Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ, Кентау қаласының әкімі: «ҚАЗІР... ХАЛЫҚТАН ҰЯЛМАЙТЫН БОЛДЫҚ»

«2021 жылдың соңына дейін табиғи газ мәселесі толық шешіледі деген межеміз бар»

 

Әбдібақыт Тілләбайұлы, Қаратау тәжі саналатын шаһардың қос тізгін, бір шылбырын мықтап ұстағаныңызға 4 жарым жыл болыпты. Әрине, бұл дегеніңіз – біраз шаруаны жоспарлап, жемісін көретін уақыт. Оның үстіне Елбасының тікелей бастамасымен шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне соны леп әкеліп, еңсесін көтеру мақсатында 2012 жылы қабылданған Моноқалаларды дамыту бағдарламасының да Кентауға тиген септігі әжептәуір болса керек... 

Маржан ҚАРЖАУОВА: «ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫ БОЛСА БОЛДЫ, ӨЛІП КЕТЕ БЕРУІ КЕРЕК ПЕ?»

Естеріңізде болса, осыдан үш апта бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансердің асханасында жұмыс істейтін аспаз К.Қаржауованың үстіне қайнаған сүт төгіліп, 3 күннен соң ауыр жарақаттың салдарынан қайтыс болғандығы туралы мақала «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінің порталында жарық көрген еді. Таяуда редакциямызға марқұмның қызы Маржан Қаржауова хабарласып, «Осы оқиғаға қатысты айтарым бар» деп, қысқаша сұхбат берген болатын.

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі: "Жұмыс істей алмасаң, көке-жәке көмектесе алмайды"

Әліпбек Шәріпбекұлы, Сізді шыңдаған өндіріс екенін жақсы білеміз. 1983 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітіргеннен кейін сонау 2006 жылға дейін өміріңіз құрылыс саласымен тікелей байланысты болды. Тек осыдан 11 жыл бұрын ғана мемлекеттік қызметке бет бұрдыңыз. Және жетістігіңіз жаман емес. Қысқа уақытта Түркістандай шаһардың тізгінін қолға алдыңыз. Тіпті облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасын да басқардыңыз. Оның үстіне Түркістанға бір емес, екі рет әкім болған адам некен-саяқ  шығар. Мемлекеттік қызметте бұлайша шарықтауыңыздың сыры неде? Әлде жолы болғыштардың қатарынансыз ба? 

Салыхан ПОЛАТОВ, ОҚО Созақ ауданының әкімі: «ШОЛАҚҚОРҒАНДЫ КЕРЕМЕТ ОАЗИСКЕ АЙНАЛДЫРСАҚ ДЕЙМІН»

«...Атом өнеркәсібіне қарап, қол қусырып қалғанымыз жарамайды»

 

– Салыхан Сабырұлы, Созақ ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға 2 айға жуықтап қалыпты. «Ел құлағы – елу» ғой, осындай экономикасы қуатты, облыстың бюджетін толықтырып отырған ауданның жаңа басшысын жергілікті активке облыс әкімі емес, оның бірінші орынбасары әкеліп таныстырғанын жұртшылық сан-саққа жүгіртіп жатты. Мұндағы халықтың өзіңізді қабылдауы қалай?

– Ең әуелі «Неліктен облыс әкімінің өзі әкеліп таныстырмады?» дегенге келсем, мені Созақ ауданына әкім етіп тағайындауға қатысты Президент Әкімшілігі жұма күні келісім берді. Өңір басшысы мені ауданға дүйсенбі күні әкелуі керек-тін. Алайда аптаның басында аппарат мәжілісі өтіп, ол кісінің мүмкіндігі болмады. Ал сейсенбі күні Үкіметтің отырысына облыс әкімі міндетті түрде қатысуы тиіс болды. Сол себепті Жансейіт Түймебаев Созақ ауданының жаңа әкімін жергілікті активке таныстыруды өзінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыға жүктеді. Себебі бұл істі ары қарай созуға болмайды. Сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын, облыс әкімінің жұмыс кестесіне байланысты солай болды.

Шүкір, мұндағы халық та, аудандық мәслихат депутаттары да жылы қабылдады. Бұған дейін облыстық құрылыс басқармасын басқардым, қызмет барысында бұл ауданмен жұмыс істеп жүргендіктен, мені таниды, біледі ғой. Содан жұмысқа кірістік те кеттік.

Әрине, кез келген жаңа басшы бірінші кезекте тірлікті ауданмен танысудан бастайды. Осыған орай, барлық ауыл әкімдіктерін аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігін біліп, өзекті мәселелерімен танысып шықтым. Соның негізінде атқарар шаруаларымыздың бағыт-бағдарын айқындап, жұмысты бастап жатырмыз.

Иә, өздеріңіз байқағандай, Созақ ОҚО бойынша донор аудан саналады. Бұл, әрине, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның аудан аумағында уран өндірісімен айналысуымен және одан түсетін салық түсімдерімен тікелей байланысты. Өндірістің өркендеуі бір жағынан өте жақсы-ақ, әйткенмен екінші жағынан оның аудандағы ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп жатқан жайы бар екен. Ауыл-ауылдарға барып, қариялармен, ардагерлермен, белсенді жұртшылықпен тілдестім, барлығының ойы – «ҚазАтомӨнеркәсіпке» жұмысқа тұру. «Малдың басын көбейтейік, басқа шаруашылықпен айналысайық» деген ниет жоқ.       

– Сірә, «ҚазАтомӨнеркәсіпте» еңбек ететіндердің жалақысы қомақты шығар.

– Айналамыздағы көпшілік немен айналысса, соған ден қоятын әдетіміз бар емес пе?! Мысалы, Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамыған. Неге? Өйткені ондағы тұрғын көршісінің жылыжайдан әжептәуір өнім алып, табыс тауып жатқанын көріп отыр. Демек, соған қарап ол да жылыжай салуға ұмтылады. Ал Созақта ше? Ауылдағы 5-6 жігіттің «ҚазАтомӨнеркәсіпте» 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалатынын көріп отыр. Жұрттың біразына солардың өмірі кереметтей көрінеді. Қызығады. Осының әсерінен жергілікті халықта «Мен де сол мекемеге жұмысқа кіремін. Басқа ештеңе керек емес» деген көзқарас қалыптасыпты.

Менің де өмірден біраз көрген-түйгенім бар ғой. Металлургия саласында 20 жыл тер төктім. Жалғыз өндіріске қарап бой түзеуге болмайды. Мынау тұрған Кентау қаласының маңайында Ащысай деген елді мекен бар. Кезінде 5 мыңға дейін халық мекендеген. Тікелей Мәскеуден қамтамасыз етілетін поселке еді. «Ачполиметалл» деген комбинаты болған. Қазір не қалды содан?! Барсаң, көңілің құлазиды. Шымкентте де 5 мың адам жұмыс істейтін Қорғасын зауыты болды. Қазақ «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді, айналдырған 50 жылдың ішінде-ақ солардың жайы не болды? Келмеске кетті ғой. Кентаудың өзі не болар еді?! Құдайға шүкір, Елбасының саясатының арқасында Кентауды сақтап қалдық. Бір кездері бұл шаһарда 100 мың халық тұрған. Қала Одақтың бақылауында еді. Сондықтан менің ойым – бір ғана атом өнеркәсібіне қарап, қол қусырып қалғанымыз жарамайды. Жарайды, қазір онда қызу тірлік. Бірақ оның да мерзімі бар ғой. Мәселен, кен орындарының біріндегі қор 2025 жылға дейін, екіншісіндегісі – 2035 жылға дейін, үшіншісіндегісі 2040 жылға дейін жетуі мүмкін. Әрқайсысының барлау жұмыстарына сай белгіленген мерзімі бар. Барлығының да қоры шектеулі. Күндердің күнінде кеніштердегі ресурстар сарқылады да, мамандар ол жерді бітеп, тегістеп кете барады. Не істейміз сонда?!. Сол себепті ауыл шаруашылығына қарай бет бұрғанымыз жөн. Мал шаруашылығын қолға алып, уран өндірісінде жұмыс істейтіндерден табысты аз таппайтындай еңбек етуіміз керек қой. Барлығы түбі осыған келеді.

1989 жылы Созақ ауданында 1 миллионға жуық мал болған. Облыс бойынша мал басы жөнінен алда-тын. Қазір ше? 260 мыңдай қой, 23 мыңдай ірі қара, 11 мыңдай түйе бар екен. Бұрынғының үштен бірі ғана. Кең-байтақ жеріміз тұр, халқымыз бар, істің көзін білетін кадрларымыз жеткілікті. Неге білек сыбана кіріспеске?!

Жұрттың есіл-дерті өндіріске ауғаны соншалық – «Қойды бағатын адам жоқ. Ол бізге тиімсіз. Жүнді ешқайда өткізе алмаймыз, терісін ешкім қабылдамайды» дейтін болыпты. Тіпті қой басын азайтып, оны жылқы мен түйеге алмастырып жатыр екен. Себебі бұл түліктер далада өз аяғымен жүріп жайылады. Жем-шөп дайындамайды, қораға қамаудың қажеті жоқ. Әй, «Мал өсірсең, қой өсір. Пайдасы оның көл-көсір» дегенді ата-бабамыз баяғыда-ақ айтып кеткен жоқ па?! Ата кәсіптің тиімсіз болуы мүмкін емес. Біріншіден, қой тез көбейеді. Екіншіден, еті де, жүні де кәдеге асады.

Осыған орай, ауыл әкімдерін жинап, тапсырма беріп жатырмын. Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ауылдарда кооперативтер құру қолға алынды. Созақ ауданында 14 кооператив бар екен. «Бұл аз» дедім. Әр ауылда 3 кооперативтен құруымыз керек. Алдағы уақытта оның санын 25-26-ға жеткізуді межелеп отырмыз. Өйткені қазіргі таңда Үкіметтің ауыл шаруашылығына деген қолдауы ерекше ғой. Шаруа Үкіметке қарай бір қадам жасаса, Үкімет екі қадам жасап жатыр. Субсидия мен жеңілдетілген несие қарастырылған, тек еңбектену керек. Жайылымдық жер жеткілікті, несие ал да, мал бақ. Несиені қайтаруға тіпті екі жыл каникул беріп қойды. Міне, осы игіліктерді қалың бұқараға терең түсіндіру мақсатында ауыл әкімдерін апта сайын жинап, әр ауылда кооперативтер ашып, мал басын көбейтуге әрекет жасап жатырмыз. Бұл ретте үлгі болар шаруашылықтар ауданда баршылық.

Мысалы, Қарақұр ауылында ауылмен аттас, бұрыннан келе жатқан өндірістік кооператив бар. Кезінде совхоз директоры болған Жауғашты Садырханов деген ағамыз совхоздың дүние-мүлкін талан-таражға түсірмей, сақтап қалуға тырысыпты. Екеуміз түнеугүні біраз пікірлесіп, мал шаруашылығына халықтың бетін қалай бұруға болатынын талқыладық. «Ауыл шаруашылығына арналған бір техниканы көрсем, айрылмаймын. Ешкімге сатпаймын да» дейді өзі. Қарыққа жуық техникасы бар. Төрт түлігінің өзі 12 мыңдай екен. Былтыр 2 мың қойды Араб еліне экспортқа шығарған. «Қойды көбейту үшін қойшының жағдайын жасау қажет. Мәселен, мен өз қойшыма 150 мың теңге жалақы төлеймін. Бірақ соның өзін азсынады» дейді Ж.Садырханов. «Қисыны бар, – дедім, – қойшының жұмысы ауыр ғой. Азаннан кешке дейін, қысы-жазы тыным таппайды. Пайда тапсаңыз, жалақысын көбейтіңіз. 200 мыңға көтеріңіз». Сондай-ақ ол кісі 80 мың теңге жалақыға сушы таппай отырғанын да айтып қалды. «60 мың теңгеге ешкім механизатор болғысы келмейді» дегенді қоса айтты. Елдің бәрі уран өндірісіндегілердің 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалатынын көріп отыр. Ал сушы да, механизатор да таң алагеуімен қас қарайғанша күннің астында жүруі керек. Бұдан кейін кім сушы, кім механизатор болғысы келеді?!.              

– Сәке, малды өсіру бар да, оны күнкөріс көзіне айналдыру деген бар ғой. Осы тұрғыдан алғанда, ауданда біршама мәселелер қордаланып қалған секілді. Мәселен, ет, сүт өндірісі. Білуімізше, мұндағы шаруалар етін, сүтін ешқайда өткізе алмай, қиналып отыр. Тіпті «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ына қарасты кәсіпорындардың барлығы етті сырттан тасымалдайтын көрінеді. Қазақ «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейді. Осыны реттеуге күш салсаңыз, созақтықтар сушы мен механизаторлыққа біртіндеп қызыға бастайтын шығар.

– Мал шаруашылығына қатысты мұндай проблемалар маған Отырар ауданында әкім болып жүрген кезімнен-ақ таныс. Ол жақтың халқы да сиыр саууға құмбыл емес. Тек түйені ғана сауады, өйткені қымыран қаланың нарқына тікелей жол тартып жатыр. Ал сүтті ешкім алмайды. Сол жерде де осы түйткілмен бетпе-бет келгендіктен, цех аштық. Сиыр ұстап отырған шаруалардан сүт жинап, оны цехта өңдеп, аудандағы балабақшалар мен мектептерге тарату тетігін қалыптастырдық.

Мұнда да дәл сол тірлікті қолға алдық. «Аруана» атты түйе мен сиыр сүтін өңдейтін кәсіпорын ашылды. Қазір сол мекемемен тығыз жұмыс істеп, ағарғанды құтыға құятындай деңгейге күш салып жатырмыз. Біз тұтынушыға дайын өнім ұсынуымыз қажет. Бүгінде ауыл-ауылдардан сүт жинап, аудандағы мектептер мен балабақшаларға, «ҚазАтомӨнеркәсіп» компанияларына «Аруананың» қымыраны мен айранын өткізудің жөн-жобасын жасадық. Ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарым балабақша меңгерушілерінің басын қосып, ол нысандардың тәуліктік, айлық қажеттіліктерін есептеуде. Ал «ҚазАтомӨнеркәсіпке» қарасты кәсіпорындардың басшыларымен өзім кездесіп жатырмын. Бүгінге дейін төрт-бесеуімен жолықтым. Олармен де ет пен сүт өнімдерін жеткізіп беру жөнінде ортақ мәмілеге келіп, уағдаластыққа қол жеткізудеміз.

– Ет демекші, 2000 жылдардың басында Таукентте әжептәуір ет комбинаты ашылған-тын. Елдің бәрі «Етімізді өткізетін орын пайда болды» деп бөркін аспанға атып еді. Өкінішке қарай, 2-3 жыл жұмыс істеді ме, істемеді ме, қазір соның тірлігі тоқырап тұр. Осыны қайта қалпына келтіруге бола ма?

– Иә, Таукентте ет комбинаты ашылған екен. Бірақ тоқтап қалыпты. Бұйыртса, Таукенттегі комбинатты қайта қолға аламыз. Әйткенмен сол олқылықтың орнын толтыруға Қыземшек ауылындағы ет өңдейтін цехтың септігі тиер деп есептеймін. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті кәсіпкерлердің барлығы еттерін сонда өткізіп жатыр. Бұдан бөлек Шолаққорғанда екі кооператив ашылуда. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы құны 22 миллион теңге тұратын модуль айдың аяғына дейін Алматыдан әкелінеді. Мұнда малды сойып, салқындатып, сол жерден тікелей өндіріс орындарына жібереміз. Кәсіпорын құрылысы келесі айда бітеді.

– Шаруаның жайын қозғап қалдық қой, Сәке, ауыл шаруашылығына берілетін мемлекеттің жеңілдетілген несиелері Созақ ауданында діттеген жеріне жетпейтіні жиі айтылады ел аузында. Шала-шұрпы, жарым-жартылай дүние сияқты. Осыған жіті назар аударып, жеңілдетілген несиелердің шаруаларға қаншалықты толыққанды жететінін зерттеп көресіз бе?

– Бұл – жай сөз. Негізі, халықтың көбісі несие алғысы келмейді. «Қойшы, несиені алып, ертең төлеп жүремін бе қарызға батып...» деген түсінік басым. Ал «ҚазАтомӨнеркәсіпте» жұмыс істейтіндер өздерінің табысына мал алғысы келеді. Тағы бір байқағаным, облыс көлемінде субсидияны ең аз алатын біздің аудан екен: 93-ақ миллион теңге! Мысалы, Мақтаарал ауданы – 2,5 миллиард теңге, Сарыағаш ауданы – 2 миллиардқа жуық, көршілес Бәйдібек ауданының өзі 500 миллионға жуық субсидия алады екен. Өзі субсидияның көбісі асыл тұқымды мал өсіруге беріледі ғой. Зерттеп көрсек, бізде бірде-бір ондай шаруа қожалығы жоқ. Неліктен деймісіз? Себебі халық қағазбен айналысқысы келмейді. Субсидияны әншейінен-әншейін бермейді ғой. Тиісті құжаттарын жинап, апарып өткізу керек. Одан кейін «судың да сұрауы бар», субсидияны алған соң, мемлекет ертең оның қаншалықты мақсатты жұмсалғанын тексереді. Шаруалар содан қорқады-ау. Мысалы, Отырар ауданында 29 асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалығы бар. Осы көрсеткішпен облыста 1-орынға шыққанбыз. Түсінген адамға субсидия дегеніңіз мал шаруашылығын дөңгелетудің таптырмас амалы емес пе?! Әрі шығыныңызды жабасыз, әрі арғы жағында пайдасын көресіз. Сол себепті бүгінде малды асылдандыруды, халыққа субсидия әперуді қарқынды түрде қолға алып жатырмыз.

Ал несиеге келсек, созақтық кәсіпкерлер биылдың өзінде «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 18 жобаға 37 миллион теңге, ал Аграрлық несие корпорациясынан 12 жобаға 142 миллион теңге алған. Бұл әлі жалғасын табуда, тиісті құжаттарын өткізіп жатқандар көп. Сондықтан «несие алмады, жетпеді» дегенге келіспеймін.

– Субсидияның қаншалықты мақсатты жұмсалғандығы тексеріле ме?

– «Құлан», «Сыбаға» секілді бағдарламалар бойынша субсидия алған соң, әрбір тиынына жауап беруге тура келеді. Ешкімді алдай алмайсың. Малды сатып алғасын оның құлағына сырға тағасыз, оны компьютерге енгізесіз. Сөйтіп, министрлікке мәлімет беруіңіз керек. Аудан, облыс, республика тарапынан тексеру қатаң.

Орайы келгенде айта өтейін, биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы Созақ ауданына 365 миллион теңге бөлінді. Өндірістік кооперативтің төрағасы 18 миллион, мүшелері 4 миллион теңгеден алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы халық ақпараттанды. Бұдан бөлек жас кәсіпкерлерді төрт түліктің бабын біліп, кәсіпке баулу үшін ауыл шаруашылығы мен жұмыспен қамтуға жауапты мамандарды тартып, жұмыстан тыс уақытта да түсіндіру жұмыстарын егжей-тегжей жүргізіп жатырмыз.

– Қызығушылық танытып жатқандар бар ма?

– Өткенде 3 өндірістік кооперативтің қожайындарын Алматы облысына апарып келдім. Үйренсін деген ниетпен. Ол жақта мал шаруашылығы қатты дамыған ғой. Ондағы атқарылып жатқан тірлікті көріп, таңғалып келді. Оларға бұл шаруашылықтардың бір күнде, аяқ астынан бұлай өркендеп кетпегенін айттым. «Алдымен шағын цех ашып, бірте-бірте арнасын кеңіту қажет» деп бағыт-бағдарын айқындап бердім. Енді олар құлшына кірісіп жатыр.     

 

«Тәуелсіздік саябағы қазан айында ашылады»

 

– Сізге дейін ауданды басқарған Мақсат Исаевтың тұсында ауданды дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып еді. Сол бағдарлама жалғасын таба ма? Әлде өзіңіз басқа жобаны қолға аласыз ба?

– Мен «Алдымдағы әкімдер түк жұмыс істемепті. Ол болмайды. Мен бүйтемін...» дейтін ұстанымдағы адам емеспін. Маған дейінгі әкімдер де осы ауданды дамыту үшін қал-қадерінше еңбек етті. Сондықтан мен де басталған тірлікті тоқтатпай, ары қарай жалғастырамын, дамытамын. Әркімнің басқаруы әртүрлі ғой. Мен Шымкент қаласында әкімнің орынбасары болдым, Отырар ауданын, құрылыс басқармасын басқардым. Сол себепті қызмет барысы мен өмірде жиған тәжірибемді Созақ ауданының гүлденуіне жұмсамақ ниеттемін.

Былай қарағанда, Созақ ауданы – Қазақстандағы атом өнеркәсібінің орталығы. Мұнда уран өндіретін талай шетелдік компаниялар келіп жатыр. Алайда аудан орталығы «атом өнеркәсібінің орталығы» дейтін мәртебеге еш сәйкес келмейді. Бәрі бәз-баяғыша. Үйлер де, көшелер де. Мен осы «Шолаққорғанды қалаға айналдырайық» деп бастама көтеріп отырмын. Шетелдік азаматтар ауданға келгенде ең алдымен қайда табан тірейді? Шолаққорғанға. Сол себепті облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасынан мамандар шақырып, «Шолаққорғанды қалай дамытамыз, келбетін түгел қалай өзгертеміз?» дегенді ақылдастық. Бұл ретте бірінші кезекте ауызсумен қамтамасыз етуге көңіл бөлдім. Аудан орталығында судан проблема бар: кей бөліктеріне су жетпейді, кей бөліктері уақытпен ішеді. Осыған орай, жобалық-сметалық құжатын (ЖСҚ) жасауға 37 миллион теңге бөлдік. Жалпы, Қазақстан бойынша Шымкент қаласының ауызсумен жабдықтау жүйесі үлгілі саналады. Сондықтан облыс орталығынан жауапты мамандарды шақырып, ең әуелі ауызсудың түйінін тарқатамыз.

Сонан соң облыс әкімінің көпқабатты үй салу жөнінде тапсырмасы бар. Соған орай ЖСҚ-ға 16 миллион теңге бөліп қойдық, Шолаққорғанда үш қабатты үйлері бар бір шағынаудан бой көтереді. Әйтпесе жеке-жеке үй салып, аудан орталығының жайылып кете беретін түрі бар. Оның ішінде аллея, балабақша сынды әлеуметтік нысандар да қарастырылған.

Одан бөлек аудан орталығының өзінде қабырғасы саманнан қаланған мектептер әлі бар екен. Кейбірінің іргетасы 1961 жылы қаланыпты. Сол себепті алты мектептің ЖСҚ-сына қаржы қарастырдық. Келер жылдан алтауының да құрылысын жүргіземіз. Ертерек бастар едік, алайда ЖСҚ-ны жасаудың өзі 6 айға созылады ғой.

Бүгінгі таңда сәулетшілермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Шолаққорғанның келбетін өзгерту оған кіреберістен-ақ басталады. Келімді-кетімді жамағат қайда келе жатқанын осы жерден сезінуі керек. Кіреберіс жол екі жақты етіп қайта салынады. Көшелердің барлығын Шымкенттегідей абаттандырмақ ойдамыз. Көшелердің екі шеті жасыл желекке оранады. Бәрін ортақ стильге келтіреміз. Автобекеттің де ғимараты қазіргі заманға сай етіп қайта жаңартылады. Мұның барлығының ЖСҚ-сына қаржы қарап қойдық.     

– Абаттандыру деп қалдыңыз ғой, Тәуелдсіздіктің 20 жылдығына орай аудан орталығы Шолаққорған ауылында үлкен саябақ құрылысы қолға алынып еді. Ол кезде аудан әкімі Берік Мейірбеков еді. Оған 70-80 миллион теңге қаржы қаралғанын естігенбіз. Өкінішке қарай, бұл игі бастама соңына дейін жүзеге аспады. Сол олқылықтың орнын толтыру ойда жоқ па?

– Ол саябақтың құрылысын қайта қолға алдық. Алдағы 2 айда бітіреміз. Күздігүні қазан айында ашылу салтанатының куәсі боласыздар.

– Егер сәтін салып, бұл саябақ ашылса, Сәке, атыңыз Созақ ауданының тарихында қалатын болды ғой...

– Сонымен қатар Шолаққорғаннан Созақ ауылына қарай шығаберісте мазарат бар екен, оның сыртына қоршау жасаймыз. «Қазпошта» орналасқан ғимаратты да қайта жөндеуден өткізбекшіміз, қазіргі таңда басшыларымен басқа ғимаратқа көшіру жөнінде ақылдасып жатырмыз.

– Мұның бәрі қанша уақытты алады деп ойлайсыз?

– Ең қиыны да сол. Бәрін дәл қазір қолға ала алмайсың. Өйткені ең алдымен ЖСҚ-ға қаржы бөлдіру керек. Екіншіден, құрылыс жүргізу үшін бюджетке ұсынамыз. Жалпы, аудан орталығын абаттандыру жұмыстарын біртіндеп жүргізе береміз ғой. Мұнда мектептің құрылысы сәл қиындау болып тұр. Келесі жылға үлгермей жатырмыз. Келер жылдың бюджеті қазір қалыптасуда. Мамырда қабылдана бастайды да, 1 тамызда бітеді. Алла сәтін салса, келер жылдың 2-жартыжылдығына кіргізуге тырысамыз. Шамамен арғы жылы аудан орталығының көрінісі басқаша болып қалар.    

– Осыдан 2 жыл бұрын Бейбіт Атамқұлов Созақ ауданына жасаған іссапарында Бабаата арнасын пайдаланып, Қызылкөлді суға толтыру туралы тапсырма беріп еді. Суы бастапқыда 4 есеге дейін тартылып кеткен атақты көлдің қазіргі ахуалы қандай? 2 жыл бұрынғы тапсырма орындалып, Қызылкөл суға толды ма?

– Қазір Қызылкөл суға толды. Арнасы қалпына келді. Ұзындығы – 5,4, ені – 2,8 шақырым. Ол кезінде ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіріп кеткен екен. Сол себепті онда ештеңе істей алмайсыз. Келе салып хат жазып, облыс әкіміне кіріп, рұқсат алдым, Құдай қаласа, бір жарым айда ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесінен шығарамыз. Бүгінгі таңда Қызылкөлді қайта жандандыру үшін 6-7 кәсіпкерді дайындап отырмыз. Демалушыларға жайлы жағажай жасаймыз. Мен кеше ғана тиісті мекемелермен келісіп келдім, олардың техникаларымен Қызылкөлдің жағалауын тазалауды бастаймыз. Себебі ол жер дәл қазір көшіп кеткен жұрттың орнын елестетеді.

– Инвесторлар сырттан ба, жергілікті ме?

– Өзімізден 6 кәсіпкер, шетелден 2 мекеме қызығушылық танытып отыр. Жағалауы бәріне жетеді.  

– Жуырда ОҚО бойынша статистика департаменті «Созақ ауданындағы халықтың орташа айлығы 180 мың теңгені құрап отыр» деген ақпарат таратты. Осы қаншалықты шындыққа сай келеді? Расында да созақтықтар осыншама табыс тауып отыр ма?

– Ол мәлімет шынымен солай. Себебі «ҚазАтомӨнеркәсіпке» қарасты кәсіпорындарда 10 мың 128 адам еңбек етеді десек, соның 65-70 пайызы – Созақ ауданының тұрғындары.

– Демек, «ҚазАтомӨнеркәсіптің» есебінен созақтықтардың орташа жалақысы шығып тұр ғой.

– Ол жерде жалақы мөлшері жоғары. Біздегі басқа салада қызмет ететіндердің еңбекақысын қосып есептегенде орташа көрсеткіші 182 мың теңгені құрайды.

– Созақ ауданында болашағы бұлыңғыр ауылдар бар ма? Мәселен, Жамбыл облысымен шектесетін Шу ауылының халі қалай? Бұрын 3 мыңдай халық мекендейтін, қазір 300-дің о жақ, бұ жағы көрінеді. «Ондағы ауызсудың да жайы мәз емес» деп естиміз. Пәленбай қаржы шығындап іске қосқан су торабы өз деңгейінде қызмет көрсетпейтін секілді.

– Шу ауылының болашағы жоқ деп айтуға болмайды. Рас, аудан орталығынан шалғай орналасқан. Әйтсе де бүгінде 780-дей халық мекендейді. 212 бала мектепке барады. Қуантарлығы, бала санының жылдан-жылға көбеюі байқалады. Иә, әттеген-айлар да жоқ емес, мәселен, егемендік алғанымызға 26 жыл болды, ол ауылда бірде-бір нысан бой көтермепті. Соған сәл қынжылдым. Ауыл әкімдігінің ғимараты өртеніп кетіп, қызметкерлер басқа жерде отыр екен. Келер жылы бірінші кезекте Шу ауылы әкімдігіне жаңа ғимарат саламыз. Және клубын күрделі жөндеуден өткіземіз. Сондай-ақ ол жаққа арендалық үй салуды да шештік. Себебі учаскелік инспектор, дәрігер, директор сынды сырттан келген мамандарға баспана тапшы. Олар әлгі арендалық үйді жалдап тұратын болады. Және ол баспана ешкімге сатылмайды, жекенің меншігіне өтпейді. Әр ауылға осындай 4 баспана салып бермекпіз. Алғашқы қадамды Шудан бастаймыз. Себебі ең шеткі ауыл болғандықтан, қараусыз қалған. Осындай шаруаларды еңсерсек, халық ол жерге тұрақталады деген ойдамын. Ал ауызсудан, білуімше, проблема жоқ.   

– Уран өндірісінің жергілікті экологияға зиянды әсері жайлы жалпақ жұрт арагідік айтып жүр. Мәселен, Созақта соңғы жылдары диагнозы белгісіз, жұмбақ аурулардың пайда болғанын құлағымыз шалып қалады. Қоршаған ортаның адам өміріне қолайлылығын қамтамасыз ету де жергілікті биліктің міндетіне кірсе керек.

– Отырар ауданында да «Заречное» атты уран кеніші бар. Сонда әкім боп тұрғанымда, өзім тікелей кен орнына барып көрдім. Технологиясымен таныстым. Мамандығым металлург болғандықтан, өндірістің технологиясын бір кісідей білемін. Сонда байқағаным, уран өндірісінен табиғатқа келетін пәлендей залал жоқ. Уранды ұңғылар арқылы жерасты сілтілендіру әдісімен өндіреді. Оны бөшкеге артады да, алып кетеді. Канадалықтар да, француздар да, ресейліктер де – әрқайсысы өздері өндірген уранды өздері алып кетеді екен. Тек «ҚазАтомӨнеркәсіпке» қарасты кәсіпорындар ғана Өскеменге апарады. Күкірт қышқылының барлығы жабық сақталады. Адамның қолы оған тимейді. Сондықтан экологияға анау айтқандай әсерін тигізіп жатқан жоқ. Мәселен, сол жерде осы ауданның тұрғындары еңбек етуде. Егер біреу-міреу ауырса, ондай ақпарат тез тарап, өзгелері ол жаққа аттап баспас еді ғой. «ҚазАтомӨнеркәсіпке» жұмысқа тұруға кезекте тұрғандар қаншама?! Аудандық мәслихаттың бір депутаты – сондағы компанияның директоры.

Әлі есімде, Отырарда әкім болып тұрғанымда да жергілікті бір қария «Біз у ішіп жатырмыз...» деп негізсіз дабыл қағатын да жататын. Әйтпесе «Заречное» кеніші аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта ғой. Мысалы, мен Қорғасын зауытында жұмыс істедім. Ең зиянды металл – қорғасын. Ол ауыр. Қанға кіреді де, шықпайды. Одан кейін – мыс. Жас кезімізде қорғасын балқытатын үлкен-үлкен қазанның басында жұмыс істедік қой. Ол кезде металлургтердің орташа жасы 53-55-тен аспайтын. Себебі неде? Еңбек қауіпсіздігі мен тамақтану режимін сақтамауда. Өзіңізге өзіңіз ұқыпты болып, барлық талаптарды сақтап жүрсеңіз, сізге қауіп төнбейді. Қазір Қорғасын зауытында бірге қызметтес болған азаматтардың алды 85-ке келді. Сондықтан барлығы да адамның өзіне байланысты. Бүгінде аудан халықының орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасты құрап отыр. Сол себепті бәрін уран өндірісіне әкеп тіреп қойған болмайды. Созақ – желдің өтінде. Қысы қатты, жазы ыстық. Көп нәрсе климатқа да байланысты.

– «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ осы Созақ ауданының аумағында өндіріспен айналысып жатыр. Ауданды Созақбай Әбдіқұлов басқарған жылдары аталмыш компания ауданға әлеуметтік тұрғыдан көп көмек көрсетіп жатыр дегенді жиі еститінбіз. Жыл сайын дарынды балаларды – шетелге оқуға, жетім балаларды демалысқа жіберіп жататын. Кейінгі кезде осы дәстүр үзіліп қалған сияқты.

– Ол үрдіс жалғасын табады. Қайбір күні «КАТКО» БК» ЖШС-нің басшылығы келді осында. Мен сіз айтқан әңгімені қозғадым. 4 баланы грантпен оқыту жөнінде сөйлестік. «Жарайды, ұсыныс жасаңыздар!» деді. Жалпы, ауданға көбірек жәрдем беретіні «КАТКО» БК» ЖШС мен «Инкай» БК» ЖШС екен. Осы күнге дейін «КАТКО» Созақ ауданына 12 миллион доллар жұмсапты. «Инкайдыкі» де соған жетеғабыл. Керемет қой! Балабақша, мектеп салып берген. Енді «КАТКО» келер жылы оқушылар лагерін салып бергелі жатыр. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Одан бөлек мал шаруашылығына Созақ ауылында 500 малды бордақылайтын кешен салып бермекші. Мұны да талқылауды бастадық. Кешеннің шығарған өнімін өздері тұтынатын болады.   

 

«...Төмен көрсеткішке ие болған үш мектептің директорын міндетті түрде қызметтен босататынбыз»

 

– Созақ ауданындағы мектептердің 85 пайызы типтік үлгіде салынған. Ауыл-ауылдардың біразында жаңа білім ұялары бой көтерді. Бірақ неге білім көрсеткіші пен сапасы жөнінен алға шыға алмай жатыр?   

– Бұл сауалыңызға жауап беруге дайын емеспін, шынымды айтсам. Себебі білім саласына енді ғана назар аударып жатырмын. Кешегі өткен ҰБТ-ның нәтижесін сараладық, ауданның орта балы 70,2 болды. Облыста 11-орында тұрмыз. Келе сала ауданның экономикалық мәселелеріне ден қойдым. Осыларды сәл тиянақтап алайын, сосын кірісемін. Оның үстіне білім саласы қызметкерлері – қазір еңбек демалысында. Қыркүйекте мектептерді аралаймын. Ауданда 35 мектеп бар, жаңадан салынатын 4 мектеп қалған екен. Соның бірі – Шолаққорған ауылындағы 600 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектеп. «Анау салады, мынау саладымен» қалтарыста қалып қойыпты. Соларды тәмамдасақ, білім ошақтарының ғимараты 100 пайызға жаңарады.

Жалпы, білімнің неге төмен екенін Отырар ауданынан білемін. Әдетте ауылда жақсы мұғалім қалмайды. Жасыратыны жоқ, ауылда жүрген ұстаздардың басым бөлігі – оқу орнын сырттай бітіргендер. Қарға тамырлы қазақпыз ғой, жұмысқа тұрғанда да туған-туыстықты пайдаланамыз. Онысы нағыз мұғалім бола ма, болмай ма, кім біледі?! Мұғалім болу үшін әу бастан педагог болып жаратылу керек қой. Ауылдың халқы көбінесе балаларын мұғалімдікке оқытады, дипломын әпереді де, мектепке кіргізеді... Сондықтан осы тұрғыдағы факторлар да білімнің сапасына кереғар әсер етеді деп ойлаймын.

– Алдағы оқу жылының қорытындысында тағы төмен көрсеткіш көрсетсеңіздер, мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылығын жазалайсыз ба?

– Міндетті түрде. Демек, төмен көрсеткіш ол жерде жұмыс жүрмеген дегенді аңғартады. Мемлекет жаңа мектеп салып берді, материалдық-техникалық, оқу базасын нығайтып берді, енді тек қана балаларды оқыту керек қой! Отырар ауданында ҰБТ-да ең төмен көрсеткішке ие болған үш мектептің директорын міндетті түрде қызметтен босататынбыз. Себебі ондай кадрды әрі қарай ұстау тиімсіз.

– Білім дегеннен шығады, қазір мектептерде 1-сыныптан бастап-ақ үштілділікті қолға алып жатыр. Көзқарасыңыз қандай? Қоғамның басым бөлігі мұны ұнатып отырған жоқ.

– Білім саласының маманы емеспін, бірақ мемлекеттің бұл саясатын қолдаймын. Дұрыс. Себебі бала кішкентай кезінде тілді тез меңгереді. Өзіміз орысшаны көзімізді ашқаннан үйрендік қой. Мектепте неміс тілін оқыдым. Одақтың тұсында-ақ қазақ, орыс, неміс тілін оқыдық.

– Бірақ шет тілін оқыту 5-сыныптан басталушы еді ғой.

– Орыс тілімен танысу «Букварь» арқылы 1-сыныптан басталатын. Менің ойымша, үштілділікте тұрған дәнеңе жоқ. Келешекте біздің балаларымыз тілді білген сайын ой-өрісі кеңейе түсері анық.

– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығына бейімделген және жаз айларында су тапшылығына ұрынатын аймақтарда көктемгі тасқын суды тиімді мақсатқа пайдалану ең басты мәселе болып табылатынып айтып, тоғандар мен шағын су қоймаларын салып, суармалы егістік алқаптарын көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. «Аталған нысандар аймақты тасқын судан қорғап, егіншілікті дамытуға тікелей септігін тигізетін болады» деді. Қателеспесек, Созақ ауданында оннан астам тоған бар. Кезінде кәдеге асқан сол тоғандардың арқасында Созақта жүгері, бидай, тіпті мақтаға шейін өсірілгенін ел біледі. Аудан көкөніспен өзін-өзі қамтамасыз етіп отырды. Сол тоғандар бүгінде қараусыз күйде ме? Бәлкім, бюджеттен қосымша пәленбай миллион теңге қаржы қарап, тағы да су қоймаларын салу үшін тиісті жобалау, жоспарлау жұмыстарын жүргізгеннен гөрі барды ұқсатқан жөн болар. Қалай ойлайсыз?

– Сауалыңыз өте орынды. Ауданға келген бетте бұл мәселеге көңіл бөліп, қарап шықтым. Созақ ауданында 14 су қоймасы бар екен. Республикалық меншіктегісі – 8, облыстық коммуналдық меншікте – алтау. Бәрінің жағдайлары жақсы. Азып-тозған ештеңесі жоқ. Бірақ сол тоған орналасқан елді мекендерде ешкім егін екпейді екен. Рас, совхоздың кезінде егілген. Алайда тоған таудан ағатын сумен толығатындықтан, бірқатар елді мекендердің жерлері құнарлы емес, топырағы аз, тасы көбірек. Сондықтан онда жоңышқадан басқа ештеңе еге алмайсыз. Аудан бойынша егіншіліктің барлығы – Құмкент және Жартытөбе ауылдарында. Сондай-ақ 4 жарым мың өзбек халқы мекендейтін Созақ ауылында да егіншілік жақсы дамыған.

Жекенің меншігінде Қошқарата деген су қоймасы болған екен. 2008 жылы бұзылып, содан бері қараусыз қалыпты. Иесі Алматыға көшіп кетіпті. Енді сол кісімен сөйлесіп, өзімізге қайтарсақ дейміз. Жөндеп, халықтың игілігіне берсек, 700-800 гектар алқапқа егін салуға болады.

Одан басқа жаңадан 2 су қоймасын салу жөнінде облысқа тиісті құжаттарды ұсындық. Суындық су қоймасын салатын жер бар. Бұрын зерттелген екен. Ол жақта да 700-800 гектар суармалы жер іске қосылады. Сондай-ақ тағы үшеуін ұсынып отырмыз.  

– Бұл қажеттіліктен туындап отыр ғой?

– Қажеттілік. Жоңышқа, жүгері егіп, мал азығын дайындау үшін ол жерлер керек. Егіншіліктен бөлек қазіргі таңда 3 су қоймасына балық шабақтарын жібердік. Аудандағы бұрын ет комбинаты болған кәсіпорында енді балық өңдейтін боламыз. Бұл мақсатта кәсіпкер 80 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтарды Германиядан әкелмекші. Демек, су қоймаларын балық шаруашылығын дамытуға да пайдалануға болады.

– Ауданда криминалдық ахуал қандай?

– Мұнда ұрлық-қарлық жоқ екен. Отырарда жүргенімде мал ұрлығы әр ауылда кездесетін. Күнде айқай. Себебі аудан төрт жолдың торабында орналасқан. Ал мұндағы шалғай ауылдардың ешбірінде мал ұрлығы жоқ. Өйткені малды айдап әкететін жол жоқ. Жартытөбеде бір-екі жағдай тіркелді, бірақ иесі, ұры алыстан келмесе керек, малын тапты. Бізде тек жол-көлік оқиғасы ғана өршіп тұр. Оған жолдың ұзақтығы мен сапасы әсер ететін сияқты.    

– Қайбір жылы облыс көлемінде индустриялық аймақтар ашу сәнге айналды ғой. Мұндай аймақ Шолаққорғанға кіреберісте де бар екен. Тыныс-тіршілігі қалай?

– Қазір онда 5 кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысының өз даму арнасы бар. Мәселен, «UKO-S Star» металл құрастыру» ЖШС уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығарады. Оған қоса жағар майларды өндіретін «HILL Corporation» компаниясынан да тапсырыс алып, бөшкелер жасап жатыр. Заманауи құрал-жабдықтар қойған. Ал «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС уран өндірісінде қолданылатын құбырлар жасайды. «Дархан-Ас» зауыты болса, Тасты ауылында тұз кеніші бар, сондағы ресурсты тазалап, өңдеп, 1, 5, 10 келілік қаптамамен йодталған ас тұзын шығарады. Кәсіпорын қожайынына келешекте мал шаруашылығына қажетті ірі тұз шығару жөнінде ұсыныс жасадым.  

Енді тағы үш кәсіпорынның бизнес жоспар жасап, облыстық комиссияға ұсынатын боламыз. Сонымен қатар киім-кешек тігетін цех ашсақ деген жоспар бар. Себебі маған жұмыс сұрап келуші әйелдер өте көп. Оларды әлгі кәсіпорынға тартсақ, ұтылмаймыз.Ол жерде «ҚазАтомӨнеркәсіп» жұмысшыларына қажетті киім-кешек, қолғаптарды тігіледі. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Бұл екі жаққа да пайда. «ҚазАтомӨнеркәсіп» арнайы киім-кешекті қымбат бағаға, сырттан тасып әуре болмайды, ал біз жұмыссыздық мәселесін шешеміз.   

– Жұмыссыздық жөнінен нешінші орындасыздар?

– Жұмыссыздық деңгейі Созақ ауданында – 4,8 пайыз. Облыстық деңгейден төменірек. Меніңше, құлшыныс танытқан адамға жұмыс көп. Бірақ «алдыма әкеп бер» деген түсінік басымырақ. Әйтпесе Жұмыспен қамту орталығына барып, жеңілдетілген несиені алып, өз кәсіптерін ашса, жұмыс көп. Міне, осыған үйретіп, оқытып жатырмыз.  

– Қателеспесек, алдыңғы жылы Отырар ауданында әкім болып тұрғаныңызда «30 мың тоннадай жүгері өнімін алдық» деп ақпарат бергендеріңіз – есімізде. Кейін бұл цифрдың шындыққа онша сәйкес келмейтінін республикалық «Корреспондент» газеті жазған болатын. Мұндай жағдай Созақта қайталанбайтын шығар?

– Мен еш жерде өйтіп айтқан емеспін. Ол – бір газеттің журналисінің жүгері еккен кәсіпкерден алған сұхбатынан кейін тараған ақпарат. Әлгі азамат Балтакөл елді мекенінде 2 мың гектар жер алып, соның 800 гектарына тамшылатып суару әдісімен жүгері егеді. Тың жер, жүгері керемет шықты. Оның бер жағында Көксарай елді мекенінде тағы бір кәсіпкер Австрияның Байер технологиясымен 500 гектарға жүгері екті. Осылайша, жалпы алғанда, біз жүгері алқабын 14 мың гектарға апардық. Енді санасаң, 35 емес, 25 мың центнер өнімді былай да былай алып отыр. Алайда менің аузымнан 30 мың тонна деген сөз шыққан емес, журналист өзі кәсіпкердің «өйтейін деп жатырмын, бүйтейін деп жатырмын» деген долбарын теориялық тұрғыдан есептеп, 35 мың тонна деп жазып жіберген ғой.

Одан бұрын да бір басылым қауын бағасына байланысты мен туралы жазған-ды. Ол былай болды. Егістікті аралап жүрсек, анадай жерде, 4-5 жүк көлігі тұр. Жақындап барсақ, қауын артып жатыр екен. Шаруадан қанша гектарға еккенін, қанша өнім алғанын, бағасын сұрадым. «Қауынның келісін егістіктің басынан әдепкіде 60 теңгеден арттық. Кейін 40 теңге болды...» деді ол. Сөйтсем, ертесіне сол басылым «Әкім ана жерде 60 теңге деп айтты. Алайда шаруалар 35 теңгеден артып жатыр...» деп жазыпты. Бұған не дейсің?!.

– Газадандыру жайы қалай?

– Бүгінгі таңда ЖСҚ жасалып жатыр. Аудандық бюджеттен 78 миллион теңге бөлінген. Қазір техникалық шарт алу үшін тиісті құжаттар «ҚазТрансГазда» келісімде жатыр. Сол бітсе, Жаңатастың бұрылысынан Созақ ауданына қарай тартыла бастайды.

– «Көгілдір отын» шамамен қашан тұтанады?

– Ақша бөлініп, келесі жылы құрылысын жүргізсек, Құдай қаласа, арғы жылы құбырды алып келетін шығармыз.

– Біз сұрамаған, өзіңіз айтқыңыз келген мәселе болса, мархабат!

– Сұхбатымызда бәрін қамтыдық қой деймін. Әңгімемді түйіндей айтарым, «ҚазАтомӨнеркәсіптің» жұмысы қызып тұрған шақта Шолаққорғанды керемет оазиске айналдырсақ деймін. Осындағы халық толық жұмыспен қамтылса, әдемі ғимараттар көз тартып тұрса, ғанибет емес пе?! Түпкі мұрат – жергілікті бұқараның көкейінде «осында келешек бар» деген сенім ұялап, Шолаққорғаннан ешқайда кетпеуі керек қой. Қазір 62 мыңнан астам халқы бар Созақ ауданы 100-150 мың тұрғынды құшағына сыйғызып жатқан құтты мекенге айналса, қанеки!..

– Барлық істің тетігін білікті кадр шешеді ғой. Ауданға өзіңіздей мықты кадр келді деп есептейміз. Игі бастамалардың ұйытқысы болып, лайым Созақты ұшпаққа шығарады деп сенеміз.

– Ауданды заман талабына сай өркендету бағытында жұмыс істейміз деген жоспардамыз. Жас кадрларға ерекше сенім артып жатырмын. Орынбасарларым жас. Дұрыс бағыт-бағдар нұсқасақ, күн-түн демей, еңбек етуге әзір. Айтпақшы, келер жылы Созақ ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Қыркүйектің соңы мен қазанның басында сән-салтанатпен атап өтеміз. Сол кезде, Алла сәтін салса, осы сұхбат барысында айтылған мәселелердің біршамасы өз нәтижелерін бере бастайды деп ойлаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар: Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Әнуарбек МАЙМАҚОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері, жоғары дәрежелі ұйымдастырушы: «ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТУБЕРКУЛЕЗ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАТЕР»

– Әнуарбек Әбдібекұлы, Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойына басшылық қызметте келе жатырсыз. Бір кездері тиісті басқарманы да тізгіндедіңіз. Сондықтан өңірдегі медицинаның түрлі кезеңдердегі дамуы мен жай-күйін Сізден артық білетіндер некен-саяқ болса керек. ОҚО денсаулық сақтау саласының жұртшылыққа мәлім де беймәлім қырлары туралы сөз қозғасаңыз. Қазір қай деңгейдеміз? Көрсеткіштеріміз қандай?  

– Журналистер сұхбатқа тартып отырған соң, әрине, өз пікірімді айтуға құқылымын. Сондықтан біршама шолу жасап көрейін. Өңірдің денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер өте көп. Мен 1980 жылы осында дәрігер болып табан тірегенімде, біздің аядай ғана 120 орындық ауруханамыз №2 қалалық балалар ауруханасы деп аталатын. Мұқтаждығымыз тым көп-тін. Мысалы, хирург керек болса, тіпті катетер керек болса да, облыстық ауруханаға жүгінетінбіз. Ол келгенше, тіпті балалар жан тәсілім етіп те қоятын кей жағдайда. Сондай қиын жағдайда жұмысты бастағанбыз. 160 орындық облыстық балалар ауруханасының да халі мәз емес еді. Шымкенттегі «Текстиль фабрикасы» аталып кеткен аумақта ешқандай жағдайы жоқ, барак типтегі ғимаратта орналасқан-тын. Көлемі 4 мың шаршы метр ғана. Кейін №6 аурухана орналасқан ғимаратқа көшірілді. Ол жердегі ғимараттың алаңы 9 мың шаршы метрді құрайтын. Ал қазіргі жағдаймызды көріп отырсыз, жер мен көктей. Мынау «Нұрсәт» шағынауданында жаңадан бой көтерген облыстық клиникалық балалар ауруханасының көлемі – 34 мың шаршы метр.

2014 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаиловтың келісімдерімен балаларға медициналық қызмет көрсету қызметін бір жерге шоғырландырдық. Мәселен, бұрын балалардың көзі ауырса – көз аурулары ауруханасына, қан құрамында қант деңгейі көбейіп кетсе – эндокринологиялық дипансерге, жүрегінен хирургиялық ақау табылса – облыстық кардиоорталыққа баратын. Яғни бұлардың бәрі тарам-тарам болып кеткен-ді. Ал 2014 жылы сол тұстағы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың барлық қызметтерді біріктіру жайлы ұсынысы шықты. Бұл өркениетті мемлекеттерде бар тәжірибе екен. Біз, мысалы, Литвада болдық, 5 мың орындық аурухананың ішінде перзентханасы да бар. Науқасқа өзге дәрігерлердің қажеттілігі туындаған жағдайда оларды басқа емдеу мекемелерінен шақырып, әуре-сарсаңға түсіп жатпайды. Айталық, қан тамырлары хирургі керек пе, өзінде тұр. Барлық маман – бір жерде. Мұның артықшылығы неде? Медицинада «алтын уақыт» деген ұғым бар. Мысалы, адам жол апатына ұшырады делік. Бір сағат ішінде көрсетілген көмек өте тиімді саналады. Сондықтан сол аралықты «алтын уақыт» деп атайды. Ал нағыз қажетті мамандарды жан-жақтан жинап жатсаңыз, сіз алтын уақытты қайтіп тиімді пайдаланасыз?! Ол жолда келемін дегенше, бір сағатыңыз зу етіп сырғи шығады. Міне, осыны ескере отырып, қазір біз эндокринологті те, офтальмологті те, кардиохирургті те, кардиологті те, нейрохирургті те – барлық маманды осы ауруханаға топтастырдық. «Алтын уақыт» режимінде жұмыс істеуге толық қауқарлымыз. Мұның барлығы – Елбасының, өңір басшылығының оң саясаты мен дұрыс көзқарасының жемісі. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, небір күрделі кардиохирургиялық оталар да өзімізде жасалуда. Біз республикада, яғни Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астанадағы түрлі орталықтарда жасалып жатқан жоғары технологиялық медициналық көмектің шамамен 90 пайызын өзіміз көрсетіп жатырмыз. Тек науқасты емдеу кең ауқымдағы, озық технологияны қажет ететін жағдайда ғана республикаға жүгінеміз. Салыстыру үшін айтайын, 2013 жылы Астана мен Алматыға 475 адамды жіберсек, былтыр бұл көрсеткіш бар-жоғы 60-ақ адамды құрады. Бұл – балаларға көрсетілетін медициналық қызметті біріктірудің арқасында қол жеткізген жетістік!

Үшіншіден, облыстық кардиоорталықта жасалып жатқан оталарды да ерекше атап өткен жөн. Мен Шымкент қаласына дәрігер болып келгенімде, жүрекке ота жасау дегеніңіз түсімізге де кірмейтін. Тіпті мүмкін еместей көрінетін. Ол уақытта жүрекке отаны тек шетелде жасаушы еді ғой. Құдайға шүкір, бүгінде біз де сондай дәрежеге жеттік.

Ол аз десеңіз, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында бас дәрігер Мәди Биғалиев бүйрек пен бауырды ауыстыру оталарын жасап жатыр. Кейбіреулер оны дұрыс түсінбейді, шындығында, одан жоғары технологиялық медициналық қызмет жоқ! Сайып келгенде, ол – Ж.Исмаиловтың қолдау көрсетуімен жүзеге асқан М.Биғалиевтің тікелей өз еңбегі. Трансплантология дегеніңіз – үлкен тәуекелді тірлік, өте қиын шаруа. Сондықтан М.Биғалиевті батыр деп атауға болады. Құдай бетін әрі қылсын, сол отада бір науқас тіл тартпай кетсінші, досың да, дұшпаның да табалауға, үстіңнен арыз боратуға дайын тұрады. Құдайға шүкір, бүгінге дейін 100-ге жуық ота жасады, науқастардың барлығы да дін-аман. Әйтпесе кезінде оның атына небір сын айтылды ғой. Бірақ ол ештеңеге мойыған жоқ. Өз мақсатына жету үшін тек алға адымдады. Трансплантологиямен айналысу үшін қаншама ізденіс керек, көптеген ғылыми еңбектерді қарау керек, тәжірибе жинау керек, қаншама адамды шеберлік сыныптарынан өткізу керек.

Одан бөлек біздің облыста миға да ота жасалады. Мұның бәрі, Елбасы айтқандай, Шымкенттің шын мәнінде республикада №3 мегаполиске айналғанын дәлелдейді.

– Қазақ «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой, әйткенмен көңілге кірбің ұялататын жайттар да жоқ емес шығар. Бар дүниемізді ешкім тартып ала қоймас, назардан қағыс қалып жатқан көлеңкелі, қалтарысты тұстарымыз туралы айта аласыз ба?

– Әрине, көңіліміз толмайтын кейбір келеңсіз жайттар да баршылық. Мысалы, ОҚО-дағы стратегиялық үш мәселені айрықша бөліп айтар едім. Біріншісі – ана өлімі, екіншісі – сәби өлімі, үшіншісі – туберкулез.

Енді осыларға жік-жігімен тоқталайын. Қазақ «Ауруын жасырған арам өледі» дейді. Мен облыстық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың биылғы 5 айға жасаған есебін көрдім. Ресми мәліметтерде «Ана өлімі былтырғымен салыстырғанда 2 есе төмендеді» депті. Қуанып қалдым. Осы саланың жанашыры һәм ыстық-суығына қатар төзіп жүрген маман болғандықтан, «Қай өңірден ілгері, қайсысынан кейін екенбіз?» деген ниетпен басқарманың есебін мен де қарап шықтым. Алайда есеп шындықтан алшақ жатыр. Басқасы – басқа, өз басым ана өлімі орын алған 2 фактіні білемін. Оның қай ауруханада қалай болғанына шейін. Өкінішке қарай, ол қайғылы жағдай жасырылды. Сондықтан мұндай деректерді жасырып-жауып, «медициналық көрсеткіштеріміз жақсарды» деу дұрыс емес. Бұл жерде барынша ашық болу қажет. Өзі ана өлімі екіге бөлінеді: кеш және ерте. Екеуін де жасырмай, оның себептерімен күресудің орнына бүркемелеуге көшсек, ешқандай алға жылжу болмайды.

Екіншісі – сәби өлімі. Дәлірегі, бір жасқа дейінгі балалардың өлімі. Бұл да – саяси мәселе. Денсаулық сақтаудағы негізгі индикаторлардың біреуі. Мен облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істегенмін. Ана мен бала өлімін талай талдағанбыз. Небір мінберлерден сөйлегенбіз. Яғни мен бұл мәселелерге терең бойлай алатын сарапшымын.

М.Егізбаев бала өлімі де былтырғыға қарағанда пәлен пайызға төмендегенін көрсетіпті. Мысалы, былтыр ОҚО жыл соңында бала өлімі жөнінен республикада 6-орында еді. Көрсеткішіміз 9,3 мильді көрсеткен. Демек, бала өлімі жөнінен 5 облыс біздің алдымызда тұр еді. Ал биыл 5 айдың қорытындысы бойынша біз 2-орында тұрмыз. Біздің алдымызда бір-ақ облыс бар. Яғни бала өлімі жоғары екі облыс болса, соның бірі – Оңтүстік Қазақстан. Мұнан кейін «денсаулық сақтау деңгейін жақсарттық» деуге қалайша аузымыз барады. Иә, 5 айдың қорытындысында біздің облыстың көрсеткіші 1 пайызға төмендеген. Алайда бізде есесіне туу көрсеткіші де төмендеп отыр ғой. Бір жарым мың адамға. Ал сәби өлімінің республикалық көрсеткіші 13 пайызға төмендеген. Сол себепті «ОҚО-ныкі 1 пайызға төмендеді, бәрі жақсы» деу дұрыс қағида емес. Жыл соңындағы 6-орыннан қазіргі таңда 2-орынға көтерілуіміз – жұмыстың сапасын нашарлатып жібергеніміздің айғағы. Бала өлімін азайтып, оның себептерімен күресудің орнына біз біраз нәрсені жасырып, негізсіз түсініктеме беріп, жұртты адастырғымыз, шатастырғымыз келеді. Иә, аталмыш мәселенің ұңғыл-шұңғылын білмейтін, өзінен лауазымы жоғары азаматтардың аузын күншығысқа қаратып кетуге болар, бірақ мен секілді сарапшылардың көзін байлай алмайсың.

Үшінші көрсеткіш – туберкулез. Мен шындықты айтып үйренген адаммын. «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» деген рас қой. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістандағы жағдай да өте қиын. №4 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жыл басында анықталған туберкулез дерегін айтып отырмын. Күні бүгінге дейін көпшіліктің бұған қалайша көз жұмып келе жатқанына таңмын. 30 жылдан бері басшылық қызмет атқарып келемін, мұндай сорақылықты көрген емеспін.

Білуімше, аталмыш орталықта 500-ден астам адамға әлеуметтік қорғау көмегі көрсетіліп жатыр. Және олардың бәрі бірдей ОҚО-ның тұрғындары емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Міне, сол жерде биыл қаңтар айында 7 адам құрт ауруымен ауырған. Ақпан айында олардың қарасы 64-ке жетті. Қысқа ғана мерзімде өкпе дертін жұқтырғандардың осыншаға көбеюі сұмдық емес пе?! Алайда дабыл қағып, ертерек нақты қам-қарекет жасауды талап ететін бұл мәселе бірде-бір коллегияда, бірде-бір «планеркада» айтылмады. Мейлінше жасырын, құпия сақталды. «Ел құлағы елу» емес пе?! Ал мен естіп-біліп отырмын. Қалайша түк сезбегендей бейқамдық танытамын. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әрбір туберкулезбен ауыратын адам 10-15 адамға дейін ауру жұқтыратыны тағы бар. Туберкулездің өзі «особо опасный» инфекцияға жатады. 64 адам ауырғаннан кейін шыдай алмай, 22 ақпанда мен Денсаулық сақтау министріне телеграмма салдым. «Түркістандағы жағдайды қолға алып, тиімді шара қолданбасаңыздар, ұлтқа қатер төніп тұр...» деп. Таңертең хабар бердім, сол күні түс қайта министрдің орынбасары Алексей Цой шұғыл жетіп, жиын өткізіп, штаб құрды. Жан-жақтан мамандарды шақырып, комиссия қалыптастырды. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін ұйымдастырып кетті. Оның бәрі дұрыс, әрине.           

– Иә, оған бәріміз де қуандық қой. «Енді Түркістандағы туберкулездің түбіне балта шабылатын болды» деп.

– Жасыратыны жоқ, штаб құрылған соң біраз өзгерістер болды, біраз жұмыстар дұрыс жолға қойылды. Бірақ «Айдың арғы беті, бергі беті» деген ұғым бар ғой, дүйім ел Түркістандағы жағдайдың тек бергі бетіндегісін ғана көріп отыр. Ал арғы бетіндегі көріністі көруге екінің бірінің жүрегі дауаламасы анық. Сенесіз бе, әлі күнге дейін мұндағы ахуал жарым-жартылай жасырылып келеді. Баяғы біздің облыстан бұрқ ете қалған ВИЧ індеті есіңізде шығар, бір адам өліп, 140 бала аталмыш дертті жұқтырған-ды. Сол кезде күн сайын штаб жиыны өтіп, облыстағы жағдай жіті қадағаланып отыратын. Бұл да сондай маңызға ие жағдай ғой. Тіпті одан ары болмаса, бері емес. Себебі әлгі 500 емделушінің туған-туыстары тек ОҚО-да ғана емес, еліміздің төрт бұрышында тұрады. Олардың да туберкулез жұқтырып, әрі қарай оны өздері тұратын елді мекендерге апарып таратып жүрмегендеріне кім кепілдік береді?! Сондықтан республикалық деңгейде штаб құрып, сол сырқат адаммен кімдердің байланыс жасағанын анықтап, олардың туыстарын мекенжайлары бойынша тауып, 24 аптаға дейін тиісті ем-дом жасалуы керек. Олар дәрігердің бақылауына алынуы тиіс.

Иә, бір қарағанда жұмыс жүріп жатқан сияқты. Әйтсе де неліктен әлі күнге дейін бұл мәселе бірде-бір коллегия мен «планеркада» айтылмайды? Жалпақ жұртты былай қойғанда, медициналық қауымдастықтың өзі көп жайттан бейхабар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бір телеарнадан оқта-текте «Біз тауып жатырмыз...» деп бірдеңелерді айтқансиды. «Тауып алдық» деп айтуға болады, егер туберкулезді флюоротексерумен тапса немесе профилактикалық тексерумен тапса. Ауру әбден белең алып, адам өлімі тіркеліп жатқан жағдайда «таптық» деу ақылға сыймайды. Оның үстіне Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мамандарының тексеру қорытындысы бар. Мен ол орталыққа хат жібергенмін. «Жағдай осындай болып жатыр. Сіздер тарапынан не атқарылып жатыр?» деп. Хатыма жауап алдым. «Иә, тексердік. Айтқан фактіңіз дәлелденді. Бұл емделушілер 2016 жылдан бері ауырған. Бірақ жасырып келген...» деген төңіректе. Олардың қорытындылары мен ұсыныстарына сүйенсек, Түркістандағы мекемеде туберкулез кеш анықталған және дерттің ондағы ем қабылдаушылар арасында таралу фактілері көпшіліктен жасырылған  екен. «Оны қалай дәлелдеді?» дейсіз ғой. Жалпы, 2016 жылы бүкіл аудандағы туберкулезге қарсы қызмет тек облыстық туберкулезга қарсы диспансерге қарайтын. Флюорографиялық тексерудің барлығын аталмыш мекеме жүзеге асыратын. Таңғаларлығы, облыстық жауапты мекеме дені сау деп жазып кеткенімен, кейбір аурулар туберкулездің препаратымен – канамицинмен емделген. Бұл дәрі тек осы мекеме арқылы тегін берілетінін ескерсек, біраз жайттың беті ашылады. Сонда кім кінәлі, кім мүдделі? Кімнен нені жасырып отыр? Менде Денсаулық сақтау министрлігінің де, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының да «Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың барлығы үлкен заң бұзушылықпен, айтарлықтай кемшілікпен жүзеге асып жатыр» деген жауаптары бар.

Иә, тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Штаб құрылды. Келісемін. Әлі күнге дейін штаб мәжілісі өтеді. Бірақ жартылай жасырын тірлік. Оған мүдделі адамдар ғана қатыстырылады. Мысалы, мен әлі бір жиналысына қатысқан емеспін. Сондықтан бұл мәселені қырағы назарға алмаса, бүкіл республикаға өзінің зардапты әсерін тигізері сөзсіз.

Мәселен, министрліктен келген жауап хаттың бір үзіндісін оқып берейін: «По итогам проведенного расследования специалистами республиканских организаций Министерства установлено, что в Центре имело место сокрытие случаев туберкулеза, неполный охват пациентов флюорографичесим обследованием, допущены случаи пропуска патологии у пациентов, не соблюдался алгоритм диагностики лечения туберкулеза».

Сонда қалай, бұлар канамицинмен туберкулезді емдейді, мамандар әбден шектен шыққан жағдайды анықтайды, ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы батыр іспетті «мен таптым» деп, жерден жеті қоян тапқандай жұртқа жар салады.

Орыстың «Рыба гниет с головыа чистят ее с хвоста» деген мақалы бар. Ақпандағы дүрмекпен Түркістандағы бірқатар мамандарды жұмыстан босатты. Ұзын-ырғасы – отыз шақты адам. Сонда ауқымды деңгейде шешілетін мәселені қатардағы мамандарды қызметтен қуу арқылы шешуге бола ма?..

«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» демекші, жауырды жаба тоқу түбі ешкімге опа әпермейді. Өйткені туберкулезді жасыруға болмайды, ол – науқас адаммен қарым-қатынас жасау арқылы, ауа тамшылары арқылы жылдам таралатын дерт. Біз бүгінде сол науқастармен кім байланыс жасады, солардың барлығын қадағалауға алып, жаппай тексеруіміз шарт. Мына қарқынмен қайда баратынымызды көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты. Қаңтарда – жетеу, ақпанда – 64, бүгін – 133! Кім жауап береді сонда?

Әрине, мұның барлығы кімнің құлағына жетіп, кімнің құлағына жетпей жатқанын білмеймін. Бұл жерде ағайынгершілік, туысқандықты қойып, тікелей қызмет бабында қарауға, тазалыққа көшу керек. Себебі сын түзелмей, мін түзелмейді. Мен мұны біреудің қытығына тиейін деген мақсатпен айтып отырған жоқпын. Оның үстіне ешкімде алты аласым да, бес бересім де жоқ. Менің шырылдап отырғаным, біз осыншалықты жетістігімізді дәл бүгінгідей тірлікпен былғап алатынымыз анық.                         

– Әнеке, Сізге рахмет, біраз жайттың бетін ашып, сұхбат бердіңіз. Неге осы мәселе хақында өзге әріптестеріңіз алаңдаушылық білдірмейді?

– Ешқандай дәрігер басылымға тікелей сұхбат бере алмайды. Өйткені М.Егізбаевтың облыстың медицина ұйымдарының бірінші басшыларына жолдаған хаты бар. Онда бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін барлық ақпаратты алдын ала басқарма басшылығымен немесе басқарманың ресми баспасөз хатшысымен міндетті түрде келісу қажеттігін ескерткен. Ол ол ма, әлгі хатты «БАҚ-на берілетін кез келген мәліметке медицина ұйымының бірінші басшысы тікелей жауапты» дегені тағы бар. Яғни қарамағындағы дәрігерлер теріс пікір білдіретін болса, бас дәрігер тікелей жауап береді. Былай қарағанда, біз не алға, не артқа кетіп бара жатқанымызды да білмейміз. Сонда басқарманың ақпарат құралдарымен араға «Қытай қорғанын» орнатып қойып, «олар тек біздің берген ақпаратты місе тұтсын» деген пиғылымен келісе алмаймын. Сондықтан дәл біздікіндей облыста мен сияқты дәрігердің сұхбат беруі адамгершілік, азаматтық, батылдыққа жатады. Осынша жағдайды көріп, біліп отырып, мен сын айтпағанда, кім сын айтады?! Егер менің айтқандарым жалған болса, жауаптылардың заң органдарына жүгінуіне болады.

– Бәлкім, осы сұхбаттан кейін сең қозғалар.

– Бәлкім, мен шындықты ашық айтқаннан абырой алмаспын. Бірақ мен үшін темірқазық – «Ауруын жасырған арам өледі» деген даналық. Бұл ешкімге де, тіпті облысқа да, республикаға да абырой әкелмейді. Мен туберкулезге шалдыққандардың саны сол 64-пен, тіпті 70-пен бітсе де, бүйтіп дабыл қақпас едім. «Сонда біз мойын бұрып, маңызды шешімдер қабылдауымыз үшін бұл көрсеткіш қаншаға жетуі керек?» деген сұрақ мазалай берді. Бізді кімді, нені күтіп отырмыз? Елбасы не деп шырылдайды, біз не деп жауап береміз? Мемлекет ақшаны бөліп отыр, материалдық-техникалық базамызды нығайтып отыр. Мұндай игілік медицинаға бұрын-соңды жасалмаған. Мәселен, бұрын мен денсаулық сақтау басқармасында еңбек етіп жүргенімде облыс бойыныша бір-ақ ескі компьютерлік томограф болатын. Қазір 16. МРТ қаншама! Елбасының денсаулық сақтау саласына жасап жатқан жақсылығы керемет. Дәрі-дәрмекке ақша жеткілікті, тек ынсап жетіспейді.

Менің зейнетке шығуыма бір жарым жыл қалды, тіпті зейнеткер болсам да, дәл қазіргі жағдайға байланысты үн қатар едім. Себебі осы саланың маманымын. Денсаулық сақтау жүйесіне көңіл бөліп, талдау жасап отырамын. Азаматтық ұстанымымды білдіруге қақылымын. Мен тек Құдайдан ғана қорқамын. Және Елбасыға cенемін. Өйткені ол кісі – Ата Заңның кепілі. Басқа кімнен қорқамын?!     

– Ертеңгі күні зейнетке шығасыз, сол кезде жұрт «Ойпырмай, Әнуарбек Маймақов нешеме жыл басшылық қызметте жүрді. Сол кезде неліктен бәрін біле тұра үнсіз қалды?» деген елдің сөзінен аулақ болу үшін қазір әділдігі мен ақиқатын айтқаныңыз жөн де шығар.

– Мен Түркістандағы туберкулезге қатысты пікірімді бұған дейін де айтқанмын, бірақ оны құзырлы органдарға хатпен жібердім... Енді сол мекемедегі 500-ден астам адамның барлығы ауырғанын күтуіміз керек пе? Меніңше, бұл мәселені реттеуге ОҚО-ның сырттан мамандарды шақырмай-ақ шамасы келеді. Біздің мамандар мықты. Тек соны дұрыс пайдалану керек!

– Әңгімеңізге рахмет! Түркістандағы туберкулезді жұрттан жасырып-жапқаннан гөрі жағдайды ашық айтып, сол жұртпен ақылдасып, жұмыс істеген дұрыс шығар. Себебі, расында да, ОҚО-дағы «ВИЧ оқиғасының» ұмытылатын уақыты болған жоқ қой.

 

Сұхбаттасқан Әділхан МЕРГЕНБАЙ.

Нұрхан СҰЛТАНБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: «БІЗ «ӨЗІМ-АЙДАН» АРЫЛЫП, «ЕЛІМ-АЙҒА» БЕТ БҰРСАҚ ҚАНА ЕЛ БОЛАМЫЗ»

Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Нұрхан Сұлтанбайұлы – қазақ қоғамындағы кез келген оқиғаға сергек қарайтын ақын ғана емес, оразасын ұстап, бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылмандық парызын барынша адал орындап жүрген азамат. Сондай жанмен әңгімеміз рухани тақырыптан, әсіресе, соңғы жылдары Қазақ еліндегі иісі мұсылманды алаауыз етіп біткен діни ахуал мен бұл тұрғыдағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қам-қарекетіне біршама шолу жасаудан басталды.


«Маямеровті кез келген министрден төмен дей алмаймын»

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жарғысына сай, Қазақстанның Бас мүфтиі Мұсылмандар құрылтайының шешімімен 5 жыл мерзімге сайланып, қайта сайланады немесе лауазымынан босатылады. Мүфти жасы қырықтан асқан, жоғары діни білімі бар және Ислам сүннесі бойынша Ханафи мәзхабын ұстанатын Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Осыдан біраз жыл бұрын дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып Семей өңірі бойынша өкілетті имам Ержан Маямеров сайланды. Жас жігіт екен. 1972 жылы туған. Ұзаққа созылмаса да, өзім бір рет кездесіп, әңгімелестім. Үлкен үмітпен, сеніммен қараймын. Бірақ біздің жақсы жұмыс істейтін адамның төңірегіне құмырсқадай құжынап, оны қолдаудың орнына қорлайтын, басқан ізін тіміскілеп, тырнақ астынан кір іздейтін жаман мінезіміз бар. Тіпті бойымызға сіңіп кеткен. Енді осы бір жағымсыз нәрсені рухани саладан аулақ ұстап, көзі ашық азаматты қолдап, ақсақалдарымыз бар, ғылым саласының адамдары бар, жан-жағынан көмек берсек деймін. Айдың арғы беті-бергі беті демекші, бір жағынан қарасаңыз, ҚМДБ – аз адамнан ғана құрылған қоғамдық ұйым. Ал, екінші жағынан үңілсеңіз, министрліктің дәрежесінен артық болмаса, кем емес. Қазақстан атты мемлекет пен қазақ деген ұлттың тағдырын шешетін, руханияттың негізгі ұйытқысы болатын ұйым. Сондықтан ҚМДБ-сын кез келген министрліктен төмен, ал, Ержан Маямеровті кез келген министрден төмен дей алмаймын. Солармен дәрежесі тең. Жалпы, Қазақстандағы дін саласында күрмеуі тоқсан мәселелер жеткілікті. Соның бәрін Е.Малғажыұлы бір-ақ күнде шеше алмайды. Өте қиын шаруа – бұл. Мысалы, адамның қолымен жасалған ахмадия, құранит, иегова, кришна секілді көптеген ағымдар қазақ жерінде қара құрттай қаптап жүр. Олардың әрқайсысының жоғарыда қолдау көрсетіп отырған адамдары бар секілді. Біреуіне бірдеңе деп көріңізші... 1992 жылғы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң солқылдақтау еді, ал, қазіргі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бұрынғысына қарағанда, кішкене ширыққан секілді.    

Одан кейін біздің имамдарымыз патриот болуы керек. Есіңізде ме, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ораза айында «Қош келдің, Ораза!» деп, үлкен кездесулер ұйымдастырып, діндар адамдар халыққа біраз үгіт-насихат айтатын. Соңғы кездері оразаның келіп-кеткенін білмей қалатын болдық. Бұл да – біздің әлсіздігіміз. Сол себепті имамдарымыз кез келген жерде үгіт-насихат жасау керек. Бұл ретте имамдарымыздың бұқаралық ақпарат құралдарына жиі шыға алмайтыны тағы бар. Әйтеуір, құрбан айт сияқты мерекелерде ғана әредік-әредікте жылт-жылт етіп көрінеді. Шетелдің бұзақылыққа, ұятсыздыққа тәрбиелейтін сериалдарының орнына руханиятыңызды байытатын дүниелерді неге бермеске?! Бұл мемлекеттік те, жекеменшік те телеарналарға қатысты.   

Ержан Маямеровке бір разы болғаным, Шымкентте Абдулла Жолдас атты кісі бар. Бұқарада оқыған. Берісі – Қазақстан, әрісі Орта Азия бойынша қазақтан шыққан ғалым – осы. Бас мүфти сол кісіні Жезқазғанға, Атырауға апарып, өздерін «Иегова куәгерлеріміз, сәләфилерміз, уахабилерміз» деп жүргендермен біраз сұхбаттар жасатты. Нәтижесінде бірталайының бетін бері қаратты. Меніңше, ол бауырларымыз әдейі адасып, «Мен қазақты бұзайын, қазақтың дәстүрін бұзайын» деп жүрген жоқ. Олар білместікпен адасып жүр. Оларды Абдулла қажы сияқты, Маямеров сияқты, Шымкенттің Тельман елдімекеніндегі мешіттің имамы Бақтияр сияқты, сондай-ақ Тәңірберген Ергешов сияқты Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі шариғат іліміне өте жетік адамдармен көбірек кездестірсе, ата дінінен көз жазып қалған талайларды тура жолға салуға әбден болады. Өйткені әлгі ағымдарға кіріп, басы айналып қалғандардың мұндай халге түсуінің басты себебі – білімсіздік. Бұл топтағы адамдардың көбі өте білімсіз. Мысалы, анаңыз намаз оқымаса, оны «кәпір» дейді. Астапыралла! «Кәпір» деген кім өзі? Кәпір деп әдетте «тозақи», «Құдай жоқ» деген, Алланы мойындамаған адамды айтамыз. Дінсіз дейміз оны. Ал, «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхамадан расулаллаһ» деп кәлима шахадатты айтқан адам кәпір болмайды. Тіпті, Алла тағалаға иман келтіргені үшін, қанша қиыншылық көрсе де, жәннатқа кіруі мүмкін. Яғни мұсылмандыққа ділімен берілген адам жәннатқа кіреді. Оразасын ұстаса, намазын оқыса, Аллаға иман келтірсе, бай болып, зекетін берсе, қажылық парызын орындаса, жәннатқа кіреді.         

– «Дүмше молда дін бұзар» деуші еді атам қазақ. Діни сауатының таяздығынан белгілі бір мүдделерді көздейтін қайдағы бір теріс ағымдардың жетегінде жүргендер дүмше молдадан да қауіптірек сияқты ма, қалай?

– Құранда «Сендерді ұлттарға, руларға бөлдім» деп айтылады. Неліктен? «Бір-бірлеріңді тану үшін» дейді. Әйтпесе адамзаттың баршасын бірдей көк көз немесе негрлердей қап-қара етіп жарату Алла тағаланың қолынан келмейді дейсіз бе?! Бірақ қанша жерден әртүрлі етіп жаратса да, біздің санамызда Құранға орын бар. Біреулер айтады «Беташар жасама!», «Келінге сәлем салғызба!» дейді. Алайда түскен келінге тақуа, діндар бір адам «Қарағым, мың жаса!» десе, Алла оның тілегін қабыл қылса, әлгі келін шынында да өсіп-өніп, мың жасауы мүмкін ғой. Келіннің сәлемі намаздағы сәждеге ұқсамайды, екеуі екі бөлек. «Сен – маған Құдайсың, мен саған сәжде қылдым» деп басын имейді ғой. Ол – тек құрмет. Ілтипат. Ал, әдеп болмаған жерде ілім бекер. Ілімді ілім қылатын – әдеп. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз алған білім қауіпті» деп айтты емес пе?!  Сондықтан әуелі біз әдепті үйретуіміз керек. Туасы, қазақ – әдепті халық. Үлкен тұрып, кіші сөйлемейді. «Әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деп ата-бабамыз тектен-тек айтқан жоқ. Ислам діні келместен алдын да қазақ әдепті халық болды. Байқасаңыз, пайғамбарымыздың хадистері мен қазақтың мақал-мәтелдері қабысып жатады. Сол себепті елді, жерді бүлдіретін, «Құран оқысаң – ширк, анау – ширк, мынау – ширк...» дейтін нәрселерден бойды аулақ салған жөн. «Бүйте берсе, бір күні өзіңнің әйелің де ширк болып қалар ма екен?» деп қорқасың. Бара-бара, балаң да ширк болып қала ма? Тіпті амандасуымыздың өзі ширк болып қалса ше? Мұның бәрі – дүбәрә, мәңгүрттікке бет алған адамның тірлігі. Мұсылман қауымының осылайша басын қатырып жүрген сәләфилер мен уахабилердің жамағаты білімді емес. Олардың ең білімді деген адамдарының өзі кез келген имаммен терезе теңестіріп сөйлесе алмайды. Сөйлесейін десе, дәлелі де жоқ. Олар кешегі Имам Ағзамды мойындамайды да, бүгін шыққан қайдағы бір «ғалымдарды» мойындайды. Оу, Имам Ағзам кім, олар кім?! Бейнелі түрде айтсақ, Имам Ағзам түйе болса, олар оның құмалағы ғой. Біз құмалақты емес, түйені мойындауымыз керек қой. Қытайда Толы деген аудан бар, қазақтар мекендейді. Сонда бір әкім мен ақын ұрсысып қалыпты. Әкімге ақын «Әй, сен кімсің менің қасымда? Ұзаса, әкімсің. Толы әрең таниды. Ал, мен – ақынмын. Мені әлем таниды» деп айтқан екен...       

– Атеизм заманында да қазақ Жаратқанның бар екеніне һәм бір екеніне сенетін. Тілін кәлимаға келтіріп жүретін. Діні мен діліне берік еді.   

– Арабтарда пайғамбарымыздың тұсындағы сахабалардан жалағасып келе жатқан шайхтардың, әулиелердің бар екенін білеміз. Діні мен діліне берік болатыны, қазақтың өзінде де әулие көп болған. Мәселен, Дулаттың Жанысынан Бекасыл атты әулие шықты. Наймандарда – Жабай әулие, Керейлерден Мошқа әулие, Торғайты әулие деген болды. Қара Ертістің бойында Азан деген әулие болды. Айтқандары дөп келетін. Бәлкім, қазақтан шыққан әулиелерді зерттеу керек шығар. Олардың қайнар көзі Ислам ғой. Арғы тегімізге үңілсек, біз – қазақ болып туылғанымызға мақтанатын халықпыз. Енді мынау ХХІ ғасырдағы қалтыраған «халтуралар» біздің жанымызға батады. Бөрінің бөлтірігі ешуақытта жабайы немесе қанден иттің күшігіне айналмайды. Қанден иттің күшігі бар болғаны дарбаза күзетумен қалады. Бір таңғаларлығы, барлық аңды циркте өнер көрсетуге үйретуге болады екен, ал, қасқырды үйрету мүмкін емес екен. Біздің тотеміміз көк бөрі емес пе?! Сондықтан қазақ көк бөрінің қасиетін сақтау керек бойында.

Орайы келгенде тілге тиек ете кетейін, кейбір ақын-жазушыларымыз да тым ұсақталып кетті. Тіпті ақын емес адамдар «ақынмын» деп жүр. Сонда шынайы поэзия қайда қалды?! Өлеңді жүрегінің қанымен жазып жүрген адамдарды ешкім елемейді де, лайықсыз әлдебіреулер мақтау-марапатқа ие болады. Қайдағы бір базардың иесі, билік тізгінін ұстаған біреулер аяқ астынан ақын болып кетті. Поэзияның құнын ойласаңызшы! Шымкенттегі бір ақынның «Темекі шекпеңдер, айранды төкпеңдер» деген өлеңі бар ұқсайды. Осыны оқыған ұрпақ не болмақ?! Кешегі Абай, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев сияқты өлеңінің тамыры тереңге жайылған, құнары мол ақындарға қарап бой түзеген бүгінгі қаламгерлер кім болды сонда?! Поэзия «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» дейтіндей сауда емес. Алтын мен жезді, жақсылық пен жамандықты айыратын кез келді. Поэзия – өте қасиетті нәрсе. Әдебиет – халықтың рухы, ұжданы. Әдебиет әлсіреген, қолына қалам ұстаған қауымға құрмет жоғалған елдің ертеңі ұзаққа бармайды. Ол мемлекет бәрібір құлазиды. Ортаяды. Өйткені қоғамның жан жарасын айта алатын – солар. Ақын-жазушы деген халық, жалпы өнер адамдары бала сықылды: аз нәрсені қанағат тұтады. Тартатыны – азап, өмір бойы жазады. Өлгеннен кейін ардақтап ескерткіш қоямыз: «Керемет адам еді...» деп естелік айтады. Оның керегі не?! Адам сый-құрметті көзі тірісінде көруі керек қой. Астына көлігін бер, шипажайларға демалысқа жібер... Үкіметтің бұған жағдайы келмеуі мүмкін емес. Соғұрлым талай жемқор мемлекеттің қазынасын қалтасына басып жатыр. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын 50 жылдық мерейтойымды өткіздім. Құдай сақтасын, жынданып кете жаздап, әрең өткіздім. Ешкім көмек бермеді, бәріне өзім жүгірдім. Әйтеуір, Құдай қараған 2-3 жігіт болды, солардың көмегімен кеш өткізу үшін филармонияны облыс әкіміне бірнеше рет арыз жазып жүріп, әрең алдық. Мәдениет басқармасындағы бір қызметкер «Жоғары оқу орындарының бірінің мәжіліс залында өткізсек қалай болады?» дейді. «Сенің әкіміңнен қалтамды немесе қапшығымды толтырып ақша алмақ ниетім жоқ, жеңіл көлік мінгізуді де дәметпеймін. Мен – шетелден келген, тағдырым басқа адаммын. Менікі – «Шығармамнан өзгелер мәйек алсын» деген ой ғана» дедім. Не керек, әупірімдеп Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияны сұрап алдық. Әйтпесе мен – Жазушылар одағының мүшесімін. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегерімін. «Нұраға, елу жасқа келіпсіз. Өнер адамысыз. Шетелден келдіңіз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатыр екен» деп қол ұшын берудің орнына, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, өкінішке қарай, құдды бір мен солардың жұмысына бөгет болғандай кейбір салалардағы адамдар маған алакөздік танытты. Мен олардың алдындағы асын тартып алатындай, сірә. Менің мерейтойыма орай әдеби кешімді ұйымдастыруға Үкіметтің бір тиыны шыққан жоқ. Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, біздің жегеніміз – жантақ, арқалағанымыз алтын болмауы керек, жегеніміз де арқалағанымызға лайық болуы керек. Біз сонда ғана ел боламыз.              

 

«Мән-мағынасыз көрсеткіштердің жетегіне ілесіп барамыз»

– Қазір гендерлік, тендерлік саясаттардың айдарынан жел есіп тұрған заман. Білетіндер «Гендерлік саясатты Батыс әлемі отбасылық институтты құрдымға кетіру үшін ойлап тапқан» дейді. Ал, отбасы дегеніңіз – шағын мемлекет. Демек, гендерлік саясат дегеніңіз бір қарағанда, дәнеңесі де жоқ, жап-жақсы тірліктей әсер қалдырғанымен, әріден ойласақ, мемлекеттің тамырына ақырындап балта шабуға бағытталған қитұрқы әрекет сияқты көрінеді өзімізге.    

– Менің ойымша, гендерлік саясат дегеніңіз – әйелдер қауымын қызметтік баспалдақтармен өсіру. Әйтсе де әйелдің ең ұлы мұраты – ең алдымен ана болу. Сіз бен біз де, мемлекет те ана арқылы көгеріп отыр. Әйел әуелі халықтың санын көбейту керек. Демография тек Мақаш Тәтімовке емес, бәрімізге қажет. Халықтың өсімі болу үшін, әр әйел үш баладан кем таппауы керек. Бес сәбиді дүниеге әкелсе, тіпті ғанибет. Егер шен қуып, мансаптың соңында жүргендіктен, ол қолынан келмесе, пәленбай баласы бар туысының перзенттерін оқытып, аяққа тұруына көмектесуі тиіс. Гендерлік саясаттың осы тәріздес шарттары болғаны жөн. Сонда ғана ол өз нәтижесін бермек. Қазір біз «Әйел мен ер азаматты бөліп-жарудың қажеті жоқ. Еліміздегі әйелдердің саны пәленге жетті. Оның мынаншасы пәлен лауазымдар атқарып жүр...» деген сияқты мән-мағынасыз көрсеткіштердің жетегіне ілесіп барамыз. Ойлаңызшы, сонда біздің қазақтың әйелдері кімнен теперіш көріп жүр?! Оларды кім қақпайлап, жұмыстан шеттетіп жатыр?! Рас, ел басына күн туғанда, қазақтың әйелдері қолына қару алып, басына бөрік, үстіне сауыт киіп, жауға шапты. Оның үстіне Ислам діні әйелді ешқашан қорламаған, алақанға салған. Пайғамбарымыздың хадисінде «Кімге жақсылық жасайын?» деген адамға «Анаңа, анаңа, тағы да анаңа жақсылық жаса, одан кейін – әкеңе» делінеді. Кейбіреулер Ислам дінін құбыжық етіп көрсеткісі келеді, «Қазақтар әйелдерін жерге таптайды» дейді. Жоқ, мүлде олай емес. Біз қайта тоқырау жылдарында тәрбиеміздің осалдығынан әйелдеріміздің кіндігі мен арқасын ашып, етегін қысқартып, жалаңаштап алдық, басындағы жаулығын алдық. Ғылымда дәлелденген: кіндік – іштегі баланың тыныс алатын жері. Қазақ әлімсақтан «Жел қармасады» деп кіндікті аштырмаған, ал, кіндігі ашық-шашық қыз дүниеге қалай сәби әкеледі?! Екіншіден, ана кіндікті көрген еркекте белсіздік пайда болады. Мысалы, Францияда әйелдер жалаңаштанғандықтан, еркектер белсіздікке ұшырап, мұсылман елдерінен ер азаматтарды жалға алған көрінеді. Қазір Ислам ғалымдары да «Біз де Өзбекстан мен Қырғызстанға мойын бұрып, қысық көз қытайды шақырып жүрмейік» деп дабыл қағуда. Әйелдер өсу үшін, етегін жабуы керек. Ертеңі шұғылалы елдің әйел затының етегі жабық болуы тиіс. Сондықтан біз әйелдерді рухани тұрғыдан жүдетпеуіміз қажет. Өкінішке қарай, біздің қыз-келіншектеріміз бұл ретте жүдеп кетті. Бұрынғы аналарымыз жалаңаш, жалаңбас жүрген жоқ. Алда-жалда солар тіріліп келіп, бүгінгі қыз-қырқынды көрсе, жүрегі жарылып өлер еді...       

Ал, тендерлік саясат дегенге келсек, менің білуімше, қазір мемлекеттің ақшасы құр шашылып жатыр. Тендерді белгілі бір адамдар алады, өтірік мәліметтерді құрастырып, қыруар қаржыны игерудің амал-айласын тауып қояды. Тіпті тірі адамды өлтірудің де, өлі адамды тірілтудің де жолын білеміз. Құжат жүзінде. Халық санағы кезінде ондай талай «қызықты» көрдік қой. Мысалы, кейбір қоғамдық ұйымдар тендерге қол жеткізу мақсатында бір жобалар жасап, үлкен-үлкен адамдардың жәрдемімен қаржыны қалтаға басады. Ақшаға құнығады, бірақ атқарып жатқан түгі жоқ. Кейде ниет дұрыс болғанымен, оның басында алааяқ адамдар тұрады. Мемлекеттің ақшасы – халықтың қаны мен тері, қазынасы. Сіз бен біздің, бала-шағамыздың, ұрпақтарымыздың ризық-несібесі. Ел арасына тарап кеткен «Ұрласаң, жеке адамнан ұрлама, Үкіметтен ұрла» деген сөз бар. Өтірік сөз! Жеке адамнан ұрласаңыз, бір күнә болса, Үкіметтен ұрласаңыз, он күнә. Ислам шариғатында солай. Өйткені Үкіметтің ақшасында халықтың тағдыры жатыр ғой. Сол үшін тілінен бал тамғанымен, жүрегі мен ойы таза емес, бір-бірімен байланысып алып, құзырлы органдарды қорқытып-үркіту арқылы тендердің қаржысын қаптап алып, мемлекет қазынасын талан-таражға салуға ерік бермеу керек. Оны қатаң қадағалау қажет.         

– Сіз – ақынсыз. Зиялы қауымның өкілісіз. Мына заманның зиялыларына көңіліңіз тола ма? Олар өзіне жүктелеген миссияны қаншалықты адал орындап жүр?

– Қазақтың қалам ұстаған адамдарының ішінде небір батырлары болды. Кешегі Желтоқсан оқиғасы тұсында алаңға қорықпай шыққанның бірі – Сафуан Шаймерден. «Билікке тым жақындауға болмайды» дейді екен өзі. Сонда үйдегі жеңгеміз «Билікке жақындасаңшы, балалар өсіп келе жатыр» десе, «Балаларға бола билікке барсам, мені сатып алады. Сатылғаннан кейін, көмекейіңнен бір нәрсе өтіп кеткеннен кейін сен халықтың тағдыры туралы ашық айта алмайсың...» деген екен. Бұдан артық данышпандық, бұдан артық тазалық болмайды ғой. Біздің көп ақсақал, көксақалдарымыз мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа көбінесе жағымпаздана жөнеледі. Әкімдерге де сөйтеді. Қалың бұқараның тағдырын былай ысырып қояды да, өзінің жеке мүддесін ойлайды. «Елім-ай» демейді. «Өзім-ай» дейді. Мәймөңкелейді. Жалпақтайды. Шын мәнінде қария деген атқа лайық бола алмай жүргендерге жұрт мүсіркеп қарайды. Біз «өзім-айдан» арылып, «елім-айға» бет бұрсақ, сонда ғана ел боламыз.   

– Әңгімеңізге рахмет, Нұреке! Өзіңіз секілді «Елім-ай» дейтін ұлтжанды азаматтардың қатары қалыңдай бергей!  

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны: «...АЙТЫС БОЛМАЙ ҚАЛЫП, ОҢТҮСТІКТІҢ АБЫРОЙЫ ТӨГІЛЕ ЖАЗДАДЫ»

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында түнеугүні Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына және «Наурыз» мейрамына орай рухани ордада аламан айтыс ұйымдастырылып еді ғой. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы һәм ОҚО әкімдігі мұрындық болып, екі күнге созылған өнер додасында түркітілдес мемлекеттердің аты алты алашқа мәшһүр 20 ақыны қатысып, бақ сынады.

Алайда, «халықаралық» деп ат қойып, айдар таққан бұл айтыстың өтпей қалуы да ықтимал еді. Себебі, сахна сыртындағы, дәлірегі, қазылар алқасы арасындағы келіспеушіліктер ақындардың «бойкот» жариялауына әкеле жаздапты. Мәселенің мәнісін тереңірек білмек ниетпен сол айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы, халық ақыны Әселхан ҚАЛЫБЕКОВАҒА хабарласқанбыз. Ол кісі айтыстың ішінде қандай «айтыстың» туындағанын бүкпесіз айтып берді.


 

– Алғашқы күні 20 ақынды он жұп етіп айтыстырғанымыз рас. Олардың 12-сі қара үзіп, финалға шықты. Ертең алты жұп болып, сайысқа түсуі керек. Қалыптасқан тәжірибе бойынша қазылар алқасының мүшесі Ханбибі Есенқараева екеуміз қай ақынның кіммен айтысатынын долбарлағандай болдық. Әйткенмен осы тұста қазылар алқасының тағы бір мүшесі – «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев: «Өздеріңіз жұптай бересіздер ме?» – деп қалды. «Сіздер де ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз әншейін жобалап жатырмыз. Өзгеріс енгізгілеріңіз келсе, мархабат!» – деп, нобайлап жұптаған ақындардың тізімін А.Тұрғанбаевтың қолына ұстаттым. Сөйтіп ем: «Жоқ, сіздің кімді кіммен жұптағаныңызда жұмысымыз жоқ. Жай балы жоғары ақындар шыққан-шықпағанын білейін деп едім» – деп, қағазымды өзіме қайтарып берді. Бұл кешкі астың уақыты-тын, әріптестерім тамақ ішуге кірді де, мен сол аралықта екінті намазын оқып алайын дедім. Намаздан келсем, қазылар алқасының мүшелері – А.Тұрғанбаев, Қыр­ғызстандағы республикалық «Ай­тыс» қауымдастығының тө­ра­ғасы Рысбай Исақов, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова, белгілі ақындар Нармахан Бегалыұлы мен Ханбибі Есенқараева – алтауының мәмілесі бір жерден табылып, маған: «Біз ертең азанда ақындарды алдын ала жұп­таумен емес, жеребе тартып айтыстыратын болдық. Яғни, ақындар айтысар алдында ғана «Сен пәленшемен, сен түгеншемен айтысасың» деп, жеребе тартылады. Сонда күні бұрын дайындалған «заготовка» жайына қалып, нағыз айтысқа орын беріледі, нағыз суырыпсалмалық білінеді. Сіздердің жұптағандарыңыз дұрыс емес, бүгін олар кіммен айтысатынын біледі де, ертеңге дейін өзара келісіп қояды» – дейді.

Содан кейін мен де: «Айналайындар-ау, нені келісіп қарық қылады олар? Өздері айтыстан шаршап шықты қазір. Міне, кеш түсті. Кіммен жұптасып айтысатынын олар енді естиді. Ертеңгі додаға ас-ауқатын ішіп болғаннан кейін ғана кіріседі ғой. Бір түнде келісіп үлгермейді де. Сондықтан ертеңгі айтыстың сапалы болуы үшін, Түркі дүниесіне жаман атымыз шықпауы үшін «табан астында жеребе тастап, бірден сахнаға шақырып, айтыстырамыз» дегенді қойыңыздар. Ақындарға обал болды. Олардың уақыты зая кетіп жатыр. Қазір айтысқа дайындалып жатуы керек еді. Бәрін әрі-сәрі етіп қойдық. Өткелде ат ауыстыруға болмайды. Біз мынау күллі Түркі дүниесі айтысқа келгенде, ертеңгі күні «Түркістандағы айтыс айтыс болмапты» деген жаман атқа қаламыз. Сондықтан Америка ашпай-ақ қойыңыздар. Ертең айтысты жап-жақсы өткізіп жіберейік. Бәрімізге – абырой. Ал, суырыпсалмалықты айқындау үшін жеребе тарту әдісі пайдалы болса, ендігі айтысқа ақындарды солай дайындайын», – дедім.  

Бір кезде әңгімеге қырғыз әріптесім Рысбай Исақов араласты. Айтуынша, жеребенің айтыс ал­­дында тартылып, тіпті тақырыптың та сол мезгілде айтылатыны көрші Қырғызстанда бұрыннан бар тәжірибе екен. «Қырғыздың айтқанын істейік» дейді Т.Бурмистрова. Шыдамай кетіп: «Қазақстанда бұл айтыс оңбайды екен. Бұл айтыста өмірі әділдік болмайды екен. Жұрт: «Айтысты бір қырғыз бен бір орыс келіп, жөндеп кетті» дейтін шығар» – дедім. «Бәйгеге түсер алдында атты да баптайды. Оның да көзін сипап, үстін сүртіп, құйрық-жалын тарап, әбден әлпештейді. Әй, бұлар біздің сөйтіп шығаратын жүйріктеріміз ғой» десем, оған да көнбейді.  

Сөйтіп, өзімнің көзқарасымды дәлелдеп, қазылар алқасындағы әріптестеріме бір жарым сағат сөйлеппін. Ақырында жалындым, тіпті жыладым. Бір жарым сағаттың ішінде айтпаған сөзім қалмады. Болмай бара жатқасын, ұрысып та айттым. Сөйтсем, алтауы қамал болып бірігіп алған. «Бір жөнін айтса, осы екеуі айтатын шығар» деп Нармахан мен Ханбибіге жалтақ-жалтақ қарасам, екеуінің де пікірі «ТҮРКСОЙ» өкілінің сөзімен үйлесіп тұр. Еш көнбейді. Менің сөзімді сөз екен деп тұрған жоқ. «Мынау неғып жанын салып, шырылдап жатыр? Мұныкі де дұрыс-ау» демейді. Қанша жүйкем жұқарды, қанша жүрегім ауырды. «Айтыс ақындарына жанашырлығы жоқ екен-ау» деп топшыладым.

Өстіп ырыңкезектесіп отырғанда 2 сағатқа жуық уақыт өтті. Болмағасын облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділхановты ақындарға жібердік. Ақындарды жұптауға қатысты қазылардың ұстанымын, болған жайтты түсіндіру үшін. «Қазылар осылай етіп жатыр. Әселхан апаның ұсынысы – мынау. Қалған қазылардыкі – мынау» деген екен, Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиев және қырғыздың екі ақыны: «Онда қазылар қазір келіп, бізді қалағанынша жұптап кетсін. Ал, олай етпесе, ертең он екіміз де финалға шықпаймыз» – депті. Бұл хабар маған жеткен соң, әріптестеріме тағы бардым. Х.Есенқараева, Б.Тайжан, А.Тұрғанбаев отыр. «Ақындар былай деп жатыр» деп олардың тілегін жеткіздім. Өкінішке қарай, олар ақындарды мұндай қадамға мені итермеледі деп пайымдады. Бекарыс пен Айбек біреудің өйт-бүйт дегеніне көне салатын ақындар емес қой, әрқайсысы – өз пікір-көзқарастары бар азаматтар.

Х.Есенқараева маған «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ», неге көнбейсің? Осыған келіс!» деп ұрысып жүр. Мен аң-таңмын. «Әй, айналайындар-ау, табан астында жұптастырғаннан жөні түзу айтыс шықпайды. Сәл ойлансаңдаршы!» деймін. Көнетін түрі көрінбейді. Ақырында ақындардан әлгіндей талап шықты. Бекарыс пен Айбекке рахмет, солардың пікірімен тіпті қырғыздың екі ақыны да санасып, «сіздер – айтыстың арыстанысыздар, не айтсаңыздар сол болады» депті.

Сонда қазылар алқасының мүшелері не деді десеңізші? «Айтысты финалға шықпайтын 8 ақынмен өткізе саламыз» дейді... Шырылдай-шырылдай шаршадым. Содан ашуландым да «онда өздеріңіз айтысыңыздар!» деп сыртқа шығып кеттім.

Қазылар алқасына мені бекерден-бекер төрайым еткен жоқ қой. Айтыс – менің әлемім. Айтыскер ақындардың барлығы менің бала-шағам, армиям іспетті. Баяғыда Қадыр Мырза Әли осы Бекарыс, Маржандар айтысқа шығып жатқан уақытта айтқан «Әселхан айтысқа әскер қосты» деп. Сол себепті олар үшін жаным шығып бара жатыр.

Не керек, өстіп жүріп ақындардың 6 сағат уақытын алдық. «Финалда кім кіммен айтысады?» деген мәселе не ары, не бері емес. Айтыскерлердің жан дүниесін былайғы жұрттың қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ олар қашан айтысып болғанша, ұстараның жүзінде жүреді. Ондай кезде ас та батпайды. Қалың бұқараның алдына шығып, өнер көрсету оңай деймісіз?! Айтысу деген фонограмма емес қой. Ана жерде отырып олардың жан дүниелерінде қандай аласапыран болып жатқанын мен сезіп отырмын. Өкінішке қарай, өзге қазылар оны сезбейді де, сезгісі де келмейді.

– Білуімізше, айтыстың алғашқы күні де қазылар алқасының әділдігіне айтыссүйер қауымның көңілі толмаған сияқты ғой.

– Жұрттың бәрі жүйрік емес қой. Ақындардың ішінде орташалауы да, нашарлауы да бар. Айтысты тек қана жүйрік ақындармен өткізе алмайсың ғой. Қазақ «Қой ақсағымен мың» дейді. Сол себепті барлығын айтыстырып көресің, деңгейі төмендері өзі-ақ артта қалады да, мықтылары суырылып алға шыға береді. Мұның бәрі – елдің көз алдында болатын процесс. Осыны қазыларға айтсам, кейбіреулері ана жерде бір ақынның сөзі сәл төмендеу шықса «Құрт ананы, құрт мынаны!» дегендей Көпенге ымдайды ғой. Жақсы айтысып жатқанды, нашар айтысып жатқанды да кері тартады.

Мысалы, айтыстың бірінші күні алғашқы жұп болып Жарқынбек Наушабеков пен Сара Тоқтамысова шықты. Екеуі де керемет айтысты. Екеуіне де мен 10 балл көтердім. Сөйтсем, өзгелері Жарқынбекке 10 қойды да, Сараға 9 берді. Соған Түркістан қаласының құрметті азаматы, ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «ей, сендер қандай әділ қазысыңдар? Сараға неге кем бердіңдер? Әділ болмайсыңдар ма?!» деп қасымызға айқайлап келді. Сөйтіп еді, барлығы «9-ды бердік. Ал қайтесің?» дегендей қылды. Әй, Ж.Әзіретбергенов жай шал емес қой. Керек болса, залға жиналған Түркістанның бүкіл халқын ертіп кете ме деп қорықтым. Ол – соңына жұртшылықты ерте алатын азамат. Сонымен, ол кісі «онда мен кеттім. Мұндай қазылар төрелік ететін айтысты көрмеймін» деді дағы, орнынан тұрып, шығып кетті. Және оған қосылып біраз қариялар залдан шығып жүре берді. Бұл – бірінші күнгі көрініс.

– Финалдың жайы немен тынды сонымен?

– Өстіп жүргенде түнгі сағат 12 болды. Көпшілік таңертең финалды күтіп отыр. Қалайда ақындарды жұптап келмесек, болмайды ғой. Сонымен, айтыстың жүргізушісі Көпен Әмірбек екі ортада елші болды. «Әй, ертең мен жұртқа күлкі боламын ғой. Сендердің не ойлап отырғандарыңды білмеймін. Көпен – жүргізуші, Әселхан төрайым болған айтысты құрту ма мақсаттарың?» деді күйіп кетіп. Бір қызығы, «ертең айтыс болмай қалса, қайтеміз?» десе, базбір әріптестерім «болмаса, болмай-ақ қойсын! Ертең қайтамыз» деп жауап қатыпты. Сонда халықтың, елдің намысы деген қайда? «Әселхан – айтыстың әбден ащы-тұщысын татқан, ыстық-суығына төзген адам. Бәлкім, бұл кісінің айтып отырғаны – жөн сөз, біздікі дұрыс емес шығар» деп біреуі айтпады ғой. Я кәрісі, я жасы.

Содан «ТҮРКСОЙ-дың» өкіліне «айналайын, бәрін бастаған сенсің ғой, жүр, екеуміз барып, жұптап келейік. Әйтпесе ертең айтыс өтпейді» деді де, Көпеннің тілі бар ғой, оны көндіріп, алып кетті. Барған бойда оны ақындар тарпа бас салыпты. «Әселхан апамыздың айтып отырғаны дұрыс, сіздер не істеп отырсыздар? Ертең айтыс шықпайды» деп.               

Сөйтіп, ақырында ақындар «шықпаймыз» деп үзілді-кесілді бас тартқасын, амал жоқ, сол жерде жеребе тастапты. Менің жұптағандарымнан сәл ғана ауысты. Жеребенің бір ыңғайсыз жағы, кейде бір өңірдің ақындары жұптасып қалады. Мәселен, бұл жолы сарыағаштық екі ақын Жарқынбек Наушабеков пен Нұрғали Әнапия бірге шығып қалды.

Негізі, мен арыз айтатын адам емеспін, бәрін ішіме жұта беретінмін. Осы жолы жұта алмай қалдым. Кеше ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке телефон соқтым. «Әй, Ұласбек, мына жағдайды біліп, естіп жатсың ба? Мен осындай жағдайға ұшырадым. Мен жараландым, қаным қызып, жүрегім ауырды» деп едім, «апа, енді ойланамыз, бұдан кейін ондай болмайды» деп, мені сылап-сипап, кішкене жұбатқан болды. 

Ақындардан кемшілік кетіп жатса, айтысқанына риза болмай жатса, оны жақсы бағаламай жатса, сонда талассақ, ұрыссақ мейлі ғой, ал енді бұлардың мұнысы... Айтыс ақындарына бітіспес өшпенділігі бар сияқты. «Бұлардың бәйгесін бермеңдер. Мастанып кеткен» деген әңгімені де құлағым шалды.

Ал, түнімен ұйықтамаған ақындар көздері кіртиіп, терін төгіп, жақсы айтыс өткізді. Олардың да қайбір денсаулығы бар: біреуінің ана жері ауырады, біреуінің мына жері. Жүлде беруде де ешқандай талас болмады. Бірақ Бекарыс төмендеп қалды. Оның балын түсіріп тастады. Ол жақсы айтысып, Сараға жолын беріп кетті. Тым болмаса сол мәрттігі үшін 2-орынға ілуге болатын еді. Мен ілейін десем, балы жетпейді. «Алынбайтын алты қамал» балды тартып қойып отыр. Бұған не дейсің? Бұл жағдайды Мұхтар Ниязовтар «Фейсбукте» жазды. «Неге Бекарысты әділ бағаламадыңыздар? Оның айтысқа сіңірген еңбегі үшін жүлде беруге болар еді ғой» деп.      

– Бірақ «ТҮРКСОЙ-дың» сыйлығына ілікті емес пе?

– Бас бәйгені – мен, 1-орынды – Ханбибі, 2-орынды Нармахан тапсырды. Қалғандары да солай жүлделерді табыстады. 4-ші, 5-орын алған ақындарға берілген мөлшерде – 500 мың теңге көлемінде «ТҮРКСОЙ» да айтыстың жүлде қорына үлес қосқан екен. Көпен айқайлап «Соның сыйлығын Бекарыс Шойбековке тапсыру үшін Асқар Тұрғанбаевты ортаға шақырамыз» деп еді, Бекарыс шықпай қойды. Анау жүлдесін ұстап тұрып, қызарақтап сахнадан қайтып түсті.

Бір күн бұрынғы түнгі «айтыста» оған «айтыстың маңына жолататын адам емес екенсің» деп ұрысып тастағаным бар-тын. Сөйтсем, «Мен айтысқанмын, айтысты зерттегенмін» дейді...

Өзі жүрісінен жаңылмайтын дәстүрге сәйкес, айтыстан кейін банкет жасалады. Дастарқан басында бәрі жапа-тармағай сөз сөйлеп, А.Тұрғанбаевты қошеметтеп жатыр. Жиіркеніп кеттім. «Әй, кімнің арқасында осылай ойнап-күліп, тамақ ішіп отырсыңдар? Мақтасаңдар, айтыс ақындарын мақтаңдар!» дедім. Үндемей қалды. Алдында ғана Көпен «жеті жюри – жеті қазына» деп отырған. «Жеті қазына емес, жеті қазымырмыз» дедім. Өстіп тілім шығып кетті. Әйтпесе өмірі ешбір айтыста бүйтіп теріс сөзге келмейтін едім. Осы жолы мені қатты шаршатты. Шынын айтқанда, айтыс болмай қалып, Оңтүстіктің абыройы төгіле жаздады. Бірақ тілі бар, беделі бар, Көпен елші болып жүріп аяқ жағын оңдады, әйтеуір. Ал мен өзімді қазылар алқасының төрайымы емес, ең соңғы адамындай сезіндім.

– Айтыскердің жан дүниесін айтыскерден артық кім түсінеді?! Әділ қазы етіп Маржан Есжанованы неге қоюға болмайды?

– Оны айтқанмын. Бірақ ұйымдастырушылар бір кісілерден тайсақтапты. Бірдеңе дейді деп. Осы күнге дейін жазба ақындардың қанша мүшайрасы өтсе де, әншілердің қандай байқауы ұйымдастырылса да, айтыс ақындарының оған қазылық жасауға таласып-тармасқанын естімеппін. Неміз бар ол салаларда?! Таласпаймын да. Ал, айтыс менің өз әлемім ғой... 

Әлгі 12 ақынның менің шырылдап жатқанымды біліп, Бекарыстың мінез көрсетуі тегін емес. Әйтпесе мен оларға телефон соғып, «былай боп жатыр» деп айтпадым да. Оның үстіне Бекарыс мұндай айтысты бұрын көрген екен. Д.Қонаевты еске алуға арналған үлкен айтысқа 40 ақын қатысып, біреулер тура өстіп айтыстырамыз деп, «Америка ашқан» екен. «Сонда мен ең соңында айтыстым, жүйкемнің тозғанынан жынданып кете жаздадым. Қырық ақынның екеуі айтысқа шыққанда, 38 ақын үшін ойландым. Одан кейін 36 ақын үшін ойландым» дейді. Осы оңай ма? Кейін сол айтыс телеарнадан көрсетуге жарамай қалды ғой.

Кеше Бекарыспен телефонмен сөйлестім. «Балам, өкпең жазылды ма? Сен кетіп қалдың. Анау «ТҮРКСОЙ-дың»  өкілі жүлдесін қалтасына қайта салып, сахнадан қызарып түсті» деп. «Өкпелеуге тұрмайтын адамдар ғой олар. Апа, сіздің ұстанымыңыз дұрыс. Қонаевтың айтысында 40 ақынды табан астында жұптастырып айтыстырудың ақыры немен тынғанын білеміз» деді.

Меніңше, айтыс ақындары кіммен айтысатынын 2 сағат бұрын болса да, алдын ала біліп, сөзін саптап, ойын қорытуы керек қой. Айтысу фонограмма емес. Көптің алдына аузын жыбырлатып шыға салатын.     

Оның үстіне Жүрсін Ерманов бұл айтысты «шоу қыламын, мықты етіп көрсетемін» деп жұрттың бәрін келістіріп, айтыстың табиғатын бұзып жіберді.  Мен оған қарсымын. Оны айтып та жүрмін талай жерде. Сондықтан Жүрсін мен шақырмайды ешбір айтысқа. Шақырмаса, шақырмай-ақ қойсын. Айтқаным – айтқаным. Ақындар «сен не айтасың, мен не айтамын?» деп, келісіп алғанға үйреніп қалды. Олардың айтысы үтіктегендей болып шығады. Біздің айтысымызды халық не үшін жақсы көрді? Үтіктегендей болып шықпайтын, «ә» десе, «мә» деп жауап береміз. Кейде жауап табамыз, кейде қызарақтауға тура келеді. Ал, қазіргі айтыс туралы Балғынбек «бұрын қарсыласым не айтып қояды деп қорқатын едік, қазір не айтпай қалады деп қорқамыз» деп айтты ғой. Анау айтпай қалса, мынаның саптап отырған сөзі шықпай қалады да. Міне, осылай айтыстың құнын түсіріп жіберді. Ешкім айтысты көрмейтіндей болды. Ойда-қырда осы күнде қазақтың айтысын құртып тындық.

– «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кері десеңізші.

– Бұзып кетті. Ал, енді осыларды жаңағыдай айтысқа салсақ, не болады? «Оңтүстіктің абыройы төгілсін» деп отыр ма? Бұлардың пиғылын түсінбедім. Кешегі айтыстың дұрыс өтуі – әуелі Құдайдың, кейін Көпеннің арқасы. Кешегі айтыс өтпей қалғанда анық шу сонда болар еді. Осыларды ойлап, әлі қан құрамымдағы қантымның деңгейі көтеріліп, қан қысымым көтеріліп жатыр.

– Ештеңені бүгіп, бүркемелемей, ойыңызды ашық айтқаныңыз үшін рахмет! Сізге де, қазақтың айтыс өнеріне де баянды ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.