Дүйсенбі, 25 Маусым 2018 15:06

Төлеби ауданында жүзім мен алма бауының көлемі артып келеді

Өткен аптаның соңғы күндері Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төлеби ауданына барып қайтты. Барғандағы мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысу болатын.  Халқы өнеркәсіпке де, ауыл шаруашылығына да бейім келетін Төлеби ауданында атқарылған шаруалар аз емес екен.

Жансейіт Қансейітұлы алдымен Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысуға барғанын айта кетейік. Кооператив былтыр 40 га жерге қарқынды алма бауын еккен. Осы жұмыстар үшін 503 млн теңге көлемінде инвестиция тартыпты. Шаруашылыққа қажетті техниканы «Ырыс» МҚҰ аркылы 43 млн. 100 мың теңгеге лизинг бойынша қаржыландырған. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы – Озықбай Абзал Мейрамбекұлы. «Гала», «Голден делишес», «Айдаред» және «Ред делишес» атты алманың сұрыптары егілген бауда 87500 дана түп ағаш бар. Кооперативте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа айлық жалақысы – 90 мың теңге.

Мұнан соң облыс әкімі Тасарық ауылында орналасқан жеке кәсіпкер С.Танабаевтың жүзім шаруашылығына барды. Кәсіпкер тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал, 2017 жылы қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызды. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» жүзімі егілген. Бетон тіреуіштер орнатып, тамшылатып суару жүйесін қолданған. Көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырған. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 50 млн. теңге. Бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы бөлген.

Байқағанымыз, Төлеби ауданында жұмыстар істелініп жатыр. Өткен жылы көпқабатты 8 үй салынып, пайдалануға беріліпті. Бұл – Төлеби ауданында бұрын-соңды болмаған оқиға екен. Аудандағы елдімекендердің 94 пайызы ауыз сумен қамтылған. 14 елдімекенге, яғни, 5000 үйге газ беріліпті. Газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады дейді аудан басшылығы. Жолдар салынып, каналдар тазаланып, суармалы жер көбейе түскен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Оқылды 1801 рет