Сәрсенбі, 12 Сәуір 2017 09:42

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТУБЕРКУЛЕЗ: АУРУЫН ЖАСЫРҒАН АРАМ ӨЛЕДІ!

«Қазақстан қан түкіріп тұр». Естеріңізде болса, кешегі тоқырау дәуірі саналатын 90-жылдардың ішінде баспасөз беттерінен осылай басталатын сөйлемдерді жиі-жиі көзіміз шалатын. Тіпті сол тұста, Қазақстанның ТМД мен Еуропа аймағында туберкулез кең таралған елдердің қатарына жататынын ресми мәліметтер де растайтын-ды. «Статистика бойынша, Қазақстанда жылына пәленбай мың адам өкпе дертіне шалдығады» деген деректер ашық жарияланып жататын. Сірә, содан да болса керек, билік бұл мәселеге атүсті қарамай, мемлекеттің байлығы – халықтың денсаулығын сақтауға шындап кірісіп еді. Білуімізше, бізге сол уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезге қарсы «DOTS» атты стратегиясы кәдімгідей көмектескен. Және сол 1998 жылдан бері қарай аталмыш стратегия аясында Қазақстанда тәп-тәуір қарқынды һәм жүйелі жұмыс жүргізілді. Әрине, нәтижесін көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Құрт ауруына шалдыққандардың қарасы әжептәуір кеміді. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайын жариялайтын Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингінде «Туберкулездің таралуы» көрсеткіші бойынша еліміз 2014 жылы 102-орында тұрса, 2015 жылы – 101-ші, ал былтыр 92-сатыдан табылып, позициямыз жақсарып-ақ қалыпты. Әйткенмен...


Әйткенмен, биыл жыл басынан-ақ Түркістандағы №4 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем қабылдап жатқан 61 науқастың «особо опасный» дертті жұқтырып (оның жартысына жуығында аурудың ашық түрі анықталған – ред.), одан үш адамның көз жұмғаны туралы бұрқ ете қалған ақпарат бәріміздің көңілімізді су сепкендей басты. Білетіндердің сөзіне сенсек, бір қызығы, бұл мекемеде 9-11 қаңтар аралығында науқастарды кезекті медициналық тексеруден өткізген дәрігерлер 502 науқастың бастапқыда – жетеуінің, соңыра 61-інің өкпе ауруына шалдыққанын тайға таңба басқандай анықтағанымен, жарияға жар салып айта қоймапты. Тіпті облыстағы ақ халаттылардың өзінен жасырылған көрінеді. «Ел құлағы – елу» емес пе, аталмыш жағдай жайлы жұрттың бәрі хабардар болса да, жоғарыға «Мәселе осылай боп жатыр» деп, денсаулық саласына жауапты шен-шекпенділердің ешбірі құлаққағыс жасамағанға ұқсайды. Бұған дейін ОҚО-да орын алған ВИЧ, қырым-қанды безгегі сықылды оқиғалар кезінде сол заматта медицина қызметкерлерінің бәріне хабар берілетін. Олар шұғыл әрекетке көшіп, не істеу керектігін көп болып ақылдасатын. Байқауымызша, бұл жолы өңірдегі бас дәрігерлердің өздері құлақ кескендей күйде отырғандай. Туберкулез ойнайтын нәрсе емес қой. Жаппай туберкулезге шалдығып жатқан Түркістандағы орталықта ем қабылдап жатқандардың ішінде тек ОҚО-ның ғана емес, Қазақстанның өзге аймақтарының тұрғындары да бар ғой. Оларға қаншама туған-туыстары келіп-кетеді. Олардың да туберкулез жұқтырып, әрі қарай оны өз ауылдарына апарып таратып жүрмегендеріне кім кепілдік береді?! Демек, науқастардың туыстары да 24 аптаға дейін тексеруден өтіп, бақылауға алынуы, керек болса, профилактикалық ем алуы тиіс.

«Ештен кеш жақсы» демекші, ақыры ақпанның 22-сінде «Облысқа Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой келіпті, облыс әкімі жанынан штаб құрылыпты, Алматы қаласындағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығынан мамандар шақырылыпты, сөйтіп арнайы ведомствоаралық комиссия құрылыпты» деп естідік. Комиссияның жауаптылары сол күні-ақ Шымкенттегі Аймақтық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. «Туберкулезді жұқтырған науқастар қазір басқа мекемелерге ауыстырылып, тиісті ем қабылдауда. Оларды бақылау күшейтілген. Барлық эпидемиологиялық емдер тағайындалды. Комиссия тиісті емдеу шараларын, әлеуметтік қызмет пакетін, емдеудің сапасы мен инфекциялық бақылау талаптарының қаншалықты сақталғанын  бақылайтын болады», - деді А.Цой. Ал облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың пікірі «Алдын ала жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша пациенттердің флюорографиялық тексерумен толық қамтылмағаны, туберкулезді анықтау және емдеу алгоритмдері, дезинфекциялау тәртібі сақталмағаны, т.б. кемшіліктер анықталған. Қазіргі кезде диспансердегі 363 қызмет алушы қатаң бақылауға алынды. Олар бойынша да тереңдетіп зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде облыс әкімі, облыс әкімдігі тарапынан бірнеше арнайы жиындар өткізілді» дегенге сайды.

Және осы жиында кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру тағайындалып, тексеру қорытындысымен тиісті шаралар қабылданатыны да айтылған-ды. Ертесіне Түркістандағы жаппай туберкулез жұқтырған орталық басшылары түгел жұмыстан қуылғанын Денсаулық сақтау министрі хабарлады. «Бұл әлеуметтік-медициналық мекемеде эпидемиологиялық ережелер мүлдем сақталмаған. Сол үшін залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Және осы жәйтке байланысты басшыларын да жұмыстан шығардық» деді Елжан Біртанов. Бәлкім, министр мәселені Түркістандағы орталық басшыларын қызметтен алумен шештім деп ойлайтын болар. Рас, кейінірек ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтіп, Түркістандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы оқиғаға байланысты тиісті сала басшыларының атқарып жатқан жұмыстары тыңдалып, бұл жағдай әлеуметтік мекемеде орын алуына байланысты  Жұмыспен қамтуды үйлесіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс жарияланды.

Өз кезегінде Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мамандары да мұқият тексеру жүргізіп, істің ақ-қарасын ажыратып беріпті. Олардың қорытындылары мен ұсыныстарына сүйенсек, Түркістандағы мекемеде туберкулез кеш анықталған және дерттің ондағы ем қабылдаушылар арасында таралу фактілері көпшіліктен жасырылған  екен. Мұны бір деңіз. Екіншіден, облыстық психоневрологиялық диспансердің Сарыағаш қаласында психотуберкулез бөлімін ашу туралы шешімі әу бастан-ақ қате қабылданыпты, себебі онда инфекциялық бақылау шаралары сақталмаған. Үшіншіден, науқастардың жағдайы ауырлығына байланысты арнайы мамандардың кеңесі мен қосымша тексерулердің қажеттілігі туындаған. Алайда шалғай орналасуына орай облыстық психоневрологиялық диспансердің Арыс қаласындағы психотуберкулез бөлімінде оны жүзеге асыру мүмкін емес көрінеді. Бұдан бөлек мамандар Түркістандағы орталықта былтыр көз жұмған 23 науқастың (!) тек 10-ында ғана флюорограмма болғанын, оның 50 пайызында түрлі өзгерістер байқалғанымен, соңына дейін тексерілмегенін анықтапты. Яғни бұл мекемеде туберкулезді дер кезінде анықтау шараларының сапасы тым нашар деген сөз.

Жалпы, ведомствоаралық комиссия құрып, Түркістандағы туберкулездің түп-тұқиянын зерттеуге білек сыбана кіріскелі де екі айға жуық уақыт өтті. Не өзгерді? Медицинаның қара қазанында қайнап жүргендердің айтуынша, облыста орын алған туберкулезге қатысты ахуал әлі де оңала қоймаған тәрізді. Мәселенің қаншалықты, қай жерде қызу талқыланып немесе талқыланбай жатқаны әлі күнге бұлыңғыр екен. «Егер облыс пен республикадағы мамандардың шамасы жетпей, қауқарсыздық танытып жатса, неге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан сарапшылар шақырмасқа?!» дейді олар. Біздіңше, дұрыс айтады, адам тағдыры, адам өмірі, адам денсаулығы кез келген амбициядан жоғары. «Темірбаеваның немесе Егізбаевтың айыбын ашқанымыз қалай болады?» деп өтірік ұялудың соңы орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Қазақстан үшін Темірбаеваның немесе Егізбаевтың беделінен гөрі қазақстандықтардың өмірі қымбат. Мәселен, наурыз айының басында «Астана» телеарнасы «Түркістандағы арнаулы әлеуметтік орталықта туберкулез жұқтырғандар саны тағы екеуге артып, 67 адамға жетіп отыр. Бұл мәліметті біздің арна тілшілеріне облыстық прокуратура өкілдері жазбаша хабарлады» деп ақпарат таратқан. Әйтсе де ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, қазіргі таңда Түркістандағы орталықтың өкпе дертіне шалдыққан науқастары 105-ке (!) жеткен көрінеді. Сонда ондағы әлеуметтік қызмет алушылардың  бестен бір бөлігі қан түкіріп отырғаны ма?

Бәлкім, дәл қазір Түркістандағы жағдай жалғыз Оңтүстік Қазақстан облысының ғана көкейкесті мәселесіндей көрінер. Бірақ, айтқан жерден аулақ, аталмыш арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жұқпалы дертке шалдыққан науқастар және олармен қарым-қатынаста болған туған-туыстары ертең күллі Қазақстанға қауіп төндіріп жүрсе ше? Сондықтан туберкулездің тез тарайтын және аса жұқпалы дерт екенін ескеріп, тұтас қазақстандықтардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін алаңдауға негіз бар.

Қара аспанды төндіріп отырған жоқпыз, бірақ бұл оқиғаны, түптеп келгенде, «ұлт қауіпсіздігіне төнген қатер» деп есептеуге болады. Демек, оны жұрттан жасырып-жапқаннан гөрі жағдайды ашық айтып, сол жұртпен ақылдасып, жұмыс істеген дұрыс шығар. Себебі ОҚО-дағы «ВИЧ оқиғасының» ұмытылатын уақыты болған жоқ қой. Не дейсіздер, дәрігерлер?

 

Оқылды 2771 рет