Жұма, 24 Ақпан 2017 12:34

Науқастар Тәшкен жағалап жүр

Жерлестеріміздің біразы бүгіндері шет елге барып емделуді жөн санайды. «Havard Medical International» ұйымы келтірген дерек бойынша қазақстандықтар өзге елде ем қабылдау үшін жылына 200 миллион долларға дейін қаражат жұмсайды екен. Бұл – клиниканың құнын қалтасы көтеретінер. Ал, ондай мүмкіндігі жоқтар көрші Тәшкеннің дәрігерлеріне жиі баратынды шығарыпты.


Неге олай? Отандық дәрігерлердің біліктілігі қашан да назарда. Әсіресе, БАҚ-тың қарауылына қашан да ілігетін ең алдымен осы дәрігер мен мұғалім. Қит етсе солардың «айыбын ашуға» шебер боп алдық. Қазір кез келген журналист науқасты қалай емдеу керек екенін сол ақ желеңділердің өзінен артық біледі. Дәрігерлердің біліктілігін осыдан біраз бұрын Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев та қатты сынаған болатын. 2006 жылғы Шымкенттегі ВИЧ індетінен соң онсыз да оңбай тұрған адам тәні инженерлерінің абыройына мүлдем көлеңке түсті. Осыдан болар қазақстандықтардың көбі өз жерлестеріне сенуден қалып, шет елден шипа іздеп жүргені. Әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде көрші жатқан Өзбекстанның астанасына барып ауруын емдететіндер көбейген. Жуырда сол жаққа барып келген бір танысым ала тақия киген ақ халаттылар да бағаны аспандатып жібергенін айтты. Әсіресе «Қазақстаннан келдім» дегенді естігенде ерекше қуанады екен. Қасымыздан аққан судың қадіріне жетпей жүрміз бе әлде шынымен Тәшкеннің дәрігерлері мықты ма? Осыны саластыра отырып талдап беруін біз ғұмырының басым бөлігін сол жақта дәрігер дайындаумен емдеу ісін қатар алып, соңғы он жылда Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Фармацевтика академиясында ұстаздық етіп жүрген профессор, медицина ғылымының докторы Рысхан Тәжімұратовтан сұрадық.

– Ең алдымен Ташкент пен Шымкентті салыстыруға болмайды. Ташкент – бір мемлекеттің астанасы. Ал, Оңтүстік Қазақстан бір елдің облысы. Қай мемлекет болмасын өз астанасына қаражатты көбірек жұмсайды. Ташкенттің мемлекет қарамағындағы клиникаларының жабдықтары жақсы. Ғылыми жетістіктер де сонда шоғырланған. Бірақ ондағы маманның бәрі бірдей мықты деп айта алмаймын. Олардың ұтатын жері – науқасқа деген мәмілесінде. Өзағаңдар табиғатынан мүләйім сөйлейтін халық қой. Ал, науқас дегенің аурудан жүйкесі жұқарған жан. Оларға жылы сөздің өзі кейде ем болады. Оның үстіне ақша төлеймін деп тұрған адамды Құдасындай қарсы алып, барынша жақсы қызмет етуге тырысады. Біздің жерлестердің сол жаққа жиі баратынының ең басты себебі де сол. Біздің оңтүстікте де медицина жақсы дамыды. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда жер мен көктей. Білікті мамандар да бар. Бірақ біздің мамандарға науқасқа деген қарым-қатынас мәдениеті ақсаңқырап тұр. Науқасты өз жақыныңдай жақсы көру керек. Ол дәрігерге сенуі керек. Сонда барып, дәрігердің беделі де артады, емі де қонады. Алдыңа келген адамға салақұлаш тізім беріп, сан сынамаларды тапсыру үшін бірнеше зертханаға сандалта берсек бізге кім сенеді? Онсыз да ауырып, жүйкесі жұқарып тұрған науқас бізді жек көрмегенде қайтсін,-дейді профессор. 

Рысхан Тәжімұратұлының пікірінше, Оңтүстікте маман даярлау мәселесі де ақсап тұр. Үш миллионға жуық халқы бар өңірге жоғары буын дәрігерлер тапшы. Кадр даярлауда да біраз шаруаны сұрыптан өткзу керек. Ең алдымен дәрігер даярлайтын жоғарғы оқу орындарының ұстаздары ғылымды тәжірибемен қатар алып жүретін маман болуы керек. Бізде өкінішке орай, бұл жағы шектеулі. Біздің ауруханаларда барлығын бас дәрігер шешеді. Оның рұқсатынсыз медициналық ЖОО-ның бірде бір мұғалімі ауруханаға кіре алмайды, ота жасауды айтпағанда. Ғылыммен тәжірибенің байланысы нашар деуімнің себебі де осы. Медицинасы бізден де дамыған елдерде емдеу ісіне ғалымдар аралсады: ғылым докторлары, профессорлар. Науқасқа қандай ем қолдануды да солар шешеді. Әрі оның нәтижесіне жауап беретін де солар. Ғалым дегеннен шығады. Бізде қазір көптеген аурухананың басшылары ғылым кандидаттары, тіпті ғылым докторы. Бірақ олар үшін бұл «қосымша қонақ» қана. Өйткені қызметінен айырылып қалса оқу орындарына барып дәріс беруге болады. Ал, олардың бұл ғылыми атақты қандай жолмен алғаны Аллаға ғана аян. 

Қазақстанның медицинасын алда тағы бір өзгеріс күтіп тұр. Парламент елдегі емханаларды бизнесмендерге беруді қарастырып жатыр. Осы туралы Рысхан Тәжімұратұлының да пікірін сұрадық.

– Меніңше, бұл жаңсақ шешім. Денсаулық сақтау саласы тура зейнетақы қорының кебін кимесе болғаны. Әу баста мемлекеттік болып, сосын оны жекеге беріп, сосын тағы да кері қайтарып алды. Енді тағы да жеке кәсіпке бермекші. Бұл бастама да солай аяқталуы мүмкін. Жекенің қолына беріп алып, бірер жылдан соң мемлекет қайтарып алуы әбден мүмкін, -деген профессор сөзінің жаны бар сияқты. 

Алдымен, бұл артық шығынға ұшыратуы мүмкін. Өйткені емдеу мекемелерін кәсіпкерлерге беру үшін арнайы комиссия құрылады. Олардың жұмысын қамтамасыз ету керек. Жекеге берілген соң кәсіпкер әр науқасты клиент көре бастайды. Ал «әрқашан да клиенттікі дұрыс» деген қағида біздің қоғамға келгенімен оның мәдениеті әлі жетіле қойған жоқ. Қолына емдеу мекемесі тиген кәсіпкер оны бизнесіне айналдырары айтпаса да түснікті. Осы тұста ең қауіптісі – кадр бизнесі. Екінші мәселе, қолдан қолға өтіп жүргенде кей жабдықтардың «жоғалып қалатыны» бар. Оның орнын толтырамын деген кәсіпкер қызмет ақысын өсіруге тырысады. Ақшасы барлар жоғарыда айтқанымыздай онсыз да шет елге барып емделіп жүр. Ал, оған шамасы келмейтіндер ше? 

Қазір «тегін емделген денсаулықтың қадірі болмайды» деген пікір мәтелге айнала бастады. Қош делік. Қазір білікті мамандар онсыз да жекеменшік клиникаларға кетіп қалып жатыр. Ал, салаға енді келіп, осы бағытта биіктерді бағындырғысы келетін жас мамандар үшін мемлекеттік емдеу мекемелері тәжірибе жинақтау алаңына айналып отыр. Сонда, қарапайым халық қайда барып емделмек? Ұшы жоқ, шырмалған шеңбер. Ұлт денсаулығы - мемлекеттің басты стратегиялық нысаны болуы шарт. Сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі керек. Медицина сапасы жекеменшікке өткеннен ұлт денсаулығы жақсара ма? Оның нәтижесін бірер жылда көреміз.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Оқылды 1631 рет