Сейсенбі, 10 Шілде 2018 09:24

Шымкентте жаңа жолайырық салынады

Шымкенттегі Астана даңғылының бойынан жаңа жолайырық салынатын болады. Соның нәтижесінде қаланың орталық көшелеріндегі көлік қозғалысын азайтуға болады деп есептейді мамандар. Болашақта ұзындығы 6 шақырымға жететін бұл көше Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығы мен Тассай тұрғын алабын байланыстырады.

Қазіргі таңда Астана даңғылының бойы да көркейтілуде. Мұнда ұлттық үлгідегі шағын сәулет құрылымдары қойылып, жарық тартылған. Сахнасы бар үлкен гүлзар ашылып, шағын гүл алаңшалары егілген.Бұған қоса, Шымкенттің бас жоспарына сәйкес, Нұрсәт-3 шағынауданының сай-саласында спорт және балалар алаңшалары мен демалыс саябақтары бой көтереді деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қала басшылығы жолайырықтар салу арқылы кептелістерден құтылуды көздеп отырғандарын айтқан еді. 5 жылдан кейін, яғни, 2023 жылға қарай Шымкентте мұндай 6 бірдей жолайырық пайда болады деген-ді. Мұнымен қоса, келесі жылы қаладағы барлық қоғамдық көліктер бейнекамералармен және электронды билет беру жүйелерімен жарақтандырылатынын айтқан. Оған қоса Шымкент қаласындағы үлкен құрылыс алаңдарының бір болып табылатын Темірлан тас жолының «Бекжан» базары маңындағы жолайырық құрылысы тамыз айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 11020 рет