Жұма, 21 Сәуір 2017 18:11

Нұрхан СҰЛТАНБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: «БІЗ «ӨЗІМ-АЙДАН» АРЫЛЫП, «ЕЛІМ-АЙҒА» БЕТ БҰРСАҚ ҚАНА ЕЛ БОЛАМЫЗ»

Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Нұрхан Сұлтанбайұлы – қазақ қоғамындағы кез келген оқиғаға сергек қарайтын ақын ғана емес, оразасын ұстап, бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылмандық парызын барынша адал орындап жүрген азамат. Сондай жанмен әңгімеміз рухани тақырыптан, әсіресе, соңғы жылдары Қазақ еліндегі иісі мұсылманды алаауыз етіп біткен діни ахуал мен бұл тұрғыдағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қам-қарекетіне біршама шолу жасаудан басталды.


«Маямеровті кез келген министрден төмен дей алмаймын»

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жарғысына сай, Қазақстанның Бас мүфтиі Мұсылмандар құрылтайының шешімімен 5 жыл мерзімге сайланып, қайта сайланады немесе лауазымынан босатылады. Мүфти жасы қырықтан асқан, жоғары діни білімі бар және Ислам сүннесі бойынша Ханафи мәзхабын ұстанатын Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Осыдан біраз жыл бұрын дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып Семей өңірі бойынша өкілетті имам Ержан Маямеров сайланды. Жас жігіт екен. 1972 жылы туған. Ұзаққа созылмаса да, өзім бір рет кездесіп, әңгімелестім. Үлкен үмітпен, сеніммен қараймын. Бірақ біздің жақсы жұмыс істейтін адамның төңірегіне құмырсқадай құжынап, оны қолдаудың орнына қорлайтын, басқан ізін тіміскілеп, тырнақ астынан кір іздейтін жаман мінезіміз бар. Тіпті бойымызға сіңіп кеткен. Енді осы бір жағымсыз нәрсені рухани саладан аулақ ұстап, көзі ашық азаматты қолдап, ақсақалдарымыз бар, ғылым саласының адамдары бар, жан-жағынан көмек берсек деймін. Айдың арғы беті-бергі беті демекші, бір жағынан қарасаңыз, ҚМДБ – аз адамнан ғана құрылған қоғамдық ұйым. Ал, екінші жағынан үңілсеңіз, министрліктің дәрежесінен артық болмаса, кем емес. Қазақстан атты мемлекет пен қазақ деген ұлттың тағдырын шешетін, руханияттың негізгі ұйытқысы болатын ұйым. Сондықтан ҚМДБ-сын кез келген министрліктен төмен, ал, Ержан Маямеровті кез келген министрден төмен дей алмаймын. Солармен дәрежесі тең. Жалпы, Қазақстандағы дін саласында күрмеуі тоқсан мәселелер жеткілікті. Соның бәрін Е.Малғажыұлы бір-ақ күнде шеше алмайды. Өте қиын шаруа – бұл. Мысалы, адамның қолымен жасалған ахмадия, құранит, иегова, кришна секілді көптеген ағымдар қазақ жерінде қара құрттай қаптап жүр. Олардың әрқайсысының жоғарыда қолдау көрсетіп отырған адамдары бар секілді. Біреуіне бірдеңе деп көріңізші... 1992 жылғы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң солқылдақтау еді, ал, қазіргі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бұрынғысына қарағанда, кішкене ширыққан секілді.    

Одан кейін біздің имамдарымыз патриот болуы керек. Есіңізде ме, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ораза айында «Қош келдің, Ораза!» деп, үлкен кездесулер ұйымдастырып, діндар адамдар халыққа біраз үгіт-насихат айтатын. Соңғы кездері оразаның келіп-кеткенін білмей қалатын болдық. Бұл да – біздің әлсіздігіміз. Сол себепті имамдарымыз кез келген жерде үгіт-насихат жасау керек. Бұл ретте имамдарымыздың бұқаралық ақпарат құралдарына жиі шыға алмайтыны тағы бар. Әйтеуір, құрбан айт сияқты мерекелерде ғана әредік-әредікте жылт-жылт етіп көрінеді. Шетелдің бұзақылыққа, ұятсыздыққа тәрбиелейтін сериалдарының орнына руханиятыңызды байытатын дүниелерді неге бермеске?! Бұл мемлекеттік те, жекеменшік те телеарналарға қатысты.   

Ержан Маямеровке бір разы болғаным, Шымкентте Абдулла Жолдас атты кісі бар. Бұқарада оқыған. Берісі – Қазақстан, әрісі Орта Азия бойынша қазақтан шыққан ғалым – осы. Бас мүфти сол кісіні Жезқазғанға, Атырауға апарып, өздерін «Иегова куәгерлеріміз, сәләфилерміз, уахабилерміз» деп жүргендермен біраз сұхбаттар жасатты. Нәтижесінде бірталайының бетін бері қаратты. Меніңше, ол бауырларымыз әдейі адасып, «Мен қазақты бұзайын, қазақтың дәстүрін бұзайын» деп жүрген жоқ. Олар білместікпен адасып жүр. Оларды Абдулла қажы сияқты, Маямеров сияқты, Шымкенттің Тельман елдімекеніндегі мешіттің имамы Бақтияр сияқты, сондай-ақ Тәңірберген Ергешов сияқты Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі шариғат іліміне өте жетік адамдармен көбірек кездестірсе, ата дінінен көз жазып қалған талайларды тура жолға салуға әбден болады. Өйткені әлгі ағымдарға кіріп, басы айналып қалғандардың мұндай халге түсуінің басты себебі – білімсіздік. Бұл топтағы адамдардың көбі өте білімсіз. Мысалы, анаңыз намаз оқымаса, оны «кәпір» дейді. Астапыралла! «Кәпір» деген кім өзі? Кәпір деп әдетте «тозақи», «Құдай жоқ» деген, Алланы мойындамаған адамды айтамыз. Дінсіз дейміз оны. Ал, «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхамадан расулаллаһ» деп кәлима шахадатты айтқан адам кәпір болмайды. Тіпті, Алла тағалаға иман келтіргені үшін, қанша қиыншылық көрсе де, жәннатқа кіруі мүмкін. Яғни мұсылмандыққа ділімен берілген адам жәннатқа кіреді. Оразасын ұстаса, намазын оқыса, Аллаға иман келтірсе, бай болып, зекетін берсе, қажылық парызын орындаса, жәннатқа кіреді.         

– «Дүмше молда дін бұзар» деуші еді атам қазақ. Діни сауатының таяздығынан белгілі бір мүдделерді көздейтін қайдағы бір теріс ағымдардың жетегінде жүргендер дүмше молдадан да қауіптірек сияқты ма, қалай?

– Құранда «Сендерді ұлттарға, руларға бөлдім» деп айтылады. Неліктен? «Бір-бірлеріңді тану үшін» дейді. Әйтпесе адамзаттың баршасын бірдей көк көз немесе негрлердей қап-қара етіп жарату Алла тағаланың қолынан келмейді дейсіз бе?! Бірақ қанша жерден әртүрлі етіп жаратса да, біздің санамызда Құранға орын бар. Біреулер айтады «Беташар жасама!», «Келінге сәлем салғызба!» дейді. Алайда түскен келінге тақуа, діндар бір адам «Қарағым, мың жаса!» десе, Алла оның тілегін қабыл қылса, әлгі келін шынында да өсіп-өніп, мың жасауы мүмкін ғой. Келіннің сәлемі намаздағы сәждеге ұқсамайды, екеуі екі бөлек. «Сен – маған Құдайсың, мен саған сәжде қылдым» деп басын имейді ғой. Ол – тек құрмет. Ілтипат. Ал, әдеп болмаған жерде ілім бекер. Ілімді ілім қылатын – әдеп. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз алған білім қауіпті» деп айтты емес пе?!  Сондықтан әуелі біз әдепті үйретуіміз керек. Туасы, қазақ – әдепті халық. Үлкен тұрып, кіші сөйлемейді. «Әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деп ата-бабамыз тектен-тек айтқан жоқ. Ислам діні келместен алдын да қазақ әдепті халық болды. Байқасаңыз, пайғамбарымыздың хадистері мен қазақтың мақал-мәтелдері қабысып жатады. Сол себепті елді, жерді бүлдіретін, «Құран оқысаң – ширк, анау – ширк, мынау – ширк...» дейтін нәрселерден бойды аулақ салған жөн. «Бүйте берсе, бір күні өзіңнің әйелің де ширк болып қалар ма екен?» деп қорқасың. Бара-бара, балаң да ширк болып қала ма? Тіпті амандасуымыздың өзі ширк болып қалса ше? Мұның бәрі – дүбәрә, мәңгүрттікке бет алған адамның тірлігі. Мұсылман қауымының осылайша басын қатырып жүрген сәләфилер мен уахабилердің жамағаты білімді емес. Олардың ең білімді деген адамдарының өзі кез келген имаммен терезе теңестіріп сөйлесе алмайды. Сөйлесейін десе, дәлелі де жоқ. Олар кешегі Имам Ағзамды мойындамайды да, бүгін шыққан қайдағы бір «ғалымдарды» мойындайды. Оу, Имам Ағзам кім, олар кім?! Бейнелі түрде айтсақ, Имам Ағзам түйе болса, олар оның құмалағы ғой. Біз құмалақты емес, түйені мойындауымыз керек қой. Қытайда Толы деген аудан бар, қазақтар мекендейді. Сонда бір әкім мен ақын ұрсысып қалыпты. Әкімге ақын «Әй, сен кімсің менің қасымда? Ұзаса, әкімсің. Толы әрең таниды. Ал, мен – ақынмын. Мені әлем таниды» деп айтқан екен...       

– Атеизм заманында да қазақ Жаратқанның бар екеніне һәм бір екеніне сенетін. Тілін кәлимаға келтіріп жүретін. Діні мен діліне берік еді.   

– Арабтарда пайғамбарымыздың тұсындағы сахабалардан жалағасып келе жатқан шайхтардың, әулиелердің бар екенін білеміз. Діні мен діліне берік болатыны, қазақтың өзінде де әулие көп болған. Мәселен, Дулаттың Жанысынан Бекасыл атты әулие шықты. Наймандарда – Жабай әулие, Керейлерден Мошқа әулие, Торғайты әулие деген болды. Қара Ертістің бойында Азан деген әулие болды. Айтқандары дөп келетін. Бәлкім, қазақтан шыққан әулиелерді зерттеу керек шығар. Олардың қайнар көзі Ислам ғой. Арғы тегімізге үңілсек, біз – қазақ болып туылғанымызға мақтанатын халықпыз. Енді мынау ХХІ ғасырдағы қалтыраған «халтуралар» біздің жанымызға батады. Бөрінің бөлтірігі ешуақытта жабайы немесе қанден иттің күшігіне айналмайды. Қанден иттің күшігі бар болғаны дарбаза күзетумен қалады. Бір таңғаларлығы, барлық аңды циркте өнер көрсетуге үйретуге болады екен, ал, қасқырды үйрету мүмкін емес екен. Біздің тотеміміз көк бөрі емес пе?! Сондықтан қазақ көк бөрінің қасиетін сақтау керек бойында.

Орайы келгенде тілге тиек ете кетейін, кейбір ақын-жазушыларымыз да тым ұсақталып кетті. Тіпті ақын емес адамдар «ақынмын» деп жүр. Сонда шынайы поэзия қайда қалды?! Өлеңді жүрегінің қанымен жазып жүрген адамдарды ешкім елемейді де, лайықсыз әлдебіреулер мақтау-марапатқа ие болады. Қайдағы бір базардың иесі, билік тізгінін ұстаған біреулер аяқ астынан ақын болып кетті. Поэзияның құнын ойласаңызшы! Шымкенттегі бір ақынның «Темекі шекпеңдер, айранды төкпеңдер» деген өлеңі бар ұқсайды. Осыны оқыған ұрпақ не болмақ?! Кешегі Абай, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев сияқты өлеңінің тамыры тереңге жайылған, құнары мол ақындарға қарап бой түзеген бүгінгі қаламгерлер кім болды сонда?! Поэзия «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» дейтіндей сауда емес. Алтын мен жезді, жақсылық пен жамандықты айыратын кез келді. Поэзия – өте қасиетті нәрсе. Әдебиет – халықтың рухы, ұжданы. Әдебиет әлсіреген, қолына қалам ұстаған қауымға құрмет жоғалған елдің ертеңі ұзаққа бармайды. Ол мемлекет бәрібір құлазиды. Ортаяды. Өйткені қоғамның жан жарасын айта алатын – солар. Ақын-жазушы деген халық, жалпы өнер адамдары бала сықылды: аз нәрсені қанағат тұтады. Тартатыны – азап, өмір бойы жазады. Өлгеннен кейін ардақтап ескерткіш қоямыз: «Керемет адам еді...» деп естелік айтады. Оның керегі не?! Адам сый-құрметті көзі тірісінде көруі керек қой. Астына көлігін бер, шипажайларға демалысқа жібер... Үкіметтің бұған жағдайы келмеуі мүмкін емес. Соғұрлым талай жемқор мемлекеттің қазынасын қалтасына басып жатыр. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын 50 жылдық мерейтойымды өткіздім. Құдай сақтасын, жынданып кете жаздап, әрең өткіздім. Ешкім көмек бермеді, бәріне өзім жүгірдім. Әйтеуір, Құдай қараған 2-3 жігіт болды, солардың көмегімен кеш өткізу үшін филармонияны облыс әкіміне бірнеше рет арыз жазып жүріп, әрең алдық. Мәдениет басқармасындағы бір қызметкер «Жоғары оқу орындарының бірінің мәжіліс залында өткізсек қалай болады?» дейді. «Сенің әкіміңнен қалтамды немесе қапшығымды толтырып ақша алмақ ниетім жоқ, жеңіл көлік мінгізуді де дәметпеймін. Мен – шетелден келген, тағдырым басқа адаммын. Менікі – «Шығармамнан өзгелер мәйек алсын» деген ой ғана» дедім. Не керек, әупірімдеп Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияны сұрап алдық. Әйтпесе мен – Жазушылар одағының мүшесімін. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегерімін. «Нұраға, елу жасқа келіпсіз. Өнер адамысыз. Шетелден келдіңіз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатыр екен» деп қол ұшын берудің орнына, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, өкінішке қарай, құдды бір мен солардың жұмысына бөгет болғандай кейбір салалардағы адамдар маған алакөздік танытты. Мен олардың алдындағы асын тартып алатындай, сірә. Менің мерейтойыма орай әдеби кешімді ұйымдастыруға Үкіметтің бір тиыны шыққан жоқ. Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, біздің жегеніміз – жантақ, арқалағанымыз алтын болмауы керек, жегеніміз де арқалағанымызға лайық болуы керек. Біз сонда ғана ел боламыз.              

 

«Мән-мағынасыз көрсеткіштердің жетегіне ілесіп барамыз»

– Қазір гендерлік, тендерлік саясаттардың айдарынан жел есіп тұрған заман. Білетіндер «Гендерлік саясатты Батыс әлемі отбасылық институтты құрдымға кетіру үшін ойлап тапқан» дейді. Ал, отбасы дегеніңіз – шағын мемлекет. Демек, гендерлік саясат дегеніңіз бір қарағанда, дәнеңесі де жоқ, жап-жақсы тірліктей әсер қалдырғанымен, әріден ойласақ, мемлекеттің тамырына ақырындап балта шабуға бағытталған қитұрқы әрекет сияқты көрінеді өзімізге.    

– Менің ойымша, гендерлік саясат дегеніңіз – әйелдер қауымын қызметтік баспалдақтармен өсіру. Әйтсе де әйелдің ең ұлы мұраты – ең алдымен ана болу. Сіз бен біз де, мемлекет те ана арқылы көгеріп отыр. Әйел әуелі халықтың санын көбейту керек. Демография тек Мақаш Тәтімовке емес, бәрімізге қажет. Халықтың өсімі болу үшін, әр әйел үш баладан кем таппауы керек. Бес сәбиді дүниеге әкелсе, тіпті ғанибет. Егер шен қуып, мансаптың соңында жүргендіктен, ол қолынан келмесе, пәленбай баласы бар туысының перзенттерін оқытып, аяққа тұруына көмектесуі тиіс. Гендерлік саясаттың осы тәріздес шарттары болғаны жөн. Сонда ғана ол өз нәтижесін бермек. Қазір біз «Әйел мен ер азаматты бөліп-жарудың қажеті жоқ. Еліміздегі әйелдердің саны пәленге жетті. Оның мынаншасы пәлен лауазымдар атқарып жүр...» деген сияқты мән-мағынасыз көрсеткіштердің жетегіне ілесіп барамыз. Ойлаңызшы, сонда біздің қазақтың әйелдері кімнен теперіш көріп жүр?! Оларды кім қақпайлап, жұмыстан шеттетіп жатыр?! Рас, ел басына күн туғанда, қазақтың әйелдері қолына қару алып, басына бөрік, үстіне сауыт киіп, жауға шапты. Оның үстіне Ислам діні әйелді ешқашан қорламаған, алақанға салған. Пайғамбарымыздың хадисінде «Кімге жақсылық жасайын?» деген адамға «Анаңа, анаңа, тағы да анаңа жақсылық жаса, одан кейін – әкеңе» делінеді. Кейбіреулер Ислам дінін құбыжық етіп көрсеткісі келеді, «Қазақтар әйелдерін жерге таптайды» дейді. Жоқ, мүлде олай емес. Біз қайта тоқырау жылдарында тәрбиеміздің осалдығынан әйелдеріміздің кіндігі мен арқасын ашып, етегін қысқартып, жалаңаштап алдық, басындағы жаулығын алдық. Ғылымда дәлелденген: кіндік – іштегі баланың тыныс алатын жері. Қазақ әлімсақтан «Жел қармасады» деп кіндікті аштырмаған, ал, кіндігі ашық-шашық қыз дүниеге қалай сәби әкеледі?! Екіншіден, ана кіндікті көрген еркекте белсіздік пайда болады. Мысалы, Францияда әйелдер жалаңаштанғандықтан, еркектер белсіздікке ұшырап, мұсылман елдерінен ер азаматтарды жалға алған көрінеді. Қазір Ислам ғалымдары да «Біз де Өзбекстан мен Қырғызстанға мойын бұрып, қысық көз қытайды шақырып жүрмейік» деп дабыл қағуда. Әйелдер өсу үшін, етегін жабуы керек. Ертеңі шұғылалы елдің әйел затының етегі жабық болуы тиіс. Сондықтан біз әйелдерді рухани тұрғыдан жүдетпеуіміз қажет. Өкінішке қарай, біздің қыз-келіншектеріміз бұл ретте жүдеп кетті. Бұрынғы аналарымыз жалаңаш, жалаңбас жүрген жоқ. Алда-жалда солар тіріліп келіп, бүгінгі қыз-қырқынды көрсе, жүрегі жарылып өлер еді...       

Ал, тендерлік саясат дегенге келсек, менің білуімше, қазір мемлекеттің ақшасы құр шашылып жатыр. Тендерді белгілі бір адамдар алады, өтірік мәліметтерді құрастырып, қыруар қаржыны игерудің амал-айласын тауып қояды. Тіпті тірі адамды өлтірудің де, өлі адамды тірілтудің де жолын білеміз. Құжат жүзінде. Халық санағы кезінде ондай талай «қызықты» көрдік қой. Мысалы, кейбір қоғамдық ұйымдар тендерге қол жеткізу мақсатында бір жобалар жасап, үлкен-үлкен адамдардың жәрдемімен қаржыны қалтаға басады. Ақшаға құнығады, бірақ атқарып жатқан түгі жоқ. Кейде ниет дұрыс болғанымен, оның басында алааяқ адамдар тұрады. Мемлекеттің ақшасы – халықтың қаны мен тері, қазынасы. Сіз бен біздің, бала-шағамыздың, ұрпақтарымыздың ризық-несібесі. Ел арасына тарап кеткен «Ұрласаң, жеке адамнан ұрлама, Үкіметтен ұрла» деген сөз бар. Өтірік сөз! Жеке адамнан ұрласаңыз, бір күнә болса, Үкіметтен ұрласаңыз, он күнә. Ислам шариғатында солай. Өйткені Үкіметтің ақшасында халықтың тағдыры жатыр ғой. Сол үшін тілінен бал тамғанымен, жүрегі мен ойы таза емес, бір-бірімен байланысып алып, құзырлы органдарды қорқытып-үркіту арқылы тендердің қаржысын қаптап алып, мемлекет қазынасын талан-таражға салуға ерік бермеу керек. Оны қатаң қадағалау қажет.         

– Сіз – ақынсыз. Зиялы қауымның өкілісіз. Мына заманның зиялыларына көңіліңіз тола ма? Олар өзіне жүктелеген миссияны қаншалықты адал орындап жүр?

– Қазақтың қалам ұстаған адамдарының ішінде небір батырлары болды. Кешегі Желтоқсан оқиғасы тұсында алаңға қорықпай шыққанның бірі – Сафуан Шаймерден. «Билікке тым жақындауға болмайды» дейді екен өзі. Сонда үйдегі жеңгеміз «Билікке жақындасаңшы, балалар өсіп келе жатыр» десе, «Балаларға бола билікке барсам, мені сатып алады. Сатылғаннан кейін, көмекейіңнен бір нәрсе өтіп кеткеннен кейін сен халықтың тағдыры туралы ашық айта алмайсың...» деген екен. Бұдан артық данышпандық, бұдан артық тазалық болмайды ғой. Біздің көп ақсақал, көксақалдарымыз мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа көбінесе жағымпаздана жөнеледі. Әкімдерге де сөйтеді. Қалың бұқараның тағдырын былай ысырып қояды да, өзінің жеке мүддесін ойлайды. «Елім-ай» демейді. «Өзім-ай» дейді. Мәймөңкелейді. Жалпақтайды. Шын мәнінде қария деген атқа лайық бола алмай жүргендерге жұрт мүсіркеп қарайды. Біз «өзім-айдан» арылып, «елім-айға» бет бұрсақ, сонда ғана ел боламыз.   

– Әңгімеңізге рахмет, Нұреке! Өзіңіз секілді «Елім-ай» дейтін ұлтжанды азаматтардың қатары қалыңдай бергей!  

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Оқылды 2409 рет