлердің жағдайы қалай болмақ? 15 шақты жұмыс істейтін газетте 4-ақ адам қалған көрінеді. 

 Бұл мәселе біраз аудандарда қиындық туғызып жатыр. Солардың арасында біз де бармыз. Бірақ газетімізді қолдап, ұстап тұрмыз. Ары қарай дұрыс шешілетін шығар. Аудандық газетті сол күйі алып қаламыз ғой. Былай қарап тұрсаң, дұрыс емес нәрсе, Алматыда отырып біздің ауданның тыныс-тіршілігін қалай жазады олар? Ауданның тарихын, ауыл-аймағын білмесе, барып көріп, ұстап, тілдесіп жазбаса, қалай болмақ? Біздің аудан туралы не біледі? «Созақ үні» газеті – 90 жылдық тарихы бар қарашаңырақ басылымдардың бірі. Ауылдағы қариялар осы газетті күтіп отырады. Газет жабылып жатса, рухани азығымыздан айрылып қалғандай боламыз. Дегенмен, заң талаптары бойынша конкурстан жеңіп отыр. Алдағы уақытта көре жатармыз. Бірақ облысқа осы мәселені айттық. Олар да тексеріп, зерттеп жатқан болуы керек. Құдай қаласа, оң шешімін табатын шығар. Не болса да, елмен бірге көреміз ғой.

 Созақ ауданындағы алтын өндіріліп жатқан Алтынтау кен орны туралы айтып өтсеңіз. Экологияға, табиғатқа зияны тиіп жатқа жоқ па? Халық тауды қопарып жатқанға наразы сияқты...

Ол жерде экологияға әсер ететіндей ештеңе жоқ. Ол жер – кен орны. Таудың әр жерінде ондай кен орындары бар. Бұған дейін, КСРО кезінде де болды. Халықтың арасында ондай наразылық болатыны заңды ғой. Жайылып жүрген малы ол жерге жайыла алмай қалу мүмкін деген сияқты. Өндіріс болған жерде ондай әңгіме міндетті түрде айтылады. Ол кен орнында жұмыс істейтіндердің барлығы бізге салық төлейді. 400 адам жұмыс істейді. Мекеме бізге тіркелген.

Кен орны дегеннен қазір есіме түсіп отыр, біздің ауданнан табиғи газ қоры табылды. Ол жерде алуға болатын газ қоры – 13 млрд. текше метр. 30 жылға жетеді дейді. Игеруге биыл 100 млн. теңге бөлініпті. Тағы бір жерде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жердегі газ қоры да осы шамалас көрінеді. Созақ жерінің беті сортаң, құнарсыз болғанымен, асты толы кен, тола байлық. Қаратаудың астында да талай байлық жатыр ғой зерттелмеген.

– Білім дейтін болашаққа салынатын басты депозит қой. Білім саласына, балалардың білім сапасына қаншалықты көңіл бөліп жатырсыздар? Нендей жаңалықтар бар? 

Білім саласы – басты назарда. Балалар ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Осы күнге дейін 4 рет алдын ала сынақ тапсырды. 8 мамыр күні мектеп директорларын жинап, дайындықтарын тағы бір қарап шықтық. «Жылдан жылға мектептердің сұранысын қамтамасыз етіп келе жатырмыз. Барлық жағдай жасадық. Сендерден де соған сай көрсеткіш болу керек қой» деп айтудамыз. Қазір ең үлкен мәселенің бірі – әскерге баратын бала жоқ. 100 бала жіберу үшін 800 бала әкеліп, тексеруден өткізсек, біреуі майтабан, біреуінің салмағы жетпейді, енді бірінің бір жері ауырады, болмаса, студент. Бір бала әскери оқу орындарына бармайды. Өткенде мектеп директорларын жинап, «Сендер неге тәрбиелемейсіңдер, әр баланы шақырып алып, «сенен әскери адам шығады», «сен офицер болуға лайықсың, барасың» деп жүрегіне от жаға алсаң, бала қанаттанып, шабыттанып, баратын болады ғой» дедім. Сол сияқты полицейлер дайындайтын училищеге немесе жоғары оқу орнына біреуі барғысы келмейді. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысына да айттым, «Өзің мектептерге барып, мектеп директорымен бірге оқушылармен кездесу өткізсейші. Арасындағы бұзықтау, сотқарлауларына «сен дұрыс баласың, сенен полицей шығады» деп үгіттесең, олар да ойланатын болады» деп. Осылай үгіттеп, тәрбиелеп шығармасаң, болмайды.

Қазір көп балалар мұғалім болғысы келмейді. Мектептегі мұғалімдердің 70 пайызы –  әйелдер. Еркек мұғалім аз болғаннан кейін бе, балалардың да тәрбиесі, мінез-құлқы басқа болып бара жатыр. Бұрын біз оқушы кезде мұғалімдердің 70-80 пайызы ер мұғалімдер болатын. Ағайларымыздың жүріс-тұрысына еліктеп, айтқан сөзіне құлақ түретінбіз. Өкінішке қарай, қазір ондай емес. Осыған мән беріп, жұмыс істеу керек.

– Біз сұрамаған, өзіңіз айтқыңыз келген мәселелер болса, мархабат.

Біздің мақсат – қолған алған жобаларымызды жүзеге асырып, өндірісті өркендету. Одан кейін, арманым, бюджетімізге көбірек ақша түссе – Шолаққорғанды қалаға айналдыру! Қазірдің өзінде біраз тірлікті бастадық. Мәселен, осы айда тарихи өлкетану музейінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, жастар сарайы, ту алаңы бой көтереді. Жоғарыда айтып өткенімдей, аудан орталығына кіреберіс жолдардың бойын жасыл желекпен көмкеру үшін жұмыстар жүріп жатыр. Осылай-осылай Шолаққорғанды қалаға айналдырсақ дейміз. Ол үшін, кәсіпорындар көбейіп, салық көбірек түссе, ол күнге де жетерміз. Халық бұл жерден көшпеуі керек қой. «Шолаққорғанның келешегі бар» деп, осы жерде қалуы тиіс. «Бұдан артық қай жаққа барамын?!» дейтіндей қолайлы жағдай жасауға тиіспіз.

– Сәке, емен-жарқын әңгімеңізге рахмет. Созақ өңірі өркендей берсін! Жоспарлаған істеріңіз жүзеге асып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүре беріңіз!

 

Сұхбаттасқандар – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ,

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

 

 

Оқылды 16683 рет