Бейсенбі, 02 Наурыз 2017 09:50

БИЗНЕСТІ «ӨЛТІРІП» ЖАТҚАН ТЕНДЕР ЕМЕС ПЕ?

Отандық бизнестің дамуына кедергі жасайтын факторлар жетіп артылады. Соның ішінде мына бір кедергі жайлы көп айтыла бермейді. Ол – тендер. Әрине, бизнесті дамыту үшін ойлап табылған мемлекеттік тапсырыс деген құрал қазір керісінше, оның тамырына балта шабуда. Қалай дейсіз бе? Жауап беріп көрейік.


Былтыр camonitor.kz сайтына сұхбат берген саясаттанушы Талғат Қалиев осы мәселеге кеңірек тоқталыпты.

«90-жылдары елдің бәрі базарға шығып, сауда-саттықпен айналысып, кәсіпкерлікке бейім-деле бастаған еді, - дейді саясаттанушы. - Тіпті, өзінше бірдеңе өндірген адамдар да болды. Бір күндері мұнай бағасы өсіп, мердігерлік пайда болды. 20 пайыздық табыс үшін жұмыс істеу тиімсіз болып кетті. Бәрін сатып алып, қайта сату немесе «откат» беріп, әрбір тендерден мол табыс табу мүмкіндігі туғанда, өндіріп қажеті қанша? Сөйтіп, кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырысқа қажетті бизнеске (мектеп, жол, аурухана, тұрғын үй салу) біржола көшті. Одан түсетін табыс өте үлкен еді. Жемқорлық қанат жайып, ақшаға табыну үрдісі қалыптасты. Ақыр аяғы тіпті сүттің өзін шетелден әкелінетін ұнтақтан жасайтын елге айналдық».

Келіспеске амалымыз жоқ. Тіпті, сол тендердің өзі әділ және ашық өтсе, әңгіме басқаша болар еді-ау. Оның әділетсіздігіне шағымданушы кәсіпкерлер аз емес.

Танымал бизнес-леди Ханзада Балтаевамен болған сұх-баттардың бірінде осы мем-лекеттік тапсырыстың көптеген кемшіліктері туралы әңгіме өрбіткен едік. 2010 жылдан бері тігін кәсібімен айналысатын кәсіпкердің фабрикасында негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді. Жұмысшылардың 51 пайызы – мүгедектер.

«Біз әуелі киім тігіп, оны базарда сатудан бастадық. Алайда, онда бәсекелестеріміз көп еді. Біз мұнда қаншама салық төлеп, түрлі шығындар шығарып тіккен киімді базарға сатылымға шығарамыз. Ал басқа елдерден (Түркия, Қырғызстан, Қытай т.б.) келетін киімдердің сатушылары базардағы орнына ғана төлейді. Сөйтіп бізден әлдеқайда арзан бағада сата алады. Ал біз ше? Біз үшін ол мүмкін емес. Өзіндік құны өсіп кетеді. Сөйтіп, базардағы әділетсіз бәсекелестікті көтере алмадық» дейді Ханзада Жаппасқызы. 2013 жылдан бастап отандық өндіруші мәртебесіне ие болған фабрика мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу арқылы ғана жан бағып отыр. Міне, осы салада көптеген проблемалар бар. Солардың бірқатарына тоқталды сұхбаттасымыз.

«Мемлекеттік сатып алу туралы заңындағы келеңсіздіктер кесірінен кей кәсіпорындар үлкен зиян шегуде. Мәселен, «Астана тігін» фабрикасы дағдарысқа ұшырап, 50 адам жұмыссыз қалды.«Астана-полиграфия» кәсіпорны да 2-3 жыл бұрын жабылып, 200 адам далада қалды. Себебі неде? Ең әуелгі себеп – мемлекеттік сатып алу конкурстарында осындай үлкен кәсіпорындар емес, қайдағы бір жеке кәсіпкер Мырқымбаевтар жеңіп кетеді. Ауласына қағаз басып шығаратын бір-екі техниканы қойып алып, мемлекетке бір тиын да төлемейтін осындай шағын кәсіпкерлер тендерді жеңіп алып, үлкен кәсіпорындарды жұмыссыз қалдырады. Өзіме қатысты айтар болсам, қиындықтар аз емес. Мысалы, жеңіп алған соң 60 күнтізбелік күн ішінде тауарды жеткізуге тиіспіз. Ал оның ақысы актіге қол қойылған соң 30 жұмыс күні ішінде төленеді. Актіге 6-7 құзыретті тұлға қол қояды. Олардың біреуі бар болса, екіншісі демалыста немесе іссапарда болуы мүмкін. Басқалары оны күтіп жүреді. Ал бізге қаржы керек. Кейде қаржы жетіспеген соң банктерден жылдық 25 пайыздық несие алуымызға тура келеді. Мұндай несие кәсіпкер үшін өте қымбат. Мен, мәселен, төлемақыны 90 күн бойы сарыла күткен кезім болған. Осыны реттесе деймін. Яғни, төлемақыны 30 жұмыс күні емес, 30 күнтізбелік күн ішінде төлесе де, бізге көп пайдасы тиер еді.

Тағы бір мәселе – техникалық мамандардың сауатсыздығы. Мәселен, бір беделді мекеме көрпеқап тігу қызметіне тендер жариялады. Бірақ кейін жеңіп алған соң көрпеқап емес, төсекке арналған тұтас комплект тігіп шығасың дейді. Сонда қалай? Оларға кететін шығын екі түрлі ғой. Көрпеқап пен комплекттің айырмашылығын тіпті ер-азаматтар да білетін шығар. Сол тендермен жұмыс істеген маманның кінәсі. Тағы бірде жұмысшыларға арналған киімнің жейдесін тіктік. «Мынадай да мынадай ГОСТ бойынша тік» деген нұсқау келді. Оны ұлттық сараптамаға апарып, ГОСТ-ты тексертсем, ол турбодвигательдің ГОСТ-ы болып шықты. Қызметкерді жұмысқа аларда ГОСТ жайлы біле ме, жоқ па – соны тексерген жөн болар» дейді ашынған бизнес-леди.

Қызылордалық кәсіпкер, «ПромСтройСервис.Е» ЖШС директоры Манарбек Еспенбетов те «Тендер өткізудегі жүйесіздіктер мен жемқорлыққа жол ашатын ереже түрлеріне наразымын. Бізде, тендер жүргізгенде, мердігер бір көзден анықталады. Ал ол болса міндетті түрде өзінің танысын жеңімпаз етіп жариялайды. Компанияның материалдық-техникалық базасы сай ма, тапсырысты алып шығуға қауқарлы ма, ондайға қарамайды» дейді.

Маман пікіріне құлақ салсақ, біздегі экономика шенеуніктерді байытуға ғана бағытталған. «Жемқорлық, қаржы жымқырудың бір көзі осы тендерде жатыр. Ал ол тендеріңізді кім алатыны алдын ала белгіленіп қоятынын ескерсек, бизнесіңізге кім кедергі? Президенттің өзі мыңнан асатын құжаттар санын азайту керек деген болатын, жеті жүзге дейін азайып еді, жуырда сол көрсеткіш тағы да мыңға жетіп жығылыпты. Тендер басталардан бір-екі күн бұрын кәсіпкерлердің құжатынан болмашы бір әріп қатесін тауып, кедергі келтіреді, тендерге қатысушы амалсыздан қалтасынан біраз ақшаны суырып беруге мәжбүр болады» дейді экономист-заңгер Т.Назханов.

Шығысқазақстандық кәсіпкер З.Көшербаеваның да ойы сол. «Олар неге болмашы қателерді іздейді? Кәсіпкер бұдан былай тендерге қатыспасын немесе шенеуніктің талабын орындап, 10 пайызын берсін дейтін болар. Сосын сыйлығын берген кәсіпкердің құжатын өздері-ақ әдемілеп, қатырып тұрып рәсімдеп береді» дейді ол.

 Түйін.

Бір облысқа басқа өңірден әкім келсе, жергілікті кәсіпкерлер ірі тендерлерден үмітін үзеді. Бұл – қалыптасқан үрдіс. Себебі, ол өзінің жанына жақын «кәсіпкерлерін» өзімен бірге ерте келеді. Ол аз болғандай, біз енді өндірмейтін, бірдеңе ойлап таппайтын елге айналдық. Ол да – тендердің арқасы. Өйткені, бүкіл бизнес тек тендер үшін жұмыс істеуде. Мемлекеттік тапсырыс құрыған күні халіміз не болар екен?

Жан КЕНЖЕ

Оқылды 2032 рет